Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар
1 - Ниет. Ораза ұстау үшін ниет жүректің қалауымен және шешімімен жүзеге асады. Сәресіне тұру ниет саналады. Өйткені ниетті тілмен айту шарт емес, сүннет. Омар ибн ал-Хаттаб, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естіді:
(إنما الأعمال بالنيات، وإنما لكل امرئ ما نوى)
«Негізінде, іс-қимылдар ниеттермен байлаулы және әркімге ниеттенгені болады..»[881].
Ниет түнде немесе таң ата жасалуы шарт. Хафса, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من لم يبيِّت الصيام من الليل فلا صيام له)
«Кім оразаға таң атпастан ниеттенбесе, оның оразасы болмайды»[882].
Ханафи мәзһабіндағы ерекшелік, оразаға қатысты ниет екіге бөлінеді:
ә - Түнде жасалуы шарт ниет. Мұндай ниет уақыты бекітілмеген, алайда мұсылманның мойнына қарыз үкімімен байланған оразаларға жасалады. Ниетпен қатар қай ораза екені де баяндалады. Олар: рамазан оразасының қазасы, бұзып алған нәпіл оразаның қазасы, кәффарат оразалар және мутлақ нәзір ораза кіреді. Мутлақ нәзір ораза дегеніміз - біреудің: “Егер Аллаһ тағала ауруымды жазып жіберсе, бір күн ораза ұстаймын”-деп уәде беруімен уәжіп болған ораза.
б - Түнде жасалуы шарт емес ниет. Бұл айы немесе күні бекітілген оразаларға ғана қатысты. Сондай-ақ бұл оразалардың атауы ниет кезінде баяндалуы шарт емес. Мысалы, рамазан оразасы, уақыты белгілі нәзір ораза және белгілі күндері ұсталатын нәпіл оразалар. Бұл оразаларға ниет түннен бастап, дұха уақытына дейін жасалса болады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір күні үйіме кіріп:
(هل عندكم شيء؟ فقلنا: لا. قال: فإني إذن صائم)
«Жейтін бір нәрселерің бар ма?»-деп сұрады. Біз: «Жоқ»-деп жауап бердік. Ол: «Онда мен оразамын»-деді[883].
Құлаққағыс: Ханафи, шафиғи және ханбали мәзһаптарында рамазан оразасының әр күніне жеке ниет жасалуы шарт.
2 - Бұзатын нәрседен аман болуы.
ә - Саналы түрде жеп-ішу. Кім ұмытып жесе, оразасы бұзылмайды. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من أكل أو شرب ناسياً فلا يفطر فإنما هو رزق رزقه اللّه)
«Кім ұмытып тамақ жесе немесе су ішсе, аузын ашпасын. Расында, бұл - Аллаһтың оған берген ризығы»[884].
Сондай-ақ алдыңғы және артқы жыныс жолдарына бір нәрсенің кіруі. Әйел кісі қынабына саусағын салса, немесе еркек пен әйелдің артқы жыныс жолына қызуөлшегіш немесе басқа бір нәрсе кіргізілсе, мұрын мен құлаққа бір тамшы су кетсе, ораза бұзылады. Өйткені ораза тек қана асқазанға емес, жалпы адамның денесінің ішкі жағына ешнәрсе бармауымен қорғалады.
а - Саналы түрде жұбайымен төсек қатынасына түсу. Кім бұны ұмытып істесе, оразасы бұзылмайды.
б - Өзін-өзі құстыру. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда келген құсықты саналы түрде жұтып қойса, мысалы, адамдардан қысылып, онда ораза бұзылып, кейін сол күннің қазасы өтеледі. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من ذَرَعه القيء فليس عليه قضاء، ومن استقاء عمداً فليقض)
«Кімге құсық келсе, оразасының қазасын өтемейді. Ал саналы түрде өзін-өзі құстырса, қазасын өтейді»[885].
Дұрыстығын теріске шығаратын нәрседен аман болуы.
ә - Басқа діндегі кісінің немесе атеистің ұстауы. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ لَئِنْ أَشْرَكْتَ لَيَحْبَطَنَّ عَمَلُكَ ﴾
«Егер ширк[886]жасасаң, күдіксіз, амалың жойылады»[887].
а - Әйел заты үшін хайыз бен нифастан тазару. Егер таң атқан соң тазарса, бұл күнгі оразасы дұрыс болмағанымен аузын ашпайды. Бірақ кейін сол күннің қазасын өтейді. Етеккірі ақшам азанын кейін басталған әйелдің сол күнгі оразасы дұрыс болады, тіпті аз уақыт өтсе де. Хайыз бен нифастан таң атпай тұрып тазарған әйелдің оразасы дұрыс болады, тіпті ғұсыл құйынып үлгермесе де. Өйткені ғұсыл оразаның дұрыстығына қажетті шарт емес. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم كان يدركه الفجر، وهو جنب من أهله، ثم يغتسل ويصوم)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) таң атқанда кейде (әйелінің қасынан) жүніп күйде шығатын. Сосын ғұсыл құйынып, оразасын ұстай беретін»[888].
Екінші бөлім: Оразаның түрлері
Үкім тұрғысынан ораза беске бөлінеді:
Бірінші: Парыз ораза
Парыз ораза екіге бөлінеді:
1 - Уақыты бекітілген ораза. Бұған рамазан оразасы мен уақыты белгіленген нәзір ораза кіреді.
2 - Уақыты бекітілмеген ораза. Бұған рамазан оразасының қазасы, уақыты белгіленбеген нәзір ораза және кәффарат оразалар кіреді.
Кәффарат оразасы дегеніміз – мұсылман кісі Аллаһтың атымен берген сертін орындамау, қателікпен кісі өлтіру, рамазан айының оразасында әйеліне жақындау секілді күнәсін жуу үшін ұстайтын ораза.
Рамазан оразасы
Рамазан айы бүкіл айлардың мырзасы саналады. Бұл айда Аллаһ тағала Қасиетті Құранды түсірді. Сондай-ақ ол - адамзатты Аллаһ тағалаға жақындатып, жақсылық істететін, кешірім мен рахымға бөлейтін, есендік пен береке шашатын құлшылық айы. Бұл айда өзіне мың ай тең келмейтін қадірлі Қадір түні бар. Осы мағынада сөйлейтін кейбір хадистерге тоқталайық:
- Абдулла ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(سيد الشهور شهر رمضان و سيد الأيام يوم الجمعة)
«Айлардың мырзасы– Рамазан айы. Ал күндердің мырзасы– Жұма күні»[889].
- Әбу Масъуд Әл-Ғифари, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ولو يعلم العباد ما في شهر رمضان لتمنى العباد أن يكون شهر رمضان سنة)
«Аллаһтың құлдары Рамазан айында не бар екенін білгенде, әлбетте, олар Рамазан айының бір жылға созылуын армандар еді»[890].
- Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا جاء رمضان فتحت أبواب الجنة وغلقت أبواب النار وصفدت الشياطين)
«Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылып, оттың есіктері жабылады. Сондай-ақ жындар кісенделеді»[891].
- Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من قام رمضان إيمانا واحتسابا غفر له ما تقدم من ذنبه)
«Кім Рамазанды иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, ілгері кеткен күнәләрі кешіріледі»[892].
Адір түні
Қадір түнін күту мустахап. Өйткені ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Қадір түні ақиқаты тұрғысынан да, дәрежесі тұрғысынан да, сауабы тұрғысынан да, абсолютті түрде, бүкіл түндерден артық. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ ﴾
«Қадір түні мың айдан артық» [893].
Бұл түні атқарылған ғибадатқа мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадаттың сауабы жетпейді. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من قام ليلة القدر إيمانا واحتسابا غفر له ما تقدم من ذنبه)
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, ілгері кеткен күнәләрі кешіріледі»[894].
Қадір түні Рамазанның соңғы он түнінің тақ түндерінің бірі болып табылады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Рамазанның соңғы он түні кіргенде пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) түндерді (намазда тұруымен) тірілтетін. Отбасын да (құлшылыққа) оятатын. Білегін сыбанып кірісетін еді» [895]. Әбу Саъид Әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(التمسوها في العشر الأواخر من شهر رمضان في كل وتر)
«Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінде іздеңдер!»[896].
Ғұламалардың негізге алынатын сөзі бойынша, Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні саналады. Әбу Ибн Каъб, былай деді:
(والله لقد علم ابن مسعود أنها في رمضان وأنها في ليلة سبع وعشرين ولكن كره أن يخبركم فتتكلوا)
«Аллаһқа серт! Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын» [897]. Сондай-ақ имам Ахмад сахих хадисте Ибн Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын, жеткізеді:
(من كان متحريها فليتحرها ليلة سبع وعشرين)
«Кім оны іздесе, жиырма жетінші түні күтсін».