Бап. Мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастар
1. Мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылаудың және қадағалаудың жалпы құқықтық негiздерiн белгілеу мақсатында жүзеге асырылады әрі бақылау және қадағалау қызметiн жүзеге асырудың бiрыңғай қағидаттарын белгiлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың, өздерiне қатысты мемлекеттiк бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталады.
2. Осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында және осы Кодекстің 140-бабының 3 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерiлетiн субъектiлерге мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргiзудi ұйымдастыру саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу құқықтық мәртебесiне, меншiк нысандарына және қызмет түрлерiне қарамастан, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодексте:
1) бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын тексерулердi жүргiзу тәртiбi;
2) бақылау және қадағалау органдарының тексерулер жүргiзу кезiндегi өзара iс-қимылының тәртiбi;
3) тексерiлетiн субъектiлердiң бақылау және қадағалау жүргiзу кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi шаралар;
4) бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының тексерулер жүргiзу кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi белгiленедi.
4. Осы Кодекстің 130 және 131-баптарын қоспағанда, осы тараудың күшi:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды барлауды, өндiрудi, бiрлескен барлау мен өндiрудi жүргiзуге не барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға не жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге арналған келiсiмшарттар талаптарын орындауын бақылауға;
2) кеден iсi саласындағы мемлекеттiк бақылауға;
3) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізу саласындағы мемлекеттік бақылауды қоспағанда, бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
5. Осы тараудың күшi:
1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалау;
2) қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысындағы бақылау және қадағалау;
3) сот төрелігі;
4) жедел-iздестiру қызметi;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау салаларындағы қатынастарға қолданылмайды.
6. Осы Кодекстің 130, 131 және 158-баптарын қоспағанда, инвестициялық преференцияларды көздейтін инвестицияларды жүзеге асыруға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауға байланысты қатынастарға осы тараудың күші қолданылмайды.
7. Осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында тізбеленген қатынастарға ішкі бақылау бөлігінде «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының күші қолданылады.
8. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы талаптарының сақталуына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылауға және қадағалауға байланысты бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде туындайтын қатынастар көрсетiлген салалардағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
9. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау осы Кодекстің 138 және 139-баптарындакөзделген кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі салаларында ғана жүзеге асырылады.
10. Осы Кодекстің 138 және 139-баптарына жаңа салаларды енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
11. Осы баптың 10-тармағының күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
12. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларда, осы тараудың ережелері осы заңдармен реттелген қатынастарға қолданылады.
Ескерту. 129-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.01.2016 № 445-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).