Еңбекақы төлеудің формалары мен жүйелері. 1. Нарықтық қатынастардағы еңбекақының мәні, оның экономикалық категория ретіндегі
1. Нарықтық қатынастардағы еңбекақының мәні, оның экономикалық категория ретіндегі анықтамасы
Еңбекақы категория ретінде жұмыс күшінің тауарлы мәнін негізге алады. Жұмыс күші тауар болғандықтан оның екі қасиеті бар: пайдалылығы және бағасы. Жұмыс күшінің бағасы жұмысшының өз жұмыс күшін ұсынуы арқылы ақшалай формада анықталады.
Жұмыс күшінің бағасы жұмыскер мен оның жанұясының өмір сүруіне қажетті құндылықтардың бағасымен анықталады. Бұл құндылықтар бірнеше факторларға байланысты: қалыптасқан құндылық деңгейі, қоғамның мәдени даму деңгейі, климаттық, табиғаттық және т.б. Тауар ретінде жұмыс күші нарықта сатылады және еңбек процесінде қолданылады. Сол себепті жұмысшы мен жұмыс беруші арасында екі байланыс деңгейі қалыптасқан: еңбек нарығында және кәсіпорын төңірегінде.
Еңбекақы жөніндегі саясат кәсіпорынды басқарудың құрамды бөлігі болып табылады. Еңбекақы жұмыс күшін тиімді пайдаланудағы ынталандыру құралы. Еңбек ақы дегеніміз – бұл таза өнім үлесін, санына және сапасына сәйкес, сондай-ақ салынған капитал көлеміне сәйкес шығындалған еңбекке және ұжым еңбегінің соңғы нәтижесіне байланысты кәсіпорын табысының бір бөлігін, таза өнім үлесін білдіретін жүмыскерлердің өмір сүру қорының негізгі бөлігі. Қысқаша айтқанда, еңбегі үшін, саны мен сапасына сәйкес төленетін төлем. Жұмыс беруші «Қазақстан Республикасы еңбек туралы» ҚР заңының (Астана, 1999 ж.10 желтоқсан) 7 тарауының 70 бапқа сәйкес жеке еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес қызметкердің еңбегіне ақы төлеуге міндетті.
Еңбекақы бұл жұмыскерге оның еңбекгі үшін, сапасына, санына және қажетті шығарған өнім көлеміне сәйкес берілетін төлем. Қалыпты жағдайда қажетті өнімнің құнына тең және оның ақшалай түрі болып табылады. Басқаша айтқанда, еңбекақы кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысына баратын өнім өндіруге және сатуға кеткен шығындардың бір бөлігі.Еңбек ақы төлеудің мемлекет белгілеген ең төменгі шекті мөлшерінен басқа еңбекке жалақы төлеудің барлық мәселелері жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың қатысы негізінде еңбек нарығында реттеліп отырады.Еңбек ақы деңгейі мен өзгеруіндегі ұлттық айырмашылықтар тарихи тұрғыдан қалыптасқан және ол қазір де бар. Бұған табиғи жағдайлар, мәдени дәстүрлер, басқа да жағдайлар себепші болады.
Жалпы тұрғыда мұны сұраныс пен ұсыныстың өзара әрекетімен түсіндіруге болады. Егер де қандай да бір нақты еңбектің ұсынысы сұранысқа қарағанда өте үлкен болса, нәтижесінде жалақы төмен болады, ал егер сұраныс көп болып, ұсыныс салыстырмалы түрде аз болса, жалақы өте жоғары болады. Мұндай түсініктеме негіз болып алынғанымен, мәселені толықтай аша алмайды. Жалақы мөлшерінің әр түрлі болу себебін ашып қарастырайық.
Біріншіден, жұмыскерлер бірдей емес. Олардың қабілеттілігі, дайындық деңгейі, біліктілігі әр түрлі. Нәтижесінде бір бірімен бәсекеге түспейтін кәсіптік топтарға түседі.
Екіншіден, жұмыстар өздерінің тартымдылығына қарай әр түрлі болып келеді. Мысалы, құрылыстағы жұмысшы банк қызметкеріне қарағанда жоғары жалақы алады. Бұны екі жұмыстың ақшаға байланыссыз жағдаймен түсіндірейік. Құрылыстағы жұмыстар – лас жерде жұмыс істеу, белдің ауруы, қауіпті жағдайдың көп болуы, жаздың аптап күнінде, қыстың қақаған суығында жұмыс жасау. Ал банк жұмысы- ақ жағалы, таза, ыңғайлы жерде жұмыс істеу. Сондықтан мектеп бітірген жас адам жұмыс таңдарда құрылыстан гөрі, банк документтерімен жұмыс істегенді қолайлы көреді. Құрылыстағы жұмыс берушілер тартымсыз ақша емес жағдайдың орнын жоғары жалақы берумен толтырады. Яғни жалақы, еңбек жағдайларына оның ауырлығына, зияндылығына, т.с.с. байланысты сараланады.
Үшіншіден, еңбек нарығы әдетте жетілмеген бәсекемен сипатталады. Бұған ең алдымен қоныс аударушылық әсер етеді. Көптеген адамдар өздерінің үйренген жерінен орын ауыстырғысы келмейді, ол достарын, туысқандарын, балалар оқитын мектепті, үйлерін, т.б. қимайды, әрі жаңа жердегі жұмыс орнына үйреніп кету де қиын. Әсіресе жасы үлкен жұмысшылардың географиялық орын ауыстырғыштығы төмен. Немесе жұмысшылар қоныс ауыстыруы мүмкін, бірақ басқа жердегі жалақы ставкасы жөнінде білмеуі мүмкін. Жұмысшылардың орын ауыстыруды қаламауы немесе мұндай мүмкіндігінің болмауы бір кәсіптің өзінде жалақының жіктеліп, саралануына әкеледі. Сол сияқты кәсіподақ мүшелігінің шектеулігі, әлеуметтік жағдайлар бәсекелі емес нарықта бірдей кәсіпкерлердің әр түрлі жалақы алуына ықпалын тигізеді.
Шет елдік тәжірибені қарастырсақ, еңбекті мотивациялау түрінде материалдық жағынан ынталау көрініс алады, атап айтқанда, пайданы бөлуге қатысу- еңбек өнімділігін арттыру мен өнім сапасын жоғарылату негізінде алынған қосымша пайданы жұмыскерлер мен компания арасында бөлу.