Азақстан Республикасының Ұлттық қоры
Үкіметтің Ұлттық банктегі шотында шоғырландырылатын, қаржылық активтер түріндегі, сондай-ақ материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге мүлік түріндегі мемлекет активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры болып табылады. Ұлттық қор мемлекеттің қорланымдарын қалыптастыру, сонымен бірге әлемдік бағалардың жағдаятына республикалық және жергілікті бюджеттердің тәуелділігін төмендету мақсатында жасалынады. Ол мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаржылық активтерді және материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге мүліктерді жинақтауға, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендетуге арналған. Ұлттық қор жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады.
Жинақтау функциясы материалдық емес активтерді қоспағанда, қаржылық активтер мен өзге мүліктің жинақталуын және тәуекелдің қалыпты деңгейiнде ұзақ мерзімді перспектавада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз етеді. Тұрақтандыру функциясы Ұлттық қордың активтері өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұруға арналған. Қордың тұрақтандыру функциясын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын бір бөлігі кепілденілген трансфертті қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде айқындалады.
Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану әлемдік, ішкі тарау және қаржы рыноктарының конъюнктурасы, мемлекеттегі және шет елдердегі экономикалық жағдай, бұл ретте макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылық сақатала отырып және Ұлттық қордың негізгі мақсаттары мен міндеттері сақталынып, Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары ескеріле отырып айқындалады.
Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі, сондай-ақ оны пайдаланудың көлемдері мен бағыттары бойынша шешімдерді Президент қабылдайды.
Ұлттық қордың түсімі мен жұмсалуы ұлттық және шетелдік валюталармен жүргізіледі, ал оның операциялары бойынша есепке алу мен есептеме ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқаруды Ұлттық банк пен Үкімет арасында жасасылатын сенімгерлік басқару туралы келісімшарттың негізінде Ұлттық банк жүзеге асырады.
Ұлттық қорға жіберілетін бюджеттік түсімдер Ұлттық қорды қалыптастыру көздері болып табылады. Бұл түсімдер:
1) мұнай секторы ұйымдарының* тура салықтарынан (жергілікті бюджеттерге есептелетін салықтарды қоспағанда) тұрады, оларға: корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы; бонустар, пайдалы қазындыларды өндіру салығы; өнімді бөлу бойынша үлестер; экспортқа рента салығы және өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі жатады;
2) мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда), соның ішінде мұнайлық келісімшарттар талаптарының бұзылғаны үшін түсетін түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда);
3) республикалық меншіктегі және тау-кен өндіру мен өңдеу салаларына жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін түсімдерден;
4) ауыл шаруашылығы арналымындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдерден тұрады.
* Негізгі қызметі табиғат ресурстарын өндіру мен өңдеу болып табылатын заңи тұлғалар мұнай секторының ұйымдары болып табылады. Мұнай секторы ұйымдарына шикі мұнайды, газ конденсатын өндірумен және (немесе) өткізумен айналысатын, сонымен бірге шикі мұнай мен газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңи тұлғалар жатады. Мұнай секторы ұйымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ұлттық қордың қаражаттары:
1) Ұлттық қордан түсетін республикалық бюджетке кепілденілген трансферт түрінде;
2) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде;
3) Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сақталуын;
2) Ұлттық қордың жеткілікті өтімділік деңгейін ұстап тұруды;
3) тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор табыстылығының жоғары деңгейін;
4) ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық табыстар алуды қамтамасыз ету мақсатында материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржылық құралдарға орналастырылады.
Материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржылық құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп айқындайды.
Ұлттық қорды жеке және заңи тұлғаларды кредиттеуге және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға болмайды.
Активтерді Ұлттық қордға есептеу және Ұлттық қорды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ұлттық қорға түсетін немесе бұл қордан алынатын активтер Ұлттық банк белгілеген тәртіппен айырбастауға немесе қайта айырбастауға жатады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін қайтарусыз түсімдер осы Қордан кепілденілген трансферт болып табылады.
Ұлттық қордан үш жылдық кезеңге арналған кепілденілген трансферт мөлшері республикалық бюджет әзірленетін жыл алдындағы қаржы жылының аяғындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауға тиіс, ол Үкімет белгілеген тәртіппен айқындалады және Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі.
Есепті қаржы жылы ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылмаған кепілденілген трансферт сомасын Республикалық бюджеттік комиссияның ұсынысы бойынша және Үкімет бекіткен тәртіпке сәйкес Үкіметтің бюджетті түзету арқылы тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша төленбеген тіркелген міндеттемелер сомасынан аспайтын көлемде өткен қаржы жылының республикалық бюджетінде бекітілген бюджеттік даму бағдарламаларын қаржыландыру үшін ағымдағы қаржы жылында пайдалануға құқығы бар.
Есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджетте Ұлттық қордан аударылмаған кепілденілген трансферт сомаларын тарту өткен қаржы жылының бюджеттік даму бағдарламалары бойынша тіркелген міндеттемелердің төленбеген бөлігінің және қаржы жылының басындағы бюджеттік қаражаттар қалдықтары айырмасының сомасында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес Ұлттық қорды тиімді пайдалану және оны, материалдық емес активтерді қоспағанда,шетелдік қаржылық құралдарға орналастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің функциялары:
1) Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) Ұлттық қорды пайдалану көлемдері мен бағыттары жөніндегі ұсыныстарды қарау және әзірлеу;
3) Ұлттық қорды орналастыру үшін, материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржылық құралдардың тізбесі жөнінде ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді, оның құрамы мен ол туралы қағиданы Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ұлттық қордың қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы жылдық есепті Үкімет Ұлттық қор аудитінің нәтижелерін қоса отырып, жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық банкпен бірлесіп жасайды және оны Ұлттық банкпен бірлесе отырып жыл сайын ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешіктірмей Президенттің бекітуіне ұсынады.
Ұлттық қордың қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы жылдық есепті Президент бекіткеннен кейін Үкімет оны ақпарат ретінде Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынады.
Ұлттық қорды басқаруға байланысты қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын аудит жүргізіледі. Аудиторлық ұйымды таңдау конкурстық негізде Қазақстан Республикасын заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ұлттық қордың қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы жылдық есеп және аудит жүргізудің нәтижелері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Қордың қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы жылдық есепте:
1) Ұлттық қордың түсімдері және пайдаланылуы туралы есеп;
2) Ұлттық банктің Ұлттық қорды сенімгерлікпен басқару жөніндегі қызметі туралы есеп;
3)Ұлттық қорды басқару жөніндегі өзге мәліметтер болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2008 жылғы есеп бойынша 2009 жылғы 1 қаңтарға Ұлттық қордың таза активтері 3,3 триллион теңгені (аудиттелген қаржылық есептемеге сәйкес есептеу тәсілімен) – 27,9 миллиард АҚШ долларын немесе елдің барлық алтын-валюта резервтерінің 60,5%-ын құрады. Қордың жинақтау және тұрақтандыру портфелдерінің ара салмағы 63:37% болды. 2002 жылдың аяғына бұл сома 1,9 миллиард доллар құрап, Қордың жинақтау және тұрақтандыру портфелдерінің ара салмағы 90:10% болған еді.
2008 жылы Ұлттық қорға 1,7 триллион теңге түсті, соның ішінде мұнай секторы кәсіпорындарынан түскен тура салықтардың түсімдері есебінен (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда) – 1,7 триллион теңге, оның 717,8 миллиардтеңгесі (6 миллиард АҚШ долларына барабар) кезекті айырбастау / қайта айырбастау операциясын дәл сол күні жүргізу жолымен Ұлттық қордың тиісті шотына теңгемен есепке алынған шетелдік валютадағы түсімдер болып табылады, мұнай секторының кәсіпорындары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдер (жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді қоспағанда) – 16,6 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы арналымындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер – 1,6 миллиард теңге, Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық табыстар – 66,2 миллиард теңге.
Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын сыртқы аудитті жүргізуге байланысты Ұлттық қордың шотынан есепті кезеңде жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгеге шығыстар жүргізілді.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2007-2009 жылдарға арналған кепілдендірген трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес 2008 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке даму бюджетінің шығыстарын жабуға кепілдендірілген трансферт түрінде жоспарланған 461,4 миллион теңгенің 461,4 миллион теңгесі аударылды. Ол жоспардың 99,9%-ын құрайды. Бұдан басқа, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан республикалық бюджетке жоспарланған 5,1 миллиард теңгенің 3,5 миллиард теңгесі аударылды, бұл 69,1%-ды құрайды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін 2008 жылға арналған нысаналы трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2008 жылғы қараша мен желтоқсанда Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға Ұлттық қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферт түрінде 607,5 миллион теңге аударылды.
Ұлттық қордың сенімгерлік басқарудың қорытындылары бойынша 2008 жылы алынған ұлттық валютада көрсетілген инвестициялық табыс 66,2 миллион теңгені құрады.
Ұлттық қорды басқаруға байланысты қызметтің транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында аудиттің халықаралық стандарттарына сәйкес 2008 жылға аудиторлық тексеру жүргізілді.
Қордың активтері айрықша шетелдік валюталарда номиналдандырылған шетелдік қаржылық құралдарға инвестицияланады.
Тұрақтандыру портфелі жоғары кредиттік рейтингі бар елдердің ақша рыногының сенімді активтеріне инвестицияланады. Жинақтау портфелі әртараптандыру және ұзақ мерзімді перспективада баршама жоғарырақ табыстылық алу мақсаттарында дүние жүзінің дамыған елдерінде айналыста жүрген борышқорлық, сондай-ақ үлестік қаржылық құралдарға инвестицияланады.
2006 жылдың 1 шілдесінен Орта мерзімді перспективаға арналған Ұлттық қор қаражаттарын қалыптастырудың жаңа әдісіне көшу жүзеге асырылды.
Ұлттық қор да бюджеттік және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге шақырады; ал мұнайлық табыстардың үлкен бөлігін Ұлттық қорда жинақтау анағұрлым салмақталған фискалдық саясатты жүргізуге мүмкіндік жасады. Индустриялық - инновациялық даму стратегиясында қаланған экономиканы әртараптандыру жөніндегі мәселелерді шешуге көмектесуі, сондай-ақ болашақ ұрпақтарға Қазақстанның мұнайлық ресурстарының игіліктерін пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс.
Ұлттық қор проблемасы ТМД елдерінің тап осы қорлар сияқты олардың қаражаттарын пайдалану тиімділігі болып табылады. Қор активтері шетел банктерінің (ABN AMRO Bank, State Stгeet Bank, Deutche Bank, BNP Paribas, Citibank, HSBC) бағалы қағаздарына орналастырылған. Кордың жұмыс істеген бүкіл кезеңі ішінде қор активтерінің табыстылығы 6,1%-ды құрады, бұл 2003 жылдың осы көрсеткішінен 8%-ға төмен.
Ел ішінде кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер заңи тұлғалар үшін орташа есеппен 2008 жылы 14,8%-ды құраса, ал жеке тұлғалар үшін 18,6%-ды құрады. Сондықтан экономиканың нақты секторының ірі жобаларын инвестициялау бойынша қордың функцияларын көбейту орынды болады. Бұл экономикалық қызметтің шектес түрлерінде мультипликациялық нәтиже тудырады, елде қабылданған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруға жәрдемдеседі. Тап осы бағыт әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайларында 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі жоспарларда қабылданған.
Ұлттық қор қаражаттарының жылдам өсуіне қарамастан оның қалыптасуының тұрақтылығы шындап күмән тудырмай қоймайды. Қор табысының толымдылығы көбінесе қолайлы сыртқы экономикалық конъюнктурамен және ұзақ уақыт бағаның мұнайға жоғары болуымен байланысты болып отыр.
Бюджеттік кодекске сәйкес Ұлттық қорды толтырудың көздері республикалық бюджеттен түсетін трансферттер (шикізат салаларынан бюджетке түсетін жоспарланған түсімдердің 10%), сондай-ақ шикізат секторынан түсетін нақты түсімдердің олардың жоспарланғанынан асып түсу көлемі болып табылады. Сөйтіп Қорды қалыптастыру көздері жеткілікті сияқты болғанымен бірақ бұл оның тұрақты толымдылығына кепілдік бермейді.
Инвестициялық табыстардың бірде болуы, бірде болмай қалуы мүмкін, сондықтан қордың инвестициялық табыстары оған
түсетін түсімдердің тұрақты көзі ретінде қарастырылмайды.
Мемлекеттік бюджеттен берілетін трансферттер сияқты көзіне келетін болсақ мұнай мен металдарға бағаның ұзақ уақыт төмендеуі кезінде олар едәуір қысқарады. Бұл жағдайда, керісінше, Ұлттық қордың қаражатынан бюджеттің ысыраптарын өтеуге тура келеді. Мемлекеттік меншікті жекешелендіруден түсетін кірістер мен бонустар біржолғы болып табылады, оларды да қорды қалыптастырудың тұрақты көзі деп атауға болмайды.
Сараптаушылардың көзқарастары бойынша тап табиғи рента ғана қор кірістерінің негізгі көзі болуға тиіс және ол кен өндіруші сектор кәсіпорындарының салық ауыртпалығын арттырмайды: табиғи рентаны алу кен-геологиялық жағдайлары әр түрлі кәсіпорындар қызметінің жағдайларын теңестіреді.