Алтыншы: Діннен шығушы

Ешбір мұсылманға оны жуындыруға, кебіндеуге, жерлеуге болмайды. Денесі бататындай шұңқырға көміледі.

Жетінші: Мұсылмандардың әміріне және заңдарына қарсылық жасап өлген мұсылмандар

Мұсылман билігіне қарсы көтерілген қастандық әрекеттері мен соғысу барысында өлсе, жуындырылмайды және оларға намаз оқылмайды. Өйткені жаназа намазы шапағат саналады. Ал олар оған лайықты емес. Бұл өздеріне қорлық, ал басқаларға ескерту түрінде жасалады. Алайда мұсылман билігі жеңіске жетіп, оларды шариғат жазасымен өлтірсе, жуындырылады және оларға намаз оқылады.

Сегізінші: Қарақшылар

Қарақшылар әрекеттері барысында өлтірілсе, жуындырылмайды және оған намаз оқылмайды. Ал шариғат жазасымен өлтірілсе, жаза немесе қасас атқарылған болып, жуындырылады және оларға намаз оқылады.

Тоғызыншы: Нәсілдік үшін өлген кісінің жағдайы

Бұлар нәсілдік үшін көтерген әрекеттері барысында өлсе, жуындырылмайды және оларға намаз оқылмайды. Алайда әркеттері талқандалып, оларға шариғат жазасы атқарылса, жуындырылады және оларға намаз оқылады. Әбу Дәуд жеткізген хасан хадисте Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(ليس منا من دعا إلى عصبية و ليس منا من قاتل على عصبية و ليس منا من مات على عصبية)

«Нәсілдікке шақырушы бізден емес. Сондай-ақ нәсілдік үшін соғысушы да бізден емес. Және нәсілдік үшін өлуші де бізден емес»[788].

Оныншы: Әке-шешесін өлтірген кісінің жағдайы

Әкесін немесе шешесін өлтірген кісіге шариғат жазасы атқарылса да, қорлық түрінде оған намаз оқылмайды. Өз өлімімен өлсе, оған намаз оқылады.

Он бірінші: Өзін-өзі өлтіруші кісінің жағдайы

Өзін-өзі өлтірген кісіге ханафи мен шафиғи мәзһаптарында ғұсыл жасалып, намаз оқылады. Оның бұл күнәсі үлкен болғанымен ол мұсылман билігіне қарсы шығушы емес, сондай-ақ өзгенің жаны мен малына қол сұғушы емес. Бар зияны әлсіздік танытып өзін өлтіруі. Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алайһи уа саллам) жеткен сахих хадисте өзін-өзі өлтірген кісіге намаз оқымағандығы туралы айтылғанымен, дінге бірте-бірте бет бұра бастаған қазіргі қоғамның ой санасы үшін осы үкім қолайлы. Әл-Бұхаридің сахихында күпірліктен енді ғана шыққан адамдардың жағдайын есепке алушы пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) қолында билік бола тұра, Қағбаның құрылысын өз іргетасына толық тұрғызылмағанын біле тұра, оны қайта бұзып, қайта салу ісін қолға алмағаны жайында айтылады.

Мәйіттің денесін әзірлеу рәсімі мен оған қажетті қаражатын кім көтереді?

Жуындыру, кебіндеу және жерлеу рәсіміне жұмсалатын қаражат марқұмның өз малынан болуы уәжіп. Өзінің жеке қаражаты болмаса, оған жауапты туысы көтереді. Бұл істі көтеретін мұрагері болмаса, мұсылмандардың қаржы үйінен жұмсалады. Әйел кісінің денесін әзірлеуге жұмсалатын қаражат күйеуінің мойнында, егер әйелінің жеке жинағы болмаса.

Мәйіттің денесін жерлеуге әзірлеудің сауабы

Әбу Рафиъ, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من غسل مسلماً فكتم عليه غفر اللّه له أربعين مرة، ومن حفر له فأجنه أجري عليه كأجر مسكين أسكنه إياه إلى يوم القيامة، ومن كفنه كساه اللّه يوم القيامة من سندس وإستبرق الجنة)

«Кім мұсылманның денесін жуып, айыбын жасырса, Аллаһ оны қырық мәрте кешіреді. Кім оның қабірін қазып, денесін соған жасырса, Қиямет күніне дейін міскінге пана бергендей сауапқа ие болады. Кім оны кебіндесе, Аллаһ оны Қиямет күні жәннәттің жұқа және қалың жібектерінен киіндіреді»[789].

Мәйіттің қақы. Мәйіттің қақы бесеу және оларды атқару үкімі - парыз кифая.

Бірінші: Жуындыру

1 -Мәйіттің денесі хош иістендірілген арнайы ғұсыл үстелінің үстіне жатқызылады. Жүзі мен аяқтары құбылаға бағытталады.

2 -Әуретінің үсті бүркелген түрде киімдері шешіледі. Әлиге, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(لا تنظر إلى فخذ حي ولا ميت)

«Тірі кісінің де, мәйіттің де сан етіне қарама»[790].

3 - Мәйіттің әуреті қолға шүберек оралып, перденің астынан жуылады. Перде әурет көлемін бүркеп тұрады. Абдулла ибн әл-Харис ибн Науфал, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن علياً رضي اللّه عنه غسل النبي صلى اللّه عليه وسلم وعلى النبي صلى اللّه عليه وسلم قميص وبيد علي رضي اللّه عنه خِرقة يتبع بها تحت القميص)

«Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) денесін жуғанда оның үстінде ұзын көйлек болатын. Әли қолына шүберек орап, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) денесін көйлегінің астынан жуатын»[791].

4 -Мәйітке, алдымен, кәдімгі дәрет жасалады. Тек мұрны мен аузы сулы шүберекпен сүртіледі. Егер жүніп екені белгілі болса, онда қолдан келгенше аузы мен мұрны жуылуы қажет. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) қызының денесін жуушы әйел кісілерге былай деді:

(ابدأن بميامنها ومواضع الوضوء منها)

«Оның оң жағынан және дәрет алынатын мүшелерінен бастаңдар»[792]. Тағы бір хадисте Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «..Оған намазға секілді дәрет жасаңдар, сосын жуындырыңдар»[793].

5 - Мәйіттің денесіне сидр езілген ыссы су құйылады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбармен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге келе жатқан бір кісіні түйесі жығып кетеді. Мойны үзіліп, мерт болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам):

(اغسلوه بماء وسدر)

«Оны сумен және сидрмен[794]жуындырыңдар»-дейді[795].

6 - Шашы бөлек жуылып, оған хош иіс жағылады.

7 - Мәйіт сол жақ қырына жатқызылып, денесінің оң жағына су құйылып жуылады. Сосын оң жақ қырына жатқызылып, денесінің сол жағына су құйылып жуылады.

8 - Мәйітті жуындырушы оның арқасын өзінің оң иығына сүйеп отырғызып, сол қолымен ақырын ішін сипалайды. Егер артқы жыныс жолынан нәжіс шықса, орны жуылады. Ғұсыл қайталанбайды.

Мәйіттің денесінде жаралар болса, қолмен жумай-ақ үстіне жақсылап су құйылады. Денесі кепкен соң кебінделеді.

Мәйіттің тырнақтары қырқылмайды.

Мәйітті жуындырған кісіге ғұсыл құйыну ұнамды болады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من غسّل ميتاً فليغتسل)

«Кім мәйітті жуындырса, ғұсыл құйынсын»[796].

Наши рекомендации