БДСҰ Қазақстанның БДСҰ – на енуінің мүмкін салдары.
Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) — халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77мемлекет кірсе, 2005 жылғы 11 желтоқсандағы соңғы мәлімет бойынша оған 149 ел мүше болды. Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина (соңғысы 2008 жыл 5 ақпанында қабылданды) бар. ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымның 95% құрайды, яғни Ресейді қоспағанда бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады. Және Қазақстанды қосқанда 30-ға жуық ел осы ұйымға кіру ниеттерін білдірді, олар бүгінгі таңда бақылаушы мәртебесіне ие.
Қазақстан Үкіметі ДСҰ-ға кіру — елдің сыртқы экономикалық саясатындағы басымды бағыттардың бірі деп біледі. Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі жұмысшы топқа осы ұйымның 38 мемлекеті кіреді, сонымен бірге нарыққа тауарларды шығару жөніндегі келіссөздерге 14 ел, ал қызмет нарығына қатысты 10 ел қатысады. Келіссөздер Женевада орналасқан ДСҰ Хатшылығында көпжақты және екіжақты негізде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда қазақстандық делегация төрт негізгі бағыттар бойынша келіссөздер жүргізуде:— Тауарлар рыногіне шығу келіссөздері ұйымға кіргеннен соң Қазақстан пайдалануға құқық алатын импорттық кедендік алымдарды барынша байланыстыру деңгейлерін ДСҰ-ға мүше-елдермен анықтау және келісуді көздейді;— Қызметтер нарығына шығу туралы келіссөздердің мақсаты қазақ нарығына шетелдік жеткізіп берушілердің шығу шарттары болып табылады;— Ауыл шаруашылығына қатысты арнайы көп жақты келіссөздер, тарифтік аспектіден бөлек, ауыл шаруашылығын іштен қолдау білдіру мен экспорттық субсидиялардың мөлшерін келісуді көздейді;— ДСҰ қатысушысы ретінде өз міндеттемелерін орындау үшін заңнамада қолдануға тиіс шараларды анықтау мақсатында жүргізіліп отырған жүйелік мәселелер бойынша келіссөздер;/Жеке елдермен өткізілген екіжақты келіссөздердің 14 раундының қорытындылары бойынша Қазақстан тауарлар нарығына шығу жөнінде келіссөздердің соңғы мәресіне жетті. Бүгінгі таңда тарифтік міндеттемелерді егжей-тегжейлі талқылап, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада сияқты елдермен диалог құруға қол жеткізді. Сонымен қатар қызметтер нарығына шығу жөніндегі келіссөздер процесін одан әрі қарқынды жүргізуге негіз қаланды. Бүгінгі таңда, Грузия, Пәкістан, Түркия, Оман Сұлтанаты, Корея, Жапония, Куба, Мексика, Қырғыз Республикасымен екіжақты келіссөздердің аяқталуы туралы Хаттамаларға және ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен Мысыр Араб Республикасының Индустрия және технологиялық даму министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. ҚР мен ДСҰ арасындағы ынтымақтастықтағы маңызды оқиғалардың бірі 2004 жылғы тамыздағы ДСҰ Бас хатшысы С.Паничпакдидің Қазақстанға сапары болды. Осы тұста айта кетер бір жай ДСҰ басшылығы әдетте бір елге арнайы сапар ұйымдастырмайды, қалыптасқан тәжірибе бойынша бірнеше мемлекетті аралап шығады. Осы сапардың барысында ұйым басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, елдің бірқатар министрлерімен кездесіп, ДСҰ келісімдерінің міндеттемелерін қабылдау жөніндегі Қазақстанның ортақ ұстанымын түсінісуге қол жеткізілді.
Қазіргі кезде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесі маңызды сатыда тұр. Келіссөздер жүргізу тұрғысында Қазақстан үшін бес мемлекет, атап айтқанда,АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Аустралия және Болгария ең маңызды болып табылады.
Келіссөздер процесінде уағдаластыққа жету қиыншылықтары тауарлар мен қызметтер нарығына шығуда көп жағдайда олардың нақты коммерциялық мүддені қозғамайтын, тіпті еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әсіреқатаң талаптар қоюынан туындауда. Аталған проблемаларды реттеу үшін Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер мен ресми кездесулер кестесі әзірленді. Бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелері де ДСҰ мүшелері болып табылатын жеке елдерге саяси ықпалды күшейтуге барлық мүмкіндіктер жасауда.