Азақстанның Ресейге бодандыққа өтуінің басталуы.
Қазақ халқының Ресей империясының қол астына кіру үрдісін алдымен Кіші жүз бастады. 1730 жылы Петерборға Әбілқайыр хан Сейтқұл батыр Қойдағұлұлы мен Құтлымбет би Қоштайұлы бастаған елшілік жібереді. Қараша айында елшілік Петерборға жетіп, Әбілқайырдың хатын Ресей патшайымы Анна Иоановнаға* тапсырады. Хатта Кіші жүзді Ресейдің қол астына алуы туралы өтініш жазылған еді. Бұл уақытқа дейін Ресей империясының құрамына Еділ қалмақтары, Кабардин князьдігі, Грузия толық қосылған болатын. Әбілхайыр елшілігі жоғары дәрежедегі сыйқұрметпен қабылданады.
1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоановна «Әбілқайыр ханды және бүкіл қазақ халқына оларды Ресей империясының қол астына алуы туралы» грамотаға қол қояды. Онда Әбілқайыр хан мен оның қол астындағы халқы Ресей бодандығына мынандай шарттар негізінде қабылданатыны туралы баяндалады:
Біріншіден, жоғары мәртебелі императорымызға адал қызмет етуге және бізге башқұрттар қызмет еткені сияқты жасақ төлеуге ант бересіздер.
Екіншіден, Ресейдің қол астындағы халықтардан ешқандайда тонаушылық пен өкпеге жол берілмейді.
* Қазақ жеріне Ресейдің ықпалы мен отарлаудың күшейе бастауы, ал кейіннен Қазақстанның Ресей құрамына толық енуі сол кезеңдердегі билеушілердің саясатына тікелей байланысты болған еді. Ол алғашқы император Ұлы I Петрден басталады (басқару уақыты 1682-1725 );
Үшіншіден, егер сендерге, қайсақтарға басқа біреулер басқыншылық жасаса, Ресей императоры тарапынан қорғаласыздар және сіздер Ресейдің қол астындағы ел болып табыласыздар.
Төртіншіден, башқұрттар мен Ресейдің құрамындағы басқа да халықтар сіздердің тұтқындарыңызды босатады, ал сіздер ресейлік тұтқындарды босатуға, башқұрттармен және қалмақтармен бейбіт жағдайда тұруға уәде етесіңдер».
Әбілқайыр хан мен басқа да ел билеушілерінен тиісті ант қабылдау үшін Ресейдің сыртқы істер коллегиясының тілмашы А.Тевкелев бастаған елшілер жіберіледі.
Қазақ билеушілерін Ресейге бодан болу жөнінде ант беруге көндіру үшін А.Тевкелевке маңызды саяси өкілеттер беріледі. Сондай-ақ оның елшілігі қазақ жерінде геодезиялық жұмыстар жүргізіп, аймақтың географиялық жағдайы, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы мәліметтер жинауы тиіс болды.
Оған «Қырғыз-қазақ ордасына, оларды Ресей қол астына алу үшін жіберілген шығыс тілдерінің аудармашысы М. Тевкелевке Мемлекеттік Сыртқы істер коллегиясының нұсқауын» табыс етіледі. Бұл «Нұсқау» бойынша ол күнделік-журнал жазып отырған. Ондағы жазбалар сол кездегі тарихи оқиғалар жайында құнды деректер бере алады. «Нұсқаудың» бір бөлімінде: «Хан мен ақсақалдар және басқа қырғыз-қайсақтар адалдық туралы антты Құранмен берсін, оны бекіту үшін қол қойып Тевкелевке берсін... егер олар одан бас тартса, онда Тевкелев оларды көндіру керек», - деп жазылған.
Анна Иоановна Әбілқайыр ханға арнайы сыйлық жіберген: қылыш, құндыз ішік, қара түлкі терісінен жасалған екі тымақ т.б. Сыйлықтарды хан ант қабылдаған соң ғана беруге нұсқау берілген. 1731 жылы 5 қазанда А.Тевкелев Ырғыз өзені бойындағы Майтөбе дегөн жердеп Әбілқайыр ханның ордасына келеді. Елшілерді Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралының басшылығымен үлкен құрметпен қарсы алады.
Елшіні қабылдау рәсімі кезінде қазақ билеушілері арасында Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде бірлік пен бірауыздылықтың жоқтығы білініп қалады. А. Тевкелев, қазақ сұлтандары мен ақсақалдардың бір бөлігінің орыс мемлекетіне бағынуға үзілді-кесілді қарсы екендерін түсінеді. Олардың ханның ықпалына көнбейтінін де сезеді. Бұл жағдайды шиеленістіре түскен еді. А.Тевкелевтің көмекшісі, Ресейге адал қызметі үшін тархан атағы берілген башқұрт Таймас Шаимовқа Табын руынан шыққан Бөкенбай батыр, оның күйеу баласы Есет батыр және оларға туыстық байланысы бар Құдайменді мырза Ресей бодандығын қабылдау туралы антты қолдауды ұйымдастыруға келісім береді. Онымен қоса А. Тевкелев «тәуелсіздікті жақтаушылардың бірнешеуін сатып алды». Нәтижесінде 1731 жылы 10 қазанда Ресей бодандығын қабылдау және оған адал болу женінде антты бірінші болып Әбілқайыр хан, онан соң Бөкенбай батыр, онан кейін Есет батыр мен Құдайменді мырза береді. Ханнан басқа алғаш ант қабылдағандар ішінде 29 беделді би-сұлтандар мен батырлар болды. Осылайша Кіші жүздің Ресей империясының қол астына өтуінің алғашқы қадамдары басталған еді. 1732 жылы 24 қарашада А. Тевкелев кері қайтады.
Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі қазақ халқының тағдырындағы өте қиын кезеңде дипломатиялық жолмен басталып, XIX ғасырдың 50-60- жылдарында әскери күш қолдану арқылы аяқталды.
XVIII ғасырдың 30-жылдарында жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылдары басталып, әсіресе Орта жүзге қауіп төндірді. Бұл жағдайда 1734 жылы 10 маусымда Анна Иоановнаның жарлығы бойынша Орта жүз билеушілерінің орыс бодандығынан қабылдауы мәжбүрліктен туған саяси қадам болды. Бірақ Орта жүз әлі де болса дербестігін жоғалтпаған еді. Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болғаннан кейін бұл жарлық жүзеге асырылмай қалды. 1822 жылы М. Сперанскийдің «Сібір қырғыздары туралы Жарғысы» енгізілгенге дейін Орта жүз өз алдына дербес өмір сүре берді.
Қазақ мемлекеттілігін сақтап, оны нығайтуда қазақ ханы Абылай (1711-1781) көрегенді әрі шебер дипломатиялық саясат жүргізді. 1748 жылы Ресей бодандығын қабылдаған беделді сұлтан оны сақтай отырып, 1756 жылы Қытай бодандығын да қабылдайды. Бірақ іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізген болатын.
1733-1734 жылдары Ұлы жүздің билеуші ақсүйектері де орыс бодандығын қабылдау туралы шешім қабылдайды. Жолбарыс хан бұл жөнінде Петерборға өтініш жасайды. 1734 жылы 10 маусымда Ресей үкіметі Ұлы жүздің ықпалды ру басыларын орыс елінің қол астына алу жөнінде грамота қабылдайды Бірақ Ұлы жүздің Ресейден территориялық тұрғыда қашықта орналасуы, халықаралық және ішкі жағдайдың күрделілігі Ұлы жүздің Ресейге толығымен қосылуына біршама кедергі жасап, оны кейінге қалдырған еді.