Алалардың инновациялық дамуын зерттеудің теориялық мәселелері
К. Каймулдинова, Д. Алиаскаров, А. Бейкитова - Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдері мен аймақтарындағы экономикалық дамудың негізгі мақсаты халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі мынадай маңызды үш құрамбөліктен тұрады:
- табыстың жоғарылауы, халық денсаулығының жақсаруы мен оның білім беру деңгейінің жоғарылауы;
- адами құндылықтарды сыйлауға бағытталған әлеуметтік, саяси, экономикалық және институциялық жүйенің қалыптасу нәтижесінде өзін сыйлауға қабілетті адамдардың өсуіне жағдай жасау;
- адам бостандығы деңгейінің жоғарылауы, соның ішінде экономикалық еркіндік [1].
Зерттеушілер мен саясаткерлер арасында экономикалық дамудағы инновациялардың ролі туралы жиі айтылады. Инновация термин ретінде қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамудың баламасы болып табылады. Осло Нұсқаулығында инновация деп «жаңа немесе едәуір жетілдірілген өнімді (тауар немесе қызмет) немесе процесті, маркетингтің жаңа әдісін немесе іскерлік тәжірибесіндегі жаңа ұйымдастыру әдісін қолдануды» атайды [2, 31-б.]. Америкалық Ұлттық ғылыми қор (National Science Foundation) инновацияны «қоғам үшін құндылықты жасауға алып келетін жаңалық» ретінде сипаттайды [3]. Инновациялық даму техно-әлеуметтік үдерістердің құбылысы ретінде ең алдымен ғылыми-техникалық саламен байланысты болады. Қазіргі дүниеде халық пен экономикалық әрекеттің шоғырлануына қарағанда, инновациялардың кеңістік шоғырлануы артып отыр.
Соңғы жылдары ғылыми әдебиетте қалалардың инновациялық дамуының қайнар көзі ретінде қарастырылатын «қаланың креативтік әлеуеті» деп аталатын ұғым қалыптаса бастады. Зерттеушілер креативтілікті сарқылмайтын ресурс ретінде бағалап, қалаларда инновациялық рухты сақтап тұратын, шығармашылық және ғылыми кластерлерді жасауға мүмкіндік беретін, экономикалық жағдай өзгерген кезде жұмыс істеуге қабілетті креативті таптың қалыптасуына айрықша мән беруде [4]. Қазақстан Республикасының ірі қалаларына қатысты осы мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді.
Инновациялық даму теориясының аса маңызды бір басты бағыттарының бірі – кластерлер теориясы. Кластерлік бағыттың алғашқы негізін қалаушылардың бірі Н.Д.Кондратьев өз зерттеулерінде инновациялар топпен, яғни кластерлермен пайда болып, уақыт бойынша әркелкі таралатынын көрсетті [5]. Кейіннен бұл зерттеулерді Й.Шумпетер жалғастырды.
Кластерлер теориясының дамуына америкалық ғалым Майкл Портер ең көп үлес қосты. Бұл теория халықаралық деңгейдегі ең бәсекеге қабілетті фирмалар әдетте бір аймаққа шоғырланғануына негізделген, ал бұл инновацияның толқындық табиғатына байланысты, яғни ең бәсекеге қабілетті компаниялармен таралып жеткізушілер мен тұтынушыларды және олардың бәсекеге қабілетті компанияларын қамтиды. М. Портер бәсекеге қабілеттілікті кластерлік дамумен байланыстыру арқылы аса маңызды қолданбалы ілім жасады [6]. Ғалым жеке елдің бәсекеге қабілеттілігін сипаттайтын 5 негізгі белгілерін ажыратқан.
1) Тұрақты бюджет дефицитінің болмауы, төменгі пайыздық мөлшерлемелер, валюта бағамының артуына жол бермеу тәрізді макроэкономикалық көрсеткіштері қалыпты болатын елдер бәсекеге қабілетті деп есептеледі. Бұл ережені елдердің барлығына қатысты қолдануға келмейді: бюджет дефициті жиі байқалатын Жапония, Италия, валюта бағамын арттырып отырған Швейцария, жоғары пайыздық мөлшерлемелер тән Корея Республикасы ұдайы халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатып келеді.
2) Арзан жұмыс күшімен артығымен қамтамасыз етілген елдер бәсекеге қабілетті болады. Жаңа индустриялық елдердің әлемдік нарыққа нық қадам басуына әсер еткен фактордың бірі осы болып табылады.
3) Табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілген елдер бәсекеге қабілетті болады. Дегенмен бұл да қатып қалған ереже емес: экономикалық дамуға алғышарт бола алатын алуан түрлі ресурсқа бай Африка елдері, Ресей және т.б. елдер өз тауарларымен әлемдік нарыққа енуде қиындықтарға кездесіп отыр. Табиғат ресурстарды игеру арқылы ғана экономикалық өрлеуге жетуге болмайтынын экономистер «голланд ауруы» деп атаған құбылыстан көруге болады. ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында Нидерланд табиғи газдың мол қорын ашып, экспорттай бастады. Бұл өз кезегінде елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп жіберді. Өйткені табиғи газды экспорттау ұлттық валюта бағамының төмендеп, басқа салалардың, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіптің дамуының тежеліп, қаржының өнеркәсіптен қызмет көрсету саласына бағытталуына себепші болды. Соның нәтижесінде өнеркәсіптің сан алуан саласы дамып отырған Нидерландта деиндустриялану жүрді.
4) Үкіметі жекелеген салаларды субсидияландыратын, импортты жеңілдететін және жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсететін елдерді бәсекеге қабілетті деуге болады. Дегенмен бұл пікір де күмән туғызады: Жапония мен Корея Республикасының экспортқа бағдарланған салаларын қолдау мақсатында бұл елдердің үкіметтері олардың ішкі істеріне қол сұққандары белгілі болып отыр.
5) Елдің бәсекеге қабілеттілігі басқарудың әртүрлі практикасына, соның ішінде менеджмент пен жұмыс күшінің өзара қарым-қатынасына байланысты болады. Бұл анықтама да нақты емес, өйткені кез келген елде жергілікті ерекшеліктерге байланысты өзіндік қарым-қатынастар қалыптасады, оларды әлемдік деңгейде бірыңғай жүйеге келтіру мүмкін емес.
Кластерлік даму бәсекеге қабілеттілікті арттырып қана қоймай, инновациялық бейімделуге жағдай жасайды. Сондықтан аса табысты кластерлер техника саласы мен технология өндірісінде «жаңа нарыққа» шығу кезінде пайда болады. Кластерлік бағыт қазіргі кезде кең ауқымды жобаларды жасауда, көбінесе бәсекеге қабілетті аймақтарды (мемлекет, аймақ, ірі қала) немесе белгілі бір саланы зерттеуде және ірі қаланың бағдарламасын жасауда қолданылады. Cондықтан бұл теорияның Алматы мен Астана қалаларын дамытуға тікелей қатысы бар.
Ұлттық (мемлекеттік) инновациялық жүйе құру Концепциясының негізі өткен ғасырдың 80-90 жылдары қаланған болатын.Ұлттық (мемлекеттік) инновациялық жүйе құру Концепциясының негізгі құрастырушыларыК. Фримен (1987), Б. Лундвалл (1992), Р. Нельсон (1993) болды [7]. Ұлттық инновациялық жүйе ұғымы мемлекеттің инновациялық жүйе дамуы саласында жүргізген саясатында инновациялық өнімді құру мен жүзеге асыруда өзара әрекеттескен инновациялық қызметтің субъектілері мен объектілерінің үйлесімділігі тұрғысында түсіндіріледі.
Қазіргі кездегі әртүрлі елдердің ұлттық инновациялық жүйелері бір-бірінен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 4 маусымдағы № 579 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасында» «Қазақстан - 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясының ережелері ескеріле отырып, инновациялық дамудың негізгі мүмкіндіктері мен болжанып отырған сценарийлері көрініс тапқан. Мұнда елдің инновациялық саясаты болашақ ұлттық сәйкестік, бәсекеге қабілеттілік, азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық өміршеңдік үшін іргетас ретінде қаралады.
Қарастырылған теориялардың негізгі мазмұны мен оларды инновация негізінде экономикалық даму саясаты мен стратегиясын құру 1- суретте көрсетілген.