Ылмыстық заңнаманың жүйесі және құрылымы.

Қылмыстық заңды қолдану ең алдымен оның құрылымын бiлуден басталады. Қылмыстық заңның құрылымы деп белгiлi бiр техникалық ережелерге бағынған заң шығарушының еркiн бiлдiру формасын түсiну қажет. Қылмыстық заңның мазмұны мен мағынасын дұрыс түсiну оны құрайтын элементтердiң қызметтiк рөлiн және өзара байланысын нақты және анық бiлу арқылы мүмкiн болады.

ҚР қылмыстық заңы, яғни қылмыстық кодексi Жалпы және Ерекше бөлiмдерден тұрады.

ҚР ҚК-нiң Жалпы бөлiмi әр бiреуi бiрнеше баптарды қамтыған жетi бөлiмнен тұрады. Жалпы бөлiмде ҚР Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi мен принциптерi, қылмыстық құқық бұзушылықтар және қылмыс санаттары, қылмыстық жауаптылықтың негiзi, аяқталмаған қылмыс, қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу, әрекеттiң қылмыстылығын жоятын мән-жайлар, жазаның түсiнiгi мен мақсаттары, жазаның түрлерi, жаза тағайындаудың жалпы негiздерi және қылмыстылықпен қылмыстық-құқықтық күресудiң өзге де жалпы ережелерi анықталады.

ҚР Қылмыстық кодексiнiң Жалпы бөлiмiнiң көптеген нормалары позитивтi, яғни реттеушi сипатты иемденедi. Өйткенi, оларды қолдану белгiлi бiр нақты қылмыстық құқық бұзушылық түрiмен ұштаспайды. Сонымен бiрге ҚК Жалпы бөлiмiнде мәжбүрлеу сипатын иемденетiн құқық қолдану нормалары да бар. Мысалы, ҚР ҚК-тiң 41-бабының 3-бөлiгiнде айыппұлды төлеуден әдейi жалтарған жағдайда қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру жазаларымен ауыстырылатыны қарастырылған.

Жоғарыда аталған позитивтi нормаларды шартты түрде мына түрлерге бөледi:

1. Декларативтi, қылмыстық заңның мiндеттерiн бекiтетiн нормалар (ҚК-нiң 2 бабы);

2. Анықтаушы, қылмыстық заңның жекелеген институттарына, ұғымдарына анықтама беретiн нормалар (ҚК-ң 10, 27, 39 баптары);

3. Марапаттаушы, белгiлi бiр тәртiппен жеңiлдiк қарастыратын нормалар (ҚК 63-бабы шартты түрде соттау; 55-бабы Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау);

4. Рұқсат етушi, белгiлi бiр әрекет жасауға құқықты беретiн нормалар (ҚК 32-бабы қажеттi қорғану қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде зиян келтiру);

5. Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатушы нормалар (ҚК 67-бабы татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату; ҚК 75-бабы ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату);

ҚР Қылмыстық Кодексiнiң Ерекше бөлiмi қол сұғушылықтың объектiсiне байланысты тарауларға бiрiктiрiлген қылмыстық құқық бұзушылықтардың түпкiлiктi тiзiмi берiлген және әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазаның түрi мен мөлшерi көрсетiлген он сегіз тараудан тұрады. Яғни, ҚК Ерекше бөлiмiнiң баптары Жалпы бөлiмiнiң ережелерiне сәйкес анықталатын жекелеген қылмыстық құқық бұзушылық түрлерi үшiн жауаптылықты қарастырады.

Қылмыстық Кодекстiң Ерекше бөлiмiнде заң шығарушы қылмыстық құқық бұзушылықтың және оны жасаушылардың қоғамға қауiптiлiк сипатын ескерiп бiрқатар нормаларды бөлiктерге, ал бөлiктердi тармақтарға бөлген. Мысалы, ҚК-ң 99-бабының 2-бөлiгi бар, екiншi бөлiгi тармақтарды қамтиды.

Мемлекеттегi құқықтық реформалардың өзгерiп отыруы нәтижесiнде қылмыстық заңға жаңа заң шығарушылық ережелер енгiзiлiп отырады. Қылмыстық Кодекстiң жүйесiн сақтау және құқық қорғау, статистикалық ғылыми зерттеулердiң болашақ жұмысын қамтамасыз ету үшiн Жалпы және Ерекше бөлiмдердiң баптарына қосымша нөмiрлеу ретiмен өзгерiстер мен толықтырулар жасалуы да қарастырылған.

Ерекше бөлiмнiң әрбiр құқықтық нормасы үш элементтен: гипотеза, диспозиция және санкциядан тұрады. Қылмыстық заңда осы құрылымның қандай түрде және шекте көрiнетiнiн анықтау үшiн олардың әр бiреуiнiң ерекшелiктерiн қарастыру қажет.

Гипотеза деп белгiлi бiр мiнез-құлық ережесiн қолданудың жағдайларын анықтайтын құқық нормасының элементiн түсiну қажет. Алайда, қылмыстық құқық теориясында көптеген авторлар қылмыстық құқықтық нормадағы гипотезаның рөлiн оның диспозициясы орындайды деп тұжырымдайды. Бұл әлi де болса пiкiрталас мәселелердiң бiрi.

Диспозиция қылмыстық әрекеттi және оның құрамдарын анықтаушы және қылмыс белгiлерiн суреттеушi қылмыстық құқықтық норманың бiр бөлiгi. Басқаша айтқанда, диспозиция санкцияны қолдану мүмкiндiгi туралы алғышартты қамтиды. ҚР ҚК Ерекше бөлiмiнде диспозициялардың мына түрлерi көрсетедi: жай, сипаттамалы, сiлтемелi, бланкеттi.

Жай диспозицияда қылмыстық құқық бұзушылықтың аты ғана аталынады. Онда қылмыстық құқық бұзушылықты сипаттайтын белгiлер көрсетiлмейдi. Мысалы, ҚК 372-бабының диспозициясы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туын, мемлекеттiк елтаңбасын немесе мемлекеттiк гимнiн қорлау. Мұндай жай диспозициялар қылмыстық әрекеттiң белгiлерiн ашып көрсетпегеннiң өзiнде оның мазмұны жеткiлiктi түрде түсiнiктi болған жағдайларда қолданылады.

Сипаттамалы диспозиция жасалған әрекеттi қылмыстық құқық бұзушылық ретiнде анықтайтын бiрқатар белгiлердi қамтитын диспозицияның түрi. Сипаттамалы диспозиция қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық белгiлерiн заңның өзiнде нақтылап ашып көрсетедi. Мысалы, ҚК 168-бабындағы Геноцид қылмысының диспозициясында «Геноцид, яғни ұлттық, этникалық, нәсiлдiк немесе дiни топты, осы топтың мүшелерiн өлтiру, олардың денсаулығына ауыр зардап келтiру, бала тууға күшпен бөгет жасау, балаларды мәжбүрлеп бiреуге беру, күштеп көшiру не осы топтың мүшелерiн қырып-жоюға есептелген өзге де тiршiлiк жағдайларын туғызу арқылы толық немесе iшiнара жоюға бағытталған қасақана әрекеттер» деп қылмыстық белгiлерiн сипаттайды. ҚР Қылмыстық кодексiнiң көптеген баптарының диспозициясы сипаттамалы, өйткенi қылмыстық заңдағы әрбiр сөздiң мағынасы нақты бiр қылмыс үшiн жауаптылық негiзiн анықтауда ерекше маңызды болып табылады.

Сондықтан да, жай диспозицияға қарағанда қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамын айқындайтын сипаттамалы диспозицияның артықшылығында дау жоқ.

Сiлтемелi диспозиция белгiлi бiр қылмыстық құқық бұзушылықтың белгiлерiн анықтау үшiн қылмыстық кодекстiң басқа тиiстi бабына, бабының бөлiгiне немесе тармағына сiлтейтiн диспозицияның түрi. Мысалы; ҚК 109-бабы Ұрып-соғу қылмысының диспозициясы «Тән ауруына ұшырататын, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау». Мұнда ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылығының зардабының мөлшерiн анықтау үшiн заң шығарушы ҚК 108-бабына сiлтеме жасайды. Негiзiнен сiлтемелi диспозициялар заңда қайталауларды болдырмау мақсатында қолданылады.

Бланкеттi диспозиция – нақты бiр қылмыстық құқық бұзушылықтың белгiлерiн анықтау үшiн ол қылмыстық құқық бұзушылыққа тиiстi түсiнiктi беретiн басқа заңдарға немесе нормативтiк актiлерге сiлтеме жасайтын диспозицияның түрi. Мұндай диспозициялар ҚР ҚК-ң экологиялық, экономикалық, көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылықты қарастыратын тарауларында жиi кездеседi. Мысалы, ҚК-ң 327-бабы «Ветеринарлық ережелердiң немесе өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген ережелердi бұзу» әрекетi үшiн қылмыстық жауаптылықты қарастырады. Бұл бапты қолдану үшiн ветеринарлық ережелердi реттейтiн нормативтiк актiге жүгiну қажет. Егер осы секiлдi бланкеттiк нормаларды ҚК өзiнде тiзiп көрсете берсе, Кодекс баптарының көлемi тым ұлғайып, оны пайдалану қиындық тудырады.

Қылмыстық құқықтық норманың үшiншi элементi – санкция. Құқық теориясы бойынша, санкция – тиiстi мемлекеттiк органның құқық нормасының талаптарын бұзған адамға қолданатын мәжбүрлеу шаралары. Қылмыстық құқықтық норманың санкциясы деп диспозициядағы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн қолданылатын жазаның түрi мен мөлшерiн көрсететiн элементтi түсiну қажет. Санкция белгiлi бiр Ерекше бөлiм бабының ажырамас бөлiгi. Диспозиция мен санкция арасындағы байланысты қылмыстық құқық бұзушылық пен жаза арасындағы тәуелдiлiктiң көрiнiсi деп айтуға болады. Санкцияның мәнi ең алдымен оның құқық нормасының талаптарын орындауды қамтамасыз ету қабiлеттiгiмен түсiндiрiледi.

ҚР Қылмыстық Кодексiнде санкцияның екі түрi көрсетiлген:

1). Салыстырмалы – анықталған санкция, жазаның нақты түрi мен мөлшерiн көрсететiн немесе жазаның бiр шегiн белгiлейтiн санкцияның түрi. Санкцияның бұл түрi екi нысанда кездеседi. Бiрiншiсiнде, жазаның төменгi және жоғарғы шегi көрсетiледi. Мысалы, ҚК 99-бабының 1-бөлiгiнiң санкциясында сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делiнген

Екiншiсiнде, жазаның тек ең жоғарғы шегiн көрсететiн санкция. Мысалы, ҚК 100-бабының санкциясында төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делiнген. Мұндай жағдайларда жазаның төменгi шегi ҚК Жалпы бөлiмiнде қарастырылған бас бостандығынан айырудың төменгi мерзiмiмен анықталады. ҚР ҚК 46-бабының 3- бөлiгiне сәйкес бас бостандығынан айыру жазасының төменгi шегi – алты ай.

2). Баламалы санкция екi немесе одан да көп жазаның түрiн көрсететiн санкция. Мысалы, ҚК 131-бабы қорлағаны, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткені үшін – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазалары қарастырылған. Сот жаза тағайындау кезiнде қылмыстың және қылмыскердiң қоғамға қауiптiлiк дәрежесi мен сипатына байланысты осы жазалардың ең әдiлiн және тиiмдiсiн таңдап алады. ҚР Қылмыстық Кодексi Ерекше бөлiмiнiң баптарындағы санкциялардың басым көпшiлiгiн баламалы санкциялар құрайды.

Наши рекомендации