Ханафи мәзһабінда ең дұрыс ойды шығару қағидалары

1) Бір мәселеде имам[4] мен екі шәкіртінің[5] ойлары келісімді болса, ол пәтуадан шегінуге болмайды.

2)Имам мен бір шәкірті бір ойда болса, ал екінші шәкіртінің ойы бөлек болса, оның ойы ұстанылмайды.

3) Екі шәкірті бір ойда болса, мәселенің бағытына қаралады. Мәселе құлшылыққа қатысты болса, имамның ойы алға шығады. Мәселе сотқа, мирасқа және куәліктерге қатысты болса, Әбу Юсуфтың ойы алға шығады. Мәселе туыстық қатынастарға қатысты болса, Мұхаммедтің ойы алға шығады.

4) Үшеуінің келісімі бойынша истихсан тәсілі қияс тәсілінің алдына шығады. Қияс ижмағ пен ғұрыпқа қайшы болған жағдайда истихсан қиястың алдына шығады.

5)Бір мәселеге қатысты имамның пәтуасы табылмаса, алдымен, Әбу Юсуфтың, кейін Мұхаммедтің, кейін Зуфардың, кейін Хасан ибн Зиядтың сөздері алынады.

6) Бір мәзһабтағі үкімді басқа мәзһабтің үкімімен жарамсыз ету дұрыс емес.

7) Өз мәзһабі бойынша қате істелген құлшылықты қайта атқармауы үшін, басқа мәзһабтағі «дұрыс» деген үкімге сүйену дұрыс емес.

8) Бір мәзһап бойынша істеліп жатқан құлшылық сол мәзһап бойынша аяқталуы уәжіп.

9)Бір мәселеге қатысты «дұрысы мынау», ал «пәтуа» мынау деген екі ой кездескенде пәтуа алға шығады. Өйткені ханафи мәзһабіндағы «Заһир ар-риуая» дәрежесіндегі мәтіндерде ыждағатты бекіген «пәтуа» ұғымы «сахих» ұғымынан күштірек.

10) Мұқтаждық қысқан ауыр күй тумаса, мүфти әлсіз сөзбен үкім айтпайды және пәтуа бермейді.

Таһарат

(Тазалық)

Бірінші бөлім: Таһарат

Мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Сол себептен фиқһ кітаптары өз мазмұнын «Таһарат» мәселесінен бастайды. «Таһарат» - намаздың кілті, ал намаз иманның кілті. Әлиден, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз(саллаллаһу алайһи уа саллам)былай деді:

(مفتاح الصلاة الطّهور، وتحريمها التكبير، وتحليلها التسليم)

«Тазалық - намаздың кілті. Тәкбір[6]намазға (қасиетті мінәжатқа) кіргізеді, ал сәлем беру шығарады»[7].

«Таһарат»сөзінің мағынасы:

Тілдік мағынасы: тазалық, таза болу, тазару.

Шариғаттық мағынасы: дәретсіздіктен тазару және нәжістен тазару.

Тазалықтың артықшылығы турасында Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ ﴾

«Расында, Аллаһ тәуба етушілерді және таза жүрушілерді жақсы көреді»[8]. Оның артықшылығы, сондай-ақ пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) хадисінен де көрінеді:

(الطهور شطر الإيمان)

«Тазалық – иманның жартысы»[9]. Жалпылап айтқанда, тазалық дегеніміз - адамның лас нәрселердің барлық түрінен таза болу. Деректі тұрғыдан денедегі, киімдегі, құлшылық орнындағы сезіп білінетін нәжістерден, ал дерексіз тұрғыдан күнәлардан тазару.

Дәретсіздіктен тазару

Дәретсіздік екіге бөлінеді:

1. Кіші дәретсіздік. Кіші дәретсіздіктен тазару шарасы дәрет алу арқылы жасалады.

2. Үлкен дәретсіздік. Үлкен дәретсіздіктен тазару шарасы ғұсыл құйыну арқылы жасалады.

Нәжістен тазару

Нәжістен тазару дегеніміз - денедегі, киімдегі және намаз оқылатын орындағы нәжісті жуып кетіру. Нәжісті де, дәретсіздікті де кетіретін негізгі нәрсе – су.

Нәжіс екіге бөлінеді:

І. Ауыр нәжіс

1.Арақ. Аллаһ тағала айтады:

﴿اأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾

«Әй иман келтіргендер! Расында, арақ, құмар, пұттар және бал ашатын оқтар – шайтанның амалына жататын арам істер. Оларға жақындамаңдар, сонда құтыласыңдар»[10]. Спирттің[11] де үкімі осындай. Оны ішке қабылдауға тиым салынады. Алайда шарасыз жағдайларда баршаның қажетсінуіне айналғандықтан, спиртті сырт ем үшін қолдануға рұқсат етіледі.

2. Хайуанаттардан аққан қан. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ قُل لاَّ أَجِدُ فِي مَا أُوْحِيَ إِلَيَّ مُحَرَّماً عَلَى طَاعِمٍ يَطْعَمُهُ إِلاَّ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَماً مَّسْفُوحاً أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنَّهُ رِجْسٌ ﴾

«(Әй, Мұхаммед!) Маған уахи етілген нәрседе тамақтанушы үшін өлекседен, аққан қаннан және доңыз етінен басқа нәрселерді арам көрмеймін...»[12]. Мал бауыздалып қаны аққан соң еттің, бауырдың, көкбауырдың және тамырдың бойында қалған қан есепке алынбайды. Абдулла ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

)أحلت لكم ميتتان ودمان، فأما الميتتان فالحوت والجراد، وأما الدمان فالكبد والطحال)

«Сендерге екі өлік және екі қан адал етілді. Екі өлік дегенім - балық пен шегіртке, екі қан дегенім - бауыр мен көкбауыр»[13].

3. Адамның зәрі мен нәжісі, денесінен бөлінетін қан мен ірің, мүшесінен бөлінетін шәует, мәзи, уәди сулары. Ибн Аббастан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) екі қабірдің қасынан өтіп былай деді:

(إنهما ليعذبان، وما يعذبان في كبير، أما أحدهما فكان لا يستتر من البول، وأما الآخر فكان يمشي بالنميمة)

«Расында, бұл екеуі қабірлерінде азап шегуде және үлкен күнә үшін емес. Біреуі зәрінен сақтанбайтын, ал екіншісі өсек таситын»[14].

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады: «Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам)дәрет сындырғанда мен су әкеліп беретінмін. Ол астын сумен жуатын»[15].

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады: «Шәует, мәзи[16] және уәди суларына қатысты үкім мынандай: шәуеттен кейін ғұсыл құйыну қажет, ал мына екеуінен кейін дәрет алғаны - жеткілікті, яғни мүшесін жуып дәрет алады»[17]. Шәует мейлі адамдыкі, мейлі жануардыкі болсын, нәжіс саналады. Киімге тиген шәует дымқыл болса, сумен жуып тазартылады, ал кебу болса, жумай-ақ ысқылап тазартуға болады.

Айша, Аллаһ тағала оған разы болсын, шәует жайында былай деді: «Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) киімінен шәуетті жуып кетіретінмін. Ол намазға шыққанда киімінің жуылған жері көрініп тұратын»[18]. Тағы бір сөзінде: «Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) киімінен шәуетті кебу болса, ысқылап кетіретінмін, ал дымқыл болса, жуатынмын»[19].

4. Доңыз. Доңыз - мүлде нәжіс.

﴿ قُل لاَّ أَجِدُ فِي مَا أُوْحِيَ إِلَيَّ مُحَرَّماً عَلَى طَاعِمٍ يَطْعَمُهُ إِلاَّ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَماً مَّسْفُوحاً أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنَّهُ رِجْسٌ ﴾

«(Әй, Мұхаммед!) Маған уахи етілген нәрседе тамақтанушы үшін өлекседен, аққан қаннан және доңыз етінен басқа нәрселерді арам көрмеймін...»[20]. Доңыздың етімен қоса сүйегі де, қылы да, терісі де, тіпті өңделген болсын нәжіс саналады.

5. Еті арам ит, жыртқыш, тышқан секілді хайуанаттардың зәрі, тезегі және сілекейі. Имам Әбу Ханифаның айтуынша, иттің жалпы болмысы нәжіске жатпайды. Адамдар оны күзетке, аңға, тағы да басқа қажеттеріне пайдаланады.

6. Өлексе. Бірақ сүйегі мен терісін пайдалануға болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Сәубанға, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(يا ثوبان اشتر لفاطمة قلادة من عصب وسوارين من عاج)

«Сәубан! Фәтимаға сүйектен жасалған алқа мен піл сүйегінен жасалған екі білезік сатып әкелші»[21]. Ибн Аббастан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(أيما إهاب دبغ فقد طهر)

«Қандай тері болсын, өңделсе, таза болады»[22].

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естіді:

(إذا دبغ الإهاب فقد طهر)

«Тері өңделсе, таза болады»[23]. Тері не химиялық заттармен не күнге кептіру жолымен өңделеді.

7. Жерде жүріп іш босататын тауық, үйрек және қаз тәрізді құстардың саңғырығы.

8. Еті адал хайуандардың тезегі имам Әбу Ханифаның көзқарасында ауыр нәжіске жатады. Алайда Әбу Юсуф пен Мұхаммед оны жеңіл нәжіске жатқызады.

ІІ. Жеңіл нәжіс

1. Еті адал жануардың зәрі. Анастың айтуынша, Аллаһ тағала оған разы болсын, Мәдинада біраз адамдар жеркенушілік сезіп іштері ауырады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оларға түйелерге жақын жүрулерін, олардың сүті мен зәрін ішулерін бұйырады[24]. Осы себептен, имам Әбу Ханифа түйенің зәрін жеңіл нәжіске жатқызады.

2. Жыртқыш құстардың және жыртқыш болмағанымен еті арам құстардың, сонымен қатар әуеде іш босататын құстардың саңғырықтары - жеңіл нәжіс. Ал еті желінетін торғай, көгершін секілді құстардың саңғырығы - таза.

Нәжістің мөлшері төмендегідей болса, есепке алынбайды:

1. Ауыр нәжіс дирхамның салмағындай[25] болса, немесе көлемі алақан тереңдігіндей болса.

2. Жеңіл нәжіс киімнің немесе дененің төрттен біріндей көлемге жайылса.

Есепке алынбайтын нәжіс түрлері:

1. Киімге, денеге және орынға иненің ұшындай шашыраған зәр.

2. Денесінде нәжіс болған мәйітті жуындырғанда жуушы кісінің үстіне шашырайтын су.

3.Төсеке нәжіс тиіп, кеуіп кетсе, оған ұйықтаған кісінің киімі мен денесі былғанбайды. Алайда ұйқы кезінде терлегендіктен нәжістің әсері киіміне жұқса, киімі нәжістенеді.

4. Жайылып тұрған киім жердегі кебу нәжіс орынға түссе және нәжіс киімге жұқпаса, киім нәжістенбейді. Сол сияқты ол жерге адамның қолы не аяғы тисе, осы үкім жүреді.

Наши рекомендации