Төмендегі жағдайларда жалғыз оқушы жамағатқа қалай ілеседі?
- Қамат айтылғанда парыз намазын жалғыз оқып тұрған кісі бірінші рәкәтін сәждеге әлі жеткізбеген болса, бір сәлеммен намазын үзіп, имамға қосылады.
- Қамат айтылғанда екі рәкәттік намазды жалғыз оқып тұрған кісі бірінші рәкәттің сәждесінде болса, сәждеден кейін намазын бір сәлеммен үзіп, жамағатқа қосылады.
- Бесінге қамат айтылғанда таң намазының қазасын өтеп тұрған кісі бірінші рәкәттің сәждесінде болса, сәждеден басын көтергенде бір сәлем беріп, жамағатқа қосылады. Сол сияқты құптанға қамат айтылғанда ақшамның қазасын өтеп тұрған кісі бірінші рәкәттің сәждесінде болса, сәждеден басын көтергенде бір сәлем беріп, жамағатқа қосылады.
- Қамат айтылғанда төрт рәкәттік намазды жалғыз оқып тұрған кісі бірінші рәкәттің сәждесінде болса, намазы бекер кетпес үшін, оны екі рәкат етіп оқиды. Сосын жамағатқа қосылады. Оқыған екі рәкәті нәпілге айналады.
- Қамат айтылғанда төрт рәкәттік намазды жалғыз оқып тұрған кісі үшінші рәкатта тұрса, тұрған күйінде бір сәлеммен намазын үзіп, жамағатқа қосылады. Ал егер үшінші рәкәтті оқып қойса, намазын төрт рәкәт етіп жалғыз аяқтауына болады.
- Бесіннің сүннетіне тұрған кісі парызға қамат айтылса, сүннетін екі рәкат етіп оқиды да жамағатқа қосылады. Парыздан кейін сүннетін өтейді.
- Мешітке кірген кісі қамат айтылғанда сүннет намазын да, мешітке сәлем намазын да оқымай, бірден жамағатқа қосылады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا أقيمت الصلاة فلا فصلاة إلا المكتوبة)
«Парызға қамат айтылғанда парыздан басқа намаз оқылмайды!»[646]. Мешітке кіргенде парыз оқып тұрған жамағатқа үлгеруіне сенімді болған кісі таң намазының сүннетін оқуына болады. Сенімсіз болса, парыздан кейін оқығаны дұрыс, өйткені жамағаттың сауабы сүннет намазының сауабынан абзал. Имам сәлем айтқанға дейін жамағатқа үлгерген кісі жамағаттың сауабына үлгереді.
Масбуқ кісі имаммен бірге рәкәтқа қашан үлгереді?
Имамға тахрим тәкбірінен рүкүғта тұрған күйіне дейінгі аралықта келіп ұйыған кісі сол рәкәтқа үлгеруші болып саналады. Ұюшы тахрим тәкбірін айтса, жеткілікті.
Имам сәждеге барғанда ұйыған кісі бұл рәкәтқа үлгермеді және оны имамның сәлемінен кейін толықтырады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا جئتم والإمام راكع فاركعوا، وإن كان ساجداً فاسجدوا ولا تعتدوا بالسجود إذا لم يكن معه الركوع)
«Сендер намазға келгенде имам рүкүғта болса, рүкүғ жасаңдар! Сәждеде болса, сәжде жасаңдар! Рүкүғқа үлгермесеңдер, сәждені рәкәт есебіне алмаңдар»[647].
Сап түзеу
1 -Имамның қасында бір адам ғана болса, ол имамның оң жағына сәл ғана шегініп тұрады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбармен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге намаз оқығанын хабарлап, былай деді:
(فأخذ برأسي أو بذؤابتي فأقامني عن يمينه)
«Ол менің басымнан ұстап, оң жағына тұрғызды»[648].
2 - Имамның қасындағы адам саны екі не одан көп болса, олар имамның артында сапқа тұрады. Анас ибн Мәликтің әжесі Мулайка, Аллаһ тағала оларға разы болсын, бір күні Аллаһтың елшісін (саллаллаһу алайһи уа саллам) асқа шақырады. Тамақтанған соң, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оларға: «Тұрыңдар, сендерге береке тілеп намаз оқиын»-дейді. Анас айтады: Мен үйімізде біраз тұрып, ескіріп қалған ши тоқыманы алып, оған су септім. Сосын оны жерге төседім. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) намазға тұрды. Мен және бір жетім бала артына сапқа тұрдық. Әжем біздің артымызға тұрды. Ол біз үшін екі рәкәт намаз оқыды. Сосын кетіп қалды»[649].
3 - Адам саны көп болса, имамның артында сап тізіп тұрады. Имамға бірінші саптың ортасында тұру мәкрүһ тахриман. Ер адамдар алдыңғы саптарға, балалар кейінгі саптарға тұрады. Одан кейін әйел кісілер тұрады. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(أتموا الصف المقدم)
«Бірінші сапты толтырыңдар!..»[650]. Бірінші сапта бос орын қалса, оны дереу толтыру қажет. Егер бірінші сап жүйеленген болса, екінші сапты бастаушы кісі қасына біреу келгенше күтіп тұрады. Біреудің келуі кешіксе, алдыңғы саптан бір кісіні артқа тартады, әрине, егер ол мұндай үкімді танитын болса. Егер олар түсінбей қала ма деп қорықса, жалғыз тұрып жамағатқа ілеседі.
Әр намазға тұрарда имам жамағатқа сап түзеулерін бұйырады. Бұлай істеуі - мустахап. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) намаз басталарда былай дейтінін айтты:
(اعتدلوا في صفوفكم و تراصوا فإني أراكم من وراء ظهري)
«Сапқа тізіліңдер және тығыз тұтасыңдар! Шын мәнінде, мен сендерді арқа жағымнан көремін»[651].
Әбу Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) намаз басталарда иықтарымызды ұстап, былай дейтін:
(استووا ولا تختلفوا فتختلف قلوبكم)
«Түзеліңдер және өзгешеленбеңдер! Әйтпесе, жүректерің келісе алмайтын болады..»[652].