Орқыт ата ескерткіші
Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінен 18 км жерде, Қорқыт станциясының түбінде (1980). Авторлары – Б.Ә. Ыбыраев, С.И. Исатаев. Қорқыт Ата ескерткіші темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын “Түйе табан” өрнегімен безендірілген. Әрбір стеланың үшкілдене біткен төбесі күмбезге ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді.Амфитеатр, қонақ үйі, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай ашылды. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып саналады.
Орқыт ата мазары
Қорқыт Ата мазары – тарихи сәулет өнері ескерткіші. Шамамен 9 – 10 ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданыҚорқыт станциясынан 3 км жерде Қорқыт әулиеге тұрғызылған. 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орны белгісіз. Мазар 19 ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.А. Кастанье, П.И. Лерх зерттеулеріне негіз болған. Бізге “Түркістан альбомы” жинағында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6 – 8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған. Мазардың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемориалдық ескерткіш орнатылған; қазіргі Қорқыт Ата ескерткіші.
Қорқыт (Дада Қорқыт) және оның нақыл сөздері Қорқыт (Дада Қорқыт) – 8- ғасырда Сырдария бойында мекендеген қыпшақ-оғыз тайпаларынан шыққан атақты жырау, дарынды күйші және ойшыл философ болған.Қорқыт ата — халық қамқоршысы, ақын, күйші дарынды данышпан. Ол қазақ жерінде (Қызылорда обылысында) УІІ-УІІІ ғасырда өмір сүрген, көптеген жырлар мен күйлер шығарып, тәлім-тәрбиелік мәні зор өсиет қалдырған. Ұлы данышпанның қалдырған мұрасы «Қорқыт ата кітабы” аталып, дүние жүзіне тараған. «Қорқыт ата кітабының” бір қолжазбасы Германиядағы Дрезден қаласында, екіншісі Ватикандағы (Италия) Аростолика кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба 6 жырдан құралған (жалпы толық қолжазба 12 жырдан тұрады). Қазақ арасында Қорқыт туралы жыр дастандары мен аңыз-ертегілері бар. Қорқыт туралы Ватикан архивінде мынандай дерек сақталған: «Расул Пайғамбар (Мұхамет пайғамбар) заманына жақын кезде (8-ғасыр) Баят (Сырдария) бойында Қорқытты атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәләйатты өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші еді. Қорқыт оғыз қауымының мүшкіл халі туралы сөйлер еді. Әрине, іс болса, бәрі алдына келіп, кеңес сұрап, ол нені бұйырса соны қабыл етер еді”. («Дада Қорқыт кітабы”, Стамбул, 1980.)Қорқыт өз өмірінде Алтай, Ертіс, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу, Талас, Сайрам, Сыр, Қаратау, Жетісу өлкелерін билеген үш ханға — Инал, Құл еркін, Қаңлы қожа сияқты хандарға ақылгөй уәзір болған. Тасқа жазылған дастандардың тәлім-тәрбиелік идеясымен астарлас рухани мұраның бірі – Қорқыт ата тағылымдары. VIII-IX ғғ. Төңірегінде Сырдарияның орта және төменгі бойын жайлаған Оғыз-қыпшақ тайпаларының мемлекеті болды. Оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері ұзақ өмір сүріп, жазмышқа қарсы күресіп, адамның мәңгі жасауын афрман етіп өткен кемеңгер ғұлама Қорқыт еді. Өлім қатері, одан құтылу туралы өзінің асыл ойлары мен тебіреністерін қобыздың зарлы әуеніне қосқан Қорқыт туралы аңыз-жырлар, бізге жеткен «Қорқыт ата кітабы» — Орта Азия, Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті жазба ескерткіші. Қорқыттың музыкалық-этнографиялық мұрасы бұрынғы Кеңес Одағын мекендейтін түркі тілдес халықтардың барлығының ортақ рухани игілігі. Қорқыт ата тағылымдарында тәлімдік мәні күшті афоризмдер, қанатты сөздер, ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Бұлар тек тарихи-этнографиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге осы аймақтағы халықтардың ілкі орта ғасырлардағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін бейнелейді.Қорқыт атадан қалған бір сөз мынадай: «Тәңіріге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса – сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді, өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе – ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамдарға тәңірі бақ бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен, ол саған ұл болмайды. Ер жігіт, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки, ол тәрбиелеген адамға көрдім-білдім деген сөзді де айтпас. Күлді қанша үйгенмен — төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен – тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жаққанмен – бәйбіше болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен – жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол от басының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасын».