Герман – Польша соғысы
Соғыстың алғашқы кезеңi (1939–1941 жж.). 1939 жылы тамыз айының 31-і күнi Германияның Польша шекарасы маңындағы Глейвиц (Гливще) қаласында поляк әскерлерінің киімін киген эсэсшілер Гитлердiң нұсқауымен қалалық радио үйiне шабуыл ұйымдастырды. Эфир арқылы поляк тiлiнде сөз сөйлеп, Германияға Польша шабуыл жасап, радио үйiн басып алды деген хабар таратты. Шын мәнiнде бұл Польшаға қарсы ұйымдастырылған арандатушылық болатын. Осыдан кейiн Гитлер өзінің Польшаны басып алу үшiн жасаған «Вайс» соғыс жоспарын iс жүзiне асыруға кiрiстi.
1939 жылы 1 қыркүйек күнi фашистiк Германия Польшаға баса-көктеп кiрдi. Польша халқы бiрiншi болып фашистiк Германияға қарсы өз Отанын қорғауға шықты. Әскери күш тең емес едi. Себебi, бұл соғысқа Германия жақсы дайындықпен келдi. Германия Польшаны жаулап алу үшiн 1,6 млн адам, 62 дивизия, оның iшiнде 7 танк дивизиясы, 2,8 мың танк, 6 мың әр түрлi зеңбiректер, және 2 мың самолет дайындады. Ал Польшаның соғыс басталған кезде 1 млн әскері, 24 жаяу әскер дивизиясы және 12 бригада құрамы, сонымен бiрге 4300 әр түрлi зеңбiрек, 220 жеңiл танк, 800 самолеттерi бар еді.
Фашистiк Германия әскерлерi кең түрде шабуыл бастады. Польша әскерлерi өз жерiн айтарлықтай ерлiкпен қорғап, қарсылық көрсетiп жатты. Қыркүйектiң 7-і күнi Польша әскерлерiнiң азғантай тобы Вестерплятте түбегінде айтарлықтай ерлiк көрсетiп, немiс әскерлерiнiң шабуылына тойтарыс бердi. 8 қыркүйекте фашистiк Германия әскерлері Варшава қаласын қоршауға алды. Байырғы Польша мемлекетiнiң астанасының тұрғындары асқан қайсарлықпен күрестi. Варшава қаласы үшiн шайқас 20 күнге созылды.
Польша халқы ерлiкпен күресiп жатқанда, 17 қыркүйек күнi етi Сталиннiң бұйрығымен Кеңес үкiметінің әскерлерi Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның халқын азат етемiз деген сылтаумен Польшаға соғыс жариялап, жаулап алды. Сонымен қатар, Кеңес үкіметі Германиямен арақатынасты жақсартуға тырысты. 18 қыркүйекте КСРО мен Германия Польша жерiндегi бiрiккен соғыс қимылдары 1939 жылғы 23 тамыздағы Герман– Кеңес келiсiмiне ешқандай қайшы келмейдi деп мәлiмдедi. Польша мемлекетi Германия мен КСРО-ға қарсы соғысуға мәжбүр болды.
27–28 қыркүйекте Варшаваны қоршаған немiс-фашист әскерлерi қаланы аяусыз бомбалап, жауған оқтың астына алды. Ежелгi Варшава толық қиратылды. 60 мың адам өлдi. 28 қыркүйек күнi Варшава гарнизоны құлады. Герман–Польша соғысының нәтижесінде Польша үкiметi жеңiлiске ұшырады.
Польша үкiметi амалсыздан шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1939 жылғы қыркүйектен 1940 жылдың маусымына дейiн генерал Сикорский бастаған Польшаның эмиграциялық үкiметi Парижде болды. Германия Францияны басып алғаннан кейiн Польша үкiметi Лондон қаласына көштi. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында польша халқы немiсфашист оккупациясына қарсы қарулы күрес жүргiздi. Антифашистiк одаққа қосылған Польшаның эмиграциялық үкiметi Польша халқының фашизмге қарсы күресiне басшылық жасап, фашистiк Германияны талқандауға айтарлықтай үлесiн қосты.
Ғажайып соғыс саясаты.Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғаннан кейiн Франция мен Англия үкiметi 3 қыркүйек күнi өздерiнiң Польша мемлекетiмен келiсiмі негiзiнде Германияға соғыс жариялады. Бұл соғыс тарихта «ғажайып соғыс» деген атпен аталды. Себебі, бұл соғыс қандай да бір әскери ісқимылдың болмауымен сипатталған еді. Француз армиясы мен Франция жерінде тұрған британдық экспедиция корпусының күші басым болғанымен, олар Германияға қарсы шабуыл бастауға әрекет те жасаған жоқ.
Ағылшын-француз командованиесі Германияға қарсы титықтатуға бағытталған созылмалы соғыс жүргізуді және теңіз блокадасын жүргізу арқылы біртіндеп басым түсуді көздеген болатын. Сонымен қатар, ағалшын-француз империалистері Германия агрессиясын шығысқа – Кеңес үкіметіне қарай бағыттау үмітінен де бас тартқан жоқ еді.
Германияның батысында Франция мен ағылшындардың 110 дивизиясы шабуылды күтiп жатты. Ал, Германия бұған қарсы бар болғаны 23 дивизиясын ұстады. Франция мен Англия үкiметтерiнiң «ғажайып соғыс» саясаты Польша жеңiлгеннен кейiн де жалғасты. Фашистiк Германия бұл саясаттың өзiне тиiмдi екенiн бiлгеннен кейiн, Франция мен Англиядан өш алу саясатын iс жүзiне асыру үшiн, яғни Франция мен Англияны жаулап алу мақсатымен «Гельб» («Желтый») атты жоспарға қол қойды. Бұл жоспардың мақсаты - «Англияны тiзе бүктiру, Францияны талқандау» болатын. Сол кезде Шарль де Голль Франция үкiметiнiң саясаты туралы былай дедi: «Франция үкiметi үшiн Гитлерден гөрi, Сталин негiзгi жау». Бұл саясаттың мәнi антисоветтiк еді. Бұған 1939–1940 жылдарда болған Кеңес– Фин соғысы кезiнде Франция мен Англия үкiметiнің Финляндияны қолдауы дәлел бола алады. Кеңес–Фин соғысы
1940 жылы 12 наурызда аяқталды. Бұл соғыс Кеңес әскерлерiн көп шығынға ұшыратып, Кеңес үкiметiнiң соғысқа дайын еместiгiн көрсеттi.
Германияның Францияны жаулап алуы.1940 жылы 5 маусымда немiс-фашист әскерлері Дюнкерк қорғанындағы француз әскерлерiн талқандаған соң, ешқандай қарсылық көрместен Парижге бағыт алды. 1940 жылдың 6 маусымында астыртын жұмыста жүрген Франция Коммунистік партиясының Орталық комитеті Франция астанасына қатерлі жағдай төніп тұрғанын ескере отырып, үкіметке өз мәлімдемесін тапсырды. Мұнда: «Коммунистік партия Париждің неміс басқыншыларына берілуін сатқындық деп санайды. Ол Парижді қорғауды ұйымдастыру бірінші кезектегі ұлттық міндет деп есептейді» деп жазылған. Компартия «соғыс сипатын өзгертуді, оны бостандық пен отанның тәуелсіздігі үшін ұлт-азаттық соғысқа айналдыруды» талап етті. Үкімет бұл ұсыныстарға жауап қайтармады. Ол 1940 жылдың 10 маусымында Парижден Оңтүстiк Батыстағы Бордо қаласына қашып кеттi. Сол күнi фашистiк Италия Францияға соғыс жариялады.
1940 жылы 16 маусымда Францияның премьер-министрi Петэн Германия алдында жеңiлгендiгiн мойындап, келiсiмге шақырды. Бұл күн Франция тарихындағы қаралы күндердiң бiрi болып қалды. Үкіметтің мұндай қимылы Франция халқының ұлттық намысын көтерді. 1940 жылы 22 маусымда Компьен орманындағы 1918 жылы бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста жеңген Франция, жеңiлген Германия қол қойған тарихи темiржол вагонында жиырма екi жылдан кейiн жеңген Германия мен жеңiлген Франция арасында француздар үшiн масқара келiсiмге қол қойылды. 25 маусымда Рим қаласында Италия–Франция келiсiмiне қол қойылды. Бұл «ғажайып соғыс» саясатының қорытындысы болатын.
Гитлер Францияны жаулап алғаннан кейiн Англияны тiзе бүктiру үшiн 1940 жылдың 16 шiлдесінде «Теңiз арыстаны» атты соғыс жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Англияны әлсiрету үшiн теңiзде соғыс қимылдарын жүргiзе отырып Англияны әуеден шабуыл жасап үрейлендiру едi. 1940 жылы 15 қыркүйекте Лондон және басқа қалаларды бомбалауға немiстердiң 1000-ға жуық самолеттерi қатысты. Англия премьер-министрi У.Черчилль халықты Отан қорғауға шақырып, айтарлықтай қарсылық көрсеттi. Әуе соғысы барысында немiстер 1700 самолетiнен айрылды. Теңiзде ағылшындар немiстердiң бiрнеше соғыс кемелерiн жойды. Гитлер Англияны тiзе бүктiре алмағаннан кейiн, КСРО-ға қарсы соғысқа дайындыққа кiрiстi. 1939–1940 жылдардағы Еуропадағы соғыс қимылдары барысында Германия көптеген елдердi жаулап алып, өз үстемдiгiн толық орнатты.
Еуропада Германияның жаулап алған елдерi: Польша, Дания, Нидерланды, Люксембург, Франция, Греция, Югославия, Албания, Чехословакия. Германияның одақтастары: Италия, Болгария, Румыния, Венгрия. КСРО-ның құрамына кiрген елдер: Латвия, Литва, Эстония, Батыс Украина және Батыс Белоруссия, Солтүстiк Буковина.
§ 2. Ұлы Отан соғысы (1941–1945 жж.)
Германияның КСРО-ға шабуылы. 22 маусым, 1941 ж. Гитлер Батыс Еуропа елдерiнiң көбiнжаулап алғаннан кейiн, КСРО-ны (Кеңес Социалистiк Республикалар Одағы) жаулап алуға дайындыққа кiрiстi. 1940 жылы 18 желтоқсанда КСРО-ны қысқа мерзiмде басып алу мақсатында дайындалған «Барбаросса» жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Германия КСРО-ға қарсы негiзiнен үш бағытта шабуыл жасап, 8–10 апта ішінде соғысты аяқтау керек болды. Бiрiншi бағыт - Ленинград, екiншi бағыт - Мәскеу, үшiншiсi - Киев қалалары. Соғыстың түпкi мақсаты - социалистiк ел КСРО-ны жою еді. 1941 жылы «Барбаросса жоспарын» жүзеге асыру үшiн КСРО шекарасына 190 дивизия, оның 153 дивизиясы Германиядан, 5,5 млн адам, 47 мың зеңбiрек, 4300 танк және 5 мың әскери самолеттер шоғырландырылды. Мұндай қарулы күштi жинақтау адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болмаған. Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейiн ғана әскери күштердi қайта құрып, жаңа қару-жарақтармен жабдықтауға кiрiсе бастаған едi.
Соғыс қарсаңында КСРО-ның әскер қатарында 5,3 млн адам болды. Батыс шекарада 2,7 млн адам, 170 дивизия, 147 танк және 1510 самолет, 375 әр түрлi зеңбiректер болды. Осы кезде Кеңес Армиясының қатарын тазарту мен репрессия кең етек алды. Кеңес Армиясының қатарындағы 5 маршалдың үшеуi репрессияға ұшырап (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоровтар), атылды. 1937–1938 жылдардағы репрессия барысында 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. 1941 жылы соғыс басталарда әскери және саяси басшылардың 70–75%-ы жаңадан келген, тәжiрибелерi жоқ жас адамдар болды.
Сталин Ұлы Отан соғысы қарсаңында көптеген қателiктер жiбердi. Бiрiншiден, Гитлер КСРО-ға шабуыл жасайды деп ойламады. Екiншiден, соғыс қарсаңында шет елден келiп жатқан ақпарат мәлiметтерiне сенiмсiздiкпен қарады. Соғыстың басталуына бiр апта қалғанда 1941 жылғы 14 маусымда ТАСС-тың «Германия КСРО-ға соғыс ашады деген өсек ешқандай шындыққа жатпайды» деген мәлiмдемесi жарияланды. Кеңес Армиясының батыс шекарадағы бөлiмдерi толық әскери дайындыққа келтiрiлмедi. Гитлер Сталиннiң сенiмiне толық кiрiп алғаннан кейiн, соғысты бастауға кiрiстi.
1941 жылы 22 маусымда таңертеңгi 3 сағат 30 минутта, Германия шабуыл жасаспау туралы Кеңес–Герман шартын бұзып, соғыс жарияламастан КСРО жерiне опасыздықпен басып кiрдi. Баренц теңiзiнен Қара теңiзге дейiнге аралықта орасан зор шайқас басталды.
Жау соққысына бiрiншi болып шекарадағы 485 застава қарсы тұрды. Бұл застава Белоруссияның батысында орналасқан болатын. Жау күштерiнiң басымдығына қарамай, олардың бiрде-бiреуi бұйрықсыз өз орындарын тастап кетпестен, соңғы қарулары қалғанша шайқасты. Олардың бәрi қаза болды. Брест қаласының қорғанысы кеңес жауынгерлерi ерлiгiнiң жарқын мысалы болды. Жан-жақтан түгел қоршауда қалған олар азықтүлiксiз, сусыз бiр ай немiс-фашист әскерлерiнiң шабуылдарын тежеп тұрды. Олар: майор П.М.Гаврилов, капитан Зубачев, полк комиссары Е.М.Фомин, қазақстандық Ө.Жұматов пен Е.Фурсовтар еді. Кеңес әскерлерi кескiлескен табанды күрес жүргiзе отырып, шегiнуге мәжбүр болды.
22 маусым күнi күндiзгi сағат 12-де елiмiздiң барлық радиостанциялары Кеңес үкiметi атынан сөйлеген В.М.Молотовтың кеңес халқына үндеуiн таратты. Үндеуде фашистiк Германияның тосыннан соғыс ашқанын, оның түпкi мақсаты кеңес халқын құлдыққа көндiру екенiн айта келiп, «Бiздiң iсiмiз адал, жау жеңiлуi керек, жеңiс бiздiкi» деп аяқтады. Елдiң батыс бөлiгiнде соғыс жағдайы енгiзiлдi. КСРО халық Комиссарлары Кеңесi мен БКП(б) Орталық Комитетi 1941 жылы 29 маусымдағы мәлiмдемесiнде кеңес халқын елiмiздің әрбiр сүйем жерін қорғап қалуға, майдандағы әскерлерге жан-жақты көмек ұйымдастыруға шақырып, елдiң бүкiл өмiрiн майдан мүдделерiне бағындыру керек екенiн айтты. «Бәрi де майдан үшiн, бәрi де жеңiс үшiн» деген үндеу бүкiл көпұлтты кеңес халқының жауынгерлiк ұранына айналды.
1941 жылы 30 маусымда КСРО-ның соғыс жылдарындағы барлық өкiмет билiгi шоғырландырылған мемлекеттiк төтенше жоғарғы органы - Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетi (МҚК) құрылды. Бұған И.В.Сталин (төрағасы), В.М.Молотов (төрағасының орынбасары), К.Е.Ворошилов, Г.М,Маленков, Л.П.Берия, Л.М.Каганович кiрдi. Кейiн Н.А.Булганин, Н.А.Вознесенский, А.И.Микоян енгiзiлдi. МҚК қарулы күреске стратегиялық басшылықты Жоғарғы Бас қолбасшы Ставкасы арқылы жүргiзiлдi. Бас Ставканы И.В.Сталин басқарды.
1941 жылы 3 шiлде күнi И.В.Сталин радио арқылы сөз сөйлеп, соғыстың алғашқы күндерiндегi қиындықтарды, кеңес әскерлерiнiң шегiну себептерiн түсiндiрдi. Елдiң экономикасын соғыс жағдайына көшiру үшiн 1941 жылы 24 маусымда БКП(б) Орталық Комитетi Саяси бюросының шешiмi бойынша батыс аудандардағы өндiрiстi шығыс аудандарға көшiру (эвакуация) жөнiндегi Кеңес құрылды, оның төрағасы болып Н.М.Шверник тағайындалды. 27 маусымда БКП(б) Орталық Комитетi мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесi «Адам құрамы мен бағалы мүлiктi көшiру және оларды ұйымдастыру тәртiбi туралы» қаулы қабылдады. 1942 жылдың қаңтар айында шығыс аудандарға 1523 өнеркәсiп орындары, оның iшiнде 1360 соғыс өнеркәсiп орындары көшiрiлдi. Осы өнеркәсiп орындарының көбi Қазақстанға да көшiрiлдi. 1941 жылы желтоқсан айында Луганск қаласынан көшiрiлген өнеркәсiп орындарының негiзiнде құрылған Алматы ауыр машина жасау заводы алғашқы өнiмдерiн соғыс майданына жөнелттi.
БКП(б) Орталық Комитетi 1941 жылы шiлдеде «Жау әскерлерiнiң тылында күрес ұйымдастыру туралы» арнаулы қаулы қабылдады. Осы қаулы негiзiнде жау басып алған барлық аймақтарда астыртын ұйымдар мен партизан құрамдарының кең жүйесiн құру жөнiнде үлкен ұйымдастырушылық жұмыс кең етек алды. Жау тылында бүкiлхалықтық соғыс өрiстедi.
Кеңес халықтарының жауға қарсы күресте Отан сүйгiштiк сезiмін тудыратын плакаттар мен әндер көптеп шығарылды. Сондай плакаттың бiрi – И.Тойдзенiң «Отан-ана шақырады» («Родина-мать зовет»), композитор А.Александров пен ақын В.Лебедев-Кумачев шығарған және халық гимнiне айналған «Қасиеттi соғыс» («Священная война») әнi кеңес халықтарын жеңiске шақырып, жаңа рух берiп отырды.
Антигитлерлiк бiрлiк.Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейiн КСРО өз жағынан фашистiк Германияны жеңу үшiн одақтастар табуға күш салды. АҚШ және Ұлыбритания басшылары егер Фашистiк Германия соғыста жеңген күнде, өз елдерiне тiкелей қауiп төнiп, Германияның жаулап алуы мүмкiн екенiн түсiндi. Сондықтан Германия мен оның одақтастарына қарсы бiрiгiп, соққы беру арқылы дүниежүзiн фашизм қаупiнен сақтап қалу керек екенiн түсiндi. Антигитлерлiк бiрлiк құру алдында АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ф.Рузвельт пен У.Черчилль КСРО халықтарының Германияға қарсы соғысына «бұл соғыс азаттық және антифашистiк соғыс» деген анықтама берді. Мұндай анықтама беру антигитлерлiк бiрлiктiң құрылуына әкелдi. У.Черчилль 1941 жылы 22 маусымда радио арқылы сөз сөйлеп, «Коммунизмге қарсы болған адамның бiрi мен болатынмын... бiрақ қазiргi соғыс менiң ойымды кейiнге қалдырды, Ресейге төнiп отырған қауiп ертең АҚШ пен Ұлыбританияға төнеді. Орыс халқының батыл қарсылығы Отан үшiн болып жатыр. Ал Отанын қорғау әрбір адамның ерiктi және азаматтық борышы, бұл барлық халықтардың басынан өтетін қасиеттi iс» десе, АҚШ президентi Ф.Рузвельт 24 маусым 1941 жылы «Гитлерден қорғану бiздiң елдiң алдындағы қасиеттi мiндет, тәуелсiздiктi қорғау фашизмге қарсы соғысып жатқан елдердiң ғана қасиеттi борышы болып қоймай, барлығымыздың мақсатымыз болуы тиіс... » деген болатын. Олар АҚШ және Ұлыбритания үкiметтерiнiң атынан КСРО-ға көмектесуге дайын отырғандарын бiлдiрдi.
1941 жылдың 12 шiлдесінде Ұлыбритания Германияға қарсы соғысып жатқан КСРО-ға көмектесу үшiн ағылшын–кеңес келiсiмiне қол қойды. 1941 жылы 2 тамызда АҚШ өз жағынан КСРО-ға экономикалық көмек көрсетуге келiстi. Сөйтiп, антигитлерлiк бiрлiк құрылды. Бұл бiрлiкке Чехословакия мен Польшаның Лондондағы эмиграциялық үкiметтерi қосылды.
Олар КСРО жерiнде Германияға қарсы бiрiгiп күресу үшiн өз әскерлерiн құруға келiстi.
Атланттық хартия.1941 жылы тамыз айында Антлант мұхитыныңКанада жағасындағы бiр қалада АҚШ президентi Рузвельт пен Ұлыбритания премьер-министрi Черчилль кездестi. Екi ел басшылары өз елдерiнiң соғысқа көзқарасы туралы бiрiккен мәлiмдеме жасады. Онда АҚШ және Ұлыбритания «...басқа елдердiң жерiн басып алуға еш уақытта бармайды, сонымен қатар басқа халықтардың егемендік құқықтарын сыйлайды, әр ел өзiн-өзi басқару құқықтарын сақтай отырып, демократиялық мемлекет құруға құқылы» – делiнген.
АҚШ және Ұлыбритания үкiметтерi «соғыс аяқталғаннан кейiн дүниежүзiнде бейбiтшiлiк орнату, фашизмдi талқандау, ол үшiн антигитлерлiк бiрлiк құру мақсатында бар күштерiн салады» деп сендiрдi. Атлант жағасындағы кездесудегi АҚШ және Ұлыбритания басшыларының мәлiмдемесiн КСРО үкiметi қолдады. Сөйтiп, Атланттық хартия мәлiмдемесiне үш ұлы держава қосылып, антигитлерлiк бiрлiк құрылды. Соғыс жылдарындағы фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы күрестегi мәселелердi үш ұлы держава елдерiнiң басшылары Рузвельт, Черчилль және Сталин ақылдасып, шешiп отырды. Кейiннен Атлантикалық хартияға, антифашистiк, антигитлерлiк бiрлiкке басқа елдер де кiрдi.
1941 жылы 27 қыркүйекте КСРО Шарль де Голль бастаған Францияның қарсылық ұйымын мойындады. КСРО гитлерлік Германияға және оның одақтастарына қарсы күресте француздарға жан-жақты көмек көрсететiнiн бiлдiрдi. Францияның тәуелсiздiгiн қалпына келтiру үшiн фашистiк Германияға қарсы бiрiгiп, күресті жалғастыратынына сендiрдi. Шарль де Голль бұған жауап ретінде КСРО және оның одақтастары жағында ортақ жауды толық жеңгенге дейiн күресіп, КСРО-ға жан-жақты көмек көрсетiп отыратынын айтты. 1941 жылдың күзiнде антигитлерлiк бiрлiк жағында КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Франция фашистiк Германияға қарсы күреске шықты. Антигитлерлiк бiрлiктiң жалғасы ретiнде және КСРО-ға нақты көмек көрсету қақында 1941 жылы қыркүйек-қазан айларында Мәскеу қаласында АҚШ, Ұлыбритания және КСРО сыртқы iстер министрлерiнiң конференциясы өттi. Мәскеу конференциясында АҚШ және Ұлыбритания үкiметi ленд-лиз туралы заң бойынша КСРО-ға 3500 самолет, 4500 танк және азық-түлiк көмегiн көрсетуге келiстi. КСРО ленд-лиз туралы заң бойынша 1941 жылдың 7 қарашасынан бастап көмек ала бастады. АҚШ пен Ұлыбританиядан көмек үш жолмен жеткiзiлдi. Бiрiншiсi, Солтүстiк мұзды мұхит арқылы Мурманск және Архангельск қаласына, екiншiсi, Оңтүстiктен Иран арқылы, үшiншi жол Қиыр шығыстан Владивосток қаласына жеткiзiлдi.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы iрi шайқастар. Ленинградты басып алуға гитлершiлнеміс әскерлерініңбасшылығы айрықша саяси мән бердi. Ленинград Ресей тарихында орны ерекше қала болғандықтан, оны қорғау кеңес басшылары үшiн де аса маңызды еді. Жүздеген мың ленинградтықтар қысқа мерзiмде жауынгерлермен қосылып, қаланы алынбас қамалға айналдырды. 1941 жылы 8 қыркүйекте Шлиссельбургтi басып алған жау Ленинградты қоршап алды. Қала 900 күндiк қоршауда қалды. Ұзаққа созылған қоршау қала халқын өте қиын жағдайда қалдырды. Қалада аштық басталды. 1941 жылы қараша-
желтоқсан айларында қалада азық-түлiк қоры бiттi. Нанның бiр күндiк мөлшерi жұмысшыларға 250 г болса, басқа қала халқына 125 г мөлшерiнде берiлдi. Нанның сапасы адам айтқысыз болды, оған әр түрлi қосындылар араластырылып пiсiрiлетін. Аштықтан, жалаңаштықтан, жау бомбасынан, атқылаудан Ленинградтың 600 мың астам тұрғыны қаза болды.
Кеңес халқы қоршауда қалған ленинградтықтарды әр уақытта қолдап отырды. Бiрақ көмек беруге ешқандай мүмкiн-дiк болмады. Осындай қиын жағдайда қоршаудағы қала халқына «Ленинградтық өрендерiм» атты өлеңхат жолдаған Қазақстанның халық ақыны Жамбыл Жабаев өзiнiң қолдау ой-сезiмiн бiлдiредi. Кеңестiк шығыс қыздарының iшiнде бiрiншi рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған қазақтың аяулы қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова ерлiкпен шайқасып, қаза тапты.
Немiс-фашист әскерлерiнiң жазғы және күзгi үш бағыттағы стратегиялық шабуылы жүзеге аспай қалды. Гитлердiң кеңес елiн тез әрi оп-оңай жеңеміз деген ойы мәресіне жетпеді. Жау әскерлерi Мәскеу қаласына жақындай түстi. Халық бәрi де майдан үшiн, бәрi де жеңiс үшiн ұранымен Мәскеу қаласын қорғауға шықты.
Мәскеу қаласы үшiн болған шайқас.Смоленск шайқасынан кейiн гитлершiл неміс әскерлерiнiң бас штабы Мәскеуге шабуыл жасаудың жасырын «Тайфун» деп аталатын жоспарын жасады. Фашистiк Германия әскерлерi Мәскеу қаласына шабуыл жасауға зор дайындықпен келдi. Олар Мәскеу түбіне 1 млн 800 мың солдаты мен офицерiн, 1700 танкiсiн, 14 мың зеңбiрек, 1390 самолетiн шоғырландырды. Ал Кеңес әскерлерінде 1 млн 250 мың жуық адам, 7600 зеңбiрек, 990 танк, 677 самолет болды. Күш жағынан басымдық жау жағында болды. Фашист армиясының шабуылы 1941 жылы 30 қыркүйекте басталды. Мәскеудi қорғау бүкiлхалықтық майданға айналды. «Бәрiмiз сүйiктi Мәскеудi қорғауға аттанайық» деген үндеушақыру негiзгi ұранға айналды. Мәскеудi қорғау Батыс майдан қолбасшысы Г.К.Жуковқа тапсырылды.
Жау өте көп шығынға ұшырай отырып, қазан, қараша айларында Мәскеуге жақындай түстi. Жау тым жақындап қалса да, 6 қараша күнi Мәскеудегі Маяковский метросында Ұлы Қазан Социалистiк революциясының 24 жылдығына арналған салтанатты жиын өттi. 7 қарашада Қызыл алаңда әскери парад өткiзiлдi. Әскерлер алдында И.В.Сталин сөз сөйледі, оның сөзi радио арқылы берiлдi. Парадтан кейiн оған қатысқан әскер бөлiмшелерi Мәскеудi қорғау үшiн бiрден майданға аттанды. Мәскеуге тiкелей қауiп төнгенiмен, И.В.Сталин қаладан кеткен жоқ. Үкiметтiң кейбiр мекемелерi Куйбышев қаласына көшiрiлдi.
Фашистiк әскерлердің Мәскеуге шабуылы 15–18 қарашада басталды. Мәскеу үшiн шайқас Волокалам түбiнде айрықша болды. Қазақстанда ұйымдастырған генерал И.В.Панфилов бастаған 316 дивизиясының әскерлерi айтарлықтай соғыс қимылдарын жүргiзiп 28 панфиловшылдар ерлiк көрсеттi. Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы, политрук
В.Г.Клочковтар Дубосеково разъезi маңында ерлiкпен қарсылық көрсеттi. Клочковтың «Ресей кең-байтақ, ал шегiнерге жер жоқ, артымызда – Мәскеу» деген сөздерi тарихта қалды. 28 батырпанфиловшылар ерлiкпен қаза тапты, бiрақ жауды Мәскеуге жiберген жоқ.
1941 жылы 5–6 желтоқсанда Кеңес әскерлерiнiң қарсы шабуылы басталды. Қарсы шабуылды Г.К.Жуков, И.С.Конев, маршал С.И.Тимошенколар басқарды. Кеңес әскерлерiнiң қуатты соққыларына тойтарыс беруге немiс-фашист әскерлерiнiң шамасы келмедi. Жау Мәскеуден 100–250 шақырымға дейiн аласталды. Мәскеуге төнген қауiп жойылды. Фашистiк басқыншыларды Мәскеу түбiнде талқандау - соғыстың барысында түбегейлi бетбұрыс болды.
Тынық мұхит аралдарындағы соғыс қимылдары. Мәскеу қаласын қорғау үшін шайқасқызып жатқан кезде, Жапония басшылары АҚШ-қа қарсы соғыс бастауға жасырын дайындалып жатты. 1940–1941 жылдардағы Американ – Жапон келiссөздерi нәтиже берген жоқ 1941 жылы 7 желтоқсан күнi Жапонияның әскери-теңiз күштерi тосыннан, ешқандай соғыс жарияламастан, Американың Тынық мұхиттағы Перл Харбор әскери-теңiз базасына шабуыл бастады. АҚШ жағы 18 iрi кемесінен, 8 линкор және 200 самолетінен айырылды. 7 желтоқсан АҚШ тарихында қаралы күн деп жарияланды. 1941 жылы 8 желтоқсанда АҚШ жапондарға соғыс жариялады. 1941 жылдың желтоқсан айынан 1942 жылдың наурыз айына дейін Жапония әскерлерi Филиппин, Таиланд, Бирма, Малайзия,
Сингапур, Индонезия елдерiн жаулап алды. Сөйтiп, Жапония Тыныш мұхит аумағындағы елдердi жаулап алып, 3800 мың шаршы шақырым жердi, 150 млн адамды бағындырды.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс барысында антигитлерлiк бiрлiк нығайып, кең етек алды. 1942 жылы 1 қаңтарда Вашингтон қаласында 26 елдiң қатысуымен конференция өтті. Конференцияға қатысушылар «Бiрiккен ұлттар декларациясын» бiр ауыздан қабылдады. Соғыс жылдарында бiрiгiп күрес жүргiзе отырып, жеңiске жету мiндеттерiн қойды. 1942 жылы 26 мамырда Лондон қаласында Кеңес–Ағылшын, 11 маусымда Вашингтон қаласында Кеңес–Америка келiсiмдерiне қол қойылып, КСРО, АҚШ және Ұлыбритания елдерi антигитлерлiк бiрлiктi нығайтып, фашистiк Германия мен Жапонияға қарсы соғыс қимылдарын жүргiздi. 1942 жылы маусым айында КСРО, АҚШ және Ұлыбритания елдерi Еуропада екiншi майдан ашуға келiсiмге келдi. Бiрақ екiншi майдан ашу туралы уәделерiн орындай алмады, КСРО халқы фашистiк Германияға қарсы соғыс қимылдарын жалғыз жүргiзiп жатты.
Сталинград шайқасы.1942 жылы 23 шiлде немiс-фашист әскерлерiСталинград қаласына шабуыл бастады. 27 қыркүйекте қалаға кіріп, қала көшелерiнде ұрыстар жүредi. Сталинград шайқасына 80-нен аса дивизия қатысты. Екi жақтан 2 млн адам қатыстырылды. Сталинград қорғанысын 62 және 64 армия басшылары генерал-лейтенант В.И.Чуйков және генерал-майор М.С.Шумиловтар басқарды. Кеңес әскери басшылары «Уран» атты шартты түрде жоспар жасап, қарсы шабуылға дайындалады. Бұл соғыс операциясы Бас Ставканың шешiмiмен армия генералы К.Г.Жуков және генерал-полковник А.М.Василевскийлерге жүктелдi. Оңтүстiк Батыс майдан қолбасшысы – генерал-лейтенант Н.Ф.Ватутин, Дон майданы қолбасшысы – генерал-лейтенант К.К.Рокосовский, Сталинград майданы қолбасшысы – генерал-полковник А.И.Еременко қатысты. Бұлардың ойы жау әскерлерiнiң негiзгi күштерiн қоршап алып, құртып жiберу.
Кеңес әскерлерiнiң тарихи қарсы шабуылы қуатты артиллериялық әзiрлiктен кейiн 1942 жылы 19 қараша Оңтүстiк Батыс және Дон майдандарының әскер құрамалары берген соққылармен басталды. 20 қарашада Сталинград майданының әскерлерi де шабуылға шықты. 23 қарашада Оңтүстiк Батыс пен Сталинград майдан әскерлерi Калач-Советский ауданында тоғысты. Жаудың 330 мың адамнан тұратын топтарын қоршауға алды. 1943 жылы 10 қаңтарда кеңес әскерлерi шабуылға шықты, 2 ақпан күнi қоршауда қалған генерал-фельдмаршал Паулюс әскерлерiмен қолға түстi. Сталинград шайқасы кеңес әскерлерiнiң жеңiсiмен аяқталды.
Сталинград шайқасы Герман фашизмiнiң аса iрi әскери-саяси жеңiлiсi болды. Ол Ұлы Отан соғысындағы түбегейлi бетбұрысты жүзеге асыруда шешушi роль атқарды және екiншi дүниежүзiлiк соғыстағы түбегейлi бетбұрыс болды. Сталинград шайқасы Еуропаның немістер басып алған елдерiнде қарсылық қозғалысын өрiстеттi. Қызыл Армия әскерлерi барлық майданда шабуыл жасап, қоршау бұзылды, Ленинград жауға төтеп берiп жеңiп шықты.
Курск шайқасы. 1943 жылдың ортасында Кеңес – Герман соғысының майдандары Курск – Орел – Белгород бағытына ауысты. Германия басшылары кеңес әскерлерiне шешушi соққы беру үшiн «Цитадель» жоспарын жасайды. Бұл жоспар бойынша немiс-фашист әскерлерi кеңес әскерлерiн Курск бағытында қоршап жеңiске жету болды. Орел және Харьков бағытында шабуылға шығуды көздедi. Германия осы бағытта 50 дивизия, 900 мың адам, 10 мың зеңбiрек және 2700 танк, 2 мың самолет шоғырландырды. Немiстердiң жаңадан жасалған «Тигр», «Пантера» танкілерi қатысты.
Кеңес әскери басшылары К.К.Рокосовский, Н.Ф.Ватутин,
М.М.Попов және И.С.Конев Курск иiнiндегі шайқастарға қатысты. Орталық, Воронеж, Брянск және Далалық майдандардың әскерлерi терең тiзбектелмелi қорғаныс шептерiн жасады.
Фашистердiң шабуылы 1943 жылы 5 шiлдеде бастады. Бұл мерзiмдi бiлетiн кеңес басшылығы жаудың шабуылы басталуға 10 минут қалғанда, таңғы 4 сағат 50 минутта артиллериямен үстi-үстiне атқылап, есiнен тандырды. Кеңес әскерлерiнiң ерлiгi бұқаралық сипат алды. Әуе шайқастарына француздардың «Нормандия» авиациялық полкi де қатысты.
12 шiлдеде жау барлық майдан бойынша тоқтатылды. Бұл күнi Прохоровка төңiрегiнде екi жақтың бiрiне-бiрi қарамақарсы шыққан ең күштi танк шайқасы болды, ұрысқа екi жақтан 1500-ге жуық танк қатысты. 1943 жылы 5 тамыз кеңес әскерлерi Орел мен Белгородты азат еттi. Осы жеңiстiң құрметiне дәл сол күнi Мәскеуде бiрiншi рет артиллериядан салтанатты салют берiлдi. 1943 жылы 23 тамызда Харьков қаласы жаудан түпкiлiктi азат етiлдi.
Курск түбiндегi жеңiс Ұлы Отан соғысының және екiншi дүниежүзiлiк соғыстың барысында болып жатқан түбегейлi бетбұрысты тиянақтап, бекiте түстi. Фашистiк Германияның стартегиялық iрi қарсы шабуылға шықпақ болған соңғы әрекетi толық сәтсiздiкпен аяқталды. Курск түбiндегi шайқаста фашистiк Германияның одақтасы фашистiк Италия әскерлерiнiң жеңiлiс тауып, Италия соғыстан шықты. 1943 жылы 10 шiлдеде АҚШ және Ұлыбритания әскерлерi Сицилияға түсiп, Италия әскерлерi ешқандай қарсылық көрсете алмай жеңiлiс тапты. 1943 жылы 25 шiлдеде Муссолини үкiмет басшылығынан түстi. Оның орнына маршал Бадольо тағайындалды. 1943 жылы 13 қазанда Италия Германияға соғыс жариялады. Фашистiк блок елдерi әлсiрей түстi.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарындағы халықаралық конференциялар.1943 жылы 19–30 қазанайында Мәскеу қаласында алғашқы рет АҚШ, Ұлыбритания және КСРО елдерiнiң сыртқы iстер министрлерiнің қатысуымен конференция өттi. Соғыстан кейiнгi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және фашизм одақтастарын толық жеңгенге дейiн соғыс қимылдарын жүргiзу мәселелерi талқыланды.
Конференция жұмысына Қытай сыртқы iстер министрi қатысып, Ұлттар Бiрлiгi арқылы ынтымақты дамытуға келiстi. Конференцияда «Австрия туралы» декларация қабылдады. Үш ұлы держава елдерi Германияның Австрияны жаулап алуын ешқашан мойындамайтындығын, тәуелсiз Австрия мемлекетiн құруға келiсетiнiн бiлдiрдi. «Италия туралы» декларацияда «фашизмдi жеңгеннен кейiн демократия негiзiнде Италия мемлекетiн қайта құруға келiстi».
Конференцияның соңғы күнi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы атынан декларация қабылдады. Германияны талқандағаннан кейiн соғыс бастаған фашистердi, оның басшыларын халықаралық трибуна арқылы соттауға шешiм қабылдады. АҚШ және Ұлыбритания сыртқы iстер министрлерi өздерiнiң үкiмет басшылары атынан 1944 жылдың жазында Еуропада екiншi майдан ашуға ниет бiлдiргенiн мәлiмдедi. АҚШ делегаттарының басшысы Сталинге Жапонияға қарсы соғыста көмек көрсете алады деген сенiм бiлдiрдi. Сталин Жапонияны талқандауға толық көмек көрсететiнiн айтты. Герман мәселесi де конференцияда сөз болды. АҚШ және Ұлыбритания Шығыс Еуропада федерация құру туралы ұсыныс енгiздi. КСРО делегациясы мұны қолдамады. 1943 жылы қараша-желтоқсан айында Тегеран қаласында тұңғыш рет АҚШ, Ұлыбритания және КСРО үкiмет басшылары Рузвельт, Черчилль және Сталиннiң қатысуымен конференция өткiзуге шешiм қабылдады.
Тегеран конференциясы.28 қараша–1 желтоқсанда Тегеран қаласында АҚШ(Рузвельт), Ұлыбритания (Черчилль) және КСРО-ның (Сталин) қатысуымен конференция өз жұмысын бастады.
Черчилль екiншi майдан ашуды Балқан түбегiнен бастау керек деген ойын бiлдiрдi. Ондағы ойы Қызыл Армия әскерлерi Еуропа елдерiн азат еткенге дейiн екiншi майдан әскерлерiн енгiзу болды. Рузвельт пен Сталин бұл ұсынысты қолдамады. Тегеран конференциясында екiншi майданды 1944 жылы мамыр айында Солтүстiк Францияның Нормандия жерiне десанттар түсiрiп, Германияға қарсы американ-ағылшын әскерлерi соғыс қимылдарын бастауға келiстi. Екiншi майданның бiрiккен Бас штабын АҚШ генералы Эйзенхауэр басқаратын болды.
Соғыстан кейiнгi Германия туралы Рузвельт пен Черчилль ұсынысы қабылданбады. Сталин Еуропаны бөлшектеуге қарсы болды. Польша мәселесi қаралды. Польшаның шығыс шекарасын Керзон сызығы арқылы жүргiзуге келiстi, ал Батыс шекарасы Одер өзенi арқылы өту керек деп мақұлданды. Батыс Польша жерi Польшаға қайтарылуы керек, бiрақ Польша мәселесi кейбiр келiспеушiлiктерге байланысты кейiнге қалдырды. Тегерандағы конференцияға қатысушы үш елдiң басшылары антигитлерлiк бiрлiктiң нығайып отырғанын, Германия мен Жапонияны жеңгенге дейiн бiртұтас майдан арқылы күрес жүргiзуге бел байлап отырғандықтарын паш еттi.
Тегеран конференциясы аяқталғаннан кейiн, Рузвельт пен Черчилль Каир қаласына келiп, Қытай үкiметiнiң басшысы Чан Кайшимен кездестi. Бас қосуда Жапонияға қарсы соғыста бiрiгiп, күресетiнiн бiлдiрдi. Жапонияны жаулап алған елдерден кетуге мәжбүр ететiнiн, Қытайға Жапонияның басып алған жерлерiн қайтаратынына келiстi.
Қырым (Ялта) конференциясы.1945 жылы 4–11 ақпанда Ялта қаласының Ливадийсарайында өттi. Қырым (Ялта) конференциясына АҚШ (Рузвельт), Ұлыбритания (Черчилль), КСРО (Сталин) қатысты. Соғыстан кейiн Германия демократияландыру, демиллитаризациялау және денацификалау жүргiзу келiсілдi. ДДД формуласы пайда болды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымын құру туралы мәселе қаралып, оның құрылымын бекiтілдi. БҰҰ-ның қауiпсiздiк кеңесi дауыс беру арқылы шешiлiп, оның мүшелерiне «вето» дауыс беру құқығы берiлетiн болды. Қырым конференциясы БҰҰ-ның құрылуын 1945 жылы 25 сәуiрде Сан-Франциско конференциясына қалдырды.
Сонымен қатар, Ялта конференциясында Польша мәселесi де қаралды. Польшаның шекара мәселесi Тегеран конференциясындағы келiсiмге тоқталды. Польша уақытша үкiметiнiң құрамына эмиграциялық үкiметтiң басшылары да кiретiн болды. АҚШ пен Ұлыбритания Польша уақытша үкiметiн мойындайтын болды. Үш елдiң басшыларының, бұдан бұрын келiсiлгендей, Германияны талқандағаннан кейiн Жапонияға соғыс жариялайтынын бiр ауыздан мақұлдады. КСРО өз жағына Сахалин, Куриль аралдары қайтарылған күнде, Жапонияға соғыс жариялайтынына сендiрдi. Антигитлерлiк бiрлiк елдерi фашистiк Германияның жеңiлiс табатынына ешқандай күмән қалмағанын түсiндi. Еуропада жеңiс күнi жақындап қалды.
Берлин (Потсдам) конференциясы.Фашистiк Германия талқандалғаннан кейiн, 17шiлде – 2 тамызда Берлин (Потсдам) халықаралық конференциясы ашылды. Конференцияға АҚШ (Трумэн), Ұлыбритания (Эттли), КСРО (Сталин) және осы елдердің Сыртқы iстер министрлерi АҚШ (Дж.Бирнс), Ұлыбритания (Иден, Бевин), КСРО (Молотов) қатысты. Мұндағы басты мәселе Германия болды. Қырым конференциясында үш елдiң басшыларының келiсiмi бойынша, Германия дағдарысын шеш Еуропалық консультативтiк комиссия мен Бақылау кеңес ұйымына тапсырылды. Германия демократиялық бiртұтас мемлекет болып құрылу керек еді. Немiс халқы өз мемлекетiн құру құқығын алу керек. Ол үшiн денацификация және демиллитаризациялануы қажет. Берлин конференциясында соғыс қылмыскерлерiн соттау, қарулы күштерiн және соғыс өнеркәсiп орындарын одақтас елдердiң бақылауына өткiзу туралы мәселе қозғалды. Германия жерiн төрт оккупациялық бөлiкке бөлiп, әр бөлiктi төрт елдiң қарулы күштерiнiң басшылығына беру жөнінде айтылды. АҚШ, Ұлыбритания, КСРО және Франция оккупациялық бөлiктерде болашақ Германия мемлекетiн құру үшiн келiсiм бойынша Бақылау кеңес ұйымы жұмыс атқару керек. Батыс Германия жерi үш зонаға бөлiндi, яғни АҚШ, Ұлыбритания және Франция, ал Шығыс Германия – КСРО-ның оккупациялық зонасына бөлiндi.
Соғыстан кейiн Германия репарациялық төлем төлеу мәселесi қаралып, КСРО Шығыс Германия жерiнен репарациялық төлемге тиiстi өнеркәсiп құрал-жабдық арқылы 25%, оның 10% қайтармайтын, 15% азық-түлiк есебiнен болып келiстi. Польшаға КСРО өз есебiнен беруге келiстi.
Польша – Герман шекарасы туралы мәселеде, көп таластартыстан кейiн, КСРО-ның ұсынысы жеңiп шықты. Берлин конференциясының шешiмiмен Польшаның батыс шекарасы Одер – Батыс Нейсе өзенi арқылы өтетiн болып шешiлдi. Батыс Польша жерiндегi немiстер Германияға көшiрiлетiн болды. Сонымен қатар денацификация шараларын жүргiзу барысында фашистiк ұлттық-социалистiк партияға тиым салуға, соғыс қылмыскерлерiн анықтап, халықаралық трибунал арқылы соттауға шешiм қабылдады.
Берлин (Потсдам) конференциясында АҚШ, Ұлыбритания және КСРО басшылары Жапонияға соғыс ашуға келiстi. КСРО (Сталин) өз жағының Жапониға соғыс жариялайтынына тағы да сендiрдi. Конференцияның соңғы күнi АҚШ президентi Трумэн өз елiнде атом бомбасын жасағанын және оның 21 шiлдеде АҚШ-та сынаудан ойдағыдай өткенiн хабарлады.
Атом бомбасы туралы хабарлай отырып, АҚШ президентi
Трумэн өзiнiк күш көрсету ойын бiлдiрiп отырды. Бұл хабарды АҚШ соғыс министрi Г.Стимсоннан естiгеннен кейiн, Черчилль
«бұл жаңалықты Сталинге хабарлау керек» – дедi. 24 шiлдеде Трумэн Сталинге АҚШ-та атом бомбасы дайын екенiн, оны Жапонияға пайдаланатынын айтқанда, Сталин «бұл жаңалыққа ешқандай мән берген жоқ», – деп мойындайды Трумэн. АҚШтың «атом дипломатиясы» осылай пайда болды. Бұл дипломатия соғыстан кейiн АҚШ-тың КСРО-ға қарсы «суық соғыс» және «күш көрсету» саясатын бастауға әкелдi.
Сан-Франциско конференциясы.Қырым конференциясының шешiмiне сәйкес, 1945 жылы 25 сәуiрде Сан-Франциско қаласында Бiрiккен Ұлттар Ұйымының конференциясы ашылды. Конференция жұмысына 46 елден 300 делегат қатысты. Украина ССР мен Белорусс ССР-ының делегаттары да қатысты. 26 сәуiрде БҰҰ-ның жарғысы (уставы) қабылданды. «Бiрiккен Ұлттар Ұйымы - делiндi жарғыда - дүниежүзiнде бейбiтшiлiк және қауiпсiздiк орнату, соғысқа қарсы бiрiгiп күресу, халықаралық құқықты сақтай отырып әдiлеттiк пен ынтымақты дамыту, халықаралық дау-жанжал мәселелердi бейбiт жолмен шешу; адамдардың құқығын қорғау, барлық адамдарға еркiндiк, тiлге және дiнге бостандық беру, ұлттардың тең өркендеуiне келiсiмге жетуді қолдайды».
БҰҰ-ның құрылымы бекiтілдi. БҰҰ-ның толық мүше елдерiнiң қатысуымен жалпы жиналысы – Бас Ассамблея. БАның жыл сайын сессиясы өткiзiледi. БҰҰ-ның тұрақты ұйымы - Қауiпсiздiк Кеңесі. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң шешiмiн барлық мүше елдердің орындауы мiндеттi. Қауiпсiздiк Кеңеске тұрақты мүше бес ел - КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай. Бес мүше елдiң жеке дауыс беру құқығы (вето) бар. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтiк кеңесi, Халықаралық сот, Секретариат және басқа комитеттер, комиссиялар, арнаулы ұйымдары бар. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының құрылуы дүниежүзi қауымдастықтарының iрi жеңiсi болды.
Фашистiк Германияның тiзе бүгуi. 1945 жылы 16 сәуiрде Берлин қаласына таңертеңгi сағат 5-те Кеңес әскерлерiнiң шабуылы басталды. Фашистiк Германия Берлин бағытында 1 млн адам, 10 мыңнан аса зеңбiректер, 3,5 мыңға жуық самолет және 1,5 мың танктер ұстады. Кеңес әскерлерi жағынан Берлин операциясына 2,5 млн адам, 41600 зеңбiрек, 6250 танк және 7500 самолет қатысты. Берлин бағытында шешушi шабуыл жасау үшiн Ставка аса көрнектi кеңес әскери қолбасшылары Г.К.Жуков, К.К.Рокосовский, И.С.Конев басшылық жасаған, 1– 2-Белорусс майдандары мен 1-Украин майдаанының әскерлерiн бөлдi. Күштiң едәуiр басымдығына қарамастан, кеңес әскерлерiнiң алдында немiс-фашист әскерлерiнiң күштi қарсылығын жеңу мiндетi тұрды.
29 сәуiрде кеңес жауынгерлерi рейхстагқа шабуылды бастады. Сол күнi кеңес жауынгерлерiнiң алды рейхстагқа жақындап, қазақ жауынгерi Р.Қошқарбаев рейхстагтың екiншi қабатына ту тiктi. Бiрақ шабуыл тоқтаған жоқ, екi күнге созылған шайқастан кейiн 1 мамыр күнi рейхстагтың күмбезiне орыс М.А.Егоров пен грузин М.В.Кантария ту тiктi. Келесi күнi Берлин гарнизоны тiзе бүктi. 5-армия қолбасшысы Кеңес Одағының Батыры, генерал Н.Э.Берзарин Берлиннiң коменданты болды.
1945 жылы 8 мамырда Берлиннiң iргесiндегi Карлсхорст қаласында немiс фельдмаршалы, вермахтың Жоғарғы командованиесiнiң штаб бастығы Кейтель, флот адмиралы Х.Фридебург фашистiк Германияның сөзсiз тiзе бүгуi туралы актiге қол қойды. КСРО жағынан Кеңес Одағы маршалы Г.К.Жуков қол қойды. Ұлы Отан соғысында гитлерлiк Германияны толық талқандауымен белгiлi болып, жеңiстiң құрметiне КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң Президиумы 9 мамырды бүкiлхалықтық салтанат күнi - Жеңiс Мерекесi деп жариялады. 1945 жылы 24 шiлдеде Мәскеудегi Қызыл алаңда Жеңiс Парады өткiзiлдi. Берлин операциясына басшылық жасаған маршал Г.К.Жуков үш рет Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Маршалдар И.С.Конев және К.К.Рокоссовский екi рет Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Берлин операциясына кеңес жауынгерлермен бiрге Польша әскерлерi қатысты.
Жапонияның талқандалуы.Потсдам конференциясы аяқталғаннан соң бiр аптаөткеннен кейiн 1945 жылы 9 тамызда КСРО өзiнiң одақтастық мiндеттемелерiн орындай отырып, Жапонияға қарсы соғыс бастады. Кеңес Одағы Қиыр Шығыста 40-қа жуық дивизия ұстауға мәжбүр болды. Соғыс басталған кезде кеңес әскерлерiнiң саны 1,5 млн адамға жеттi. Қиыр Шығыстағы Кеңес әскерлерiнiң Бас командованиесi құрылып, оған Кеңес Одағының маршалы А.М.Васильевский басшылық еттi. Кеңес әскерлерiнiң алдында тұрған негiзгi мiндет - 1 млн квантун әскерiн құрту еді. Ұрыс қимылдарының бiрiншi күнінен кеңес әскерлерiнiң қарқынды шабуылы басталды. 1-Қиыр Шығыс майданы (қолбасшысы – маршал К.А.Мерецков) және Монғол Халық Республикасы жерiнен – Забайкалье майданы (қолбасшысы – маршал Р.Я.Машиновский) шабуыл бастады. 2Қиыр Шығыс майданының әскерлерi (қолбасшысы – армиягенералы М.Н.Пуркаев). Амур және Уссури өзендерiнен өтiп, Манчьжурияның iшкi жағынан қарай жылжи бастады. 14 тамызда кеңес әскерлерi Квантун армиясын бөлшектеп, оны толық қоршап алды.
Қиыр Шығыстағы бүкiл соғыс қимылдары 24 күнде аяқталды. Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғыста кеңес әскерлерi Оңтүстiк Сахалин және Курил аралдарын, Солтүстiк Шығыс Қытай және Солтүстiк Кореяны азат еттi.
АҚШ 1945 жылы 6 тамызда Хиросима, одан соң 9 тамызда Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады. Атом бомбасынан 100 мың адам өлдi. 400 мың адам жараланып, радиоактивтiк сәулеге ұшырады. Жапонияның талқандалуынан кейiн Въетнам, Малайе, Индонезия, Бирма халықтары өз елдерiнiң тәуелсiздiгiн жариялады. Тынық мұхит аралдары Жапониядан азат етiлiп, АҚШ-тың қарауына көштi.
1945 жылы 2 қыркүйекте Токио шығанағында американдық «Миссури» линкорының бортында Жапонияның сөзсiз тiзе бүгуi туралы актiге қол қойылды. Кеңес жағынан оған генераллейтенант К.Н.Деревяненко қол қойды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс аяқталды.