Монтескьенің философиялық көзқарастары

Шарль Луиде Монтескье(1689-1775 жж.)француз ақсүйектерінің семьясында дүниеге келеді. Сол кездегі беделді оқу орындарында оқып, білім алады.

Негізгі еңбектері: «Персиялық хаттар», «Заңдардың рухы жөнінде», «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауының себептері».

Өзінің ең алғашқы «Персиялық хаттар» атты еңбегінде Монтескье монархиялық тәртіпті, ақсүйектердің дүние шашуын, діни қызметкерлердің екіжүзділігін айыптап, сынға алады, оларды Шығыстағы «Азиаттық деспотиямен» салыстырады.

Әсіресе ол христиан дінін қатты сынайды. Христиан діні сүйіспеншілік діні болуға тырысқанымен, өзінің тарихында талай-талай қақтығыс пен соғыстарды әкелді. Христиандарда ақылға сыймайтын мәселелер көп: оларға үш бірмен тең, жеп отырған нандары - нан емес, ішкен шараптары - шарап емес т.с.с. Бірақ ол христиан дінін сынағанмен, Құдай идеясын толығынан теріске шығарған жоқ. Ол бұл мәселе бойынша деистік көзқараста болды. Құдай өзінің құдіретті күшінің негізінде табиғатты және оның заңдылықтарын тудырды, ал содан кейін Ол табиғаттың әрі қарай өмір сүруіне килікпейді. Екіншіден, ол дінге гуманистік-өмірлік бағыт бергісі келді. Мысалы, оның ойынша, егер Құдай дінді адамдарға ізгілік үшін берсе, онда адамдардың осы Дүниедегі бақытқа ұмтылуы күнә емес. Егер Құдай адамдарды сүйсе, онда адамдар да бір-бірін сүюі керек, бір-біріне бақытқа жету жолында көмектесуі қажет.

Монтескье өз заманының күрделі мәселелерін терең түсіну үшін адамзат тарихына үңіліп, «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауы жөнінде»деген еңбегін жазады. Мұнда оның тарих философиясын байқаймыз. Ол тарихты діни жолмен түсіну (христиандық провиденциализм), я болмаса оны нешетүрлі кездейсоқтық уақиғалардың жиынтығы ретінде қараудан бас тартады. Оның ойынша, «әрбір мемлекеттің өрлеуі мен құлдырауының, күшеюі мен әлсіреуінің жалпы рухани және физикалық себептері бар».

Көне замандағы Римдіктердің өрлеп, күшеюін Монтескье азаматтық құндылықтардан, адамдардың өздерінің жеке мүдделерінен гөрі қоғамның жалпы мүддесін жоғары қойып, соны жан-тәнін салып қорғауға тырысқанынан көреді. Ал мұндай патриоттық, азаматтың құндылықтардың өзі саяси бостандықтың, республикалық басқару жүйесінің болуымен байланысты.

Монтескьенің «Заңдардың рухы жөнінде»деген еңбегінде ойшылдың әлеуметтік-философиялық көзқарастарын байқаймыз. Қоғамның өмір сүруі мен дамуын Монтескье заңдардың сапалығымен байланыстырады. Егер белгілі бір қоғамның ерекшелігін түсінгіңіз келсе, онда сол елдегі қабылданған заңдарды зерттеңіз. Қоғам жөніндегі мұндай түсінікті жүре келе ғалымдар «заңдық көзқарас» деп атап кетті.

Монтескье қоғамдағы заңдарды екіге бөледі. Біріншіден, ол «табиғи заңдар», олар адамның биологиялық табиғатынан шығады. Екіншіден, әлеуметтік заңдар.

Табиғи заңдардың негізгісі - өмір сүру, ол үшін азық табу керек. Егер Т.Гоббс ол үшін адамдар тартысқа түсіп, «бәрі бәріне қарсы соғысады деген болса, Монтескье, керісінше, жалғыз адам әлсіз болғандыктан баскалардан көмек іздейді, басқалармен бейбіт өмір сүруге тырысады деген пікірге келеді. Сонымен біз Монтескьенің адам алғашқы сатысынан бастап, әлеуметтік пенде болды деген ойда болғанын көреміз.

Қоғам өміріндегі қайшылықтардың пайда болуының негізінде адамның басқалардың есебінен пайда табу ұмтылысы жатыр. Ал мұның өзі адамдардың қарым-катынасын заңмен ретке келтіру керектігін туғызып, дүниеге мемлекет келеді.

Монтескье құктың үш түрін анықтайды. Бірінші, халықаралық құқтар - мемлекет, халықтар арасындағы қарым-қатынастарды ретке келтіреді.

Екінші, саяси құқтар - мемлекеттегі басшылар мен халықтың арасындағы қатынастарды ретке келтіреді.

Үшінші, азаматтық қүқтар - адамдардың өзара қатынастарын ретке келтіреді.

Монтескье мемлекетті басқарудың үш түрін анықтайды. Олар республика, монархия және деспотия.

Деспотиялық басқару ешқандай заңдылықты мойындамайды. Оның өзі елді бақытсыздыққа әкеліп, неше түрлі зорлық-зомбылыкка жол береді.

Республикалык басқару саяси заңмен бекітілген бостандыктардың негізінде іске асады.

Монархиялык басқару жүйесі жоғарыда көрсетілген басқарулардың екі ортасында орналасқан.

Монтескьенің саяси философиясындағы жасалған және бүгінгі таңға дейін өзекті жаңалығы - ол мемлекет билігін бөлу идеясы.

Шынайы саяси бостандық болу үшін республика, я болмаса монархия басқару жүйесінде заң беру, атқару және сот биліктері бір-бірінен бөлінуі қажет.

- Ал енді «заңдардың рухына» келер болсақ, олардың әрбір елдердегі ерекшеліктері көп жағдайлармен байланысты. Олар: жердің құнарлығы, ауа райы, таулы-жазықтығы, әдет-ғұрыптар, діни сезімдер, халықтың саны мен материалдық хал-ахуалы, заң берушілердің мақсаты, саяси биліктің, елдегі жалпы тәртіптің көріністерімен байланысты, - деп қорытады ұлы ойшыл.

Мұндай көзқарасты әдебиетте «географиялық детерминизм» (себептілік) деп айтады. Өйткені жоғарыда көрсетілген жағдайлардың ішіндегі негізгілері деп, ол «жердің құнарлығын, ауа райын және таулы-жазықтығын атайды.

Мысалы, ыстық ауа райы адамдарды әлсіретіп, енжар қылады, ал суық ауа райы ой мен дененің күшеюіне, олардың өмірге деген қажырлы еңбегіне, ұлы істерді жасауға мұмкіндік береді. Сондықтан ыстық ауа райында өмір сүретін халықтар құлдыққа келді де, суық жерде өмір сүретін халықтар өздерінің бостандығын сақтап қалды, - деп ойлайды Монтескье. Әрине, бүгінгі таңдағы адамдар мұндай көзқарасқа күлкілі көзбен қарауы әбден мүмкін.

Дегенмен қоғамның дамуында географиялық жағдайлармен санаспаудың өзі, таза технократиялық көзқарастар қандай салдарларға әкелетінін біз бүгінгі таңда ауылдағы осы уақытқа дейін жүргізілген реформалардың теріс жақтарынан көріп отырмыз.

Кең түрде алғанда, біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы көшпенділік өмір салтын ұстауының өзі (жаңа дәуірге дейін) сол айнама қоршаған ортаға байланысты болатын. Әрине, Жаңа дәуір тарихқа келіп, машиналық техника пайда болған кезде, көшпенділік өмір салты мүмкіншіліктері саркылып, қазақ халқы жаңа өмір құндылықтарына өтуге мәжбүр болды.

Монтескьенің ойынша, жоғарыдағы көрсетілген жағдайлармен қатар, жер көлемі және оның таулы-жазықтығы да қоғамның саяси бітіміне өзінің зор әсерін тигізеді. «Біріншіден, таулы елдер көлемі жағынан үлкен бола алмайды. Ал кіші елде азаматтар Қоғамдық мәселелерді талдап шешіп, кабылдауға жиі қалыптасады. Ал орта көлемді елдерде көбінесе монархиялық басқару жүйесі орнайды. Жері жазык және өте көлемді елдерде деспотиялык басқару жүйесі кажет, өйткені тек күш жұмсау мен корқыту арқылы ғана алыста жатқан елдерді орталык билікке көндіруге болады», -деп қорытады Монтескье.

Әрине, біз ұлы ойшылдың географиялық факторлардың қоғам өміріне деген рөлін асыра көрсеткенін байқаймыз. Бірак бұл көзқарастар өз заманының мәселелерін жанаша түсінуде, діни түсініктерге тойтарыс беруде кеңінен пайдаланылды.

Вольтер

Франсуа Мари Аруэ Вольтер (1694-1778 жж.) -француз ағартушыларының ұлы өкілі. Негізгі еңбектері: «Философиялық хаттар», «Метафизикалык трактат», «Тарих философиясы» т.с.с.

Вольтердің дүниетанымдық көзкарастарының негізінде сол кездегі кеңінен тараған деистік материализм болды. Дүниедегі сан алуан материалдық заттар мен құбылыстар жөніндегі деректерді біз сезімдік тану арқылы аламыз. «Мен тасты сипаған кезде, оның орнын ала алмайтынымды өте жақсы сезінемін, олай болса бұл арада кеңістікте орын алып жатқан бір нәрсе барын түсінемін», -дейді ойшыл.

Демокрит пен Эпикурдың атомистік көзқарасын қолдап, Вольтер: «Дүниенің элементтері материалдық және олар өткізбейтін созылған субстанция», - деген пікірге келеді. Сонымен қатар И.Ньютонның ашқан тарту қасиетін қолдап, оны ол материяның негізгі қасиеттерінің бірі және табиғаттың әлі ашылмаған сан алуан қасиеттері бар деген тұжырымға келеді.

Ал енді Дүниенің бәрі материалдық болатын болса, онда адамның жан дүниесін қалай түсінуге болады? «Жан-дүние дегеніміз - адамның ойлауға және сезінуге деген қабілеті. Олай болса, денеден басқа өмір сүріп жатқан жан-дүние жөнінде менің ешқандай түсінігім жоқ», - деп қорытады ұлы ойшыл. Мұндай көзқарас, әрине, дінге қарсы. Мәселенің қызықтығы - сол дінге қарсы пікірді Вольтердің діни жолмен дәлелдеуге тырысуы. «Егер осы ғажап дүниені Құдай жаратқан болса, онда ол материяға сезіну және ойлау қасиеттерін бере алмайды деп кім айтар екен», - деген сұрақ қояды.

Екіншіден, Вольтер сол кездегі жаратылыстану деректеріне сүйене отырып, адамнын жан-дүние құбылыстарының оның түйсіктері мен жүйесі, миымен байланысты екенін көрсетеді.

Үшіншіден, жануарлардың да адамның дене құрылысына ұқсас мүшелері бар екенін көрсетіп, олай болса олар да дүниені сезініп, бұлдыр да болса дүниені тани алады, - деген пікірге келеді.

Өзінің шығармаларында Вольтер адам мәселесіне де көп көңіл бөлген. Адам - әлеуметтік пенде. Ол өзінің ұлылығын дүниетану және оны кайта өзгерту жолында айкын көрсетеді. «Адамнын табиғатындағы «өзін сактау», «өзін сүю» г.с.с. олар адамдарды бір-бірінен алыстатпай, керісінше, бір-біріне жакындатып, іштесіп, сүюге әкелетін инстинктер. Адам жалғыздан-жалғыз өмір сүре алмайды. Табиғи түрде пайда болатын еркек пен әйелдің арасындағы байланыстар жас ұрпақтарды дүниеге әкеліп, қоғамды біріктіреді», - дейді Вольтер.

Қоғам өзінін ішінде миллиондаған адамдарды біріктіргеннен кейін, олардың моральдык және кұқтық карым-қатынастары саяси заңдар мен ережелер арқылы ретке келтіріледі. Оларды адамдардың өзі тудырады. Оған Құдайдың еш қатынасы жоқ.

Моральдық табиғи заң - ол «өзіңе не қаласаң, баскаларға да соны жаса» бүкіл адамзатқа тән нәрсе. «Сиамнан бастап Мексикаға дейін шындық, қайырымдылық, достыкты сыйламайтын халық жок». Құдай болмаса, адамдар ойларына не келсе, соны істейді, тізгінсіз кетеді деген осы уақытқа дейін кең тараған пікірге қарсы шығып, Вольтер ондай адамдарды қоғамның өзі-ақ неше түрлі заңдар арқылы ауыздықтай алады деген пікірге келеді. Екіншіден, халықтың өзі-ақ ондай адамдарға теріс қарайды, бұның өзі - ондай адамдарға ең күшті тізгін. Олай болса, әр адам жетіле келе, қоғам өмірінде өзін таза ұстау керектігін, өзінің басқа адамдар алдындағы борышын бұлжытпай орындау қажеттігін түсініп орындайды, - деп қорытады Вольтер.

Тарих философиясы

Вольтер адамзат тарихын философиялық жолмен сараптауда алғашқы із салғандардың қатарына жатады.

Біріншіден, тарихшылар көсемдердің жасаған істерінен гөрі, халықтардың өміріне көбірек көңіл бөлулері керек.

Екіншіден, тарихшылар белгілі халықтың рухани мәдениетінің мазмұнын мұқият зерттеуі қажет (оған ол мораль, өнер, философия, кұқтық және саяси көзқарастар, ғылыми деректер, әдебиет пен мифологияны жатқызады) жалғыз ғана халықтың діни сенімін қарастыру жеткіліксіз.

Үшіншіден, адамзаттың дүниені игеру жолындағы жасаған материалдық мәдениет те мұкият зерттелуі керек.

Төртіншіден, христиан елдерінің тарихы - ол бүкіл адамзат тарихымен тең емес. Сондықтан басқа халықтардың да тарихын зерттеп, оларды бүкіл адамзаттық тарихқа енгізу қажет.

Вольтер қоғам дамуының, өзгеруінін кайнар көзін адамдардың ой-өрісінен, пікірлерінен көреді. «Адамдардың пікірлері дүниені басқарады», - дейді ол. Бірақ ол пікірді халықтың көпшілігі қолдауы керек. Олай болса, мемлекетті басқарып отырған саясаткерлердің ойы мен іс-әрекетгері халықты бақытты, иә болмаса бақытсыз өмірге әкеледі. Бүкіл адамзат тарихындағы мыңдаған жылдағы болған бақытсыздык, зардап шегу, қылмыс, әпербақандықтың бәрі өкімет басындағылардың арсыз билігінде болды деген қорытындыға келеді.

Бірақ, сонымен қатар, Вольтер өз заманына - XVIII ғ. көп үміт артады, өйткені ғылымның дамуы, өнердің өрлеуі, зердеге негізделген философиялық ойлар кеңінен тарап, халық бұқарасының рухани деңгейін өсіріп жатыр. Ал мұндай өрлеу Вольтердің ойынша, өкімет билігіне «ағарған дана патшаның» келуіне себеп болады. Ол қоғамдағы залымдықты құртып, адамдардың бақытты емір сүруіне керекті жағдайларды жасайды деген оптимистік өміршеңдік оймен өзінің тарих философиясын аяқтайды.

Тарих - үлкен оқытушы. Өткендегі болған кемшіліктер мен қателіктерді білген халық кана оларды өзінің болашақ өмірінде қайталамайды деп, біз Вольтердің ойын әрі қарай жалғастыралық. Ол - әсіресе қазақ халқына ауадай қажет нәрсе.

Жан-Жак Руссо

Жан-Жак Руссо (1712-1778 жж.)Швейцариядағы Женева қаласында сағат жөндеушінің семьясында дүниеге келеді. Негізгі еңбектері: «Қоғамдық шарт жөнінде», «Эмиль, я тәрбие жөнінде» т.с.с.

Адам мәселесі

Руссо адамның табиғатынан екі алғашқы өзімен бірге туатын нәрсені байқайды. Олардың біреуі «бізді өзімізді сақтап, жақсы өмір сүруге ынталандырса», екіншісі - әрбір сезімдік жанның зардап шегуін, өліп-кұруын көргенде табиғи тітіркенушілікті тудырады.

Егер Т.Гоббс адамның өзін сақтауға бағытталған табиғи инстинктінен өзімшілдікті (эгоизм) тудырса, Руссо оның өмірге келуіне дейін көп уақыттың өткенін көрсетеді. Руссоның ойынша, адамның өзін сүю сезімі басқалардың зардабын көргенде оларды аяу сезімімен теңеледі, көбінесе соңғы сезім басым болып, басқалардың қайғы-қасіретіне ортақ болуға әкеледі.

- Өзінің табиғи жағынан алсак, адам - ізгілікке ұмтылатын пенде. Егер адам ізгі іс-әрекет жасап, өзінің өзімшілдігімен күресе білсе, оның бұл қасиеті терең етек жаяды. Бірте-бірте ізгілікке ұмтылу кажеттікке айналып, адамға рақат әкеледі. Баскалардың алдындағы адамның борышы - ол ізгіліктің сыртқы көрінісі ғана. Дл табиғи сезімнен шығатын басқа адамдарға деген ізгі іс-әрекет -ол ең биік дәрежедегі адамгершілік, - деп қорытады Руссо.

Бірақ адамның баскаларға деген ізгі сезімін дамытуға тежеу жасалса, ол өзінің қарама-қарсылығына айналып, эгоизмді, яғни өзімшілдікті тудырады.

Өркениетті қоғамдағы адамдардың, бір жағынан алғанда, адамды сүюі, әділеттілік, ізгілікке деген іңкәрі байқалса, екінші жағынан, ол сыртқы сезімнің, өзімшілдіктің шеңберінде екенін көреміз. Осы екі бір-біріне қарсы сезім тарихта қалай пайда болды?

Бұл сұраққа жауапты ол адамдардың арасындағы теңсіздік қалайша пайда болды деген сұраққа жауап беру арқылы шешуге тырысады.

Наши рекомендации