Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандық даму жолы» атты еңбегіне талдау жаса.
1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” деген атпен Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Өзінің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық ұсыныспен Қазақстан халқының алдына шығу себебін Н. Назарбаев: “Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті”-деп түсіндірді [127, 5 б.]. Ал, оның қалай пайда болғандығы туралы: “Осы жолдау менің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнап сөз сөйлеу жөніндегі Конституциялық міндеттерімнің шеңберінде әзірленген болтын”-деп жазды [127, 11 б.]. Демек, біріншіден, еңбек Елбысының ел болашағының қандай болатындығы туралы өз ойын, уақыт талабынан шыға отырып, халықпен бөлісу арқылы айқындап алу қажеттігінен туындаса, екіншіден, Президенттің атқаруға тиісті Коститутциялық міндетін орындау барысында пайда болған. Сондықтан еңбек біржағынан, ел басқарып отырған тұлғаның ел болашағының алыс перспективсы туралы ой-толғаныстарының жемісі болса, екінші жағынан Президенттің өз құқықтарына сай ұсынған мемлекеттің дамуының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының бағытын айқындаған бағдарлама, яғни ресми құжат болып табылады. Біздің ойымызша еңбектің басты ерекшеліктерінің бірі де осында.
2005 жылы 11 қазанда Астана қаласында Даму стратегиясының жарияланғанына сегіз жыл толуына арналған “Қазақстан-2030” Стратегиясы іс жүзінде” деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев Жолдаудың қандай жағдайда қабылданғандығы және оның негізгі ерекшеліктері туралы: “Еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын айқындаған осы жолдау жария етілгенде оны қолдаушылардан сынаушылар әлдеқайда басым еді. Мен сол кезде ел өміріндегі әлі шешілмеген түйінді проблемалардың көптігіне қарамастан, алған бағытымыздың анықтығына, таңдаған жолымыздың туралығына сендім. Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізген табыстары – біздің бірден-бір дұрыс жолды таңдағанымызды айқын дәлелдеп шықты.
Біріншіден, бұл кеңестен кейінгі республикалар ішіндегі ұзақ мерзімді стратегиялық дамуға арналған алғашқы құжат болды.
Екіншіден, бағдарлама Қазақстан экономикасы дамуының бар мүмкіндігін мейлінше елеп-ескеріп, еліміздің нақты мүмкіндіктері мен айқын перспективасына құрылды.
Үшіншіден,Стратегия қоғам өмірінің: ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, түбегейлі экономикалық реформа, денсаулық сақтау, ғылым-білім мен халықтың әл-ауқатын көтеру салаларын түгел қамтып, бүгінде шетелдік сарапшылар “қазақстандық даму жолы” деп ат қойып үлгерген дамудың қазақстандық моделі жасалды”- деп баяндады [128, 56 б.].
Жолдаудың мазмұнына деректанулық талдау жасау оның Президент Н.Ә. Назарбаев жасаған тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздері арасында өзіндік орыны бар ерекше дерек көзі екендігін көрсетеді. Мысалы, “Біз бүгін қай жерде тұрмыз”-деп аталатын Жолдаудың бірінші тарауында еліміздің 1997 жылғы, яғни тәуелсіздік тарихының алғашқы жылдарындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы айқын көрсетілсе, “Қазақстан мұраты” деп аталатын тарауда 2030 жылғы Қазақстан моделі суреттелген. Ал, “Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары” деп аталған тарауда сол моделге жету жолдары айқындалған. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеушілерге осы еңбекті дерек көзі ретінде пайдалана отырып, біздің неден бастағанымызды, алдымызға қандай мақсаттар қойғанымызды, оған қалай жеткенімізді зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір қайталанбас /уникальный – С.С./ дерек көзі екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар 1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қалың елім, қазағым” және “Қазақстан-Ресей қатнастары” деп аталатын екі еңбегі жарық көрді. Екі еңбекке де тән ортақ ерекшелік, екеуінің де жинақ түрінде дайындалып, жарық көруі. Бірінші кітапқа Н. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы ретінде қазақ халқының өткен тарихы, бүгіні мен болашағы және шет елдердегі қазақ диаспорасы жайлы әңгіме-сұхбаты, баяндамалары мен сөйлеген сөздері енсе, екінші кітапқа Қазақстан Республикасының ең ірі көршісі және стратегиялық серіктесі Ресей Федерациясы арасындағы қатнастар туралы айтылған баяндамалар, сөйлеген сөздер, мақалалар, сұхбаттар енген. Екі туындының дайындалу және жарық көру формалары ұқсас болғанымен, екеуі тарихымыздың екі түрлі саласынан мәлімет беретін екі бөлек дерек көздері болып табылады.