Оңғаров ершат ағыбайұлы

ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

оңғаров ершат ағыбайұлы - student2.ru

Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық» дегенге саяды.

Экстремизм» термині сөзбе-сөз (лат. Еxtremus - шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм – әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс.

Ал «терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық» дегенге саяды.

Ендігі кезекте экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдарына тоқталайын. Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, күнделікті ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жас өспірім балалар үшін ақпарат кұралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.

Террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе? Деген көптеген сұрақтар алдымызда тұрғаны ақиқат.

Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлдем жоқ. Ал енді сондай жолға түскендерге дұрыс тәрбие беру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсадық? Рухани дүниелерін қажетті құндылықтармен сусындату арқылы оларды радикалданудан сақтай алдық па? Оларды террордан аулақ қылатындай жауапкершілік сезімімен тәрбиелей алдық па? Кез келген жан өз дінін жетік білсе, ақырет күні есеп беру сезімімен әрекет етер болса, террорлық әрекетке беттеуі мүмкін емес.

Иә, жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашу үшін барлық жағдайды жасадық деп айта алмаймыз. Бүгінде мәселе әбден ушыққанда барып бірқатар жедел шараларға барып отырғанымыз белгілі. Алайда, кейбіреулер осының өзін көп көруде. Мектеп бағдарламаларында ахлақ (дін) сабағын қоюды артық көруде. Ал бірақ адамның рухани дүниесіне қажетті құндылықтардың барлығы бала бойына мектептен бастап сіңірілуі керек еді. Ол адамдардың барлығы сіз бен біздің арамызда өсіп-жетілді. Олардың барлығы – біздің балаларымыз. Қалайша олардың кейбірі әлгіндей тәрбиемен өсті? Адам өлтіру, қырып-жою түсінігі қайдан шықты? Жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы шығуға не себеп болды? Өз ұлтын өзіне жау көріп, «жанды бомба» болып жарылуын қалай түсінеміз? Демек, тәрбиеде кемшін кеткен тұстар бар.

Тәрбие жүйесінде ойланып, толғанатын, толықтыратын жайттар көп. Рухани тәрбиеге тиісінше мән берілмеген. Міне, осының салдарынан рухани тұрғыдан таяз жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Діни сауаты жоқ, рухани тәрбиеден жұрдай осындай жастарды әлдекімдер алдап-арбау арқылы санасын роботқа айналдырып, өз мақсаттары үшін қолдануда. Тіпті оларды түрлі дәрі-дәрмектер мен психотроптық заттардың көмегімен арандатып отырған болуы да ықтимал. Қазір осы туралы баспасөз беттерінде көп айтылып жатыр. Сөйтіп, арандап қалған жастарды негізгі мақсат, негізгі идея осы деп, адам өлтіруге, жалпы өлімге айдап салып отыр. Әлдекімдер осындай жастардың қолымен от көсеп, өз мақсаттарына жетуді көздеуде.

Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Діндар кісілер мұншама жауыздық әрекетті жасай алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар барады. Олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенін бұлжытпай орындайды.

Осының барлығының алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру қажет. Мемлекет осыған қатысты қажетті заңдар мен ережелерді қабылдауы керек. Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз ғана жол бар – ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйрету. Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын түсіндіруіміз керек: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар). Егер сен атомның салмағындай бір нәрсе жасасаң, соған жауап бересің. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аятта бар.

Ибн Аббас деген сахаба қасақана адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді. Діннің негізгі ұғымы осы болса, онда осыны үйретуіміз керек. Ислам жайлы түсінігімізді қайта қарап шыққанымыз жөн. Мұсылман ретінде «Мына әлемде өзгелер алға басып, дамып, өркендеп жатқанда, біз неге кері кетудеміз?» деп өз-өзімізге сын көзбен қарап, осының жауабын іздеуіміз керек.

Елдің елдігін сақтау Құран мен сүннетті басшылыққа алып, бұрынғы даналарымыздың көрсеткен жарқын жолымен жүруде екенін түсінетін уақыт жетті. Осы тұрғыдан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралауға міндеттіміз. Дінімізде мәңгі өзгермейтін ұлы ақиқаттар мен заман шарттарына қарай бейімделіп отыратын құндылықтар бар. Міне, осыларды қаперге ала отырып, белгілі бір тепе-теңдіктен ауытқымай дінді бір бүтін ретінде парасатпен пайымдап, заман талабына сай түсіндіре білетін ғалымдар мен ойшылдардың болуы аса маңызды. Ислам діні пайда болғаннан кейінгі алғашқы бес ғасырда, осындай ойшылдар мен ғалымдар көп болды.

Ислам діні адамзатқа түрлі халықтар арасында тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастыру мақсатында түсірілген. Аллаһтың 99 көркем атының бірі – «ассалам» – «тыныштық», «бейбітшілік» болуы, «Ислам» сөзінің араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін түбірден шығатыны біраз сырды аңғартса керек. Әрбір мұсылман бір-біріне амандасқанда амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі.

Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Аллаһ алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтіруден тыйып, адамдарды мәмілемен, жарастықта, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам соғысқа, қан төгіске шектеу қойған. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алып, ұрыс-жанжалдарды харам еткен. Қару жұмсауға, күш қолдануға басқалар шабуыл жасаған жағдайда, амалсыздан қорғану мақсатында ғана рұқсат етілген: «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Аллаһ шектен шыққандарды ұнатпайды».

Тарихқа жүгінсек, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қатысқан соғыстың бәрі қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында болғанын білеміз. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыс болып саналады. Шариғат тұрғысынан адам өмірі қасиетті, оны ардақтай білу парызымыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі мұххарам, мекендер ішіндегі Қағба (Меккедегі), күндердің ішіндегі Құрбан, хадж уақытындағы Арафатта тұру сынды қастерлі, оған тиісуге болмайды.

Жан алу жаратушының ықтияр-еркімен, бұйрығымен іске асады, бөгдені жер жастандыру – Аллаһтың қалауына қарсы келумен пара-пар.

Алла Тағала аятта: «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер біреу нақақ өлтірсе кек алу хұқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен аспауы керек. Шындығында, оған жәрдем болады» («Исра» сүресі, 33 аяты, 1.297-б).

Шариғат белгілері кісі өлтіруді бірнеше түрге бөледі. Ханафи мәзһабы бойынша олар бесеу:

1. Әдейі /амд/ өлтіру;

2. Әдейі өлтіруге ұқсас шибхи амд;

3. Қателесіп өлтіру;

4. Қателесіп өлтіруге жататын өлім;

5. Өлімге себеп болған әрекет.

Әдейі, қасақана қан төгуге жаратушы тарапынан ахирет күнінде қатаң даауыр жаза бар. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде айтылғандай: «Кімде кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Жаратушы оған ауыр азап дайындайды». Құранда себепсіз басқаны ажал құштырушы Алланың қаһарына ілігіп, о дүниеде тозақ отына күйетіні көрсетілсе, хадисте бұ дүниеде осы қылмысы үшін «қанға-қан» дегендей қысас жолымен ауыр жазаға тартылатыны баяндалған. Алайда, қысас жекелеген топтың шешуімен емес, кәсіби қазының (соттың) шешімімен, қатаң шариғи шарттар арқылы жүзеге асады.

Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіреледі. Сонымен Исламның қақтығыс, лаңгестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптаған, керісінше қоғамдық тұрақтылық, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін екендігіне көзімізді жеткіземіз.

Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Сөз соңында айта кетейік, терроризм мәселесін біржола шешу өздерін ислам дініне жатқызатын адамдар Құран мен сүннеттің рухына сай (бұл өз кезегінде барлығын қамти білумен, қайырымдылықпен, көркем мінезбен, әрбір жанды қандай болса сол күйінде танумен және толықтай әділдікпен сипатталады) өмір сүргенде ғана жүзеге асады.

Ең алдымен, мұсылмандардың өздерінің ислам дінінде биік адамдық қасиеттерді, заңды қадірлейтін мейірімді әрі тәртіпке бағынатын тұлғаның қалыптасуына басты назар аударылатындығын терең түйсіне білулері аса қажет. Сол себепті, мұсылмандар арасында орын алып отырған экстремизммен күрес репрессия және жалаң тыйым салу жолымен емес, біріншіден, адамгершілік пен ізгі мінез қалыптастыратын исламның шынайы бейнесін дұрыс діни білім беру арқылы айқындатып күресу керек.

Екіншіден, адамдардың бойына этикалық қасиеттер дарытып, идеологиялық және өмірлік-стилдік плюрализмді қабылдау бейімділігіне үйрететін зайырлы білім беру жүйесі мен ағартушылық арқылы да жүзеге асу керек.

Үшіншіден, ата-аналар мен туған-туыстар жас ұрпақты, балаларын сүйіспеншіліктің бесігіне бөлеу үшін отбасы институтын күшейтудің маңызы өте зор. Сол арқылы, ауылдарда, оқу орындарында, қала аулаларында жұқтыруға жеңіл ұры-қарылық түсініктер (зоновские понятия, воровские понятия) мен қатыгездік сынды ауруларға шипа табуға болады.

Сонымен бірге, қазіргі БАҚ та көптеп кездесетін исламды бұрмалап түсіндіретін, ориенталистік және нео-ориенталистік қасаң қағидалар мен штамптардан арылу керек.

Соңғысы, әсіресе, құзіретті органдар мен мекемелерге барынша сақ әрі объективті болу керек, себебі, егер терроризм мәселесімен бетпе-бет келген көптеген елдердің көп жылғы тәжірбиесін қаперге алатын болсақ, терроризм, әдетте, кейбір ішкі және сыртқы күштерге тәп-тәуір бетперде болып табылады. Ондайлар қоғамды тұрақты үрей тудыру арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейді, ал мұндайда кейбір мұсылмандар (немесе, өздерін мұсылман ретінде таныстырып жүрген жандар) бостан-босқа олардың қолшоқпарларына айналып жатқандарын өздері де бейхабар болады(Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы. Алматы 2011).

Бүгінгі таңда терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар ірі жобаларды іске асырып, жан-жақты ауқымды істер атқаруда. Атап айтар болсақ ең әуелі кадр мәселесін қолға алу үшін медреселер ашып, жасөспірімдердің діни және дүнияуи білім алуын арттыруда. Сондай-ақ еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында республика аумағында семинарлар өткізуде.

Бас мүфтидің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Алайда осындай істерді діни басқарманың ғана атқаруы жеткіліксіз. Сондықтан исі мұсылман баласы жаппай біріге атқарар болсақ, терроризм мен экстримизмнің алдын алуға болады деп ойлаймын.

Оңғаров Ершат Ағыбайұлы

ҚМДБ Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс

бөлімінің меңгерушісі, теолог, (Ph.D) докторы.

Наши рекомендации