Философияның негізгі бағыттары

       
  Философияның негізгі бағыттары - student2.ru   Философияның негізгі бағыттары - student2.ru

Материализм идеализм

"Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры" деген еңбегінде Ф. Энгельс философияның негізгі мәселесінде материя әлде сана бастапқы ма? - деген сұрақтың екі жағы бар деп қарастырған. Философтардың осы мәселені шешуіне орай өзара қарама-қарсы материалистік және идеалистік екі бағытқа бөлінеді. Материалистер дүниені осы қалпында, яғни объективтік тұрғыдан түсінуді ұсынады. Материализмнің тарихы екі үлкен кезеңнен тұрады: маркске дейінгі және маркстік-лениндік ілім.

Идеализмнің объективтік және субъективтік екі түрі бар. Жеке адамның санасын әлемнің бастапқы субстанциясы деп есептейтін идеалистер - субъективтік идеалистер (Д. Беркли: "Материя - адам түйсіктерінің кешені", ал И.Г. Фихте: "Бүкіл әлем, оның ішінде басқа адамдар "Мен" санасынан жаратылады").

Объективтік идеалистер, керісінше, дүниенің жаратылуын субъектпен байланыстырмайды. Олардың ойынша, әлемнің бастапқы негізі - рух, әмбебап сана - әлемдік рух, абсолюттік идея; ол адамнан тыс өздігінен дербес өмір сүреді деп есептейді. Мысалы, белгілі бір зат адамнан бөлек өмір сүретіні секілді, адамға қатысты идея да өз бетінше объективті болады. Ол дүниені, адамды жаратады және мәңгілік өмір сүреді. Гегель "табиғат - абсолюттік рухтың болмыстан тыс түрі" деп дүниені жаратушы Құдай идеясын ұсынады. Ал, Платон болса, "идеялар әлемі; заттар әлемі - идея әлемінің көлеңкесі" деген.

Философияның әдістері, философиялық зерттеулердің көмегімен жүзеге асады. Философия ғылымының негізгі әдістері:

Диалектика - бұл әдісте заттар, құбылыстар, ішкі қарама-қайшылықтар, өзгерістер, даму, себеп пен салдар, қарама қарсылардың бірлігі мен күресі есебінде қарастырылады.

Метафизика - диалектикаға қарама-қарсы әдіс, мұнда объектілер өздігінен, статикалық және біржақты қарастырылады.

Догматизм - қоршаған ортаны догмалар, яғни дәлелденбейтін және абсолютті сипаттар арқылы қабылдау.

Эклектика - бұл әдісте фактілер, түсініктер мен концепциялардың біртұтас шығармашылық бастамасы болмайды, соның нәтижесінде сырттай шындыққа ұқсас қорытындылар алынады.

Софистика – айтыс-тартыста өз қарсыласын жеңу үшін әдейі ақты қара деп, қараны ақ деп көрсетуге жүгінетін әдісті айтады. Бұл әдісте ақиқатты тану емес, тек қарсыласын айтыста жеңу мақсат етіледі.

Герменевтика - мәтіннің мәнін, оның объективтік және субъективтік негіздерін түсіндірудің теориясы мен өнері.

Анализ - бүтіннің құрамдас бөліктерге ойша немесе іс жүзінде ыдырауы, жіктелінуі, бөлінуі.

Синтез - әртүрлі элементтердің біртұтастыққа бірігу процесі.

Философияның негізгі функциялары:

Дүниеге көзқарастық функция - дүниенің біртұтастық бейнесін жасау, оның құрылымы жөнінде, дүниедегі адам орны, оның қоршаған ортамен байланысы туралы көзқарасты қалыптастыру.

Методологиялық функция - философия коршаған дүниені, шындықты, ақиқатты танудың негізгі әдістерін жасайды.

Теориялық функция - философия бүкіл дүниені, құбылыстарды ұғынуды мейлінше жалпылайды, концептуалды - логикалық жүйелер жасайды, теориялық тұжырымдар түзейді.

Гносеологиялық функция - философия қоршаған дүниені, шындықты, дұрыс әрі айқын тануды (таным тетігін) мақсат етеді.

Сыншылдық функция - философия кез келген теорияны, білім қағидаларын сыни ойлаудан өткізіп, ондағы қайшылықтарды анықтап, мәнді тұстарын айқындайды. Бұл функцияның міндеті - догмаларды әшкерелеу, білімнің дәйектілігін пысықтау және таным шеңберін мейлінше кеңейту.

Аксиологиялық функция - философия заттар мен құбылыстарды бағалағанда оларды моральдік-әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени, рухани және т.б. құндылықтар жағынан қарастырады.

Әлеуметтік функция - философия қоғамды зерттегенде, оның пайда болу себептерін, дамуын, құрылымын, қозғаушы күштерін, қоғамда болатын қайшылықтарды айқындап, оны шешу жолдарын, жетілдіру мәселелерін карастырады.

Тәрбиелік функция - философия гуманистік құндылықтар мен мұраттарды адам, адамзат пен қоғам игілігіне жаратуды көздейді. Философия - тарих қойнауындағы барлық адмгершілік ізгіліктердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді.

Эвристикалық функция - философиялану, яғни философияны оқып-үйрену процесінде адам дүниеге, бүкіл болмысқа жаңаша көзқараспен қарайды, оны бейне бір құлшыныс, шабыт сезімі, инсайт билейді. Ой кешуде, тылсым дүниенің інжу - маржанын тапқанда ойшыл адам сыр мен кемел сезімге бөленеді.

Философия функциясы- философия мақсатын, міндетін, тағлымын жүзеге асырудағы философияның атқаратын қызметі.

Наши рекомендации