Тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
145-бап. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру тәртібi
1. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жер ресурстарын пайдалану жөніндегі орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мыналар:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті орган;
жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады.
Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Тексеру арқылы мемлекеттік бақылау жер учаскелерінің меншік иелерінің, жерді пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргізіледі, бұл туралы тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарда тиісті белгі жасалады.
Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргізген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берілетін актімен ресімделеді және ол осы мәселені қарау құзыретіне жататын органға беріледі.
Уәкілетті органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен өз функцияларына сәйкес қарайды.
6. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың әкімшілік жаза қолдану туралы шешіміне осы Кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасауға болады.
7. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары жыл сайын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі тиісті аумақтық органдарына ағымдағы жылы жер учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесін және мұндай жер учаскелерінің орналасқан жерін көрсете отырып жер-кадастр картасын табыс етеді, сондай-ақ ай сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесінде болған өзгерістер туралы мәліметтерді табыс етеді.
146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы жүзеге асырады.
Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдарының басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларға және мемлекеттiк инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегiндегi нұсқаулары барлық мемлекеттiк органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.
147-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның функциялары
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын орган:
1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруiне;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарларын болдырмау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы арыздарын (өтiнiштерiн) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуынa;
9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
11) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына;
14) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
2. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның функцияларына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 148-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
148-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы істер бойынша, жер учаскелерін беруге, мемлекет мүқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою мәселелері бойынша, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы істер бойынша және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа жүгінуге;
5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттiк органдардан жер қорының жай-күйi туралы статистикалық ақпаратты алуға;
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.