ШӘкерім ҚҰдайбердіҰлы
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлден, шалғын өсіп оңалғанда,
Көлбеңдеп, көкорайда күрілдетіп,
Орақшы пішен шауып, шөп алғанда;
Бүлдірген, қарақатты тереміз деп,
Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда,
Аулақта құмарымды қандырам деп,
Асыға іздеп барар со барғанда.
Оларға тал — шымылдық, шалғын — төсек,
Басына жастық қылар томардан да.
Көз тойып, көңіл толмақ пендеде жоқ,
Болады айрылған соң со да арманда.
Адамда, санай берсең, көп арманда,
Мінсіз бақ, сансыз дәулет деп арманда.
Жанның бәрін жалмайтын күш те керек,
Айлакеске алдайтын еп арманда.
Ит пен қарға, шошқаға боқ арманда,
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда.
Тамақсыз, табысы доқ кәріптерге
Жалғыз күнгі қарынның тоғы арманда.
Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,
Тоңғанға отын менен шоқ арманда.
Талап қылса, табылар соның бәрі,
Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да?!
Жастық көксеп — кемпір мен шал арманда,
Өсіп үлкен бола алмай, бала арманда.
Еркектей еркін өмір сүрмедік деп,
Әйелдер де болады және арманда.
Тамам жанға бақ пенен мал арманда,
Ұрыға жүйрік аттың жалы арманда.
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Патшалар да болып жүр әлі арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда,
Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда.
Кек қуған кер, ызақор, күншілдерге
Жұтатын дұшпанының қаны арманда.
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем, табылар сан арманда.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас, —
Анық ойлап қарасам, — әне арманда!
* * *
Көкіректе толған шер, көңіл қаяу,
Ермейсің деп елім жау, досым баяу.
Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ.
Бір өзіңе сиындым, бар Құдай-ау.
Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын?
Бір момынның ұстасам түзу ісін,
Жөндейін деп ғаріптің жөн жұмысын,
Ақтан безген ары жоқ өңкей залым
Арылдатып жабады ит пен құсын.
Көп төбетке жетеді қайдан күшім,
Құтқара алмай адалды, пысады ішім.
Қабағыңды қаққанша қас болады
Жақыным деп болысып жүрген кісім.
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса — шын мықты сол.
Мақтан, атақ іздесең — құдайдан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол.
Мұны қылсаң, боласың сен де мықты,
Қайдағы қу, алдампаз төрге шықты.
Ел ішінде сенен қор жан бола ма
Ұстаймын деп отырсаң адалдықты.
Елеуреген есірік елдің бәрі,
Өңкей батыр, пәлеқор жас пен кәрі.
Сені адам деп ескеріп кім елейді,
Құлап қалған қу молаң кімге дәрі!
Әрине, сен де бірге жүрсең екен,
Көтіңді ашып, көйлекті түрсең екен.
Абұйыр жоқ, сана жоқ, ақтан безіп,
Дамбал шеш ит зікірге кірсең екен.
Мен адалмын дегенге жолдас қайда,
Екі көзі төрт болып, қалар сайда.
Сырласы жоқ, сырласар жақыны жоқ,
Бар сүйеніш, үміті бір Құдайда.
* * *
Қабағынан қар жауған
Қараңғы бұлт жоғалды.
Қасқара алмай бет ауған
Қаһарлы жел де оңалды.
Көшейін деп қыбырлап,
Ел қыстаудан қозғалды —
Жаралы жүрек жыбырлап,
Жазылмай жалғыз сол қалды.
Қырдан ойға дүбірлеп,
Жас балалар шуласты.
Күншуақта күбірлеп,
Кемпір-шал да сырласты.
Қыз-бозбала бір бөлек,
Әзілдесіп дуласты —
Өліп қалған сұм жүрек
Оятсам да тұрмас-ты.
Бетіме жылы тиеді
Күнгейдегі күншуақ.
Жан жылыны сүйеді,
Жанға рақат осы уақ.
Өлі жердің сүйегін
Тірілтті жайнап жапырақ —
Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас сол бірақ.
Күн нұрымен көгеріп,
Жауқазын шықты жалбырап.
Жер жүзіне өң беріп,
Қызыл гүл бітті албырап.
Тоң еріді, қар кетіп,
Жан-жануар балбырап —
Қайғылы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырап.
Қолдағы малға төл еріп,
Жандыдан өсіп жан шықты.
Жаңадан Құдай жан беріп,
Неше түрлі мал шықты.
Қатып қалған желіннен
Қаймағы бар бал шықты —
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты.
Жер жүзіне нұр жауып,
Күн жылынды, шөп өсті.
Бие байлап, қой сауып,
Буаз малдан төл өсті,
Жанған оттай жалындап,
Жайлауға қарай ел көшті —
Жанбақ түгіл, жабырқап,
Жаралы жүрек қайта өшті.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
Азақ салты
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара-көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыкқап душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп
Екпіндеп ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп
Киіздей шала басып қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп
Телміріп бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бүлаң адамдар көп
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!
Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға — мал, оқығанға — шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ