Аржылық есептілік нысандары
Шаруашылық субьектінің қаржылық жағдайын, олардың іс-әрекеттерін және болып жатқан өзгерістерді толық көрсету үшін қажетті ақпараттар керек. Ұйымның қаржылық жағдайына, яғни оның төлем қабілеттілігіне көптеген факторлардын әсер ететіндігі белгілі. Қаржылық есептіліктің мынандай нысандары бар:
1) Бухгалтерлік баланс (Қосымша 3)
2) Пайда мен зияндар туралы есеп (Қосымша 4)
3) Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп (Қосымша 5)
4) Капитал құрамындағы өзгерістер туралы есеп (Қосымша 6).
5) Осы аталған есептерге түсініктеме жазбалар және компанияның есептік саясаты
Осы аталған қаржылық есеп беру формалары бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Себебі, олар компанияның қаржы шаруашылық жағдайы туралы нақты фактілерді көрсетеді.
Кез-келген ұйым өзінің бухгалтерлік балансында және оған түсіндірме жазбаларда жоғарыда көрсетілген баптарды ашып көрсетеді, яғни компанияның айналысатын қызмет түріне және оның сипатына байланысты баланстағы синтетикалық шоттарға аналитикалық шоттарды пайдалана отырып, сипаттамалар беріледі, яғни компанияның жүргізетін шаруашылық операцияларына сәйкес жіктеу жасалынады. Баланстың әрбір бабы бірнеше бөлімшелерге бөлініп көрсетіледі, бөлімшелерге бөлу компанияның негізі қызмет түріне байланысты кредиторлық және дебиторлық борыштарының сомасы, сонымен бірге еншілес, тәуелді, бірлесіп бақыланатын ұйымдардың операцияларын ескере отырып жүзеге асырылады.
Бухгалтерлік баланста көрсетілген әрбір баптарға түсіндірме жазбаларды жасау бухгалтерлік есеп стандарттарына және соның талаптарына сәйкес жасалынуы қажет.
Ұйымның бухгалтерлік балансында және оған жасалатын түсіндірме жазбаларда мынадай ақпараттар міндетті түрде көрсетілуі қажет:
1) айналысқа шығарылған акциялардың саны және айналысқа шығару үшін жарияланған акциялардың саны
2) орналастырылған және бағасы толық төленген акциялар
3) орналастырылған, бірақ бағасы толық төленбеген акциялар
4) акциялардың номиналдық құны
5) акциялардың түрлері
6) айналыстағы акциялардың санын кезең басындағы және кезең соңындағы мәліметтермен салыстыру
7) еншілес компанияларға тиесілі акциялардың саны, номиналдық құндары
8) резервтік капиталдың сомасы және оны пайдалану көздері
9) әрбір айналыстағы құнды қағаздардың түрлері бойынша төленетін пайыздар мен дивидендтердің мөлшері
10) артықшылығы бар акциялар бойынша төленбеген дивидендтер сомасы
11) ұйымның құрылтайшылары және акционерлері бойынша толық мәліметтер
Осы аталған ақпараттардың барлығы міндетті түрде ашық баспасөз бетінде жариялануы қажет. Сол арқылы компанияның қаржы шаруашылық қызметінің жариялылығын, ашықтылығын көре аламыз. Бүгінгі күні осы талаптар ҚР қаржылық қадағалау агенттігі тарапынан коммерциялық банктерге және банктік емес қаржы-несие ұйымдарына қойылуда. Біртіндеп коммерциялық негізде жұмыс істейтін (өндірістік, өндірістік емес) барлық заңды тұлғалардан талап етіледі.
Ұйымның пайда мен зияндар туралы есебі белгілі бір есептік кезеңдегі оның қаржылық нәтижесін сипаттайтын форма болып табылады. Осы нысан бойынша компанияның рентабельділігін және қаржылық жағдайын сипаттайтын тағы басқа көрсеткіштерді анықтауға болады. Ұйымның кредиторлары мен инвесторлары осы есеп беру формасы арқылы болашақ кезеңдегі ақша ағымдары көлемін болжай алады.
Пайда мен зиян туралы есепте келесідей көрсеткіштер көрсетіледі:
I. Дайын өнімдерді (тауарлар, өнім, атқарылған жұмыстар және көрсетілген қызметтер) сатудан түскен табыстар. Табыстың бұл түрі қосылған құнға салынатын салықты, акциздерді және т.б. салықтар мен міндетті төлемдерді, сонымен бірге кері қайтарылған тауарлардың құны, сатып алушыларға ұсынған бағалық жеңілдіктерді шегеру арқылы есептелінеді. Осы бап бойынша негізгі қызметтен түскен табыс анықталынады. Негізгі қызметтен түсетін табыс мынандай көздерден құралуы мүмкін:
1) қорларды сатудан алынған табыстар;
2) сыйақы, дивидендтер, гонорар түріндегі тағы басқа табыстар.
II. Сатылған дайын өнімдердің өзіндік құны. Бұл көрсеткіш мынандай нақты шығындардан тұрады:
1) материалдық шығындар;
2) жалақы бойынша шығындар;
3) әр түрлі міндетті аударымдар;
4) негізгі құралдардың тозуы және т.б.
Өзіндік құнды құрайтын элементтер экономикалық мазмұнына сәйкес топтастырылады және ол өнімдерді өндірумен байланысты тікелей шығындардан құралады.
III. Жиынтық табыс.
Жиынтық табыс дайын өнімдерді сатудан түскен қаржылық нәтижені көрсетеді және ол жоғарыдағы бірінші, екінші баптардың арасындағы айырма ретінде анықталынады.
IV. Кезең шығындары. Бұған мынадай шығындар жатады:
1. Жалпы және әкімшілік шығындар;
2. Сату бойынша шығындар;
3. Пайыздарды төлеу бойынша шығындар.
Сонымен, кезең шығындары – бұл дайын өңімдердің өндірістік өзіндік құнына қосылмайтын шығындар болып табылады.
V. Негізгі қызметтен түскен табыс немесе зиян.
Негізгі қызметтен түскен табыс (зиян) дегеніміз – қалдық ретінде көрінетін қаржылық нәтиже болып табылады. Бұл көрсеткіш жиынтық табыстан кезең шығындарын шегеру арқылы анықталынады.
VI. Негізгі емес қызметтен түскен табыс немесе зиян.
Түрлері:
1. Бағалы қағаздарды қайта бағалау;
2. Айналымнан тыс активтерді беру және т.б.
Мысалы: «Жастар» ЖШС механикалық сағаттарды өндіру және сатумен айналысады, сонымен бірге бұл компания бағалы қағаздарды сатып алу және қайта сату қызметтерін де көрсетеді. Осы компанияның бірінші қызмет түрінен алынатын табысты – негізгі қызметтен алған табыс деп атайды. Ал, бағалы қағаздарды сатудан алынған табыс – бұл негізгі емес қызметтен түсетін табыс болып табылады.
VII. Салық салынғанға дейінгі қарапайым қызметтен түскен табыс немесе зиян. Бұл көрсеткіш компанияның қарапайым қызмет нәтижесіндегі салық салынғанға дейінгі қаржылық нәтижесін көрсетеді. Бұл көрсеткіш бесінші және алтыншы пункттердегі көрсеткіштер бойынша анықталынады.
VIII. Табыс салығы.
IX. Салық төлегеннен кейін қарапайым қызмет түрінен алынған табыс немесе зиян. Бұл бап жетінші, сегізінші пункттердегі көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық ретінде анықталынады.
X. Кездейсоқ жағдайда түскен табыс немесе зиян. Бұл көрсеткіш кездейсоқ жағдайлар нәтижесінде пайда болған табыстан табыс салығын шегеру арқылы анықталынады. Кездейсоқ жағдайлар дегеніміз – бұл компанияның қарапайым қызмет түрінен ерекшелінетін жағдайлар немесе операциялар. Компаниялар үшін осындай жағдайлар немесе операциялар жиі қайталанбаған тиімді болып саналады.
XI. Таза табыс (зиян). Бұл көрсеткіш белгілі бір есептік кезең бойынша компанияның қол жеткізген нәтижесін көрсетеді (таза табыс немесе зиян).
Ақша қаражаттың қозғалысы туралы есеп белгілі бір қаржының келіп түсуі мен олардың пайдалануы жөнінде ақпараттар береді. Сол арқылы қаржылық есеп мәліметтерін пайдаланушылар компанияның ақша қаражаттарын табу қабілеттілігін және сол ақша қаражаттарын қандай көздерге жұмсауды қажет ететін бағыттарды анықтайды. Сонымен бірге компанияның таза табысымен және оны алумен байланысты әр түрлі түсімдер мен төлемдер арасындағы айырмашылықтарды көрсетуге болады.
Ақша қаражаттың қозғалысы туралы есепте жасаудағы негізгі мақсат мыналар болып табылады:
1) Есептік кезең арасындағы компанияға келіп түскен ақша қаражаттармен олардың жұмсалу туралы ақпараттар.
2) Есептік кездегі компанияның операциондық, инвестициялық және қаржылық қызметтері туралы ақпараттар алу
Бухгалтерлік есеп тұрғысынан алып қарағанда ақша бұл компанияның кассасындағы қолма-қол ақша қаражаттары және банктер ашылған әр түрлі шоттардағы ақша-қаражаттары болып табылады.
Ұйымның ақша қаражаттар қозғалысы дегеніміз - бұл сол компанияға келіп түскен және жұмсалған қаражаттар. Сондықтан ақша қаражаттарының қозғалыс туралы есеп компанияға келіп түскен және одан жұмсалынған, ақшалардың негізгі көздерін көрсетеді.
Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепті жасау кезінде ұйымның қызметі үш түрге бөлініп қарастырылады:
1. Операциондық қызмет;
2. Инвестициялық қызмет;
3. Қаржылық қызмет.
Операциондық қызмет – табыс алумен байланысты ұйымың негізгі қызметі немесе инвестициялық және қаржылық қызметтерге жатпайтын басқа қызметі болып табылады. Ұйымның операциондық қызметі бойынша ақша қаражаттарының жалпы сомасы есептеу үшін ақша қаражаттарының келесідей көздерден келіп түсуі мен шығуы ескерілуі керек:
І. Тауарларды сатудан және қызметтерді көрсетуден түскен ақша қаражаттары:
− қорларды жеткізу үшін және қызметтер көрсету үшін алынған аванстар;
− дивидендтер, сыйақылар және тағы басқа түрдегі табыстар мен түсімдер.
ІІ. Ақша қаражаттарының шығуы
1. сатып алынған тауарлар мен қызметтер үшін жеткізушілерге төленген ақша қаражаттары
2. берілген аванстар
3. жалақы бойынша төлемдер
4. салықтар және тағы басқа міндетті төлемдер бойынша есеп айырысулар
5. сыйақы және дивидендтер төлеу
6. тағы басқа төлемдер
Инвестициялық қызмет – бұл ұзақ мерзімді активтерді сатып алу және сату, сонымен бірге қайтарылатын қарыздарды алу және беру қызметтері. Инвестициялық қызмет нәижесінде пайда болатын ақша қаражаттарының қозғалысы төмендейді.
І. Ақша қаражаттарының түсуі
- компанияның материалдық емес активтерін, негізгі құрал-жабдықтарын және т.б. ұзақ мерзімді активтерді сатудан түскен түсімдер.
- қаржылық инвестицияларды сатудан түскен түсімдер: сыйақы, дивиденд, пайыздар.
- басқа заңды тұлғалардан қарыздар алу
- т.б. түсімдер
ІІ. Ақша қаражаттарының шығуы
- материалдық емес активтер, негізгі құрал жабдықтар және т.б. ұзақ мерзімді активтерді сатып алу.
- қаржылық инвестициялар сатып алу
- басқа заңды тұлғаға қарыз беру
- т.б. төлемдер.
Инвестициялық қызмет компанияның бухгалтерлік балансында көрініс табады және ұзақ мерзімді активтер ретінде саналады. Сонымен бірге, инвестициялық қызмет компанияның табыстар мен шығындар туралы есебінде де көрініс табады. Онда негізгі құрал жабдықтарды, бағалы қағаздарды сатудан түскен табыс немесе шығын ретінде көрсетіледі.
Қаржылық қызмет – компанияның меншік капиталымен қарызға алынған қаражаттар көлемі мен құрамында болатын өзгерістердің нәтижесі болып табылады.
Компанияның қаржылық қызметі нәтижесінде пайда болатын ақша қаражаттарының қозғалысына мыналар жатады:
І. Ақша қаражаттарының түсуі
- акцияларды және т.б. бағалы қағаздарды шығарып сатудан түсетін табыс
- банктік несиелер алу
- т.б. түсімдер
ІІ. Ақша аражаттарының шығуы
- банктік несиелерді қайтару
- өзінің айналысқа шығарған акцияларын сатып алу.
- дивидендтер төлеу
- т.б. ақша қаражаттарының шығу көздері
Барлық заңды тұлғалар өзінің инвестициялық және қаржылық қызметтерінен келіп түсетін және шығатын ақша қаражаттарының негізгі түрлерін жеке-жеке ашып көрсетуі қажет.
Меншік формасына байланыссыз барлық ұйымдар қаржылық есептіліктің жеке нысаны ретінде капиталдағы өзгерістер туралы есепті жасайды.
Онда мынадай баптар көрініс табады:
1. Есептік кезеңдегі таза табыс немесе зиян;
2. Меншікті капиталдың элементі ретінде көрсетілетін барлық баптар;
3. Есептік саясатта болған өзгерістер әсерінен енгізілген түзетулер;
4. Меншікті капитал бойынша жүргізілген операциялар сомасы және оларды бөлу;
5. Есептік кезең басындағы және соңындағы бөлінбеген табыс немесе зиян сомаларының қалдықтары;
6. Меншікті капиталдың кезең басындағы және соңындағы баланстық құндарын салыстыру және әрбір өзгерісті жеке-жеке ашып көрсету.
Ұйым меншіктік капиталдағы белгілі бір кезең аралығында болған өзгерістері таза активтердің көбеюін және азаюын көрсетеді. Меншікті капиталдағы өзгерістер туралы есеп есептік кезеңдегі меншікті капиталда болған құрылымдық және сандық өзгерістер туралы ақпараттарды ашып көрсетеді. Қаржылық есеп берудің бұл формасы арнайы кесте түрінде көрсетілген. Ол кестенің жолдары бойынша меншікті капиталдағы өзгерістерді тудырған операциялар көрсетіледі. Ал, бағаналары бойынша меншікті капиталдың элементтері жеке – жеке көрсетіледі. Ал осы жолдар мен бағаналардың қиылысқан тор көздеріне меншікті капиталдағы өзгерістерді әрбір операциялар бойынша кредиттік және дебеттік айналымдар сомасы көрсетіледі.