Халықаралық еңбек бөлінісі теориясы
Экономикалық ғылымда халықаралық еңбек бөлінісі туралы төмендегідей негізгі экономикалық теориялар қалыптасты.
Халықаралық еңбек бөлінісінің негізгі ілімін абсолютті және салыстырмалы артықшылық теориясы құрайды. Классикалық осы теория Адам Смит мен Давид Рикардоның XVIII ғасырдағы еңбектерінде айтылған. Аталған теорияның пайымдауынша: әрбір ел басқа елге қарағанда, еркін нарық жағдайында өндірісіке аз шығын жұмсайтын тауарға маманданғаны дұрыс. Осы теорияның олқылықтары мынада: мұнда еңбек бөлінісінің жүзеге асуын қысқарған үрдісте - екі ел мен екі тауарға арнап қарастырған. Демек,бұл салыстырмалы артықшылықтың жалпы моделі ғана.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда халықаралық еңбек бөлінісіне көптеген факторлар әсер етеді.
XIX-XX ғасырдың басында халықаралық еңбек бөлінісін дамытуда жаңа үрдіс пайда болып, салыстырмалы артықшылық теориясына белгілі өзгерістерді енгізуді талап етті.Ол швед экономистері Эли Хекшер мен Бертели Олиннің өндіріс факторы теориясында көрсетілген еді. Олардың теориясы XX-шы ғасырдың 30-шы жылдарында дүниеге келген.
Көптеген елдердегі халықаралық өндірістің мамандануын осы авторлар үш фактордың - еңбек капитал және табиғи ресурстармен қамтамасыз етілудің әр түрлілігімен түсіндіреді. Мысалы,"арзан еңбектің" артық болуы еңбек көп жұмсалатын өнім (тоқыма, киім, пайдалы қазбаны алу) өндірісіне маманданып, капитал артықтығы- капитал көп жұмсалатын өнім (машина, ірі құрал-жабдықтар) өндірісіне мамандануды айқындайды. Аталған теория халықаралық еңбек бөлінісіне шындық тұрғысынан толық түсінік бере алады.
Американ экономисі В.Леоньев 1953-ші жылы Э.Хекшер мен Б.Олин теориясына тағы бір фактор қосты . Онда елдердегі білікті және біліксіз еңбекті ескеру халықаралық еңбек бөлінісіне кәдімгідей әсер ететіндігін айтты.
Қазіргі кезде американың экономист ғалымы,социолог Майкл Портнердің 1961-ші жылы ашқан "технологиялық алшақтық " теориясы ерекше орын алады. Оның айтуынша, халықаралық нарықта жаңа тауардың пайда болуы жаңа технологиямен, жаңа ғылыми- техникалық әлеуетпен байланыстырылып, олар жаңа тауарды аз шығынмен шығаруға ықпал жасайды.
Жаңа енген техниканы ынталы пайдаланатын фирмалар мен корпорациялар халықаралық өндірістің мамандануына жаңа көздер ашады.
Соңғы жылдары өнеркәсібі дамыған елдердегі экономистер "өнімнің өміршең циклы" теориясына ерекще мән беріп, тәжірибеде қолдануда. Бұл теорияны дүниеге әкелген американың ғалым-экономистері - Раймонд Вернон мен Эдвин Линевилл. Осы теория халықаралық монополияның дүниежүзілік нарықтағы стратегиясынан нәр алады.
Өнімнің пайда болуын бірінші сатысы кезінде монополия ішкі нарық сұранымын қанағаттандырады. Екінші сатыда монополия басқа елдердегі өндірушілер санын арттыруға ұмтылып, өндіріс шығындары алғашқы екі сатыдағы жағдайға қарағанда төмен болады.
Халықаралық еңбек бөлінісі жеке елдердің мамандандырылуын сақтайды. Олардағы өндіріс қызметінің әртүрлі саласын белгілі түрге мамандандырады. Қорытындысында, өндіріс нәтижесін, ғылыми - техникалық қызметтер, тауарлармен алмастыру жағдайын туғызады, халықаралық сауда дами түседі.
Халықаралық еңбек бөлінісінің пайда болуы, оның дамуы мен тереңдеуі өндіргіш күштердің өсуімен анықталады. Халықаралық еңбек бөлінісінің қалыптасуы ірі машина өндірісіне байланыстырылып, одан шикізатпен жанар – жағар май өнімдерін барынша арттыруды талап етеді. Көптеген елдерде қалаға шоғырландырудың өсуін тудырып, азық-түлік тауарларына, ауыл шаруашылық өнімдеріне сұранымды кәдімгідей арттырады.
Халықаралық еңбек бөлінісін негізінен үш типке бөледі: жалпы, жеке және ерекше. Жалпы халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз-(бұл ұлттық экономикадағы қоғамдық еңбек бөлінісіне тән) еңбек бөлінісінің өндіріс саласымен жіктелуі. Мысалы: өңдеу мен кен қазу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп т.б. Бұл жағдайда жеке елдердің аймақтық мамандануы қалыпты табиғи-климаттық жағдаймен айқындалады. Ал, халықаралық еңбек бөлінісінің байқалуы экспорт- елдердің индустриялдық, шикізаттық және аграрлық бөлуінен білінеді.
Жеке халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз - елдердің дараланған белгілі өндіріс саласының дайын өнімге мамандандырылуын айтамыз. Халықаралық еңбек бөлінісінің бұл түріне жоғары деңгейдегі өнеркәсіптің жіктелуі тән.
Ерекше халықаралық еңбек бөлінісі деп әртүрлі елдердің дараланған тетік, деталь, агрегаттар мен өнім компоненттерін дайындауын айтамыз.Осы аталған технологиялық саты - өндіргіш күштердің жоғары дамыған дәрежесіне сай келеді және ол ең жоғарғы тип болып келеді.
Халықаралық еңбек бөлінісінің аталған типтері көбіне қабысып жатады. Қазіргі жағдайда ерекше халықаралық еңбек бөлінісінің басым болу үрдісі анық байқалады. Сондай-ақ оның барлық типтері бөлшек және кооперациялық мамандандырылумен толықтырылып, өндіріс процесі кооперацияланады. Мысалы, американың “Форд Моторс” концерні құрастыруға қажет материалдарды 25 мың шет ел фирмасынан сатып алады. Осындай жағдай “Рено” (Франция), “Фиат” (Италия), “Тойота мен Ниссан” (Жапония) концерндерінде және т.б. байқалады.
Өндіргіш күштердің өсуі, халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуі шаруашылық өмірді интеграциялауға алып барады. Немесе елдер мен халықтардың арасындағы тұрақты экономикалық байланысты дамытып, ұлғаймалы өндіріс процесінің ұлттық шеңберден шығуына ықпал жасайды. Өндіргіш күштердің интеграциялануының өсуі, оның бүкіл дүниежүзілік ауқымдағы экономикалық прогресті қамтамасыз ету шеңберін арттырады. Халықаралық айырбас көбінесе түрлі елдердегі кооперативті кәсіпорындардың арасындағы тауардың жеткізілуін ертерек келістіретін орын түріне айналды. Өндірістің кең көлемді дамуы шикізат пен жанар майды ғаламдық деңгейде қамтамасыз етуді алға қояды және өнімді жаппай экспорттауды талап етеді. Импорттық шикізат пен жанар майды тұтыну АҚШ-та 1/3 есе құраса, Батыс Европада шамамен 2/3, Жапонияда 4/5 шамасында. Кәсіпкерлер ұлттық нарық шеңбері ауқымына ерекше назар аударуда. Экспортқа жалпы ұлттық өнімнің АҚШ пен Жапонияда-10%, Канада, Франция, Германия, Англия, Швеция, Италияда-20-25%-ы шығарылады екен.
Өндіргіш күштерді интеграциялау бүкіл дүниежүзілік шаруашылықтың бір-бірімен байланысын тереңдете түседі. Халықаралық еңбек бөлінісіің жетістігін қолдана отырып, дүниежүзілік шаруашылыққа енетін әрбір ел қоғамдық еңбекті үнемдеуге мүмкіндігі бар. Әсіресе, қажетті машина, жабдықтар, тұтыну тауарлары, қызмет көрсету өндірісінің жаңа түрлерін жасай отырып, оларды басқа да елдермен алмасуы керек . Халықаралық еңбек бөлінісінің бүкіл дүниежүзілік мүмкіндігін пайдалану нәтижесінде елдер арасында экономикалық қатынастардың қалыпты, жан-жақты байланыстардың болуына жағдай туады.
Бүкіл дүниежүзілік халықаралық еңбек бөлінісі - халықаралық экономикалық тұрақтылық пен әлемдегі бейбітшілікті орнатудың басты факторы болып табылады.