Бап. Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттама

1. Осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген экономикалық шоғырлануға келiсім беру туралы өтінішхатты монополияға қарсы органға ұсыну үшiн қажеттi құжаттамада:
1) тұлғаның немесе уәкiлеттi органның нарық субъектiсiн қайта ұйымдастыру туралы шешiмiнiң жобасы;
2) қызмет түрлерiнде немесе олардың iскерлiк операциялары географиясында жоспарланып отырған өзгерiстердi қоса алғанда, нарық субъектiсiн қайта ұйымдастыру мақсатының негiздемесi;
3) құрылатын нарық субъектiсiнiң бекiтiлген жарғысы мен құрылтай шарты немесе олардың жобалары;
4) құрылатын нарық субъектiсiне берiлетiн мүлiкті беру мәлiметтері мен шарттарының тiзбесi;
5) қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерiнiң әрқайсысы, сондай-ақ қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерiмен бiр тұлғалар тобына кiретiн әрбiр нарық субъектiсi бойынша мыналар көрсетіледі:
жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, азаматтығы туралы мәліметтер, сондай-ақ тұрғылықты жері және заңды мекенжайы;
атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
жарғылық капитал мөлшері және жарғылық капиталға қатысу үлесi;
акциялардың түрлерi;
6) нарықтың басқа субъектiлерiнiң атқарушы органының, директорлар кеңесiнiң (байқаушы кеңесінiң) де мүшелерi болып табылатын атқарушы орган, директорлар кеңесi (байқаушы кеңес) мүшелерiнiң лауазымы көрсетiлген тiзiмi;
7) қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерi өндiретiн және өткiзетiн тауарларды өндiру мен өткiзудiң, тауарлардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
8) қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерiмен бiр тұлғалар тобына кiретiн нарық субъектiлерi өндiретiн немесе өткiзетiн сол бір тауарларды немесе өзара алмастырылатын тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
9) сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды осы мәмiленi жасасу нәтижесiнде өндiру мен өткiзу болжамы қамтылады.
2. Осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген экономикалық шоғырлануға келiсім беру туралы өтінішхатты монополияға қарсы органға беру үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер тiзбесi:
1) шарт немесе шарттың жобасы не мәмiленiң жасалғанын растайтын өзге де құжат;
2) сатып алушы бойынша және сатып алушымен бiр тұлғалар тобына кiретiн әрбiр нарық субъектiсi бойынша мыналар көрсетіледі:
жеке тұлға үшiн – жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, азаматтығы туралы мәліметтер, сондай-ақ тұрғылықты жері және заңды мекенжайы;
атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
жарғылық капитал мөлшері және жарғылық капиталға қатысу үлесi;
акциялардың түрлерi;
өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсi өндiретiн немесе өткiзетiн тауарларға немесе өзара алмастырылатын тауарларға ұқсас тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
3) нарықтың басқа субъектiлерiнiң атқарушы органының, директорлар кеңесiнiң (байқаушы кеңесінiң) де мүшелерi болып табылатын атқарушы орган, директорлар кеңесi (байқаушы кеңес) мүшелерiнiң лауазымы көрсетiлген тiзiмi;
4) өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiнiң тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
5) өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiнiң тiкелей немесе жанама бақылауында болатын нарық субъектiлерi өндiретiн немесе өткiзетiн сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
6) өзiне қатысты осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген әрекеттер жасалатын нарық субъектiсiне және (немесе) оның тұлғалар тобына қатысты сатып алушы мәмiле жасалғаннан кейiн алатын құқықтар туралы мәлiметтер, оның iшiнде мәмiле жасалғаннан кейiн сатып алушы иелiк ететiн нарық субъектiсi акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайларының) саны және орналастыру бағасы, сондай-ақ олардың нарық субъектiсiнiң дауыс беру құқығы бар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң, пайларының) жалпы санындағы пайыздық үлесi және олардың нарық субъектiсiнiң жарғылық капиталындағы пайыздық үлесi;
7) сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарлардың осы мәмiленi жасау нәтижесiндегi өндiру мен өткiзу болжамы.
3. Осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты монополияға қарсы органға беру үшiн қажеттi құжаттар тiзбесi:
1) шарт немесе шарттың жобасы;
2) сатып алушы және сатып алушымен бiр тұлғалар тобына кiретiн әрбiр нарық субъектiсi бойынша мыналар көрсетіледі:
жеке тұлға үшiн – жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi, азаматтығы туралы мәліметтер, сондай-ақ тұрғылықты жері және заңды мекенжайы;
атауы, заңды және нақты мекенжайлары;
жарғылық капиталы мөлшері және жарғылық капиталға қатысу үлесi;
акциялардың түрлерi;
сатып алынатын мүлiктi пайдалану арқылы өндiрiлетiн сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды өндiру мен өткiзудiң, олардың экспорты мен Қазақстан Республикасына импортының көлемi;
3) баланстық құны көрсетіле отырып, мәміленің нысанасын құрайтын мүліктің тізбесі;
4) тауарлардың түрлерi көрсетiле отырып, алынатын мүлiктiң қандай тауарларды шығару үшiн пайдаланылғаны және пайдаланылатыны туралы мәлiметтер;
5) тауарлардың түрлерi көрсетiле отырып, алынатын мүлiктi пайдалану арқылы тауарларды өндiру мен өткiзу болжамы;
6) сол бір немесе өзара алмастырылатын тауарларды осы мәмiленi жасау нәтижесiнде өндiру мен өткiзу болжамы.
4. Шетелдiк заңды тұлға осы бапқа сәйкес ұсынылатын ақпараттан басқа қосымша мыналарды:
1) өзi тұрған елдiң заңнамасына сәйкес, өзінің заңды мәртебесiн растайтын, шыққан елiнің сауда тiзiлiмiнен немесе өзге де балама құжаттан нотариат куәландырған үзiндi көшiрмені;
2) егер шетелдiк заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тiркелген филиалы немесе өкiлдiгi болса, филиалды немесе өкiлдiктi есептiк тiркеу туралы мәлiметтерді және филиал немесе өкiлдiк туралы ереженiң көшiрмесiн;
3) егер шетелдiк заңды тұлғаның немесе шетелдік қатысатын нарық субъектiсiнiң – сатып алушының Қазақстан Республикасында филиалы немесе өкiлдiгi болса, филиалдың немесе өкiлдiктiң Қазақстан Республикасында өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларының түрлерi тiзбеленген ақпаратты ұсынады.
5. Осы Кодекстің 200-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішхатты тиісті құқықтарды иемденетін тұлға осы Кодекстің 207-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтердің тізбесін ұсына отырып береді.
6. Егер қосымша мәлiметтердiң және (немесе) құжаттардың болмауы өтінішхатты қарауға кедергi келтiретiн болса, монополияға қарсы орган оларды нарық субъектісінен және (немесе) мемлекеттiк органдардан сұратуға құқылы.
Монополияға қарсы орган ақпаратты және (немесе) құжаттарды беру үшiн белгiлейтiн мерзiм күнтiзбелiк он күннен кем болмауға тиiс.

Наши рекомендации