Бап. экономикалық шоғырлану

1. Мыналар экономикалық шоғырлану деп танылады:
1) нарық субъектiсiн бiрiктіру немесе қосылу жолымен қайта ұйымдастыру;
2) тұлғаның (тұлғалар тобының) нарық субъектiсiнiң дауыс беретiн акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн, пайларын) сатып алуы, бұл ретте, егер мұндай тұлға (тұлғалар тобы) сатып алуға дейiн осы нарық субъектiсiнiң акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестерiне, пайларына) иелік етпесе немесе аталған нарық субъектiсiнiң дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайларының) елу немесе одан аз пайызына иелік етсе, мұндай тұлға (тұлғалар тобы) көрсетілген акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайлардың) елу пайызынан астамына иелік ету құқығына ие болады.
Осы талап заңды тұлға құрылтайшыларына оның құрылуы кезінде қолданылмайды;
3) егер мәмiленiң (өзара байланысты мәмiлелердiң) нысанасын құрайтын мүлiктiң баланстық құны мүлiктi иелiктен шығаратын немесе басқаға беретiн нарық субъектiсiнiң негiзгi өндiрiстiк құралдары мен материалдық емес активтерiнiң баланстық құнының он пайызынан асып кетсе, нарық субъектiсiнiң (тұлғалар тобының) нарықтың басқа субъектiсiнiң негiзгi өндiрiстiк құралдарын және (немесе) материалдық емес активтерiн меншiкке алуы, иеленуi және пайдалануы, оның iшiнде жарғылық капиталды төлеу (беру) есебiне меншiкке алуы, иеленуi және пайдалануы;
4) нарық субъектiсiнiң өзі кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзген кезде нарықтың басқа субъектiсiне орындауға мiндеттi нұсқаулар беруге не оның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн (оның iшiнде сенiмгерлiк басқару туралы шарт, бiрлескен қызмет туралы шарт, тапсырма шарты негiзiнде) құқықтарды иемденуі;
5) сол бiр жеке тұлғалардың екi және одан да көп нарық субъектiлерiнiң атқарушы органдарына, директорлар кеңестерiне, байқаушы кеңестерiне немесе басқарудың басқа да органдарына аталған жеке тұлғалардың осы субъектiлерде кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу шарттарын айқындау жағдайында қатысуы.
2. Мыналар экономикалық шоғырлану деп танылмайды:
1) егер бұл сатып алу оларды кейiннен қайта сату мақсатында көрсетілген ұйымның нарық субъектiсiнiң басқару органдарында дауыс беруге қатыспауы шартымен жүзеге асырылатын болса, нарық субъектiсiнiң акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерiн, пайларын) қаржы ұйымдарының сатып алуы, сондай-ақ бұл сатып алу немесе алу оларды кейiннен қайта сату мақсатында көрсетілген қаржы ұйымдары мұндай мүлікті өз мақсаттары үшін кіріс табу мақсатында пайдаланбауы (қолданбауы) шартымен жүзеге асырылатын болса, борышкердің міндеттемесін толығымен немесе бір бөлігінде тоқтату мақсатында басқа нарық субъектісінің мүлкін, негізгі өндірістік құралдарын және (немесе) материалдық емес активтерін қаржы ұйымдарының сатып алуы немесе меншігіне алуы;
2) оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыны, уақытша әкімшілікті (уақытша әкімшіні) тағайындау;
3) егер мұндай мәмiле бiр тұлғалар тобының iшiнде жасалса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәмiлелердi жүзеге асыру.
3. Егер қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерiнiң (тұлғалар тобының) немесе сатып алушының (тұлғалар тобының), сондай-ақ өзiнiң дауыс беру құқығы бар акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері, пайлары) сатып алынатын нарық субъектiсi активтерiнiң жиынтық баланстық құны немесе олардың соңғы қаржы жылында тауарлар өткiзуiнiң жиынтық көлемi өтінішхат (хабарлама) берiлген күнге белгіленген айлық есептiк көрсеткiштiң он миллион еселенген мөлшерiнен асатын немесе мәмiлеге қатысушы тұлғалардың бiрi тиiстi тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатын жағдайларда, осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәмiлелердi жүзеге асыруға монополияға қарсы органның келiсiмi не осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мәмiлелер туралы оның хабарламасы талап етiледi.
4. Мәмілелерді жасау осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында тікелей көзделсе, осы баптың 1-тармағындакөрсетілген мәмілелерді жүзеге асыруға монополияға қарсы органның келісімі талап етілмейді.
5. Егер қаржы ұйымы активтерiнiң құны не өз капиталының шамасы монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп белгiлеген мөлшерлерден асып кетсе, қаржы ұйымының қатысуымен экономикалық шоғырлануға келiсу талап етіледі.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген экономикалық шоғырлануды бір мезгілде қаржы ұйымы және тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі болып табылатын нарық субъектісі жүзеге асырса, мұндай нарық субъектісі осы баптың 3-тармағында көзделген норманы басшылыққа алады.
6. Монополияға қарсы орган тиiстi тауар нарықтарын талдау негiзiнде осы нарықтар үшiн монополияға қарсы органның осы бапта көрсетілген мәмiлелердi жүзеге асыруға келiсiмi қажет болатын активтер құнының неғұрлым жоғары мөлшерлерiн және тауарлар өткiзу көлемдерiн белгiлеуге құқылы.
7. Тауарларды өткiзудiң жиынтық көлемi осы баптың 3-тармағына сәйкес өтінішхат (хабарлама) берiлген жылдың алдындағы соңғы қаржы жылы тауарларды өткiзуден түскен кірістің сомасы ретiнде қосылған құн салығының және акциздiң сомасы шегерiле отырып айқындалады.
Егер нарық субъектiсi қызметiн жүзеге асырғанына бiр жыл болмаса, тауарларды өткiзу көлемi нарық субъектiсiнің қызмет кезеңі үшiн айқындалады.
8. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген мәмiлелер жүзеге асырылған жағдайда, монополияға қарсы органның алдын ала келiсiмi талап етiледi.
Осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген мәмiлелер жүзеге асырылған жағдайда, монополияға қарсы орган мәмiле жасалған күннен кейiн күнтізбелік қырық бес күннен кешiктiрiлмей хабардар етiлуге тиiс.

Наши рекомендации