Дәреттің сүннеттері

1. Ниет ету. Ханафи мәзһабінің көзқарасында ниет дәреттің шарты емес, сүннеті саналады. Өйткені, оларда құлшылықтар, біріншіден, төмендегідей бөлінеді:

ә) Негізгі құлшылықтар. Олар намаз бен ораза секілді құлшылықтар. Құлшылықтың бұндай түрін атқаруда ниет парыз болады.

б) Негізгі құлшылықтың кіріспе бөлімдері. Бұған дәрет алу секілді құлшылықтар кіреді. Сауапқа жолығу үшін дәрет алуды ниетпен бастаған сүннет. Ниет уақыты іш дәреттің алдында немесе екі қолды жуғанда басталады.

Екіншіден, дәреттің парыздарын баяндаған аятта мүшелерді жуу мен басқа мәсх жасау болмаса, ниет бұйырылмаған.

Үшіншіден, дәрет алу дегеніміз - сумен тазалану. Адам жүзу немесе салқындау, немесе батып бара жатқан адамды құтқару ниетімен суға бір сүңгіп алса, ниет етпесе де дәретті болып шығады.

Қорыта айтқанда, дәреттің дұрыс болуына ниет шарт емес.

2. Тәртіп.Тәртіптің парыз емес екендігіне дәлел: Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)ما أبالي إذا أتممت وضوئي بأيِّ أعضائي بدأت(

«Дәретімді қай мүшеден бастап, қай мүшемен аяқтасам да, бәрібір»[94].

Мужаһидтің жеткізуімен Абдулла ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)لا بأس أن تبدأ برجليك قبل يديك(

«Екі қолыңнан бұрын екі аяғыңнан бастасаң да, оқасы жоқ»[95].

3. «Бисмиллә»-мен бастау. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(من توضأ وذكر اسم اللّه تطهر جسده كله، ومن توضأ ولم يذكر اسم اللّه لم يتطهر إلا موضع الوضوء)

«Кім дәрет алғанда Аллаһты еске алса, бүкіл денесі тазарады. Кім дәрет алғанда Аллаһты еске алмаса, тек жуған жерлері ғана тазарады»[96].

4. Екі қолын білезіктерге дейін жуу. Сүннет бойынша дәрет екі қолды білезіктерге дейін жуудан басталады. Өйткені басқа мүшелер қолмен жуылады. Аус ибн Аус, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم استوكف ثلاثاً)

«Мен Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) екі қолына үш мәрте су құйып жуғанын көрдім»[97]. Ұйықтап тұрған адамға екі қолын жуу сүннет.

Әбу Һурайрадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(إذا استيقظ أحدكم من نومه فلا يغمس يده في الإناء حتى يغسلها ثلاثاً، فإنه لا يدري أين باتت يده)

«Сендерден біреу ұйықтап тұрса, қолын үш мәрте жумайынша ыдыстағы суға салмасын. Өйткені ол қолының түн ішінде қай жерді аралағанын білмейді»[98].

5. Тіс тазалау.Ауыз шайып, тіс тазалау - бекітілген сүннет. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لولا أن أشقَّ على أمتي لأمرتهم بالسواك عند كل وضوء)

«Үмметіме ауыр бола ма деп қорықпағанымда, әлбетте, оларға әр дәреттің кезінде тістерін тазалауын бұйырар едім»[99].

Дәрет алған кезде тіс тазаланса, сол дәретпен оқылған намаздың артықшылығы өте зор. Дәрет кезінде тіс тазаланбаса, намаздың алдында тазалануы ұнамды. Сонымен қатар мешітке барарда, намаз оқырда, адамдармен кездесу алдында ауыздағы жағымсыз иісті кетіру үшін тіз тазалау ұнамды.

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان إذا دخل بيته بدأ بالسواك)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) үйіне кірсе болды, алдымен, тісін тазалауға кірісетін»[100].

Әбу Умама, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(تسوكوا فإن السِّواك مَطْهَرَة للفم، مرضاة للرب، ما جاءني جبريل إلاّ أوصاني بالسِّواك حتى لقد خشيتُ أن يُفْرض عليَّ وعلى أمتي)

«Тістеріңді тазалаңдар! Расында, мәсуәк[101]ауызды тазартады, Раббыларыңды разы қылады. Маған келген сайын Жебірейілдің мәсуәкті өсиет еткені соншалық, тіпті, маған да, үмметіме де парыз бола ма деп ойладым..»[102].

Бірде ансарлардың бірі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дейді: «Әй, Аллаһтың елшісі, бізді мәсуәкке қызықтырып жібердің. Оның орнына басқа қандай нәрсені қолдануымызға болады». Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дейді:

(إصبعاك سواك عند وضوئك تمرهما على أسنانك)

«Дәрет алған кезіңде екі саусағың мәсуәк болады. Ол екеуімен тістеріңді тазалайсың»[103].

Мәсуәкті пайдаланған соң, өзіне жабысқан нәрселерді кетіру үшін жуу сүннет. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)كان نبي الله صلى الله عليه وسلم يستاك فيعطيني السواك لأغسله فأبدأ به فأستاك ثم أغسله وأدفعه إليه(

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) тістерін тазалап болған соң, мәсуәкты жууым үшін маған беретін. Мен оны алып, тістерімді тазалай бастайтынмын. Сосын жуып оған беретінмін»[104].

6. Ауыз бен мұрынды шаю.Ауыз бен мұрын қуысы сумен толық шайылады. Ораза ұстамаған адамға ауыз бен мұрынға суды тереңірек жіберіп, үш мәрте шаю сүннет. Лақит ибн Сабара, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алуды үйретуін сұрайды. Ол былай деп үйретеді:

(أسبغ الوضوء، وخلل بين الأصابع، وبالغ في الاستنشاق إلا أن تكون صائماً)

«Дәретті жақсылап ал. Саусақ араларын тарамдап жу. Ораза ұстамаған болсаң, мұрныңа суды тереңірек жіберіп шай»[105].

Ауыз бен мұрынды шаюда бес нәрсе сүннет:

- тәртіп (алдымен ауыз, кейін мұрын);

- үш мәрте шаю;

- суды жаңалау;

- суды оң қолмен жіберіп, сол қолмен шығару;

- суды тереңірек жіберу.

7. Қалың сақалды тарамдау.Бет жуылған соң сақал төменнен жоғары тарамдалады. Осман, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم توضأ فخلل لحيته)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алғанда сақалының арасын тарамдайтын»[106].

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم كان إذا توضأ أخذ كفاً من ماء فأدخله تحت حنكه فخلل به لحيته وقال: هكذا أمرني ربي عز وجل)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алғанда қолымен азғантай су алып, сақалын төменгі жағынан жоғары тарамдап, былай деді: «Үстем әрі Ұлы Раббым осылай бұйырды»[107].

8. Қол мен аяқ саусақтарының арасын тарамдап жуу. Қол саусақтарының арасы бір-бірімен тарамдалып жуылады. Башпайлардың арасы сол қолдың шынашағымен жуылады. Аяқ башпайларын жуу оң аяқтың кіші саусағынан басталып, сол аяқтың кіші саусағымен аяқталады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا توضأت فخلل بين أصابع يديك ورجليك)

«Дәрет алғанда қол және аяқ саусақтарының арасын тарамдап жу!»[108].

9. Дене мүшелерін үш мәрте жуу. Ъамру ибн Шуъайп әкесінен, ал әкесі атасынан жеткізді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп:

)يا رسول اللّه كيف الطَّهور؟ فدعاء بماء في إناء، فغسل كفيه ثلاثاً، ثم غسل وجهه ثلاثاً، ثم غسل ذراعيه ثلاثاً، ثم مسح برأسه فأدخل أصبعيه السبَّاحتين في أذنيه ومسح بإبهامه على ظاهر أذنيه وبالسباحتين باطن أذنيه، ثم غسل رجليه ثلاثاً ثلاثاً، ثم قال: هكذا الوضوء فمن زاد على هذا أو نقص فقد أساء وظلم(

«Аллаһтың елшісі, дәрет қалай алынады?»-деп сұрайды. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) дереу құманмен су алдыртып, алдымен, қолдарын үш мәрте жуады. Кейін бетін үш мәрте жуады. Кейін білектерін үш мәрте жуады. Кейін басына мәсх жасайды. Кейін сұқ саусақтарын құлақтарының іштеріне кіргізеді. Құлақтарының сыртқы жағына бас бармақпен, ал ішкі жағына сұқ саусақпен мәсх жасайды. Кейін аяқтарын үш мәрте жуады. Сосын былай дейді:«Дәрет осылай алынады. Кім бұдан асырса немесе кемітсе, нашар және теріс істеген болады»[109].

10. Басқа бір мәрте мәсх жасау.Абд ар-Рахман ибн Әбу Ләйлә, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)رأيت علياً رضي اللّه عنه توضأ فغسل وجهه ثلاثاً، وغسل ذراعيه ثلاثاً، ومسح برأسه مرة واحدة، ثم قال: هكذا توضأ رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم(

«Мен Әлидің, Аллаһ тағала оған разы болсын, дәрет алғанын көрдім. Ол бетін үш мәрте жуды. Кейін білектерін үш мәрте жуды. Кейін басына бір мәрте мәсх жасады. Сосын былай деді: «Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәретті осылай алатын»[110].

Басқа мәсхтің жасалу жолы. Миқдам ибн Муад Якраб, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم توضأ، فلما بلغ مسح رأسه وضع كفيه على مقدم رأسه فأمرهما حتى بلغ القفا ثم ردهما إلى المكان الذي منه بدأ(

«Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алғанын көрдім. Басына мәсх жасауға келгенде екі алақанын басының алдыңғы жағына қойып желкесіне дейін бір сипап өтті. Кейін екі алақанымен бастаған орнына қайтып оралды»[111].

Шаш қалың болса, екі алақан бастың алдыңғы жағына қойылып, желкеге дейін бір мәрте сипалады. Сосын желкеден бастың алдыңға жағына қайтып оралады. Шаш жұқа немесе қырқылған болса, екі алақанмен бастың алдыңғы жағынан желкеге дейін бір мәрте сипалуы жеткілікті.

11. Екі құлаққа мәсх жасау.Екі құлаққа мәсх жасау - сүннет. Бұл үшін қол саусақтарын арнайы суламай, басқа жасалған мәсхтан қалған сумен жасаса да болады. Амру ибн Шұғайып әкесінен, ал әкесі атасынан жеткізді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Аллаһтың елшісі, дәрет қалай алынады?»-деп сұрайды. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) дереу құманмен су алдыртып, алдымен, қолдарын үш мәрте жуады, кейін бетін үш мәрте жуады, кейін білектерін үш мәрте жуады, кейін басына мәсх жасайды, кейін сұқ саусақтарын құлақтарының іштеріне кіргізеді. Құлақтарының сыртқы жағына бас бармақпен, ал ішкі жағына сұқ саусақпен мәсх жасайды.Кейін аяқтарын үш мәрте жуып, былай дейді:«Дәрет осылай алынады. Кім бұдан асырса немесе кемітсе, нашар және теріс істеген болады»[112].

Құлаққа мәсх жасағанда, екі үлкен саусақпен екі құлақтың сыртқы жағына, екі сұқ саусақпен ішкі қалталарына мәсх жасалады. Екі шынашақ құлақ тесіктеріне кіргізіліп, әрі-бері қозғалады. Ар-Рабиъ бинту Мағуз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)أن النبي صلى اللّه عليه وسلم توضأ فأدخل أصبعيه في حجري أذنيه(

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алғанда екі саусағын екі құлағының тесіктеріне кіргізіп (мәсх жасады)»[113].

12. Дене мүшелерін екі қолмен ысқылап жуу. Абдулла ибн Зайд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم توضأ فجعل يقول هكذا يدلك)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) дәрет алып: «(Дене мүшелері) осылай ысқыланады»-деді[114].

13. Кол мен аяқты оңнан бастап жуу. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا توضأتم فابدءُوا بميامنكم)

«Дәрет алғанда (дене мүшелерін жууды) оң жақтан бастаңдар!»[115].

Наши рекомендации