Азақ этикасының категориялары мен ұстындары 3 страница
Ақтамдердіден:
“Түйе мойын тұз кесер,
Жігіт мойнын қыз кесер…
Жомарт қолын жоқ кесер”.
Өртеніп кеткен жар,
Қайырсыз болған бай (кесір )”
Үмбетей жырау, “кие” мен “кесір” түсініктерін тікелей кісілік қасиеттермен теңестіреді:
“Кісіні көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар несіпке”[123] [9, 64 б.].
Немесе:
“Елімді иесіз деймісің,
Ерімді киесіз деймісің,
Алты арасқа білдірмей,
Басып жеймін деймісің?!”[124].
Бұқар жыраудан:
“Жұмсасаң бала тіл алмай,
Қатының қарсы шауып ұялмай…
Ел қонбайтын шөл…“
Көтеш ақыннан:
“Ай қараңғы, күн бұлыт, түн демеңіз,
Біреу жарлы, біреу бай, күндемеңіз,
Ата тілін алмаған арам ұлды,
Аузы түкті кәпірден кем демеңіз”[125].
Сонымен, “киелі” және “кесірлі” түсініктерін не христиандық “священный” және “не угодный богу”, не мұсылмандық “қасиетті” және “мәкрұх” ұғымдарымен теңестіру дұрыс емес. Қазақы дүниетанымда бұл ұғымдар көшпелілік өмір салтынан туындаған және адам мен дүниенің арақатынасын айқындай түседі.
Қазақ әдебіндегі жиі қолдыланатын кісілік құндылықтың бірі – тектілік. Бұл ұғым ортағасырлық түркі философиясында да жан-жақты қарастырылған (әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн және т.б.). Дәстүрлі қазақ мәдениетінде тектілік рулық және генетикалық қатынастардың басым мүдделілігін білдіреді. Тектіліктің нақтылы тарихи формасына жеті аталық үрдіс жатады. Қазақтың “жеті атасының атын білген бала, жеті рулы елдің қамын жейді” деген нақыл сөзі бар. Жеті аталық үрдісті әдебиетте инцестке тыйым салудың дәйекті түрі десе, көптеген зерттеушілер жеті аталық үрдісті “туысқандық қоғамның” айқын көрінісі деп қарастырады[126].
Ақын-жыраулар шығармашылығында тектілік мәселесі балажанды қазақ үшін текті әйел алумен байланысты қойылады. Белгілі жазушы-ғалым А. Сейдімбектің атап өткеніндей, миф, әфсаналардан бастап ортағасырлық жырауларға дейін әйел тектілігінің маңызы туралы талай ғибрат сөздер айтылған: “Шығыс халықтарының ішінде қазақ сияқты санаулы ғана халықтың әйелдері бетіне паранжы салмай, дидарын ашық ұстап, қымсынбай еркін жүруі де көшпелілер өмірінде әйел баласы ер адаммен бірдей, тең дәрежеде болғандығынан шығар. Әйел-ананы құрметтеуге, қастер тұтуға деген дархан этиканың қалыптасуына не себеп?! Себеп біреу-ақ, ол – көшпелі өмір салтынан туындайтын әлеуметтік қажеттілік демекпіз. Талдаңқырап айтқанда, көшпелі өмір салтында әйел-ана еш уақытта еңбектен қол үзіп ажыраған емес. Яғни отбасы бақыты, ру амандығы, ел тағдырына қатысты қазақ әйелдерінің қоғамдық жауапкершілігі ерлерден еш кем болмаған”[127].
Тектілік кісілік құндылық ретінде қазақ халқының күнделікті тіршілігіне етене еніп кеткен. Оның нақтылы көріністеріне жататындары: ата-баба әруағын ардақтау, ата-ана алдындағы перзенттік борышын ақтау, ағаны арқа тұту, “құданы құдайдай сыйлау”, күйеу баласын туған ұлындай көру, қыз баланы ерекше құрметтеп, әпке – екінші ана, “келіннің аяғынан, қойшының таяғынан”, “келін келді – құт-береке келді”, “балалы үй базар”, “бала бауыр етің”, “бір үйде қанша болсаң, бір-біріңе қонақсың”, “жақсы жеңге – анадай абзал”, “әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін”, “төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату”, “інім де, інім дегенше – күнім де”, “ағасы бардың жағасы бар” және т.б.
Ақын-жыраулардың осы құндылықтар жөніндегі суреттемелеріне назар аударайық. Олардағы бұл түсініктің қалыптасуына мынадай бір қисын бар: тектілік дәстүр жалғастығымен айқындалады және өмір сүріп отырған әлеуметпен үйлесімдікті талап етеді:
“Өз басыңды зорайтып,
Теңдес қайдан табарсың?
Қарияларын жамандап,
Кеңес қайдан табарсың?
Қарындасын жамандап
Өзіңе туған табылмас”[128].
Егер тарихи арғы текке назар аударсақ, онда бұл түсінік “аталы” сөзімен айқын берілетіндігін байқауға болады:
“Аталының баласы
Жабыққанын білдірмес
Жамандар мазақ қылар деп”.
Текті адам деп құрметті ата-бабалары бар кісі айтылады. Бұл үшін “ата жұрты бұқара өз қолында болуы қажет”. Қазақы түсінікте тарихи арғы тек әруақ ретінде құрметтеледі. Алайда тектілік өзімен-өзі кісілік құндылық бола алмайды. Өйткені:
“Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Бір аяқ асқа алғысыз”[129].
Ақын-жырауларда тектілік бірнеше мағынада қолданылады. Оның бірі – қауымнан, қалың бұқарадан өзінің ерекше қасиеттерімен бөлініп шыққан текті кісі. Бұл, әсіресе, Темір би, Абылай хан және батырлар суреттемелерінде айшықтана түседі. Текті адам “көпшіліктен” өзгеше жаралған тұлға. Көпшілік, әдетте, өзінен суырылып шыққанды ұнатпайды.
“Қоңқалаған көп жаман,
Сол жақсыны көре алмас”[130].
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы түсінік бойынша көпшілікті аталы (текті) кісі басқару қажет. Шал ақын жазғандай:
“Атасыздан би қойсаң
Алжастырар еліңді,
Жолды сөзді айта алмай,
Сындырар бір күн беліңді.
Аталы елден би қойсаң,
Бір бұтағы сенімді.
Сылап-сипап құрметтер,
Бетін бұрып оңға еліңді[131].
Қазақ этикасының басты құндылықтарының бірі – төзімділік (толеранттылық) мұраты. Біз өткен құндылықтарды жаңа заманға әдейі таңып отырғанымыз жоқ. Бұл жерде құндылықтар сабақтастығы туралы айтуға болады. Мәселе тек терминде емес, ол осы терминмен белгіленетін ұғымның мағынасында. Қазіргі философияда “дискурс” деген термин бар. Түсініктемелері көп. Біз оны қысқаша “мәдениеттердің мағыналық деңгейінің сұхбаттық табиғаты” деп аударар едік. Егер төзімділікке келсек, онда С. Айдарбаев оған мынадай түсіндірме береді: “саяси төзімділік (толеранттық) деп өзгеше көзқарасқа жол беруден тайынбайтын белгілі бір саяси күштердің тұрғысын (позициясын) түсіну керек. Егер бұл күштер билік басында болса, саяси төзімділік барынша кең түсінілетін конституциялық шеңберде оппозицияның қызметіне жол беру саясатынан көрініс табады. Жеке тұлғаға келетін болсақ, саяси төзімділік терминін саяси қарсыластар пікіріне құлақ асуға дайын болуды, оларды логикалық дәлелдеу арқылы өз жағына тартуға тырысуды білдіреді”[132].
Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этикалық, мәдениеттанулық және тағы басқа қырлары бар. Қазіргі кезде кейбір саясаткерсымақтар ислам төзімділікке қарсы дін деп пікір айтады. Қазақ ақын-жырауларының исламдық дүниетаным шеңберінде болғаны белгілі. Көп талқылауға бармай-ақ қасиетті құрандағы 109-шы сүреден бір үзінді келтірейік: “Мен сіздердің табынатындарыңа табынбаймын ғой, сіздерде менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздерге – өзіңіздің дініңіз, маған болса – өз дінім”. Бұл жолдарда төзімділіктің негізгі қағидасы анық әрі дәл тұжырымдалған.
Оған қоса төзімділік адамгершіліктің “алтын ережесімен” де (өзіне не тілемесең, басқаға да оны тілеме!) тығыз байланысты. Қазақ халқына төзімділік ерекше тән болған. Оның негіздері ретінде қатал далада тіршілік етуге қажетті жоғары табиғи және моральдық төзімділік, меймандостық, іштесу мен сұхбатшылдық (Қ. Нұрланова) және тағы басқаларын атап өтуге болады.
Қазақ халқына тән төзімділіктің көрінісін “таспен ұрғанды аспен ұр” деген мақал береді. Халық даналығының мағынасы төзімділік танытып, мәселелерді зорлық-зомбылықсыз шешуге шақыруда. Осыған ұқсас мағынаны “сабыр түбі – сары алтын” деген мақал береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықтың, төзімділіктің негізінде асығыстық жасамай, күйгелектікке, ашуға берілмей шешу қажеттілігі көрсетіледі. Атап өткен және басқа да қазақтың мақал-мәтелдері қазақтың халық философиясы негізінде төзімділік пен зорлық-зомбылықты болдырмау идеяларының жатқанын жарқын көрсетеді[133].
Жалпы адамзаттық құндылық болып саналатын сүйіспеншілік, қайырымдылық, еркіндік, имандылық, ар-намыс, ар-ождан, ерлік, инабаттылық сияқты кісілік қасиеттерді тұлғаның адамгершілік өлшемі деп санасақ, кісі бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда қазақ этикасынан аларымыз өте көп. Әдептілік кісілік қасиеттің айшықты белгісіне жатады. Әдептілік, ибалылық, ізеттілік пен түзулік сияқты жақсы қасиеттерді, тәлім-тәрбиені, біздің ата-бабаларымыз өз баласының, немересінің құлағына сәби күнінен құя береді. Олар кісілердің алдында беделі өте жоғары, сүйікті адамдардың өсиеті сәбиінің жадында ұзақ сақталатынын жақсы білген. “Уәде берсең қайтпа, қолыңнан келмесе айтпа” дей отырып, “кісілік қымбат емес, кішілік қымбат”, “тіліңді бақ, басың аман болады”, “сөзді қысқарт, жасың ұзақ болады” сияқты нақылдарды кісілік бағдар деп айшықтаған. Шынайы әдептілік сезімі өз қылығыңның өзге біреудің жанына бататыны мен қуанышқа жетелейтінін түйсінуді, басқа біреудің қажеттерін ұғынуды, уайым-қайғысына ортақтаса білуді талап етеді. Әдепті адам ыңғайсыздық тудыратын жағдайды болдырмауға тырысады. Әдепті болу үшін өзіңді-өзің ойша болса да басқа адамның орнына қоя білу керек. Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін байқатпайды және шамадан тыс ұнатқандық сезімін де білдірмейді, мұның өзі айналадағыларды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін қажетті.
Ғылыми әдебиетке соңғы жылдары ғана ене бастаған, қазақ дәстүрлі әдебінде этикалық ұстаным ретінде қолданылатын кейбір әдептік ұғымдарға назарымызды аударалық. Осындай ұғымдардың бірі – нысап. Нысап – әдептіліктің басты нышандарының бірі. Ол әділдікті, турашылдықты, уәдесіне адалдықты, өзінің және басқалардың алдындағы шыншылдықты, өзге адамдардың да құқын мойындау мен құрметтеуді қамтиды. Нысаптылық адамдардың іскерлік іс-қимылдарына байланысты және олардың талаптары мен әрекеттерін қадағалап, әрі үйлестіріп отырудан туындайды. Адамдар арасындағы қанағат пен тойымсыздықты бағалау да нысапқа байланысты. Сондай-ақ ол адамның қоғамда атқаратын рөлі мен әлеуметтік ахуалының үйлесуін, кісілігі мен оны бағалаудың құқылық және міндеттілік қатынастарын көрсететін, жалпы адамзаттық ұғым түсінігіне сай келетін тұрмыс тәртібі. Сол үшін біреудің өз мүддесіне бағып әділдік, туралықты бұзғанын, мүмкіндігін пайдаланып, кісі ақысын жегенін, жамандық жасағанын, дүниеге, байлыққа көзі тоймай алдарқатып өтірік айтқанын көргенде, халық ондай адамды “нысапсыз” дейді. Сонымен, нысап кісіліктің өлшемі, адамдықтың құндылық деңгейіне жатады.
Ақын-жыраулар жырларының заман жүгін көтерер мәселелерінің бірі – ар, адамгершілік туралы ой-толғаулары. Бұл жырлар қазақ философиясында кісілік қасиеттің бірі адамгершіліктің қазығы екендігі даусыз. Қазақ ақын-жырауларының еңбектері негізінен, ата-қоныс, көшпелілер болмысы, қоғам, адам, батырлық, көркемдік, адамгершілік мәселелеріне байланысты болып келеді. Отанды сүю ата-анасын сүюден басталады. Бұл нысаптылықтың айшықты белгісіне жатады және оған ата-анасының өзін жақсы көріп қоймай, тіпті олар жүріп өткен әрбір қадам жердің, әрбір уыс топырағын, тау-тасын да жан-тәнімен сүйетін азаматтық сезімін мақтаныш, үлгі-өнеге ету. Әрбір кісінің туған жерге деген, отанға деген сүйіспеншілігін де, оны көздің қарашығындай қорғауы да, “ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен” замандарда жанқиярлық еңбек жасауы да әке мен анаға деген махаббаттан ғана бастау алары сөзсіз.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде нысап, несібе, тәубе негізінен имандылық талаптарынан туатын кісілік құндылықтар ретінде қабылданған Ислам дінінің қазақ сахарасында нығаюына қатысты этикалық ұғымдардың діни мазмұны арта түсті. ХV-ХVI ғасырлардағы жырауларда кісілік құндылықтардың көшпелілік, тәңіршілдік түсіндірмелері мен суреттемелері басым болса, ХVIII ғасыр ақын-жырауларында “обал”, “сауап”, “тәубе”, “несібе” сияқты мұсылмандық мағынадағы түсініктер жиі қолданыла бастады. Әрине, бұл ұғымдарда жалпы адамзаттық нормалар да көрініс тапты. Ғылыми және оқу әдебиетінде “тәубеге” мынадай түсіндірме беріледі: “Тәубе – адамның ағат кеткен іс-қылығына өкініш білдіріп, келешекте оны болдырмауға үзілді-кесілді бел байлауы, барға шүкіршілік етуі, жаман әдет бойға сіңбей тұрғанда, тез тәубаға келіп, оны қайталамауға, жаманшылықтың орнығуына жол бермеуі. Тәубе адамның өзін-өзі тәрбиелеудің бір жолы. Кімде-кім қателікке барып, теріс жолға түсіп қалса, дереу өзін-өзі жазғырып, адамшылық жолға түсуге бел байлап, бойын тез жинап алып, ар намысы алдында таза болуы жағын ойластыруы тиіс. Сонда ғана ол “менің ожданым (ар-намысым) таза деп қысылып-қымтырылмай айта алады”[134]
Әрине, бұл анықтамаларда дидактикалық және педагогикалық ұстанымдар бірінші орында тұр. Бірақ, қазақ әдебіндегі кісілік құндылықтардың тізбегі көптеген ұғымдарды қамтиды. Олардың арасында қазақ әдеп жүйесінің маңызды ұғымы “қанағат” ерекше орын алады. Қанағат нысапсыздық, нәпсіқұмарлық, екіжүзділік антиподы ретінде қарастырылады. «Қанағат – барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу. Қанағат – ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Қанағатшыл кісі – барынша кішіпейіл, қарапайым, иі жұмсақ. Сондықтан да ол көпшіліктің көзіне түсе бермейді. Қанағатшылық – қолдағы барына, қол жеткізген табыстарына разы болу, шүкіршілік ету. Әрине, кейбіреулер мұны адамшылыққа жарасатын көркем сипат, өмірде ортаймайтын қазына деп түсіне бермейді. Қаншама мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар да кездеседі. Мұндайларды жұрт көзі тоймайтын, қанағаты жоқ адам дейді. Ондайлар “болған сайын болсам деп, толған сайын толсам деп” ылғи да ашкөзділікке салынып, аллатағаланың қанағат-нысабын ұмытады, көбіне жалған сөйлеп, екіжүзділікке барады. Пайғамбарымыз: “монтаны екіжүзділіктің белгісі үшеу дейді. Олар: өтірік айту, уәдесінде тұрмау және аманатқа қиянат жасау”. “Екіжүзділік – жарамсақ жағымпаздықпен егіз қозыдай. Арамза, жарамсақ пен екіжүздіге қарағанда ашық жаудың өзі артық. Ондайлар: “адамның сиқын кетіреді!. Адам қолындағы барының игілігін көріп, соған шүкіршілік қылса, өмірі де мәндірек, қызығырақ болар еді[135].
Қанағатшылдық түсінігінің түркілік әлемде ерекше орын алғаны белгілі. Айталық, Жүсіп Баласағұн Одғұрмыш бейнесі арқылы бұл ұстанымды өз еңбегінің арқауы етіп алса, Қожа Ахмет Иасауи қанағатты кісілікке жеткізетін басты жол деп сараптайды. Ақын-жыраулар бұл дәстүрді жалғастыра отырып, қанағат түсінігі мазмұнына хандық дәуірге тән рухани бітімдерді үйлесімді қоса білді. Айталық, Асан қайғы жырларында қанағат кең пейілділікпен, нәпсіні тыйюмен, ақсүйектер мен батырларды ел мүддесінен алшақтамауға шақырумен және тағы басқалармен айшықталады (“асқынып жауап айтпаңыз”, “күн шығарып жатпаңыз”, “табиғат, ел қадірін біліңіз”…).
Қазақтың дәстүрлі әдебі әділдікті биліктің басты сипаттамасы ретінде алады. Әділетті билік ақын-жырауларда әрі мәдени, әрі әдептік, әрі құқықтық феномен ретінде суреттеледі. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдептік және құқықтық бастаулардың синкретизмі тек күнделікті қолданыста емес, сонымен бірге ғылыми әдебиетте оларды ажыратпай пайдалануға әкеледі. Бір мысал келтірейік. Әдеп және құқықтық реттеу тетіктерінің мызғымас бірлігі қазақтар арасында мәдени синкретизмге де негіз болады. Ол тек рулық-тайпалық қатынастармен шектелмей, сонымен бірге қоғамдық тұтастықтың элементтері болып табылатын әртүрлі әлеуметтік топтар мен жіктерді, қауым мен отбасыны, меншіктік, мұрагерлік қатынастарды, әлеуметтік бірлестіктердегі неше түрлі демографиялық топтарды (қариялар, балалар, әйелдер) қамтиды. Бұл жерде әлеуметтік бедел мәселесі, әлеуметтік қатынастардың не сұрықсыздығы, тұрлаусыздығы, не шиеленістілігі, жанжалдылығы, не келісімділігі, ынтымақтастығы жыраулар үшін алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, Бұқар жырау шығармаларындағы өзекті мәселелердің бірі – елдің бірлігі. Ол “бірлік болмай тірлік болмас”– деген қағиданы ұстанады, халықты бірауыздылыққа, ынтымаққа, елді қорғауға насихаттайды. Ру-руға бөлініп өзара қырқысу елді жақсылыққа алып келмейтіндігін, бір-бірімен тату тұруды, ру аралық қақтығыс халықты елдігінен айырып, ел тағдырын мүшкіл қалге алып келуі мүмкін деп елді бірлікке шақырып, елдің қорғанысын күшейту қажет деп, Абылай хандығын нығайту саясатын жүргізді.
Енді осы әлеуметтік ынтымақтастық құндылығы хандық дәуірінде қандай құқық-әдептік тетіктердің қуатымен жүзеге асты деген мәселені қарастырайық. Бұл мәселенің өз астары бар. Өйткені қазаққа көршілес мұсылман елдерінде тұлғааралық қарым-қатынас шариғат заңдарымен реттеліп келеді. Қазақ хандығында көшпелі мәдениетке негізделген әдет құқығы өз күшін жоймады. Осы жөнінде Ә.Х. Марғұлан мынадай түсіндірме береді: “Қасым ханның қасқа жолының” негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған “яргу” заңынан алынған, қазақша жарғы (хақихат) деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ шешуден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап “қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери-демократия арнасына барып тіреледі».
Әділеттіліктің нысаны – елдегі тыныштық. Бұл жөніде ақын-жыраулар шығармашылығында талай тиянақты ойлар айтылған. Қазақ арасында рулық қақтығыстар, ағайын арасындағы жанжал, екі адамның ұрыс-керісі бола қалған күнде қазақтың ағайындық береке деген ескі жосыны болған. Мұндайда қалыс ағайындар қарап тұрмайды, оларды берекеге шақырып, араға арашашы, дәнекер болады. Бірер шәугім шайын беріп немесе бірер малын сойып, оларды бір дастарханнан дәм татуға шақырады. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп білетін халқымыз мұндайда салт бойынша дәмге үйірілуі, ағайын берекесінен аспауы шарт етіледі.
Заңгер ғалым З. Кенжалиевтің пайымдауынша, қазақта тәртіп адам еркіндігін шектеуге бағытталмаған. Қоғамдық тәртіп жайлы халықтың көзқарасының негізінде бейбіт өмірге деген құлшыныс, тыныш өмірді аңсау жатыр. Бір ғажабы, қоғамдық тәртіп заңмен, құқықтық нормалармен тікелей байланыстырылмайды. Тіптен, қоғамдық тәртіп туралы ойдың өзі әлі жеке-дара боп шықпаған еді. Ол ел ішінің тыныштығы, ағайын татулығы, ел жарастығы тәріздес ой-ағымдардың бір қабаты, ажырамас бөлігі түрінде өмір сүрді. Халықтың бірлігі, ынтымақтығы, тату-тәттілігі – оның өз азаттығынан, еркіндігінен айырылып қалмауы үшін қойылар ең бірінші талап. Алауыздықтан бойын аулақ сала білген ел ғана еркін өмірге лайық, әйтпесе құлдық пен күңдікке душар болу қауіпі әрқашан дайын[136].
Сонымен, хандық дәуірінде кісілік ынтымақтастықтың ерекше тәртібі болғандығы күмән келтірмейді. Әрине, оны Ф. Хайек тұжырымдаған батыстық өркениетке тән “адамдық ынтымақтастықтың кеңейтілген тәртібі” деп теңестіру дұрыс болмас. Әр этномәдениетке өзіне тән адам мен әлеумет арасындағы үйлесімділікті нығайту тетіктері болған. Бұл жерде белгілі социолог Э. Дюркгеймнің “органикалық ынтымақтастық” ілімін еске алуға болады. Осындай ынтымақтастыққа әр кісі жеке-дара әрекеттеніп (клетка сияқты) өз мүдделерін көздегенімен, жалпы осы әрекеттердің түпкі бағыты тұтастықты жетілдіруге, икемді етуге және сақтап қалуға арналған. Әрине, көшпелілік органикалық тұтастықта сегментарлық, рулық, кландық мүдделер үстемдік етеді. Хандық дәуіріндегі осыдан ынтымақтастық тәртібін зерттеушілер “әскери демократия” деп те атайды. Бұл ұғымның мазмұны көп қырлы болып келеді және арнаулы зерттеуді талап етеді. Біз әскери демократияның билігіне байланысты ерекшеліктеріне назар аудармақпыз.
Бұл еркіндік рухының қазіргі тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан үшін де ғибараты мол. М.М. Қаратаев пен С.Е. Нұрмұратов осы жөнінде мынадай түйінді ой айтады: “Еңбекке, жаугершілікке деген ұмтылыс көшпенді қазақтар арасында батырлықтың дүниетанымдық, аксиологиялық, эстетикалық ұғымын сараптап шығарды. Құба далада, шетсіз-шексіз жерінде, төбесінде тек қана көгілдір аспаны бар, осындай табиғатта күнелтіп жүрген, өзінің батырлығына сүйенген, өзін аман сақтап қалатын әдіс-жұдырығының мықтылығына, өз түйелеріне, жылқыларына, садағы мен жебесіне сүйенген көшпелінің бейнесін елестете аламыз. Ондай тарихи кезең болмаса, ондай тарихи тұлғалар болмаса халқымыздың қазіргідей жері, территориясы, егеменді мемлекеті де болмас еді. Міне, жауынгерлік дүниетанымының тарихи қызметі де осында”[137].