АзаҚстанныҢ халҚы

2009 жылдың 25 ақпанында елімізде Ұлттық халық санағы өтті. Бұл акция Қазақстан тәуелсіздігін алғанан бері екінші рет өткізіліп отыр. Өткен санақтан бері он жыл өтті. Бұл еліміз үшін аса жауапты әрі маңызды іс-шара болып табылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлттық халық санағының үндеуінде «Адам ресурсы дегеніміз, ол – сіз бен біздер, Қазақстанның азаматтары. Ол – қоғамның басты байлығы, қозғаушы күші және дамуының қайнар көзі», -деп айтылған.

Еліміздің өсіп-өркендеуі мақсатында, болашақты болжап, стратегиялық бағыттарымызды тағы да айқындай түсу үшін, халықтың әл-ауқатын одан жақсарту үшін мемлекетке ел, жер, экономика, әлеуметтік жағдай жөнінде нақты мәліметтер қажеттілігінен елімізде Ұлттық халық санағы жүргізілді.

Тапсырмалар.

1. Мәтін бойынша сөздік құрыңдар.

2. Сіз Ұлттық халық санағына қатыстыңыз ба? Ситуативтік жағдай.

3. Мәтінді орыс тіліне аударыңдар.

МӘДЕНИ МҰРА – АЛТЫН АДАМ

Бүкіл Еуразиялық байтақ даласын күн шуақты - алтынды «аң тәсілді» өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі - әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, бір тума ескерткіш. 1969-1970 жылдары Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» кейпі. Оны алғашқы ашып, әлемге танытқан ғалым - археолог Кемел Ақышев. Бұл обаға б.з.д.Ү-ІҮ ғасырда өмір сүрген 17-18 жас шамасындағы Сақ жауынгері, сол кездегі дәстүр бойынша, киімімен, тұрмыстық заттармен қоса жерленген.

Оның салтанатты биік бас киімі, бешпенті, шалбары мен етігіне дейін 200-ден астам аң, құс сипатты алтын әшекейлермен безендірілген. Қару-жарағы, сақинасы да алтын. Оның «Алтын адам» аталуы да сондықтан. Сонымен қатар, ағаш ыдыс-аяқтар т.б. заттар қойылған. Соның бірі - 26 таңбадан тұратын жазуы бар күміс тостаған. Оны ғалымда «Есік жазуы» деп атайды. «Алтын адам» киімі- сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы. Бұл тек құнды архелогиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры. Осы ескерткіштер қазақ жерін мекендеген бабаларымыздың осыдан 2500 жыл бұрын өзіндік жазу-сызуы мен өркендеген мәдениетінің болғандығын дәлелдейді.

Тапсырмалар.

1.Мәтінді оқып, орыс тіліне аударыңыз.

2.Сұрақтарға жауап беріңіздер.

а) «Алтын адам»- кейпі қай қаланың маңынан табылды?

ә) Алтын адамды ол жерден қай жылы қазып алған?

б) Алтын адам жанынан тағы қандай заттар табылды?

в) Бұл қандай өнер туындысы?

г) Ескерткіштер нені дәлелдейді?

3.Өзіңізді тексеріп, дұрыс жауабын мәтін бойынша тауып айтыңыз.

Лгі: Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа аз мұра қалдырды. – Жоқ, мақтанарлықтай өлмес, үлкен мұра қалдырды.

Алтын адам Жамбыл облысының Шу өзенінің маңынан табылды.

Есік қорғанынан түрік жауынгері барлық заттарымен табылды.

Алтын адам киімі қарапайым, күнделікті жауынгер киімінде.

Қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің дамуын сипаттамайды.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (9-тақырып) [қосымша14,15,17,18,19]

1. Жер тұрғындары тақырыбына әңгіме жазу.

2. Қазақстан халқы тақырыбына шығарма.

3. Мәдени мұра – Алтын адам тақырыбына слайд жасау.

Тақырып. Ғалам және ғасыр. ХХІ ғасырдың жетістіктері. Етістік (дара, күрделі, негізгі, көмекші, болымды, болымсыз, тұйық).

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Етістік, оның түрлерін түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

4. Болымды және болымсыз, тұйық етістіктеріне мысалдар келтіру.

АЛАМ ЖӘНЕ ҒАСЫР

XXI ғасыр да айқара есігін ашты. XXI ғасыр ғылым мен техниканың ақпараттық-технологиялардың дамыған, әрі өркендеген заманы. Бұл ғасырда әр түрлі механикалық, электроникалық, нанотехнологиялар пайда болды. Ғаламда көптеген ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекеттер бар. Атап айтатын болсақ Жапония, Германия, Қытай, АҚШ, Франция, Ресей т.б. мемлекеттер. Адамзат мәдениетінде тарихи тұрғыдан алып қарағанда үзілмес байланыс, сабақтастық бар. Мәдениеттің бір бөлігі есептелетін ғылымның даму жолы мұның айқын айғағы болса керек. Ғылымның, білімнің зәулім сарайы салынып салтанат құру ісіне көп халықтың озық ойлы, ұшқыр қиялды ардагер азаматтары ат салысқан: бірі іргетасын қаласа, екіншісі қабырғасын тұрғызды, үшіншісі басқа бір кем-кетігін толтырды.

Қазіргі таңда бүкіл ғалам идеясы жаратылыстанушы ғалымдардың арасында қарсылық тудырмай, қабылдануда. Бірақ, бұл жағдай бірден пайда бола салған жоқ. Кез келген ұлы ғылыми идея секілді, ол да ғылымда басты орынға ие болуының алдында ұзақ та күрделі сынақтардан өтті.

Ғалам эволюциясы - физика ғылымының теориялық базисіне және көптеген астрофизикалық бақылауларға негізделіп дәлелденген ғылыми факт. Ғалам эволюциясы жайлы қазіргі заман ғылымының негізін 1916 жылы салыстырмалылық теориясын ойлап тапқан Альберт Эйнштейн салып кеткен. Ол жұлдыздармен толтырылған әлем үшін теңдеу құрып, кеңістіктің қисаюы ақырында өзіне өзі тірелетіндігін есептеп шығарды. Осындай “тұйық” ғаламның көлемі шектелген болып, оның шекаралары болған жоқ. Бірақ Эйнштейннің бұл теориясында бір кемшілік болды, яғни осы теория шынайы болған жағдайда жұлдыздар тартылыс күшінің әсерімен бір нүктеге жиналып қалуға тиіс болды. Сол себепті Эйнштейн ғаламды бір-біріне сығылуынан сақтайтын, әлдебір “антигравитациялық” өрісті ойлап табуға мәжбүр болып, теңдеуін осы өріспен толықтырды.

Қазіргі заманғы ғаламның өмір сүруінің үш түрлі вариантын көрсетуге болады:

1) Ғалам өткен уақытта да, болашақта да шексіз мәңгі тіршілік ете алады.

2) Ғаламның басы мен соңы бар.

3) Ғалам уақыт аралығында үнемі өзгеріп отырады.

Тапсырмалары.

1. Мәтінді аударыңыз.

2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

3. Мәтіннен дара және күрделі етістіктерді табыңыз.

4. Бір сөйлемге морфологиялық және синтаксистік талдау жасаңыз.

Наши рекомендации