Тұндырғылардың жалпы сипаттамалары.
1.Тұндырғылардың топталуы. Тұндырғылар мына қасиеттеріне байланысты топталады: тұндырғы камерасын тазалау тәсіліне байланысты- механикалық тәсілмен тазаланатын, сумен жуылатын және аралас (құрама) тәсілмен тазаланатын; сумен жуу режиміне байланысты- оқтын-оқтын, яғни мезгіл-мезгіл жуылатын және үзбей жуылатын деп; орналасу жағдайына байланысты – су торабы құрамындағы немесе одан алысырақ орналасқан және ішкі жүйелік деп, камера санына байланысты- бір камералы, екі камералы және көп камералы деп топталады.
2.Тұндырғы түрлері. Арнайы техникалық мамандықтар оқулықтарында ирригациялық және су энергетика саласында қолданатын тұндырғылардың көптеген түрлері келтірілген. Көпшілік жағдайларда тұндырғы түрлері оның конструкциясының авторының атымен аталған. Тұндырғылардың негізгі түрлері: 1) су энергетика саласында қолданылатын, тасындылардың ірі фракциясын ұстауға арналған және шөккен тасындыларды оқтын-оқтын жуатын; 2) су энергетика саласында қолданылатын, тасындылардың ірі фракциясын ұстауға арналған және тасындыларды үзбей жуатын; 3) тасындылардың майда фракциясын ұстауға арналған, оқтын-оқтын тазаланып тұратын ирригациялық тұндырғылар; 4) көл тәріздес тұндыр- ғылар; 5) Дюфура тұндырғысы - тұнбаларды үздіксіз жуатын, су энергетика- лық тұндырғыға ұқсас; 6) Д.Я.Соколовтың жүйелік тұндырғысы; 7) сифонды рефулері бар тұндырғылар.
Көпшілік тұндырғыларда тасындыларды камерадан үздіксіз жуу қарастырыл- ған. Бірақ, пайдалану барысында тұндырғыларды оқтын-оқтын жуу тәсілі көбірек қолданылады.
3.Тұндырғылардың орналасатын жері. Суғару жүйелерінде тұндырғыларды орналастырудың негізгі схемалары мынандай 20.1 суретте көрсетілгендей
болуы мүмкін:
20.1. сурет. Суғару жүйелерінде тұндырғыларды орналастырудың негізгі схемалары. а) тұндырғы су торабы құрамында, су алғыш құрылымның жоғарғы бьефінде орналасқан; б) тұндырғы су торабы құрамында, өзен жағасына салынған; в) тұндырғы су торабына жақын, каналдың бас жағына салынған; г) тұндырғы су торабынан алыс, каналға салынған; д) бөгетсіз су алатын құрылымдардың қазылған каналдарындағы тұндырғылар;
е) тұндырғы каналға орналасқан немесе су алғыш құрылымнан бөлек, алыс жерге орналасқан, көл тәріздес тұндырғылар.
1) тұндырғы су торабы құрамында, су алғыш құрылымның жоғарғы бьефінде орналасады. Бұл схема бойынша тұндырғы су алғыш құрылымның бір бөлігі болып есептеледі және тек ірі фракциялы тасындыларды ұстауға арналған. (20.1а. сурет)
2) тұндырғы су торабы құрамында, өзен жағасына салынған. Мұндай схеманы таулы және тау етегіндегі су алғыш құрылымдар үшін қолдану тиімді. Арыны аз су алғыш құрылымдар үшін және тасындыларды гидравликалық жуу арқылы тазалайтын тұндырғыларда қолданған тиімді. (20.1б. сурет)
3) тұндырғы су торабына жақын, каналдың бас жағына салынған. Бұл схеманы арыны аласа бөгеттерде қолданады. Тұндырғыны каналдың бас жағына салу, тасындыларды гидравликалық әдіспен жууға байланысты қабылданған. (20.1в. сурет)
4) тұндырғы су торабынан алыс, канал бойына салынады. Мұндай схема су екі-үш сатылы түрде тұндырылатын жағдайларда қолданылады. (20.1г. сурет)
5) бөгетсіз су алатын құрылымдардың қазылған каналдарындағы тұндырғылар. Мұндай тұндырғылар майда тасындыларды ұстауға арналады, ал тұндырғы механизммен тазаланып, сумен жуылады. (20.1д. сурет)
6) тұндырғы канал бойына орналасқан, немесе су алғыш құрылымнан бөлек, алыс жерге орналасқан. Бұл схема бойынша тұндырғы ретінде сай, шатқалдар, яғни рельефтің табиғи аласа жерлері пайдаланылады. Осы себепті мұндай тұндырғылар – көл тәріздес тұндырғылар деп аталады. (20.1е. сурет)
Бақылау сұрақтары:
1. Табалдырықтағы торлы галерея арқылы су алғыш құрылымдардың конструкциялық ерекшеліктерін атаңыз және қолдану жағдайы туралы түсінік беріңіз
· Түпкі торлы галерея арқылы тереңнен су алғыш құрылымдардың конструкцияларын келтіріңіз.
· Түпкі торлы галерея арқылы тереңнен су алғыш құрылымдардың жетілдірілген түрлері туралы түсінік беріңіз
· Қабат-қабат тор арқылы су алғыш құрылымдар туралы түсінік беріңіз, конструкцияларын келтіріңіз
· Тұндырғыларды қолдану жағдайы туралы мәліметтер беріңіз
· Тұндырғылардың жалпы сипаттамаларын айтыңыз.