Темірге деген сұраныстың артуы

Эпидемиологиясы

Темiр тапшылық анемиясы (ТТА) Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өзектi мәселелерiнiң бiрi ретiнде қабылданған. ДДҰ сарапшыларының мәлiметтерi бойынша Жер шарының 3,6 млрд тұрғынында жасырын темір тапшылығы және 1,8 млрд тұрғынында ТТА анықталады екен. Әлемнiң дамушы елдерiнде, әсiресе Африка және Оңтүстiк-Шығыс Азия халықтарында 60 % жуық балалар және құрсақ көтеретiн жастағы әйелдердiң жартысы анемиядан зардап шегедi. Экономикасы дамыған елдерде ТТА таралуы анағұрлым төмен. Мысалы, АҚШ пен Еуропада бұл көрсеткiш 7 % бен 12 % аралығында болса, Ресейде бала босанатын жастағы әйелдер арасында 30 % дейiн жетедi.
Соңғы онжылдықта темір тапшылы күйлердің (ТТК) мәселесі Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерiнде де өте өзекті. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларында жүргiзiлген медициналық-демографиялық зерттеу нәтижелерiне сүйенсек, құрсақ көтеретiн жастағы әйелдер арасында анемияның таралуы 35,5 %, 38,2 % және 60,4 % сәйкес келген. Бұл патология балалар, жасөспiрiмдер, ұрпақ беретiн жастағы әйелдер мен қарттар арасында кең таралған.
Жалпы темір тапшылығы және сонымен қатар темір тапшылық анемиясы да ағзаның барлық жүйелері мен қызметтеріне әсер ететін аз симптомдар деп аталатын бірқатар өзгерістерді туындатады. Адам ағзасындағы темір тапшылығы балалардағы физикалық және танымдық дамудың тежелуін, ересектердегі ой мен жұмыс істеу қызметінің нашарлауын, инфекциялық ауруларды жеңіл жұқтырудың артуын, диареяның және жедел респираторлық инфекциялардың өте ауыр өтуін, аналар өлімінің жоғары деңгейде жүруін, балалардың аз салмақпен туылуын және басқа да мәселелерді туындататын жағымсыз әсерлермен көрінеді

Этиологиясы

Темір тапшылығы осы биометалдың сіңірілу, тасымалдау және қорға жиналу қызметтерінің жүре пайда болған немесе тұқым қуалайтын бұзылыстары нәтижесінен дамиды. ТТА-ның ең жиі себебіне созылмалы қан жоғалтулар жатады. Науқасқа білінбейтін, көп емес, бірақ ұзақ уақытқа созылған қан жоғалту (асқазан-ішек жолдарының аурулары) темір қорын үнемі және біртіндеп азайтып, анемияның дамуына алып келеді. Мысалы, 1мл қанда 0,5 мг темір болса, онда қанталайтын геморройы бар адамда күніне 2 шай қасық қан (5 мг темір) жоғалту нәтижесінде физиологиялық тәуліктік жоғалту деңгейі артып, ал ішектен сіңірілетін темір оның орнын толтыра алмауы салдарынан ТТА дамиды. Қалыпты жағдайда етеккірінің бір айналымы кезінде 30-60 мл қан (15-30 мг темір) кетеді. Әйелдің тамағы құнарлы (ет, балық және басқа да темірге бай өнімдер) болса, ішектен күніне 2 мг темір барынша сіңіріледі де, ол бір айда – 60 мг жетіп, анемия дамымайды. Егер әйел айналым сайын 80-120 мл қанмен 40-60 мг темір жоғалтса, оған қосымша физиологиялық жоғалтуларын ескерсек (1 мг/тәу), онда тағаммен түскен темірдің барынша сіңірілуіне қарамастан биометалдың тапшылығы туындап, анемияға алып келеді. Гиперполименорреяның себептері: жатырдан әр түрлі дисфункциялық қан кетулер (әсіресе пре- және климакс кезеңдері), эндометриоз, жатыр миомасы, жатырдың қатерлі ісігі, геморрагиялық диатездер, жатыр ішілік контрацептердің болуы және т.б.
Гематуриямен жүретін несеп шығару жолы мен бүйректің бірқатар аурулары (гломерулонефрит пен пиелонефрит, Бурже ауруы, несеп-тас ауруы, поликистоз, туберкулез, амилоидоз, айқын нефроптоз, гипернефрома, қатерлі ісігі) ТТА-ға алып келуі мүмкін.

Темірге деген сұраныстың артуы

Жүктілік, босану мен лактация - әйелдің өміріндегі темірді көп мөлшерде шығындайтын кезеңдер. Жүктіліктің бірінші үштігінде темірге деген сұраныс қалыптыға жақын болса, екінші үштікте – 3 мг/тәу дейін жоғарылап, үшіншіде - 3,5-4 мг/тәу жетеді. Ю.Г. Митерев, Л.Н. Воронина (1992) көрсеткендей, «бір балаға 600 мг темір кетеді, ал оның орнын толықтыру үшін ең кемінде 2,5-3 жыл қажет». Демек, босану арасы 2,5-3 жылдан аз әйелдерде ТТА жиі дамиды. Сондай-ақ, жүктілік жасырын болған темір тапшылығының айқындалуына алып келеді.
Жасөспірімнің бойы күрт өсіп, жыныстық жетілуі кезеңінде темір тапшылы күйлердің дамуы бір жағынан өсіп жатқан ағза қажеттілігі үшін темір сұранысының жоғарылауы, екінші жағынан – осы биометалл қорының толық толмауы болады. Қыздарда бұған қоса етеккірімен қан жоғалтулар қабаттасады. Қазір анасы жүкті кезінде анемия болып, оны дұрыс емдемеу салдарынан жасөспірімде темір деңгейінің бастапқы кезден-ақ кем болуы дәлелденген.
Спортпен қарқынды шұғылдану барысында физикалық жүктеменің көп болуы, бұлшықет массасының үлкеюі темірге деген сұранысты арттырады, жаттығу барысында термен бірге темірді көптеп жоғалту, ұзақ уақыт физикалық жүктемелерде ішекте темір сіңірілуінің төмендеуі жасырын темір тапшылығының ТТА-ға өтуіне алып келеді.

Наши рекомендации