Материя және оның атрибуттары
Материя атрибуттары: қозғалыс, кеңістік, уақыт. Материя болмысының үш атрибуты бар – кеңістік, уақыт, қозғалыс.
Материяның басты қасиеті - қозғалыс, материясыз қозғалыс, қозғалыссыз материя жоқ. Болу деген қозғалыста болуы дегенді білдіреді. Қозғалысты кез келген өзгеріс деп түсіндіруге болады, ол материяның сыртқы емес, ішкі, ажырамас қасиеті, ол объективті, мәңгілік және абсолютті. Сонымен қатар, қозғалыс салыстырмалы, себебі ол өзгеріп отыратын, әрбіреуі өзіндік маңызға ие нақты формалар арқылы көрініс табады. Қозғалыстың өзiне қарама-қарсы сәтi: тыныштық материя объектілерінің өзгеру ерекшеліктері. Материалдық дүние таусылмас, шексіз, яғни қозғалыстың формалары да сансыз көп.
Қозғалыстың әмбебаптығы туралы, оның бастапқы қасиет екендігін антикалық Милет мектебі, Гераклит, Демокрит, Эпикур сияқты философтар айтып кеткен. П. Гольбах XVIII ғасырда қозғалысты материяның өмір сүру тәсілі деп түсіндірді. Бірақ ол оны механикалық орын ауыстыру деп түсінген. XIX ғасырда қозғалыс формаларының байлынысы мен олардың классификациясын Ф. Энгельс ұсынды. Ол қозғалыстың механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік түрлерін атап көрсетті. Материя қозғалысының ең жоғарғы формасы - әлеуметтік қозғалыс болып табылатындығын айтты. Қазіргі заман ғылымында қозғалыстың геометриялық, термоядролық, планетарлық формалары туралы сөз етіліп жүр.
Кеңістік - материяның маңызды атрибуты. Кеңістік уақыт сияқты емес, ол қайта оралады. Кеңістік - материя болмысының объективті, жалпы, заңды формасы, ол әртүрлі жүйелердің көлемге ие екендігін, өзара орналасқандығын, құрылымдылығын және бірге өмір сүретіндігін сипаттайды.Кеңістік объектілердің және олардың қалыптарының бірінің қасына бірі жайғасып тұруының тәртібінен қалыптасады. Реалды кеңістік тіршілік етушілерді іс жүзінде бөлудің, сонымен қатар, біріктірудің тұрақты көрсеткіші.
Кеңістік үш өлшемді. Ол өлшемдерге ұзындық, ен, биіктік жатады. А. Энштейннің салыстырмалылық теориясы төрт өлшемділікті қолданады, үш өлшемге төртінші өлшем - уақыт қосылады.
Уақыт - әртүрлі жүйелердің жағдайларының созылғандығын, ретпен жүруін сипаттайды, материя болмысының объективті, жалпы және заңды атрибуты. Басты қасиеттері - бір өлшемді, бірбағытты, қайта оралмайды, ылғи да өткеннен болашаққа қарай жүреді.
А. Энштейннің салыстырмалылық теориясы кеңістік пен уақыттың нақты қасиеттерінің материалдық объектілердің ерекшелігіне, олардың қозғалыс пен өзара әрекетіне тәуелділігін анықтайды.
Кеңістік пен уақыттағы дененің қасиеттері қозғалыстың жылдамдығына байланысты. Мысалы, дененің қозғалыс жылдамдығының жарық жылдамдығына жақындауы, жылжу бағытындағы өлшемдерді қысқартады, ал уақыттың өтуі бәсеңдейді.
Л. Фейрбах философиясы
Неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі Людвиг Фейербах 1804 ж. Ландсугутта туып, 1872 ж. Нюрнберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері:. «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын», т.б.
Фейербах Гегельдің қарама-қайшылықтар бірлігі қағидасын, оның диалектикасын жоғары бағалап, жас гегеляншылар қатарында болды. Кейін келе, ол Гегель бірлікті идеалды түрде ғана түсінеді, ал оның диалектикасы өмір шындығынан тыс жатыр деп сынға алып, идеализмді діннің рационалданған түрі, сондықтан философияның бірден-бір міндеті дінге қарсы күресу деп тұжырымдады. Құдай – адамға тән қасиеттерді, мәнді одан бөліп алып, жеке өз алдына мән ретінде қалыптасқан ұғым. Шындап келгенде, құдай деп жүргеніміз адамның өзі. Ал адамның өзі физиологиялық және психологиялық бірліктен тұрады. Оны ажыратып, бөліп қарау тек абстракцияда ғана мүмкін. Сондықтан, Кант пен Гегельдің адамды рухани құбылыс ретінде қараулары негізсіз. Жан мен тән, рух пен дене бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Тәп өлгенде жан да өз өмірін тоқтатады. Адамның мәні — ақыл-ой, жігер, жүрек (жан мағынасында) және физиологиялық процестерге жатпайтын өзіндік ерекшеліктері бар дененің ұйымдасу қабілетімен тығыз байланысты. Адам — табиғаттың ең жоғары нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарауға болмайды. Демек, жаңа философияның негізгі міндеті табиғатты зерттеп, оның адамға тигізер әсері негізінде, адамның осы өмірдегі мән-мағынасын түсіну. «О дүниеде» қалай жақсы өмір жоқ болғандықтан, адамдар бірігіп, «осы дүниеде»-қалай жақсы өмір сүруге болатын жолдарды іздестірулері керек. Осындай жақсылыққа апаратын жол, құдайға жалбарынуды уағыздайтын діннің орнына, адамдардың бір-біріне сенімін арттыратын сүйіспеншілік діні деп есептейді Фейербах.
Фейербах Канттың таным тұжырымдамасын сынға ала отырып, адам ақыл-ойы объективті нақтылықты дұрыс бейнелейді деп сенеді. Таным процесінде басты рөлді сезім атқарады, ал ойлаулың қызметі сезім берген деректерді басқа деректермен байланыстыру.