Бап. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

1. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы субъектілердің Қазақстан Республикасында дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, стандарттарды, ережелер мен нормаларды сақтауын белгілеу мақсатында уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы объектіні тексеруге:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру жөніндегі жұмыс жоспары;
2) Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамалардың, қаулылардың орындалуын бақылау;
3) дәрілік заттар айналымы саласындағы объектінің халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін қызметіне байланысты жағдайлар;
4) азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің жолданымдары негіз болып табылады.
2. Бақылаушы органның шешім қабылдауы үшін қажетті қосымша ақпарат алу мақсатында тексерілетін субъектімен шарттық немесе өзге де құқықтық қатынастарда тұрған (бұрын тұрған) адамдарға қатысты тексеру жүргізуге рұқсат етіледі.
3. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармацевтика инспекторлары;
3) тиісті облыстар (астана, республикалық маңызы бар қала) бойынша бас мемлекеттік фармацевтика инспекторлары;
4) тиісті облыстар (астана, республикалық маңызы бар қала) бойынша мемлекеттік фармацевтика инспекторлары болып табылады.
4. Дәрілік заттар. медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жоғары фармацевтикалық білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы, оның орынбасарлары, сондай-ақ осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында аталған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
6. Дәрілік заттар. медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар осы Кодекстің 18-бабының 6-тармағында көзделген құқықтардан бөлек:
1) сараптама жасау үшін оны жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың үлгілерін, осы өнімнің құнын өтемей алуға;
2) Қазақстан Республикасының аумағына жарамсыз болған, жалған, жарамдылық мерзімі өткен және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әкелуге, өндіруге, дайындауға, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салу туралы нұсқамалар беруге;
3) фармацевтикалық қызметке лицензияның күшін тоқтата тұруға бастамашы болуға құқығы бар.
7. Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзылуына қарай дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау мақсатында өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 18-бабында көрсетілген актілерді шығарады.

Наши рекомендации