Алғашқы қазақ басылымдары: «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы.

Қазақ газеті - 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. №1 номері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.

1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы - «Азамат» серіктігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл - қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы - А.Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.

ХХ ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты.

"Айқап" - қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911-1915 жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған. 1-2 мың данамен 88 нөмірі жарық көрген. Алғашқы редакторы - М.Сералин. "Айқап" қазақтың қоғамдық санасының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан. Журналда қазақ ауылдарындағы оқу-ағарту жұмыстары, әйел теңдігі, отырықшылық өмір салтына көшу, сонымен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу жөніндегі саяси мәселелер көтерілді. Журналды шығару жұмыстарына А.Ғалымов, С.Торайғыров қатысқан. Журналда А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев, Н.Құлжанов, т.б. сияқты белгілі жазушылар белсенді қызмет атқарған. Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин өлеңдерімен қатар халық ауыз әдебиетінің шығармалары, шығыс, орыс және еуропа әдебиетінің туындылары жарияланған.

51. Қазақстандағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс. Көтерілістің шығу себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни отарлық езгінің соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясаты және т.б. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. маусымдың 25 армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.

Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды: Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А. Иманов, Ә. Жанкелдин, Т. Бокин, Б. Әшекеев, Ө. Саурықов басшылық еткен ірі ошақтары пайда болды.

Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ: бай-феодалдардың бір бөлігі, жергілікті әкімшіліктің кейбір шенеуніктері патша жарлығын қолдап, оны орындауға шақырды. Қазақ интеллигенциясының кейбірі (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, «Қазақ» гәзеті төңірегіндегі зиялылар (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды.

Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу, Торғай болды. Жетісу облысында қарулы қарсыластық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Шілденің 17 Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланды. Патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды.

Торғай көтерілісі (басшылары А. Иманов, Ә. Жанкелдин) 50 мыңдай адам қамтыған ірі қозғалыс болды. А. Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А. Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.

Торғай облысындағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады.

1916 ж. көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алды. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді.

Жергілікті халықтан алынатын салық 3 – 4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осынның бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басынның азаюына әкеп соқтырды. Елдің өнркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.

52. Ақпан революциясы — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан революциясының жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан революциясы нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан революциясының жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан революциясы жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан революциясы монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.Уақытша үкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтыңұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уездік комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару катеттер, коалициялық катеттер, азаматтық катеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, әсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман катеттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды.Ақпан революциясы жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан революциясының ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан революциясынан басталған саяси тұрақсыздық Қазан революциясына ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.

Наши рекомендации