Іш дәреттің мәкруһаттары

1.Дәретханаға кірерде қасында Аллаһтың есімі жазылған нәрсенің болуы. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады:

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم إذا دخل الخلاء نزع خاتمه)

«Аллаһтың елшісі (алайһи ас-солату уа ас-салам) дәретханаға кірмей тұрып, сақинасын шешетін»[55].

Пайғамбарымыздың (алайһи ас-солату уа ас-салам) сақинасында «Мұхаммед Аллаһтың елшісі» деген жазу болатын.

2.Желге қарсы отыру.

3.Құбылаға қарап отыру мәкруһ тахриман. Салман, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(لقد نهانا أن نستقبل القبلة لغائط أو بول أو أن نستنجي باليمين أو أن نستنجي بأقل من ثلاثة أحجار أو أن نستنجي برَجيع أو بعظم)

«Үлкен немесе кіші дәрет сындырғанда құбылаға қарап отыруымызға, оң қолмен тазалануымызға, үштен кем кесек таспен тазалануымызға, сүйек немесе тезекпен тазалануымызға тыйым салынды»[56].

Әбу Аюптан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз(саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(إذا أتيتم الغائط فلا تستقبلوا القبلة ولا تستدبروها ببول ولا غائط، ولكن شرِّقوا أو غرِّبوا)

«Түзге шыққандарыңда құбылаға түзу қарап та, теріс қарап та кіші және үлкен дәрет сындырмаңдар. Алайда (құбыланы) оң жақтарыңда немесе сол жақтарыңда қалдырыңдар»[57].Осының негізінде сәбиді де құбылаға қаратып тосуға болмайды.

Пәтер ішіндегі әжетханада құбылаға қаратылып қойылған унитазға дәрет сындырудың үкімі, негізінде, мәкрүһ тахриман. Алайда мәжбүрлі жағдайды және құбыла мен адам арасында дуалдың бар екенін есепке алумен мұндай әжетхананы қолдануға әбден болады. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)نهى النبي صلى الله عليه وسلم أن نستقبل القبلة ببول فرأيته قبل أن يقبض بعام يستقبلها(

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) құбылаға қарап дәрет сындыруымызға тиым салған еді. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын (дуал артында) құбылаға қарап отырғанын көрдім»[58].

4.Аллаһты зікір ету. Түшкіргенде «Әл-хамду лилләһи»-деу, біреудің сәлеміне жауап қайыру, азаншыға еріп азан сөздерін қайталау. Мүһәжир ибн Қанфаз, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарға (алайһи ас-солату уа ас-салам) сәлем береді. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) кіші дәрет сындырып жатқандықтан оған сәлем қайырмайды. Дәрет алған соң сәлем қайтарып, ғапу етуін сұрайды:

(إني كرهت أن أذكر اللّه عز وجل إلا على طهر)

«Расында, мен тазаланып жатқанда Үстем әрі Ұлы Аллаһты еске алуды мүлдем ұнатпаймын»[59].

Әбу Саъид әл-Худри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(لا يخرج الرجلان يضربان الغائط كاشفين عن عورتهما يتحدثان فإن اللّه عز وجل يمقت على ذلك)

«Дәретханаға барған екі адам әуреттерін ашып, түзге отырғанда сөйлесіп отырса, әрине, бұл істері - Аллаһқа жеккөрінішті»[60].

5.Адамдар жүретінжолдыңүстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе, жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыру. Әбу Һурайрадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (алайһи ас-солату уа ас-салам): «Екі қарғалушыдан сақтаныңдар!»-дейді. Олар: «Әй, Аллаһтың елшісі! Екі қарғалушы дегеніңіз кім?»-деп сұрайды. Ол:

)الذي يتخلى في طريق الناس أو ظلّهم)

«Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы»[61].

6.Жануарлардың індеріне дәрет сындыру. Абдулла ибн Саржас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (алайһи ас-солату уа ас-салам) жануарлардың індеріне дәрет сындыруға тыйым салғанын жеткізді. Қатададан: «Жануарлардың індеріне дәрет сындыруға неліктен болмайды?»-деп сұралғанда ол: «Өйткені, олар - жындардың мекені»-деп жауап береді[62].

7.Ақпайтын тоспа суға дәрет сындыру.Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (алайһи ас-солату уа ас-салам) былай дегенін жеткізді:

(لا يَبُولنَّ أحدكم في الماء الدائم الذي لا يجري)

«Сендерден ешкім ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын..»[63].

Көлемі аз суға дәрет сындыру харам іс. Ал көлемі үлкен суға дәрет сындыру мәкрүһ тахриман. Ағынды суға дәрет сындыру мәкрүһ танзиһан.

8.Жағдай қыспаса, түрегеп тұрып дәрет сындыру. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деген:

(من حدثكم أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان يبول قائماً فلا تصدقوه، ما كان يبول إلا قاعداً)

«Сендерге біреу Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) түрегеп дәрет сындыратын десе, оған сенбеңдер. Өйткені ол отырып қана дәрет сындыратын»[64].

9.Мүшеге және одан шыққан нәрсеге қарау. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұлай істеген адам ұмытшақ болады.

10.Дәрет алатын жерде дәрет сындыру. Ғалымдардың айтуы бойынша бұлай істеген адам шайтанның азғыруына ұшырайды. Абдулла ибн Мағфал, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (алайһи ас-солату уа ас-салам) былай дегенін жеткізеді:

(لا يبولن أحدكم في مستحمه، ثم يغتسل فيه)

«Ешкім жуынатын жеріне дәрет сындырмасын. Соңыра ол жерге жуынады ғой»[65].

Имам Ахмад: «Соңыра ол жерге дәрет алады ғой, расында, барлық азғырушы осыны пайдаланады»-деді.

11.Қабір басы мен мешіт қасында дәрет сындыру. Сүйек пен тезек секілді нәрсемен астыңғы жақты тазалау және олардың үстіне дәрет сындыру. Өйткені сүйек пен тезек - жындардың азығы.

12.Ұзақ отыру. Өйткені ұзақ отыру геморрой дертін келтіреді.

Истинжа

Истинжа дегеніміз - кіші немесе үлкен дәрет сындырғанда былғанған жолдың аузын сумен жуып тазалау.

Истибрадегеніміз - кіші дәрет сындырғанда мүшенің бойында қалған зәрден мұқият тазалану.

Истижмар дегеніміз - екі жолдың аузын кесек таспен немесе топырақпен тазалау. Қағазбен тазалану да осыған кіреді.

Наши рекомендации