Азақ этикасының категориялары мен ұстындары 2 страница

Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше дерек сілтемелер келтірейік.

Аспан шырақтарына табынудың үлгісі:

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айды есірке,

Жаңа айды жарылқа[102].

Наурыз күні берілетін батаның бір түрі:

Ақ мол болсын,

Қайда барса жол болсын,

Ұлыс бақытты болсын,

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін

Бәле-жала жерге енсін!

Бәдік өлеңінде жамандықты аластау басты тақырып ретінде алынады:

Көшер болсаң әй бәдік, жыланға көш!

Құйрығы жоқ, жалы жоқ құланға көш!

Көш айласын білмесең мен айтайын,

Жердің жүзін қаптаған тұманға көш!»[103].

Әдеп, тіпті, жалпы рухани мәдениет, жақсылық пен жамандықты айыра білу қабілеттілігінен басталады. Жануардың жануар болып қалатын түпнегізі осы қабілеттіліктің болмауында. Қ. Жарықбаевтың қосавторлықпен жазған “Әдеп негіздері” кітабында бұл ұғымдарға мынадай анықтамалар беріледі: “Жақсылық – жалпы әдептің баламасы, адамгершілік пен имандылықты білдірудің ең жалпылама ұғым-түсінігі. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымына кіреді… жамандық – керісінше, адам күнкөрісіндегі жағымсыз көріністердің жалпылама аталуы. Оған қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады”[104].

Қазақы дүниетанымда жақсылық пен жамандық ұғымдары ақын-жыраулар шығармашылығында жан-жақты әрі көркем суреттелген. Бұл түсініктер таза поэзия аумағынан шығып, халық даналығы үлгілеріне, философиялық пайымдауларға айналған. Жақсылықтың отаны - Жерұйықтың қандай басты белгілері бар? Бұл сұраққа жауапты заман талаптарынан, халықтың арман-аңсауларынан, өкініштері мен мұқтаждарынан іздеу керек. Шоқан Уәлиханов – осы мәселеге алғашқы назар аударғандардың бірі. Ғалымның сараптауы бойынша, қазақтардың аңыздарында ноғайлармен көрші отырған кездері алтын заман болғаны туралы айтылады. “ноғайлы мен қазақтың бағы жанған заманда” – дейді олардың эпостары әрбір қиссаларының басында[105].

Яғни, Жерұйық ешқандай утопия да емес, болашақ туралы сәуегейлік те емес, бұрынғы туыс түркі халықтарының (алты алаш) бірлігін жырлау болып табылады. Жерұйық идеясын батыстың утопиялық құрылымдарымен теңдестіру біздің зерттеулерімізде жиі кездесетін үлгі болып табылады. Бұл әдістеме батыстық барлық модельдердің біздегі баламаларын іздеумен әуестенеді. Халық “жерұйықты” – “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды немесе елді қиыншылықтан құтқаратын батыр, дана, көсем туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарады және бұл аңыздық тұлғалар тарихта болған кейіпкерлерден шығарылады. Осыдан барып мессияндық роль атқаратын адам, елге ырыс-дәулет беретін қоныс жайында әпсана-хиқаят қалыптасады”[106].

Қазақ әдебінде жақсылық пен жамандық синкретті: әрі әдептік, әрі тәлімдік, әрі өнегелік категориялар ретінде баяндалады және олар кісілік қасиеттердің санатында жүзеге асу мүмкіндіктерімен жырланады. Бұл өмірлік философияда жақсылықтың өлшемі адамның өз атына сай тіршілік етуі болса, онда жамандық тіршілікті шектеу деп түсіндіріледі. Яғни, жақсылық адам мен әлем арасындағы үйлесімдік. Тек нағыз адамның қолынан ғана жақсылық жасай білу келеді. Жамандық – үйлесімсіздік, шектен шығу, теріс қылық,, “ғаріп” нәрсе:

Бұл заманда не ғаріп ?

Ақ қалалы боз ғаріп,

Жақсыларға айтпаған

Асыл шырын сөз ғаріп,

Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез ғаріп,

Қадірін жеңге білмесе,

Бойға жеткен қыз ғаріп,...

Мүритін тауып алмаса,

Азғын болса пір ғаріп[107].

Жоғарыдағы жолдардан жақсылық пен адамдық қасиеттер көрінісі ғана емес, оған қоса жалпы ізгілікпен тепе-тең, абсолютті бастау ретінде қарастырылатынына көзіміз жетеді. Қазақ философы Қ. Әбішев жазғандай, жақсылықтың айшықты өлшеміне адамдардың дүниемен қатынасына да, өзара қатынастарына да олардың ешқашан өшпес құндылықтар екенін мойындап, оларды сақтау, қастерлеу және оны бұзатын, оны былғайтын, оны тәрік ететіннің бәрін де жамандық деп қарау[108].

Бұл сипатта жамандықтың жиі кездесетін түрі – жетесіздік, қадірлей білмеу:

Ауылдағы жамандар

Ер қадірін не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген

Жер қадірін не білсін!

Көшсе, қона білмеген,

Ақылыңа көнбеген

Жұрт қадірін не білсін![109].

Бұл жерде маңызды этикалық мәселе көтеріліп тұр. Ол – жақсылықтың шартсыздығы. Біздің ісіміз жақсылық па, әлде жамандық па деп дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ол дауысқа салынбайды, тылсымдық түрде бірден аңғарылады. Не болса да, сол болуы керек. Өйткені ізгілік адамның болмысымен тікелей қатынасты, жақсылықтың жасалуы есеппен жүрмейді; онда ол оны сатқанмен, міндетсінгенмен бірдей әрекет болып табылады; ол “өз қайтарымын күтпейтін және адамның шынайылығынан туындаған өмірдегі нұрлы қадамдар болып табылады”. Жақсылықтың бағдары – адамды көтермелеу. Керісінше жасалған әрекет жамандыққа әкеледі.

Ақын-жыраулар шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым-жазушы Мұхтар Мағауин осы жөнінде мынадай ойын алға тартады: “Жаман кім, жақсы кім – ол жағын жырау онша қазбаламайды. Мысалы, Шалкиіздің түсінігіндегі жаман – жолдасының “басы жауда қалғанда“ жан қиюға шыдамай бас сауғалап кетер адам. Ал жақсы – жолдасын жауға қалдырмас, “тұсында тұлпары тарп ұрып тұратын атаулы ер”[110]. Шалкиіздің жақсылық пен ізгілік түсініктерін мәтіндік (немесе интермәтіндік) талдау мәселенің жаңа қырларын аша түседі және ғылыми объективтің кепілі болып табылады. Сонымен, Шалкиіз толғауларындағы жақсылыққа жататындары:

– алаштан байтақ озуы ;

– алғаным ару болуы ;

– батырлық өмір сүруі;

– ерлердің алдаспаннан игі қолы болуы ;

– бас иетін Темір сияқты сұлтанның болуы ;

– тәңірінің дәрежені артық етуі ;

– дұспанның қолы жете алмауы ;

– мал аямайтын достың болуы;

– ата-ана үйінің Меккеден артық болуы;

– жығылғанды тұрғызу, жылағанды уату;

– ата қоныс: қоғалы көлдер, қом сулар;

– туысқанның көптігі;

– көбе бұзар жебенің болуы;

– ел бастар ғадыл төре, сөз бастар шешен, қол бастар аға жігіт бар;

– жақсылардың өлмейтін сөзі бар.

Жыраудың адам, оны қоршаған орта жайындағы түсінігі сол заманның санасынан елес береді. “көптің құрығы ұзын”, “көп – жауға сұс, елге – қорған”. Бұл мақалдың ақиқаттығы әсіресе білектің күші билікші болған ескі жаугершілік заманда ерекше көзге түседі. Сол қалың көпті қайтсем біріктірем деп жырау мұңаяды. Ол заман үшін мұның жалғыз-ақ жолы ол – рулар туыстығы, қандастық. Сондықтан Шалкиіз “жалғыздың жоғы табылмас, рулының оғы қалса табылар” деген мақалдың даналығына бас ұрады. Алайда, туыстың бәрі бірдей емес, жақсысы да, жаманы да бар.

Жақсылық пен жамандықтың арақатынасын зерттеу әдептанудың басты мәселесіне жатады. Жақсылықтың үш түрлі түсінігін атап өтуге болады: 1) ізгілік ретіндегі жақсылық – этикалық ұстаным, онтологиялық бастау, әдептің жалпы принципі; 2) кісілік қасиет (жақсы адам); 3) әрекет (жақсылық жасау). Жамандық, әдетте, кісілікке қарсы бағытталған әрекет ретінде қаралады. Жамандық күнә, кінә және мәдениетсіздіктен (мәкрұх) тұрады.

Бұқар жырау өз заманындағы жамандықтың басты себебі ретінде қоғамдық күйзелісті алады.

Ай заман-ай, заман-ай,

Түсті мынау тұман-ай,

Істің бәрі күмән-ай,

Баспақ, тана жиылып

Пана болған заман-ай,!

Құл-құтандар жиылып,

Құда болған заман-ай!

Жақсылардың малы жоқ –

Жамандар малыменен теңелер!”[111].

Бұқар жырау тек замани жамандықтарды сынап қана қоймай, олардан арылудың жолдарын көрсетуге тырысады: “әрекетсіз жақсылық жоқ, жақсы іссіз кісілік жоқ, кісіліксіз адам жоқ, адамсыз махаббат жоқ, махаббатсыз бақыт жоқ”. Жақсылықты осылай түсіну арқылы жырау “Адам тіршілігінің мәні не және ол не істеу керек?” – деген сұраққа жауап іздейді. Жыраудың көзқарасы бойынша дүниеде бәрі өткінші, тек адамның жақсы істері мен аты мәңгіге қалады.

Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе – өз бойындағы адамшылықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік-жігерді, қайратты қажет етеді. Адам баласы ежелден-ақ бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсап-армандап, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады? Қай жерде, қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді? Міне мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған.

Бұқар жырау жырларынан оның нақыл сөздерге философиялық ойлы тебіреністерге толы, заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырған азамат ақын болғандығын көреміз.

Шашырап шыққан қандар көп,

Шашау жатқан малдар көп.

Қайсыбірін айтайын,

Айта берсең сөздер көп”[112], — деп, бір ішкі жан-дүниесімен күйзеле толғайды. Оның толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарасы аңғарылады. Сонымен қатар жырау тек сөзбен емес, жамандықты іспен де шектеуге шақырады. Құр сөз, дейді ол, бос, болып қалды:

Көкте бұлт сөгілсе,

Көктеп болмас не пайда.

Көкіректен жан шықса,

Қайтып келмес не пайда.

Дін мұсылман болмаса,

Тіл мұсылман не пайда.

Қызда қылық болмаса,

Құр шырайдан не пайда.

Ерге дәулет бітпесе,

Шүлдіреген қызыл тілден не пайда[113].

Хандық дәуіріндегі ақын-жыраулардың этикалық түсініктері жоғарыда аталған фольклор үлгілерімен үндес келеді. Өйткені олар бір этномәдени кеңістікте қалыптасқан. Хандық дәуіріндегі ақын-жыраулардың этикалық ойларының философиялық негіздерін қарастырғанда олардың исламдық және байырғы нанымдардың синкретті қосындысы екендігіне назар аудару қажет. Бұл сипатта екі қайшы пікір бар екендігін атап өтуге болады. Кеңес Одағында қазақ ақын-жырауларының діни өкілдерді сынаған кейбір жолдарынан олар исламды онша қолдамады деген тұжырым жасалды. Бұл сарын соңғы жылдары жазылған кейбір зерттеулерде де орын алады. Мысалы, қазақ халқының “аңқау елге арамза молда”, “молдаға мал қайғы, момынға жан қайғы”, “мың күн ұжмақтан – бір күн тірлік”, “дін қараңғы ін” сияқты мақалдарынан қазақ дүниетанымына материализм мен пантеизмнің кейбір көріністері тән болды деген сараптаулар да кездесіп тұрады[114].

Келесі көзқарас ақын-жыраулар имандылық мәселесіне үлкен көңіл бөлді, сондықтан олардың шығармашылығы діндарлық ұстанымды қолдады деген пікірмен байланысты. А. Мейірманов исламға дейінгі қазақтың монотеистік және табиғи нанымдары моральдан тыс болды, тек мұсылманшылдық шынайы әдепке жеткізді деген қағиданы ұсынады: “пұтқа, отқа, жеке адам басына, тауға, тасқа, т.б… табынған соқыр сенім – ақылды бұғаулап, рухты басып-жаншып өсірмеудің және қоғамның әлеуметтік күйзелуінің бірден-бір себебі”[115]. Сонда тәңіршілдікті ту еткен түркі қағанаттары күйзелген қоғам болып шыға келді. Әрине, исламның өркениеттендіру қызметін ешкім бекерге шығарып отырған жоқ. Алайда, әруақты қадірлеу соқыр сенімге жата қоймас. Әр тарихи кезеңнің, этномәдениеттің өзіндік реттеу тетіктері (әдебі) болған.

Таза діни ұстанымда бұл дүниенің жалғандығына басты назар аударылады. Әлем жетіспеушілігі оның кемістігін о дүниеде толтыруға болады деген ой туындайды. Алайда қатал даланы шебер игере білген көшпелілер үшін бұл дүниенің қиындықтарын жеңе білу өз қабілеттілігін жетілдірумен байланысты. Ол үшін жоғары моральдық қасиет қажет. Осындай өмірлік позиция ақын-жыраулар шығармашылығында анық жарияланады. “Мен нағыз адаммын, себебі адамдық белгілерді өз бойыма жинақтай білдім”,- дейді олар.

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым өкінбен,

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып.

Дұспан аттым, өкінбен,

Тоғынды сарты нар жегіп,

Көш түзедім, өкінбен,

Ту құйрығы бір тұтам,

Тұлпар міндім, өкінбен,

Туған айдай нұрланып

Дулыға кидім, өкінбен,

Зерлі орындық үстінде,

Ақ шымылдық ішінде

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім өкінбен[116], – дейді Доспамбет жырау.

Хандық дәуірінің көркем санасында, бір жағынан, күйбең тіршіліктің ырықсыз иесі болу құпталмаса, екінші жағынан, қиял мен елеске бағытталған өмір де мұрат болмады. Осы тұрғыдан қазақ ақын-жыраулары діндегі әдептік бастамаларға басты назар аударды. Бұл жөнінде белгілі философ Қ.Ш. Нұрланова өз ойын былай тұжырымдайды: қазақта “жалпы жарық дүниеге табыну мәдениеті терең орын алған. Ешнәрсеге, ешкімге қиянат жасамау – мұсылманшылықтың негізгі этикалық арқауы. Қазақ дүниетанымының негізі – этикалық арқау”[117].

Сол сияқты хандық дәуірдегі қазақ мәдениетінде де түркілік “Тәңірі” мұсылмандық “Алламен” бір бейнеге айналып кетті. Ақын-жыраулардың әдептік түсініктері де жалпы мұсылмандық контекстіден аулақ болмады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ақын-жыраулар шығармашылығына жүгінейік:

Басты, бірінші тілек аллаға арналады:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа[118].

Немесе жыраудың басқа да өсиеттері:

Ей, айтшы, Алланы айт,

Аты жақсы құдайды айт.

Төрт шадияр Мұстафа,

Нұсқап ашқан ғаламды айт.

Тәңірім сөзі бұрқанды айт,

Кәлим Алла құранды айт,

Тәңірім салса аузына

Жан жолдасың иманды айт[119].

Халқымыздың ұлттық дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу, оның кісілігін үйрену әрбір жастың парызы болып табылады. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, үлкен адамға орын беру, оны төрге шығарып құрметтеу, оған сәлем беру, көңіліне қарау – адамгершілік борыш ретінде қалыптасқан дәстүрлер. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен сүйіспеншілдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын-жырауларымыздың жыраулық поэзиясынан орын алған, осының өзі – болашақ ұрпақтарыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинақтауға зор көмек беретін бала тәрбиесінің бастау бұлағы.

Жыраулық поэзияның ірі өкілдері Асан қайғы мен Қазтуғанның, Доспамбет пен Шалкиіздің, Ақтамберді мен Бұқар жыраудың ж.т.б. елдік пен ерлікті, азаматтық пен адамгершілікті жырлаған өршіл өлең-жырлары, туған жер, ата-қоныс, ел тағдыры, өмір өткелдері мен қоғам жайлы философиялық толғау-тұжырымдары, өткір ойшылдық пен шешендік өнер өнегелері адамзат атаулыға тән асқақ кісілік идеяны паш етеді. Осы үлгі-өнеге тұтар, ұрпағымыз мақтанышпен мәңгі естерінде ұстар ақын-жырау, даналарымыздың әрқайсысының өмір жолдары сол өзі өмір сүрген заман тарихымен тығыз сабақтастықта жатыр. Жалпы кісілік құндылық болып табылатын: салауаттылық, инабаттылық, ізеттілік, ар-ұятты болу, қайырымдылық, перзенттік парыз, ата-анаға, отанға қызмет ету, ұлтын, халқын отанын сүю, қорғау, әдептілік, имандылық, ар-намыстылық, өнерпаздық, ата-текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім-тәрбиеде кісілік өлшемдердің көрсеткіші деп санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда жыраулық позэиядан аларымыз өте көп.

Тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық-әлеуметтік, тарихи сипатын таныта алатын дидактикалық-философиялық сарындағы толғаулармен қатар сөз зергерлері адамгершілік, этика, мораль тақырыптарын да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты келістіре жырлап, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғаны байқалады.

Кісілік құндылықтары туралы жалпы пайымдаудан кейін, олардың қазақтың әдеп мәдениетіндегі нақтылы көріністеріне назар аударалық. Академик Әлкей Марғұлан қазақ халқының эпикалық мұрасында мынадай құндылықтар басты орын алады дейді:

“…қаһармандық жырлар, сұлу ертегілер туғызуға патриархалдық дәуірдегі негізгі сарындар мынадай еді:

А) бейбітшілік;

Ә) ел қорғаған ерлерді ардақтау;

Б) жұртқа ақылшы болатын қарияларды қадірлеу (Қорқыт, Жиренше шешен, Асан қайғы);

В) алып ер туатын ананы құрмет тұту;

Г) алпыс басты “ақ орданың аяулысы” – жас әйелді біреуге олжа түсірмеу;

Д) келешекте ана болатын қыз баланы тәрбиелеу;

Е) ер баланы баулап, садақ аттыру, жапан түзге жалғыз жіберіп, аң аулатып, ерлік сынаудан өткізу (мергендер типі);

Ж) жүйрік жылқыны тануды бағалау… Міне, осының бәрі аталық дәуірдегі жұртшылық тілегін білдіреді”[120].

Жақсылық, әділеттілік, достық, махаббат сияқты әмбебапты кісілік қасиеттермен қатар, ақын-жыраулар шығармашылығында мұсылмандық (имандылық, сауаптылық, тәубешілдік, рахымдылық және т.б.), көшпелілік (тектілік, төзімділік, шешендік, сөзге тоқтау, қауымшылдық, балажандық, меймандостық, киелілік және т.б.) құндылықтары жырланады.

Жазусыз ақпараттық аяда қалыптасқан кісілік құндылықтарда діни, этикалық және қауымдық бастауларды үйлестіру мәселесі маңызды. Мысалы, “киелі” түсінігін кейбір зерттеушілер христиан халықтарындағы “сакральды”, “қасиетті” (священный) сөздерімен тели салады және аталған ұғымды тек діни мағынада түсіндіреді. Бұл, әрине, көшпелілік тұрмысты жете білмеуден шығады. Кезінде Шоқан Уәлиханов қазақтар екі тылсым күшті: “киелі” мен “кесірді” мойындайды деген. Дәстүрлі мәдениеттегі ырымшыл қазақ үшін киелі нәрселер мнемоникалық рәміздер қызметін атқарды. Батыстық бағыттағы зерттеушілер үшін “киелі” діни әдет-ғұрыптармен ғана байланысты болса, номадалық тіршілік тынысын терең зерделеген ғалымдар киелілік деген деңгейден табиғи тылсым оқиғалар, құбылыстар мен нәрселерден көрінетіндігін атап өтеді. Мысалы, аспан шырақтары, жапан даладағы жалғыз ағаш, бұлақ, қолдан жасалған балбалдар, пұттар, қорғандар және т.б.

“Едіге батыр” жырында айтылғандай, киелі дәрежеге табиғи құбылыс өзімен өзі емес, керісінше, адамға тигізетін оң ықпалы арқылы ие болады.

Қарға қонбас қара ағаш

Қаз қондырдым жұрт үшін.

Құзғын қонбас қу ағаш

Қу қондырдым жұрт үшін.

Қу қанатын сал қылып,

Еділ, Жайық өзеннен

Көктей өттім жұрт үшін…[121].

Қазақ даласын жете білген поляк саяхатшысы Бронислав Залесскийдің “Қазақтардың киелі ағашы” деген суреттемесінен осы мәселе жөнінде түбегейлі ақпарат алуға болады. Саяхатшының әрі суретшінің бейнелеуі бойынша, киелі ағаштың жанынан өткен кезде «қазақтар түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кілемшені жайып қояды да тізелерін бүгіп, немесе малдас құрып отырып дұға оқиды. Сонан соң өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, тіпті болмаса ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олар киелі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру-сырқаудан қорғап-қоршайды, өмір жастарын ұзартады деп ойлайды. Сондықтан, тек биік ағаш қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады.

Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды. Мұғаджар тауына жақын жазықтардың бірінде өсіп тұрған бірнеше діңді жабайы өрік ағашын көргенім бар, әбден қурап қалған көптеген ірі бұтақтардың біреуіне қол тигізуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Ілінген ақтық шүберектер мен қой терісінің қиындыларының көптігіне септік жоқ, ағаш басына салынған ой бүркітінің ұясына да адамдар тарапынан келер еш қиянат жоқ, себебі, киелі ағашқа салынған ұя да киелі”[122].

Бұл суреттемеге, шынында, артық нәрсені қосу қиын болар. Осы көзқараспен ақын-жыраулар мәтіндеріндегі киелілік суреттемелерін салыстырып көрелік.

Асан қайғыдан:

“Ел жағалай қонбаған көл” – кесір;

“Жазда жайлайтын, қыста қыстайтын Еділ мен Жайық” – киелі;

“Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін ұрысу” – кесір;

Қазтуғаннан:

“Салуалы менің ордам қонған жер” – киелі;

Наши рекомендации