ИКҚК-ні есепке алу және тексеру тәртібі

1. ИКҚК туындауы мүмкін төрт себеп бар:
1) вакциналық реакция – вакцинаның кейбір құрамынан туындайтын реакция;
2) бағдарламалық қателік – вакцинаны дайындау, қолдану немесе енгізу кезіндегі қателіктен туындаған реакция;
3) кездейсоқ сәйкес келуі – иммундаудан кейін қадағаланатын, бірақ вакцинадан немесе бағдарламалық қателіктен туындамаған реакция;
4) егуге реакция – инъекция (укол) салғаннан қорқу себебінен пайда болған реакция.
2. Иммундаудан кейін тіркелген патологиялық процестер:
1) вакцина сапасының төмендігінен немесе иммундау тәртібінің бұзылуынан;
2) созылмалы инфекциялардың асқынуынан және латенттік аурулардың пайда болуынан;
3) туындауына иммундау ықпал ететін интеркуррентті инфекциялардың бірігуінен;
4) конституциялық генетикалық факторлармен байланысқан организмнің жеке ерекшеліктері, сырқаттанушылықтың салдарынан организмнің аурулармен қарсыласуының төмендеуі, тамақтану тәртібінің бұзылуы, вакцина құрамына ерекше және қалыпты сезімталдығы және бірінші және екінші иммунды жетіспеушілік жағдайынан туындауы мүмкін.
3. ИКҚК құрамындағы жоғары топты интеркуррентті аурулар құрайды. Вакцинация қысқа мерзімге организмнің қалыпты резистенттігін төмендетеді де, одан инфекцияның созылмалы ошағының латентті ағымындағы процестер асқынып әртүрлі интеркуррентті аурулардың жиілігінің клиникалық ұлғаюы туындауы мүмкін. Интеркуррентті инфекциялар вакцина егілгеннен кейін кез келген күні шыға беруі мүмкін. АКДС вакцинациялау кезінде үш күннен кейін, ал тірі вирусты вакциналар кезінде балада бес күнге дейін және 11-12 күннен кейін сырқаттанушылық пайда болса, онда оның иммундауға қатысы жоқ, ол кездейсоқ қосылған аурудан пайда болған болады.
4. ИКҚК-ны эпидемиологиялық қадағалаудың (бұдан әрі - эпидқадағалау) мақсаты вакцинаның қауіпсіздігінің мониторингі үшін иммундаудан кейін туындаған денсаулықтың бұзылуының нақты себептерін талдау, оларды қолданғаннан кейін пайда болатын жанама әсерлердің себебін талдау және алдын алу шараларының жүйесін жетілдіру болып табылады.
5. ИКҚК-ны эпидемиологиялық қадағалаудың міндеттері:
1) ИКҚК-ны анықтау және тіркеу, ИКҚК-ны жіктеу;
2) әрбір препарат үшін ИКҚК-ның сипаты мен жиілігін анықтау;
3) ИКҚК-ның дамуына әсер ететін тәуекел факторларын анықтау;
4) иммундау бойынша шаралар жүйесін жетілдіру болып табылады.
6. ИКҚК-ны эпидқадағалау халыққа медициналық қызмет көрсетудің барлық деңгейінде жүргізіледі, меншіктік және ведомостволық тиістілігіне қарамастан, иммундау жүргізумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті.
7. ИКҚК-ның әрбір жағдайы иммундаудан кейінгі қолайсыз көрініс жағдайын эпидемиологиялық тексеру актісін пайдалана отырып тексерілуге тиісті.
8. Вакциналаудан кейінгі кезеңдегі бақылау процесінде немесе пациент медициналық көмекке жүгінген кезде ИКҚК-ға күдік келтірілсе немесе диагноз анықталған болса медицина қызметкері:
1) шұғыл медициналық көмек көрсетуді;
2) қажеттілігіне қарай мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызуды;
3) ИКҚК анықталған сәттен бастап 24 сағат ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның бөлімшелеріне ИКҚК жағдайы туралы шұғыл хабарлама беруді қамтамасыз етеді; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның бөлімшелері «төменнен-жоғары» қағидаты бойынша кезектен тыс хабарлама ұсынады.
9. ИКҚК туралы мәліметтер «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген баланың даму тарихы картасына ( № 112/е нысаны), профилактикалық екпелердің картасына (№ 063/е нысаны), баланың медициналық картасына (№ 026/е нысаны), амбулаториялық пациенттің медициналық картасына (№ 025/е нысаны) енгізіледі.
10.Тіркелуге жататын ИКҚК:
1) БЦЖ вакцинасын еккеннен кейінгі лимфаденитдердің, оститтердің барлық жағдайлары және басқа жағдайлар;
2) егу жүргізген орындағы барлық абсцестер;
3) иммундаудан кейінгі барлық ауруханаға жатқызылған жағдайлар;
4) иммундаудан кейінгі барлық өлім-жітім жағдайлары;
5) ата-аналарына алаңдатушылық тудырған әдеттен тыс жағдайлардың барлығы;
11. Иммундауға қатысты пайда болған ИКҚК жағдайлары мемлекеттік статистикалық есепке алынуға жатады.
12. ИКҚК жағдайларын комиссиямен педиатр/терапевт, иммунолог, эпидемиолог мамандар тексереді, қажеттігіне қарай тар саладағы мамандарды (невропатолог, аллерголог, фтизиатр, инфекционист, патологоанатом және басқа мамандар) қатыстырады. Комиссияның құрамы облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органы басшысының бұйрығымен бекітіледі. Көрсеткіш бойынша ИКҚК-ні зерттеу үшін республикалық деңгейдегі жетекші мамандар жұмылдырылады.
13. ИКҚК жағдайларын анықтауды вакцинация жүргізетін, қаралуға келгенде медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлері, сондай-ақ ИКҚК туралы хабар бере алатын ата-аналары (туысқандары) жүргізеді.
14. ИКҚК жағдайын алдын ала эпидемиологиялық тексеруді осы жағдайды анықтаған медицина қызметкері жүргізеді.
15. Неврологиялық аурулардың (энцефалит, миелит, полирадикулоневрит, менингит) дамуы жағдайында интеркурренттік ауруларды анықтау мақсатында тұмау, паратұмау, Коксаки, ЕСНО, кене энцефалиті вирустарына, аденовирустарға қарсы денелердің титрлерін анықтау үшін қос сарысуға серологиялық зерттеу жүргізуге болады (біріншісін – сырқаттанудың бірінші кезеңінде, екіншісін – 14-21 күннен кейін).
16. Вакцинация кезеңінен кейінгі патологияның ауыр түрі иммунды жетіспеушілік жағдайынан, эндокринді жүйенің бұзылуынан, ОНЖ-де ісік пайда болуынан туындауы мүмкін.
17. Эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде:
1) сырқаттың анаменезі, егілудің алдындағы денсаулығы, пайда болу уақыты, сырқаттың алғашқы белгілерінің ұзақтығы және сипаты, сырқаттың динамикасы, дәрігерге дейінгі емделуі, нәтижесі, алдыңғы жүргізілген егулерге реакцияның болуы, дәріге реакциясы, пациенттің зертханалық талдаулары ескеріледі.
2) нақты вакцинаны қолдану кезінде және тіркелу жиілегенде осыған ұқсас реакциялардың болуы анықталады;
3) вакцинация жүргізілмеген адамдардың арасынан осыған ұқсас жағдайдың байқалуы, тіркелу жиілігі, бір медициналық ұйым аясында топтық реакция пайда болуы анықталады;
4) ИКҚК мен вакцинаның арасында байланыстың болуы анықталады.
18. Әрбір жағдайда да мыналар қаралуы керек:
1) жағдайдың тұрақтылығы – ИКҚК-ның барлық жағдайымен ұқсастығы;
2) уақытша жүйелілік – ИКҚК белгілері тек вакцина енгізгеннен кейін пайда болғанын және вакцинаның енгізілуі мен клиникалық белгілерінің пайда болуы арасындағы уақыт аралығының вакцинаға қарсы реакцияға сәйкес келетінін растау;
3) биологиялық ықтималдық – клиникалық көріністердің вакцинадан немесе басқа да қосалқы немесе алдыңғы себептерге сәйкес туындауының ықтималдығы.
19. Бағдарламалық қателік салдарынан – препарат дозасының және оны егу тәсілінің бұзылуынан, сәйкес келмейтін еріткішті пайдаланғаннан, жаңылыс басқа препаратты енгізгеннен, профилактикалық егудің жалпы ережелері сақталмағаннан дамыған ИКҚК жеке топты құрайды.
20. Вакцинация кезеңінен кейінгі өлім-жітім жағдайын зерттеу өлімнің нақты себебін анықтау үшін жүргізіледі.
21. Патологиялық анатомиялық сою және ағзаны гистологиялық зерттеу қайтыс болғаннан кейінгі диагнозды және өлімнің себебін анықтаудың негізі болып есептеледі. Материалды гистологиялық зерттеу үшін жинауға кіретіндер:
1) эндокриндік жүйе органдарының материалдары, қан өндіретін жүйелер (сүйек миы);
2) әртүрлі шектеудегі лимфалық түйіндер, оның ішінде препарат енгізген орындағы бадамшабездер;
3) препарат енгізген орындағы тері және айналасындағы бұлшық етпен бірге тері астындағы талшықтар;
4) ас қорыту органдарының барлық бөлімдері (асқазан, солитарлы фолликулдармен бірге жіңішке және тоқ ішек, топтық лимфалық фолликулалармен – пейерлі бляшкалар, құрттәріздес өсінді);
5) ОЖЖ негізгі бөлімдері (қабыршақ, қыртысастылы түйіндер, ми діңі), қажеттілігіне қарай – жұлын миының бөлімдері, бас миының қарыншалық жүйелері.
22. ИКҚК жағдайына эпидемиологиялық тексеру аяқталғаннан кейін мәліметтер талданып, қорытынды диагноз қойылады және ИКҚК-ның дамуының ықтимал себептері қорытындыланады.
23. Тексеру қорытындысы ИКҚК дамуының анықталған себептерімен бірге егу ісіне қатысы бар денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейіндегі медициналық қызметкерлеріне таныстырылады.
24. Құтырмаға қарсы егу жүргізілгеннен кейін егілушінің өміріне қауіп төндіретін ИКҚК тіркелген жағдайда, осы егуді жалғастыру мәселесі шешілгенге дейін антирабикалық вакцинаны енгізуді комиссия уақытша тоқтатады.
25. ИКҚК-ның пайдаланған вакцинаның сапасымен қатынасы анықталған жағдайда өндіруші мен вакцинаны жеткізушіге хабар жіберіледі. Вакцинаның үлгісін оның сапасын анықтау үшін тәуелсіз зертханаға жіберуге болады. Зерттеудің қорытындысы алынғанға дейін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшылығы осы вакцинаны пайдалануды уақытша тоқтату мүмкіндігі туралы мәселені шешеді.
Тексеру қорытындылары бойынша осы қосымшаға 2-нысанға сәйкес ИКҚК туындағаны туралы есеп ресімделіп, ИКҚК жағдайының тіркелген күнінен бастап он күн ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жіберіледі. Қайтыс болумен аяқталған жағдайда патологиялық анатомиялық сою және гистологиялық зерттеу хаттамаларының көшірмесі қоса беріледі.

«Халыққа профилактикалық
егуді жүргізу бойынша
санитариялық-эпидемиологиялық
талаптар» санитариялық қағидаларына
6-қосымша

1-нысан

Наши рекомендации