Бу Ханифаның шәкірттері

Негізінде, имамның шәкірттері көп. Кейбіреуі имамның қасына басқа елден келіп-кетіп дәріс алатын. Кейбірі жергілікті болатын. Өзінің бір сөзінде олардың санын баяндайды: «Мына отыз алты шәкіртімнің жиырма сегізі қазы болуға жарайды. Алтауы пәтуа беруге, ал екеуі: Әбу Юсуф пен Зуфар қазылар мен пәтуа берушілерді тәрбиелеуге жарайды». Ұстаздарының бұл сөзі шәкірттерінің, шын мәнінде, ғылыми дәрежеге ие екеніне куәлік беруде. Мұхаммед ибн ал-Хасан ұстазы өмірден озғанда он сегіз жаста болғандықтан, қазы болуға әлі лайықты болмады. Алайда, Әбу Ханифаның фиқһі мен жалпы ирактықтардың фиқһін кітаптарға жинаған осы - Мұхаммед Ал-Хасан.

Имам Әбу Юсуф (һ.113-182 ж). Толық аты: Яъқуп ибн Ибраһим ибн Хабиб. Тегі - ансарлық, ал туып өскен жері - Куфа. Тәлім алу жолына аяқ басқанда кедейлік өмірі талабына біраз кедергі келтіреді. Уақытының көбісі қаражат табуына жұмсалғандықтан ұстазының дәрістерінен біраз қалып қояды. Талабын байқаған имам Әбу Ханифа оған білім алуын жалғастыруы үшін ақшалай көмек көрсетеді. Әбу Ханифадан бұрын ол фақиһ Ибн Әбу Ләйлидан білім алады. Кейін Әбу Ханифаның алдына келеді. Әбу Юсуф фиқһ ілімінің үлкен ғалымына айналады. Құран мен көп хадисті жатқа алады. Имам Әбу Ханифаның шәкіртттерінің ішінде хадисті көп жаттағаны - осы Әбу Юсуф. Аббасия халифаты кезінде үш халифаның: Маһди, Һади және Рашидтің қасында сотқазы қызметін атқарады. Әбу Юсуфтың арқасында ханафи фиқһі мұсылмандарға үлкен пайдасын тигізеді. Сотқазы қызметінде Әбу Юсуф әлеуметтік мәселелер мен адамдар арасындағы проблемалармен кеңірек танысып, оларды шешу жолдарын жақсы меңгереді. Кешегі теориялық «қияс», «истихсан» және «ғұрып» секілді тәсілдер тұрмыстың үзілмес іс-тәжірибесіне айналады. Әбу Юсуфтың Аббасия халифатының әуелгі сотқазысы болуымен ханафи мәзһабы әбден шыңдалып, ықпалы күшейеді. Көзқараспен қатар хадиске сүйенуді қолданған фақиһ ғалымдардың әуелгісі - Әбу Юсуф. Осылайша, ол екі тәсілді қосып ұстанатын. Әбу Юсуф ұстазы мен өзінің көзқарастарын жинақтап, көп кітаптар жазды. Олар: «Китаб әл-Әсәр», «Китаб Әби Ханифа уа Ибн Әби Ләйли», «Китаб ар-Рад ала Сиар ал-Аузаъи» және т.б.

Мұхаммед ибн ал-Хасан аш-Шайбани (һ.132-189 ж). Мұхаммедтің баласының атын байланыстырып атағандағы есімі - Әбу Абдулла. Ол - Шайбан әулетінен. Ұстазы қайтыс болғанда жасы он сегізде болғандықтан көп білім алып үлгермейді. Алайда Әбу Юсуфтың қызметімен шыңдалған фиқһты тереңірек меңгеруін жалғастырады. Бұған қосымша, ол Хижазға барып имам Мәліктің фиқһін және Шамға барып имам Әл-Аузаъидің фиқһін үйренеді. Әдебиетті жақсы меңгереді. Сонымен қатар Мұхаммед кітапта мәтіні ғана келген хадистердің дәрежесі мен жеткізушілерін баяндау дәрежесіне жетеді. Имам аш-Шафиғи ол жайында былай деді: «Мұхамед ибн ал-Хасан сөйлегенде көзіңді де, көңіліңді де тойғызатын ділмар шешен еді. Тілінің әдебиеттік деңгейі соншалықты, естуші кісі оның тілін Құран тіліне ұқсататын». Ол да Әбу Юсуф секілді кейін сотқазы қызметін атқарады. Бұл қызметінің нәтижесінде теориялық білімі тәжірибеге ұласады. Мұхаммед алған білімін кітап бетіне түсіруді жақсы көретін. Ирактықтардың фиқһін кейінгі ұрпақтарға жеткізген - осы Мұхаммед ибн ал-Хасан. Оның кітаптары ханафи фиқһінің негізгі қайнары саналады. Олар: «Ал-Мабсут», «Ал-Зиядат», «Ал-Жамиғ Ал-Сағир», «Ал-Сияр Ал-Сағир», «Ал-Сияр Ал-Кабир», «Ал-Жамиғ Ал-Кабир», «Ал-Усул». Бұл кітаптардың бәрі ханафи фиқһында «Кутуб Заһир ар-Риуая» ұғымында. Бұл кітаптың мазмұны Мұхаммедтің ұстазы Әбу Ханифадан және Әбу Юсуфтан естіген ілімді, сондай-ақ олардың үкімдеріне негіз болған сенімді ғалымдардың «мутауатир» және «мәшһүр» дәрежедегі ілімін қамтиды. Мұхаммед өзінің «Китаб ал-Асар» кітабында имам Әбу Ханифадан жеткен хадистер мен біраз сахабалардың сөздерін жинақтаған.

Зуфар ибн Һазил (һ.110-158 ж). Зуфар имам Әбу Ханифаның алдына білім алуға Әбу Юсуф пен Мұхаммедтен бұрын келген еді. Дәлел келтіруге икемді, өте парасатты тұлға болатын. Имамның фиқһінан көзқарасқа сүйенуді үйреніп, қияс тәсілін жақсы меңгереді. Зуфар да ұстазы секілді кітап жазбағанымен, ұстазының көзқарастарын тәлім беруімен таратады. Басрада көптеген ғалымдармен кездесіп, фиқһи пікірталастар жүргізеді. Фиқһ ілімін лайықты дәрежеде меңгерген кезде Басрада сотқазы қызметіне тағайындалады. Имам Әбу Ханифадан кейін мешіттегі тәлім беру орнына, алдымен, отырған - осы Зуфар еді. Кейін Әбу Юсуф отырады.

Имам Әбу Ханифаның бұл үш шәкірті имамның ережелеріне негізделетін мужтаһид дәрежесіне жетеді.

Наши рекомендации