Тексеру және залалсыздандыру тәртібі
Карантинге жататын өнiмдi әкелу, әкету, транзиттеу, ішкі мемлекеттік тасымалдау, тексеру және залалсыздандыру тәртібі
1. Карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкілетті органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндеттi.
Құпия сипаттағы ақпараты бар жасалған шарт өнiм берушiнiң жазбаша келісімiнсiз жария етiлмеуге тиiс.
2. Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге фитосанитариялық бақылау бекеттерi арқылы ғана рұқсат етiледi.
Карантинге жатқызылған өнiмге арналған кедендік құжаттарды ресімдеу фитосанитариялық қадағалаудан өткiзiлгеннен кейін жүргізіледi.
Егер басқа мемлекеттердiң карантиндік шаралары Қазақстан Республикасында қолданылатын фитосанитариялық қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн болса, олар танылады.
Импорттық және транзиттік карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жабық немесе изотермиялық, ақаусыз және пломбаланған контейнерлермен, герметикалық орамдармен, вагондармен, автофургондармен, авторефрижераторлармен және басқа да көлiк құралдарымен тасымалданады.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң, консулдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ артықшылықтар мен иммунитеттi пайдаланатын тұлғалардың карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуi Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүргiзiледi.
2-1. Қазақстан Республикасының аумағына:
1) экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарысыз карантинге жатқызылған өнімді;
2) карантиндік объектілер мен бөтен түрлер жұқтырған карантинге жатқызылған өнімді;
3) топырақты, тамыр жайған өсімдіктерді топырағымен қоса;
4) уәкілетті органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін әкелінетін үлгілерді қоспағанда, өсімдік ауруларын қоздырушыларды – тірі саңырауқұлақ өскіндерін, бактерияларды, вирустарды, сондай-ақ өсімдіктерді бүлдіретін жәндіктерді, кенелерді, нематодтарды, карантиндік арамшөптер тұқымдарын әкелуге тыйым салынады.
4. Карантинге жатқызылған өнімді әкетуге уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері беретін фитосанитариялық немесе карантиндік сертификаттар болған жағдайда:
1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге – фитосанитариялық сертификаттар болған жағдайда;
2) Қазақстан Республикасының ішінде – карантиндік сертификаттар болған жағдайда рұқсат етіледі.
Жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық сертификат алу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне аумақтық органдарға мынадай мәліметтерді:
1) карантинге жатқызылған өнімнің атауы мен санын;
2) импортқа шығарушы елдің атауын және карантинге жатқызылған өнім баратын мекен-жайды;
3) экспортталатын карантинге жатқызылған өнiмге арналған шартта көрсетiлген импорттаушы елдiң өсiмдiктер карантинi жөніндегі ұлттық қызметiнiң өсiмдiктер карантинi саласындағы талабын;
4) карантинге жатқызылған өнімді тиеп-жөнелту мерзімі мен орнын;
5) сол арқылы карантинге жатқызылған өнімді әкелу болжанатын импортқа шығарушы елдің шекаралық пунктінің атауын көрсетіп өтінім береді.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантинге жатқызылған әкелінетін өнімнің карантиндік жай-күйін жүкті тиеп-жөнелтудің бастапқы орындарында және экспорттық партияларды қайта тиеу (қалыптастыру) кезінде теңіз және өзен порттарында (айлақтарында), әуежайларда, теміржол станцияларында, почта байланысы ұйымдарында, ішкі сауда объектілерінде автовокзалдарда (автостанцияларда) және өзге де объектілерде қайтадан белгілейді. Қайта тиеусіз әкету кезінде шекаралық пунктте және постыда тиеп-жөнелту орнында берілген фитосанитариялық сертификаттың дұрыс ресімделуін қадағалау ғана жүзеге асырылады.
Фитосанитариялық сертификатты карантинге жатқызылған өнімде карантиндік объектілердің бар-жоғын зерттеген өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор береді және өзінің жеке қолымен және белгіленген үлгідегі мөрмен (мөртабанмен) куәландырады. Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнімнің әрбір партиясына беріледі және оның карантиндік жай-күйін куәландыруға, жүргізілген залалсыздандыру, осы өнімді жеткізу жөніндегі басқа да қосымша карантиндік талаптарды орындау туралы мәліметтері болуға тиіс.
Фитосанитариялық сертификатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді.
4-1. Карантинге жатқызылған өнімді облысаралық тасымалдау уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы беретін карантиндік сертификаттар болған кезде жүзеге асырылады.
Карантиндік сертификатты алу үшін жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтінім береді және карантиндік жай-күйді айқындау үшін өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторға карантинге жатқызылған өнімді ұсынады.
Өтінімде карантинге жатқызылған өнімнің атауы, баратын пункті және пайдалану мақсаты көрсетіледі.
Карантинге жатқызылған өнімді жүретін жолында немесе баратын пунктінде басқа мекен-жайға жіберу уәкілетті органның өз аумағында осы операциялар жүзеге асырылатын аумақтық бөлімшесінің рұқсаты бойынша жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының карантинді аймағынан әкетілетін карантинге жатқызылған өнімді жүру жолында басқа мекен-жайға жіберуге тыйым салынады.
Әкелінетін карантинге жатқызылған өнім оның баратын пунктінде қайтадан карантиндік тексеруге жатады.
5. Карантинге жататын өнiмдi және көлiк құралдарын тексеру мен залалсыздандыру, зертханалық сараптама, карантин құжаттарын беру олардың иелерi қаражатының есебiнен, Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасына сәйкес және онда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін карантинге жатқызылған өнім, карантинге жатқызылған өнім тасымалданатын көлік өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қадағалауға және қажет болғанда фитосанитариялық қадағалау бекеттерінде карантиндік тексеруге, сондай-ақ тиісті актілер ресімделе отырып, карантинге жатқызылған өнім баратын жерде карантиндік тексеруге жатады.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім иелерiне Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасын түсiндiредi, экспорттаушы елдiң ұлттық карантиндiк қызметiнiң фитосанитариялық сертификатының болуын анықтайды, көлiкке, карантинге жатқызылған өнiмге сыртқы тексеріп қарауды жүргiзедi, карантиндiк зиянкестердi, өсiмдiк ауруларын және арамшөптердi анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнiмнен үлгiлердi iрiктеп алып, оларға сол жерде зерттеу жүргiзедi. Қажет болған кезде үлгiлер мен объектiлер Республикалық карантиндiк зертханаға объектiлердiң қандай карантиндiк түрге жататынын растауға берiледi.
Егер тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қадағалау жүргізу үшін көрсетуден бас тартса, онда өнім оның иесінің қаражаты есебінен экспорттаушы елге қайтаруға жатады, ол туралы өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін, Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарын хабардар етеді.
Карантинді объектілер табылған карантинге жатқызылған өнім қайтаруға, карантиндік арамшөптерден залалсыздандыруға, тазартуға немесе техникалық қайта өңдеуге жатады. Карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды оның иелері төлейді.
Ерекше ғылыми немесе өзге де құндылығы бар карантинді объектілер залалдаған тұқымдар мен отырғызылатын материал солардың иелерінің өтініштері бойынша жерсіндіру-карантиндік көшеттіктерге зерттеу үшін берілуі мүмкін. Карантинді объектілерден залалдануы жойылғаннан кейін тұқымдар мен отырғызылатын материал иесіне қайтарылады.
Карантинге жатқызылған өнімді алып қоюды (оның ішінде, почталық жөнелтілімдерден, қол жүгінен және багаждан) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор жүзеге асырады, ол туралы алып қою актісі жасалады.
Карантинге жатқызылған өнім карантиндік тексеруден өткізілгеннен кейін және өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргізілген соң өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор баратын пунктіне әкелуге немесе транзиттеуге рұқсат бере отырып, ілеспе тауар-көлік құжаттарына өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қадағалаудан өткені туралы белгіленген үлгідегі мөртабан басады және оның иесіне карантиндік тексеру актісін береді.
Фитосанитариялық қадағалау бекеттерінде карантинге жатқызылған өніммен жүк операцияларын (басқа көлік құралдарына қайта тиеуді) оның иелері өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қадағалау және міндетті карантиндік тексеру жүргізілгеннен кейін өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың рұқсаты бойынша жүргізеді.
Фитосанитариялық қадағалау бекеттерінде карантиндік тексеруден өткізілген әкелінетін карантинге жатқызылған өнімдер, сондай-ақ көлік құралдары карантинге жатқызылған өнім жеткізілетін соңғы пунктте карантиндік тексеруге жатады.
Карантинге жатқызылған өнімнің баратын пунктінде карантинге жатқызылған өнімдерді және көлік құралдарын тексеруді, талдау мен сараптама жасау үшін үлгілерді іріктеп алуды кейіннен зиянкестердің түрлік құрамын, өсімдік аурулары мен арамшөптерді анықтау үшін сараптама жүргізе отырып, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелері бойынша осы өнімдерді пайдаланудың шарттары туралы жазбасы бар тексеру актісі жасалады.
6. Карантиндiк объектiлермен залалданған көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер, залалсыздандыру көзделген өнiмдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторының ұйғарымы бойынша карантиндiк тұрғыдан ықтимал қаупi бар көлiк құралдары мен карантинге жатқызылған өнiмдер залалсыздандыруға жатады.
Карантинге жатқызылған өнімнің иелерi карантиндiк қарап тексерудің нәтижелерi бойынша өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың ұйғарымдарымен көзделген карантинге жатқызылған өнiмдердi залалсыздандыруды фумигациялық отрядтармен шарт жасасу негiзiнде жүргiзедi.
Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнiмден карантиндiк объектiлер анықталған кезде Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерінде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа да түрлерiнде залалсыздандыру бойынша жұмыстар жүргiзiледi.
Карантинге жатқызылған импорттық өнімді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының карантиндi аймақтарынан өнiмдi тасымалдаудан кейiн көлiк құралдарының барлық түрлерi өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор белгiлеген жерлерде өнiм қалдықтары жойыла отырып, мiндеттi тазартуға, ал қажет болған жағдайда – фумигациялануға жатады.