Лекция №10. Саяси жетекшілік.

1.Саяси элита ұғымы, қалыптасуы.

2.Саяси көшбасшылық ұғымы, түрлері.

мақсаты:Саяси биліктің негізгі әлуеметтік субьектілерін, саяси лидерлік, саяси элита, саяси жетекшілік, түрлерін және олардың жіктелуін, Ф.Ницше, М.Вебер саяси жетекшілік туралы типологиясын, Қазақстандағы саяси элита, ұлттық элита мәселелерін талқылау.

міндеттері:Тақырып бойынша ақпараттарды толық меңгеру

1."Элита" термині француздың еlіtіе деген сөзінен шыққан, сұрыпталған, тандалған, іріктелген деген мағынаны білдіреді. XVIII ғ. бастап ол сөзбен жоғары сапалы товарларды атады. XX ғ. бастап саясаттану мен әлеуметтануда білімі, байлығы, беделі, билігі жоғары адамдардың азғантай әлеуметтік тобын білдіреді. Тарихи жағынан алғанда адамдарды ел билеуші тандаулыларға және олардың дегенін істейтін бағаныштыларға бөлу идеясы өте ертеден бастау алады. Мысалы, Конфуций (б.з.б. 551— 479) адамдарды асыл азаматтарға (билеуші элитаға) және төменгі (қарапайым) адамдарға бөлді. Платон билеуші-философтарға, әскерлерге, егіншілер мен кәсіпшілерге ажыратты. Алайда элитарлық теорияны көзқарастар жүйесі ретінде XX ғ. басында Ита­лия ғалымдары Г. Моска, В. Парето, неміс ғалымы Р. Михельс жөне т.б. қалыптастырды. Қоғамда саяси элитаны тудыратын факторлар бар. Оларға мыналар жатады: 1) қоғамға арнайы білімі, тәжірибесі, қабілеті бар көсіби басқарушылар қерек; 2) адамдардың психологиялық және әлеуметтік теңсіздігі 3) қоғамда басқарушы еңбек жоға­ры бағаланады және ынталандырылады; 4) бұқара халықтың саяси енжарлығы, селқостығы. Саяси элита стратегиялық мақсатты айқындайды, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын белгілейді, өз жоспарларын жүзеге асырудың тетіктерін табады, қоғам алдына қойылған мақсаттардың жүзеге асуына бақылау жасайды. Сонымен, саяси элитадеп қазына-байлықты, қаржы-қаражатты бөлуге байланысты және т.б. саяси маңызды шешімдер қабылдауға қатысты жоғары мәртебесі мен ықпалы бар ұйымдасқан топты айтады.

Қазіргі саясаттану ғылымында білімнің элитология деген арнайы саласы бар. Ол элиталардың қалыптасу жағдайын, оның қоғамдағы рөлін, әлеуметтік-саяси процестерге ықпал ету әдіс-тәсілдерін және т.б. зерттейді.

Саяси элиталарды қалыптастырудың, жоғары лауазымды қызметке іріктеп алудың 2 түрі бар: антрепренерлік және гиль­дия жүйесі.

2.Саяси іс-әрекетті жүзеге асыруда саяси жетекшілердің, топ бастаушылардың (лидер), серкелердің орны ерекше. Оған ха­лықтың немесе белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін толық сезініп, қорғай білетін, бойына саяси қайраткерге лайықты қасиеттерді жия білген адам жатады. Саяси, жетекшілікті ғалымдар жіктегенде мынандай принциптерді негізге алып жүр:

1) тарихи принцип, 2)ықпал ету көлеміне карай жалпыұлттық,аймақтық, қалалық, аудандық саяси жетекші болып бөлінеді; 3)таптық принцип. Бұған жұмысшылар, шаруалар, буржуазияның, әлеуметтік топтың жетекшілері жатады;4)қазіргі әлеуметтік құрылысқа қатынасы жағынан оны Жақтайтын, оған қарсы шығатындар болып бөлінеді; 5)қабілеттілігі жағынан өзінің жеке басының қасиеттері, дарындылығының арқасында немесе жағдайға қарай көтерілген жетекші дейді; 6)бастамашы, рух беруші жетекші немесе басталған істі орындаушы ретінде де топтастырады.

Саяси топ бастаушыларды топтастыруға алғаш қадам жасаған немістің әлеуметтанушысы М. Вебер. Ол саяси серкелерді "бедел" ұғымына негіздеп былай жіктеді: 1) билік әкеден балаға мирас ретінде қалатын әдет-ғұрып жетекшілігі; 2) ерекше қадір қасиеті, қабілетіне (ақылдылығына, батырлығына т. т.) байланысты билік басына келген харизматикалық топ бастар; 3) конституция негізінде сайлау арқыльі басшылық орынға келген саяси серкелер.

Қазіргі кезде саяси жетекшілерді жіктеудің кең тараған түрін американдық профессор Дж. Херманн ұсынды.

Қызметті атқару тәсіліне қарай авторитарлык және демократиялық жетекші деп бөлінеді. Авторитарлықжетекші өз жұмысында күш қолдануға сүйеніп, жалғыз өзі басқарғысы келеді. Демократиялықжетекші болса, алдағы мақсатты белгілегенде жөне оны іске асырғанда қасындағы адамдарды қатынастырып, олармен ақылдаса отырып шешеді.

Түріне қарай "формальды", "формальсыз" деп бөліп жүр. Формальдыжетекші белгіленген ережелер арқылы басшылық орынға тағайындалады. Формальсызжетекшіні қатысушылар өздері тандайды. Ондай серкелер, әдетте, кішкентай топтарға тән келеді. Ал ұйымдасқан үлкен топтарда, әлбетте, формаль­ды басшылар болады. Қазақстан қазіргі элитасына қімдер жатады десек, оған Пре­зидент аппаратының құрамы (Президент, оның өкімшілігінің бастығы, орынбасарлары, бөлім басшылары, көмекшілері, кеңесшілері), Парламент, министрліктер басшылары мен орын­басарлары, дипломатиялық элита кіреді.

Әдебиеттер.

1.Қалиев Н. Кайрос қайрағы.Егемен Қазақстан. 26-наурыз 2003ж.№70.

2.Кенжетай Д."Шын зиялылар". Қазақ әдебиеті.12.11.99ж.

"Қазақтың саяси элитасы және шала қазақтар".№46

3.Битюкова Г.,Тұхмарова Ш."Саяси элита және оның қоғамдағы рөлі". Ақиқат. 1998.№8

4.Мектеп-тегі Амандос."Қазақтың көсемдері". Қазақ әдебиеті №12. 19-наурыз 1999ж.

Лекция №11. Саяси идеология.

1. Саяси сана және саяси идеология.

2. Идеологияның қызметтері

3. Қазіргі заманғы ғылымдағы идеологияның негізгі ағымдары.

4. Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы идеологиялық хал-ахуал.

1. Саяси сан және саяси идеология.

Саяси сана деп - саяси іс - әрекеттерді түсініп сезінетін әлеуметтік сезімдер, түсініктер, көзқарастар жиынтығын айтады. Осы сөз қылып отырған саяси санадан саяси идеология туындайды. Себебі сана адам баласының күнделікті ой-сезіміне құйылып отырған үгіт насихат немесе идеологиялық ағымдар жиынтығын құрайды.

Сана адам баласында қоғамның саяси жүйесінің пайда болуымен бірге дүниеге келді. Сананың бірнеше түрлері бар. Атап айтсақ қарапайым сана, теориялық сана, саяси психология, саяси сана. Осы аталған саналар ішіндегі қоғамдағы саясат саласындағы ең маңыздысы - саяси сана болып табылады. Саяси сананың негізгі мәселесі - мемлекеттік билік, оның қызметі. Мұнда топтардың, таптардың, партиялардың экономикалық мүдделері мен мақсаттары, өкімет билігі үшін күресі қарастырылады. Осыған байланысты саяси сана мынандай қызметтер атқарады: 1. Саяси шындықты бейнелеу. 2. Адамдардың мақсат мүдделерін білдіру үшін оның саясат әлеміндегі іс- әрекеттеріне бағдар беру. 3. Саяси психология да қарапайым саяси сана сияқты саяси өмірдің тәжі -

рибесінен туады. Қандай саяси идея болса да адамдардың белгілі бір сезімін

тудырып, көңіл - күйіне әсер етеді. Адамдардың ұжымдарында, әлеуметтік

топтар, таптарды жеке адамдарда туындайтын көңіл - күйдің, сезімнің, мінездің жиынтығын саяси психология дейміз.егенмен,аяси іс - әрекетті жүзеге асыруда халықтың саяси психологиясын ескерген дұрыс. Қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың көңіл - күйін зерттеп, болжаған дұрыс. Себебі, бұл саладан қателіктер қоғамда дау - дамай, шиеленістер, ұлттар арасында қырғи қабақ, егес тудыруы мүмкін.

Саяси сананың құрамдас бөлігі-саяси идеология. "Идеология" деген ұғым гректің "идея" - бейне және "логос" - білім деген сөздерінен шық қан. Идеология деп адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс - әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады.

Жалпы алғанда идеология ұғымы гректің идея - түсінік, ұғым, бейне және логос - ілім, ғылым деген сөзінен шыққан. Идеология философиялық сөздікте қоғамдық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы ретінде анықталады.

Бұл терминді ғылыми лексикаға алғаш енгізген ХVІІІ ғасырдағы француз ғалымы А. Дестюд де Траси болды.

Идеология - саяси, мемлекеттік, ұлттық, құқықтық, этникалық, діни, эстетикалық, философиялық болып келеді. Сонымен бірге қандай идеология болсын, саясатпен тығыз байланыста болады.

Саяси идеологияға белгілі бір адамдар табылып қоғам құбылысы және дамуы ондағы қатынастарды орнықтыруға немесе өзгертуге қызмет ететін тұжырымдамалар мен пікірлердің жиынтығы жатады. Олар билік арқылы немесе оған ықпал ету арқылы өз мақсат мүдделерін білдіреді немесе қорғайды.

2. Идеологияның атқаратын негізгі қызметтері.

Қоғам өмірінде идеология маңызды рөл атқарады. Ол мынадай қызметтерден білінеді:

1. Идеологияның танымдық ролі. Ол саяси жүйені, саяси өмірді суреттеп түсіндіреді.

2. Бағдарламалық ықзметі. Ол қоғам, әлеуметтік прогресс тұлға және билік тағы сол сияқты негізгі түсініктер туралы.

3. Жұмылдыру, іске тарту. Қоғамның жоғары құнды идеологияларын алға тартып, мақсат мүдделерін айқындап, қоғамды әлеуметтік топтарды оларды іске асыруға жұмылдырады, рухтандырады.

4. Бағалау қызметі. Идеология халық санасына қоғамның қазіргі және болашақтағы дамуына өлшемдік баға берерлік жағдай жасайды, үстемдік етіп отырған қоғамдық тәртіпке белгілі бір көзқарас тудырады.

Саясаттанудың қандай субъектісіне болсын идеология қажет. Ол адамдарды рухани біріктіріп, топтастырудың басшылықтың құралы.

Идеология - саясат пен қоғамды жалғастырушысубъективті фактор. Идеология саясатты насихаттау, түсіндіру арқылы халық санасына жеткізеді. Көп жағдайда қоғамдық, саяси - әлеуметтік қатынастардың дамуы заңдылықтары жағдайы мен келешегі туралы азаматтардың дүниетанымын идеология қалыптастырады.

3. Қазіргі заманғы ғылымдағы идеологияның негізгі ағымдары.

Қазіргі заманда саяси идеологияның мынадай түрлері бар: 1. Либералдық 2. Консервативтік 3. Коммунистік 4. Социал-демократиялық 5. Фашистік

Идеология әр түрлі болады. Ол туралы жоғарыда айтып өттік. Яғни, саяси идеология, құқықтық идеология, діни идеология, этикалық идеология, эстетикалық идеология, мемлекеттік идеология, және оларға қосымша Қазақстанда таралып көзге көрінбей, бірақ салдары сезіліп жүрген келімсектік идеология, күнделікті тұрмыстық идеология, ұлттық идеология.

Қазақстандағы жағдайға байланысты оның мынандай түрлерін көрсетеді.

Ең алдымен мемлекеттік идеология. Бұл идеология мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатын жүргізуде ерекше роль атқаратын құрал болып табылады. Тәуелсіздікті алғалы бері біздің мемлекеттік идеологиямыз - тәуелсіздікті нығайту, ұлттық бірлікті дамыту, көрші елдермен қарым-қатынасты жақсарту, әлеуметтік және экономикалық жағдайымызды көтеру, сырттан инвестиция тарту деген мәселелер болды. Қазіргі кезде идеология ауқымы 2030 стратегиялық бағдарлама көлемінде жүргізіліп жатыр.

Келесі ұлттық идеология. Ұлттық идеология дегеніміз - сол ұлтқа ғана тән, яғни ата-бабаларынан қалған қасиетті мұраларды, дәстүрлерді негізге алып, үгіт-насихат жүргізу. Ұлттық идеология - мемлекеттік идеологиямен қабаттас, қатарлас, мираттас жүретін идеология. Біздің ұлттық идеологияның негізгі мақсаты - сол аталарымыздан қалған бүгінгі қазақ үлгі боларлық және мақтанышы болуға лайық рухани байлықтарымыз бен мұраттарымызды негізге ала отырып, ұлттық идеологиямызды бүгінгі заман талабына сай қалыптастыруға атсалысу. Талай ғасырлардан бері ұмтылмай, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп келе жатқан ұлттық құндыл қтарға жанашыр болу, оны көзінің қарашығындай сақтау, оны келер ұрпаққа аман-есен жеткізу. Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен әдебиетке, ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық әдет-ғұрыптарға, тарихи-рухани мұраларға үлкен құрметпен қарап, оларға дер кезінде нәр беріп, қуаттандырып отыру. Бірақ, бұл әсте де жеке бір ұлттық мүддесін қорғап, басқалардың мұратын жоққа шығару емес. Керісінше, арам пиғылсыз, таза ниетті, таза адамгершілікке құрылған интернационализмнің бірінше жанашыры, ең жақын досы. Егер бейнелі түрде интернационализмді ұлттық аспаптар оркестірі десек, оның бас дерижері - ұлттық идеология. Ұлттар мәдениеттің ықпалдастығын, бірін-бірі толықтырып гүлдендіруін, дамытуын ол жоққа шығармайды. Бірақ, ұлттар мәдениетінің бірін-бірі жұтып қоюына, бір ұлт мәдениетін екінші ұлт мәдениетінен артық қоюға ол түбегейлі қарсы. Ол ғасырлар бойы бүкіл адамзаттың игілігіне жарап келе жатқан, барлық ақыл-ой құндылықтарын құрметтейді.

Әдебиеттер тізімі.

1. Жамбылов "Саясаттану". Алматы, 2002 ж.

2. Дидахмет Әшімханұлы "Санадағы шырмауық". Тағы да идеология туралы (Түркістан 2003 ж. 15 мамыр).

3. Т. Омаров "Саяси сана және қоғам". Саясат. 2003 жыл. №2.

4. Ұлттық идеология" Асқар Селеубаев. Жамбыл-Тараз №6. 2004 ж.

5. Д. Жамбылов "Саясаттану негіздері", Алматы, 2000 жыл. Оқу құралы.

6. Т.С. Садықов "Тарих тағылымы", Алматы, 1992 жыл. Оқу құралы.

7. Д. Кішібеков "Мемелекеттік идеология, оның қалыптасуы" Ақиқат, 1996 жыл, №6.

8. Н.Ә. Назарбаев "Тәуелсіз мемлекетке төл идея керек пе" Ақиқат, 1993 жыл, №8.

9. Сейілбек Мұсатаев "Ұлттық идеология, мәні мен мазмұны" Ақиқат, 2000 жыл, №11.

10. Кенжебаев "Саясаттану негіздері" Оқу құралы. Алматы. 1995 жыл.

Наши рекомендации