Жомарттық шапағаты 6 страница

437. Өлген адамның жаназасына шақыра барған кісі жаяу болсын, атты болсын басқалардың үйіне кірмейді. Далада тұрып жәй-жапсарды айтады. Егер шөлдеп тұрса, сұраған сусынын сыртта ішеді. Үйге кірсе сол үйден өлім шығады деп ырымдайды.

438. Қыста жаңбыр жауса жер сілкінеді. Жер астынан айдаһар шығады деп нанады.

439. Жазда, яғни жазғытұрым ақ жауын жауса құт құйды, құт құйды, жер иіп, егін мол өнім береді деп жақсылыққа жориды.

440. Қысты күні кемпір қосақ көрінсе жыл құтты, ел тынышты, мал төлді, өнім мол, тіршілік жәйдары болады дейді.

441. Күзде ағаш жапырағы көк қалпында түссе, сол жылы жастар қызыл қырғынға ұшырайды деп жориды.

442. Түн ішінде қарыз сұрамайды. Түн зауал уақыты, Қарыз сұрау — жан сұрағанмен бірдей деп нанады.

443. Қорылдап ұйықтап жатқан адамға пышақ оқтаса, қорылы басылады. Буындырған шайтан пышақтан қорқады деп нанады.

444. Сақал мен шашты жұлмайды. Құлақты созбайды. Көзді ақшыраңдатпайды. Бұл жамандық. Нәубетке, зұлымдыққа ұшыратады деп ырымдайды.

445. Жаңа киім-кешекті бисмилла деп киеді. Өйтпей, базардан әкелген беті үйге қоя салса, түнде шайтан киіп ойнайды. Шайтан киген киім адамға бұйырмайды деп жориды.

446. Ботаға, тайға, құлынға қоңырау тағады. Бұл — қасқыр жемеуі, жоғалмауы, көз тимеуі үшін жасаған жоралғы.

447. Біреуді сыртынан ғайбат қып отырып, сол кісінің үйіне бара қалса, үш рет ауызын шайқап, тәуба айтып барып, асқа отыру керек. Өйтпесе — ішкен асы арам болады.

448. Сапардағы жолаушылар жапан далаға түнесе, атының шылбырын сүйіретіп қояды. Шылбыры сүйретіліп жүрген атқа қасқыр шаппайды. Өйткені, қасқырдың ала жіп аттамайтын серті бар.

449. Аңшылар далаға түнесе өзі жатқан жерді айналдыра сызып қойып жатады. Шеңберге бәле-қаза, жыртқыш аң жоламайды деп ұйғарады.

450. Біреумен дауласқанда сұқ саусақты шығарма. «Иман саусақ» деп аталады. Қастерлеу керек.

451. Адамдар ит дайрағын көргенде үш рет «тфу-тфу-тфу» деп түкіріп өтеді. Өйтпесе нас басады деп жориды.

452. Қабақтың үстіндегі қастың арасынан оқшау шыққан ұзын жуан әрі жалғыз тал қылды жұлып алады да үш рет түкіріп, табанымен басады. Онысы тіл-көзден, пәле-жаладан қақсын, өз басымен кетсін дегені.

453. Қамшының сабы сынса — қатын өледі. Пышақ сабы сынса — күйеу өледі деп ырымдайды.

454. Сырттан келген адам босағаға ат байламайды. Егер ат байласа — ондай адамды ниеті бұзық, жау екен деп есептейді.

455. Қазақта бала ата-анасына қол жұмсамайды. Егер қол жүмсаса құдай атып, жер жұтады деп жориды.

456. Қазақ баласы ата-анасына тіл тигізбеуі керек. Бұлай істесе қара тас жалап, тілің тасқа тисін деп қан шығарады.

457. Қазақ баласы албаты ант ішпейді. «Адал болсаң ант ішпе» деп біледі. Ант ішіп, ант бұзғаннан асқан жамандық жоқ деп иланады.

458. Қазақ құда түсіп, құйрық бауыр жескен соң, құда түскен қыз жатқа кетпейді. Уәде бұзылса, дау туады. Ел жауығады. Арты пәлеге айналады деп тыйым салады.

459. Қазақ ұрлық жасамайды. Бұлай істесе — қол-аяғың сынады, қара басып, кемтар болады деп нанады.

460. Қазақ өлген адамды жоқтап жылағанда, әйел заты шашын жайып жіберіп жыласа — ішіндегі шер тарқайды деп сенеді.

461. Қазалы күндері өлімге келген ауыл адамдары қызыл-жасыл киім кимейді. Әйелдер жалтырауық бұйымдар тағынбайды. Бұл торқалы той емес. Қаралы өлімді құрметтеу керек.

462. Өлген ер адамның сүйегіне ерлер түседі. Әйел адамның сүйегіне әйелдер түседі.

463. Мәйітті үйден шығарып, қабір басына қарай алып жүргенде әйел адам бармайды. Үйде қалады. Келесі күннен бастап баруына болады. Әйел — ана. Сондықтан оның жүрегі суымасын, өмірден түңілмесін дегені.

464. Қазақ мәйітті қабіріне кірген соң басын құбылаға қаратып жатқызады. Жанама қабірдің аузы жабылмай тұрып, жиналғандар бір-бір шым-шым топырақ салады. Онысы көптен бұйырған топырақ деген ізгі ниеті.

465. Қазақтың қарттары көзі тірісінде өз қабірін қаздырып қояды. Жанақымды тас құмы жоқ керіш жерден таңдап, бес адам олай-бұлай аунап, жататындай етіп қаздырады. Онысы Алланың бергеніне де, алғанына да разылығын мойындауы. Ақырет түніне иман келтіргені.

466. Қабір басынан қайтқан мәйіт жерлеушілер үйге келгеннен кейін беті-қолын жуады. Онысы — бақи дүниеге аттанған адамды шығарып салған адамдар ол дүниенің есігін көргендіктен, бетін жуып, пәни дүниеге оралуы.

467. Өлген адамды жерлеген соң молда құран оқиды. Жасы келген адам болса, бейіт басында тәбәрік ретінде жыртыс жыртады. Онысы — өлген қарттың жасын берсін, арты той болсын дегені.

468. Қабір талқысына, төрт бұрышына төрт ұсақ мал атайды. Оны жетім-жесір, кәріп-қасір, кем-кетік, жоқ-жітік адамдарға береді. Онысы — төрт құбыласы тең болсын дегені.

469. Баланың тілі шығып, есі кіре бастаған кезде, ауылдың ақсақалын шақырып, баладан: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп сұратады. Сонда бала: «Көген аламын» десе - малшы болады. «Өлең аламын» десе — ақын болады деп жориды.

470. Ас-тұзды төгіп-шашпайды. Кесірлі кесапат сөздерді айтпайды. Нан тептілік істемейді. Бұл — ашаршылықтар тартпасқа, тоқшылық қадіріне жетеді дегені.

471. Өзен жағасынан тоған қазып, жаңа тоғанға алғаш су салғанда тоған жағасынан түйе айтып соятын ырым бар. Онысы — ақ түйенің қарны жарылғандай той болсын. Ел тоқшылық өмір кешсін. Тоған киесі разы болсын дегені.

472. Жел иесі — Мырқайдар. Қара тұман бұлтты айдар дейтін ырым бар. Қырман соғып, дәнді жерге ұшырып, тазартқанда жел иесі Майдаға сыйынады. Мұнысы — дән көп болсын, қауыз топан аз болсын, Майда ие қолдай гөр дегені.

473. Қазақта қой қырқын, жүн сабаған және киіз басқан кезде жел соқса, жүнді ұшырып кетеді деп екі тал шиді яки шөмшекті айқастырып, жүнмен байлап қояды. Онысы — жел шамынан сақтану.

474. Мал төлдеп жатқанда кереге басына, бақанға, қойдың құйрығына қызыл шүберек байлап іліп қояды. Оны елдің көзі төлге түспей, құйрыққа түссін дегені.

475. Өлген кісінің фидиясына мал, ақша бергеннен басқа бидай да береді. Бұл абзал саналады. Онысы — кейінгі ұрпағы егіндей көгеріп жайқалсын дегені.

476. Қазақ, жер бетін тоқсан тоғыз түрлі пәле қаптағанда заман ақыр болады деп жориды.

477. Жүкті әйел толғатқан кезде сол үйдегі киіп жүрген қыз бала көйлегінің етегін жыртып қояды. Ұл бала киген шалбардың балағын сөгеді. Онысы — толғақ жеңілдесін, баланың беті тез ашылсын дегені. Толғатып жатқан әйелді күзетіп отырған әйелдерден біреу сыртқа шықса, қолжаулығын немесе бір тал түймесін үзіп алып қалады. Онысы толғақ ілесіп кетпесін дегені.

478. Шелектегі суды биікке шығарып қоймайды. Сол үйдегі әйел жүкті болса «Су егіз болады» деп жориды.

479. Қасқырдың бас сүйегі мен жыланның бас сүйегін алып, жағын мықтап таңған соң, сандыққа сақтап қояды. Сонда малды қасқыр жемейді. Адамды және малды жылан шақпайды деп жориды.

480. Дәретке кетіп бара жатқан кісіге қол беріп амандаспайды. Бойында мәжісі бар деп ырымдайды.

481. Балалардың ит болып үріп ойнауына тыйым салынады. Бұлай істесе ұрпақтың берекесі кетеді деп жориды.

Наши рекомендации