Дәріс. Көлік жүйесіндегі және агроөнеркәсіп кешеніндегі АКТ
Жоспар:
1. Көлік жүйесіндегі АКТ
2. Агроөнеркәсіп кешеніндегі АКТ
Қазақстанның көлік саласының тиімділігі мен тартымдылығын арттыру міндетін шешудің негізгі құралы зияткерлік көлік жүйесін (бұдан әрі - ЗКЖ) - көліктің барлық түрлерінің (жеке, қоғамдық, жүк) жұмысын мониторингтеу және басқару, жол жүрісін басқару, өңірдің, елдің аумағында көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру туралы азаматтар мен кәсіпорындарды ақпараттандыру міндеттерін шешетін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешенін енгізу болуы тиіс. ЗКЖ үш негізгі мәселені шешуге бағытталады: қауіпсіздік, ұтқырлық, қоршаған ортаны қорғау.
ЗКЖ-ны құрудың маңызды элементі жаһандық навигациялық жерсеріктік жүйесі (бұдан әрі - НЖЖ) болып табылады. Аталған жүйенің негізіндегі шешімдер жер үстіндегі көлік кешені жұмысының тиімділігін арттырумен қатар, авиация, флот, теміржол саласында белсенді қолданылады, жіберу және тасымалдау желілерін синхрондау үшін қызмет етеді, деректерді жіберуді синхрондау үшін байланыста қолданылады және т.б.
ЗКЖ қалыптастыру және енгізу тасымалдауды басқарудың тиімділігін арттырады, жүктерді, жолаушыларды тасымалдауға жұмсалатын өндірістік емес шығындарды қысқартады, көлік-коммуникациялық құрылымды дамытуды жылдамдатады, қолданыстағы навигациялық спутниктік жүйелердің негізінде сервистерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасалды.
Әлемдік сауда соңғы жиырма жылдың ішінде жоғары қарқынмен дамуда. Еуропа мен Азия арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы қазіргі кезде шамамен 400 миллиард АҚШ долларды құрайды, 2015 жылға қарай 1 триллион АҚШ долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстанның тиімді географиялық орналасуын Европа мен Азия арасындағы жүктер ағынын өткізу үшін пайдалану орынды болып табылады, бұл көлік компанияларының бюджеті мен Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірісінің артуына ықпалын тигізеді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі жүктер транзитінің көлемін 25 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр, ал транзиттен түсетін жалпы кіріс 1,5 миллиард АҚШ долларды құрайды.
Қазақстандағы көліктің негізгі кемшіліктерінің арасында тасымалдауды жеткіліксіз ұйымдастыруды, көлікте ескірген технологияларды пайдалану мен көлік қызметтері сервистерінің төмен деңгейін атап өтуге болады. Дамыған елдерде көлік ағындарын оңтайландыру, олардың оңтайлы өзара іс-қимылынан пайданың көп бөлігін қамтамасыз ететін логистика Қазақстанда дамудың бастапқы деңгейінде.
Бұл жағдайда Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасында жүктердің транзитін қамтамасыз ететін қазіргі көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ дамыған мемлекеттердің көліктік ықпалдастығына қатысу деңгейі үшін жауап беретін халықаралық және ішкі жолаушылар тасымалын қалыптастыруы қажет.
Міндеті: АКТ енгізу арқылы көлік қызметтерінің қолжетімділігін, қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін дамыған көлік инфрақұрылымын құру.
Нысаналы индикаторлар:
1) көлік инфрақұрылымы кәсіпорындарында Интернетке КЖҚ қамту деңгейі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 100 %;
2) НЖЖ-мен жарақтандырылған жолаушылар және жүк көлігінің үлесі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 100 %;
3) билеттерді сату электрондық форматта жүзеге асырылатын маршруттардың (рейс, бағыт) үлесі 2017 жылы - 40 %, 2020 жылы - 100 %.
Көлікті дамытудың негізгі бағыттары көлік инфрақұрылымының төрт негізгі құраушысының тиімділігі мен ықпалдастығын арттыру болады: теміржол, автомобиль, әуе және су.
Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін мынадай шешімдерді іске асыру көзделеді:
1. Мыналарды қамтамасыз ететін НЖЖ енгізу:
1) көліктің әртүрлі түрлерін мониторингтеу және басқару;
2) азаматтар мен ұйымдарға өңірде көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөнінде нақты уақыт ауқымында ақпаратты ұсыну;
3) көлікте қылмыстық және төтенше жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл әрекет ету қызметтеріне ақпаратты жедел түрде ұсыну.
2. Мынадай міндеттерді орындауға бағытталған ЗКЖ-ны енгізу:
1) көлік ағындарының параметрлерін мониторингтеу;
2) жол қозғалыстарын реттеу және ұйымдастырудың техникалық құралдарын басқару;
3) жол қозғалысы қағидаларын бұзушылықтарды фотобейне тіркеу;
4) арнайы көліктерді басқару (арнайы көліктің борт жүйелерін біріктіреді (маршруттандыру, ақпараттандыру, шешім қабылдауды қолдау және басқалары), төтенше жағдайларға тиімді жауап беру үшін арнайы көлікті байланыс құралдарымен, ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етеді, төтенше жағдайлар аумағында экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және басқалары);
5) шығарындыларды бақылау (олар туралы мәліметтерді жинайды және аталған мәліметтерді басқарады);
6) логистика және көлікті басқару (жүк тасымалдарын басқаруды қамтамасыз етеді);
7) ақпараттық порталдар мен БАҚ-пен ықпалдасуды қамтамасыз ету (жол жүрісіне қатысушыларды қажетті маршруттық және басқа да ақпаратпен қамтамасыз етеді), сондай-ақ Интернетте қажетті ақпараттық интерфейстерді ұсыну, борттық құрылғылармен өзара ықпалдастықты қамтамасыз ету;
8) тұрақтарды басқару (тегін және ақылы тұрақтарды басқару, тарифтерді дайындау, тұрақтар бойынша көлік құралдарын (бұдан әрі - КҚ) бөлу және бос орындардың болуы туралы хабарландыру);
9) көлікті маршруттандыру (ағымдағы және болжамды жағдайды ескере отырып);
10) КҚ басқару (транзиттік көлікті маршруттандыру, транзиттік көліктің қозғалысын жоспарлау (сервистің орнатылған деңгейін сақтау, мәселен, жолдағы уақыт), транзиттік көлікті басқару үшін қажетті борттық жабдықтарды біріктіру);
11) коммерциялық көлікті бақылау (шекарадан өту, жүктің салмағын бағалау, қауіпті жүктерді тасымалдау кезіндегі экологиялық параметрлерді қосқанда, барлық маршрут бойынша көлік құралдарын сүйемелдеу);
12) коммерциялық көлікті басқару (жол-көлік апаттарын тіркеу, жүктің қауіпсіздігі, жүргізушіні сәйкестендіру және басқалары, коммерциялық КҚ борттық жүйелерін біріктіреді);
13) жүк және жолаушылардың автокөлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін сақтауды бақылау;
14) т/ж, су және автомобиль көліктері саласындағы мәліметтерді бірыңғай деректер қорына шұғыл алу.
3. Мүмкіндіктері шектелген адамдардың қажеттілігін ескеретін және көліктің аялдамаға келіп тоқтайтын уақыты, тізбесі, маршруттары мен осы жолмен жүретін қоғамдық көлік түрлері, жол жүру кестелеріндегі өзгерістер, жол жүру маршруттарындағы өзгерістер, жол жүру төлемдері тарифтеріндегі өзгерістер, қылмыстық және төтенше жағдайлардың орын алуы туралы ақпараттандыруды қамтамасыз ететін кешенді ақпараттық жүйесін енгізу.
4. Қоғамдық көлікте және аялдамаларда дабыл түймесін басу арқылы ахуалдық орталық және төтенше жағдайлар қызметінің диспетчерін шақыру мүмкіндігі бар бейнебақылау жүйелерін енгізу.
5. Ұтқыр құрылғылар арқылы билеттерді броньдау, жол ақысын төлеу жүйелерін енгізу.
Агроөнеркәсіп кешені (бұдан әрі - АӨК) қоғам үшін өмірлік маңызы бар өнім өндіретін және аса үлкен экономикалық әлеует шоғырландырылған Қазақстан экономикасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Аграрлық саласы дамыған жетекші елдердің тәжірибесі олардың барлығының «технологиялық төңкерістен» өткендігін көрсетеді. Классикалық экстенсивті егін шаруашылығын нақты (прецизионды) егін шаруашылығы ығыстырады. Геоақпараттық технологиялар, көп операциялы энергияны үнемдеуші ауыл шаруашылығы агрегаттары, өсімдіктердің мол түсімді сорттарының селекциясы және жануарлардың жоғары өнімді тұқымын шығару кеңінен пайдаланылады.
АКТ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ауа райы болжамы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тәрізді пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларды жаңа технологиялар жөнінде хабардар етуде аса маңызды рөлге ие.
Тиімді әрі бәсекеге қабілетті АӨК құру үшін дәстүрлі шығынды емес, инновациялық қорларды үнемдеуші АКТ-ны енгізуге, шаруашылықтың тиімділігін арттыруға, өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге нысаналы құралдарды жұмсау қажет.
Ауыл шаруашылығының неғұрлым өткір проблемасы жалпы техникалық және технологиялық артта қалушылық, салаға АКТ-ны әлсіз енгізу болып табылады, ал ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің әлемдік тәжірибесі қазіргі күннің өзінде АКТ-мен тікелей байланысты.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығында мынадай ақпараттық жүйелер қолданылады: «Е-Agriculture» агроөнеркәсіп кешені салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі, аграрлық саладағы электрондық сауда жүйесі, Электрондық астық қолхаттарының жүйесі. Ағымдағы жылы 12 рұқсат беру қызметі мен 4 лицензияны беруді автоматтандыру жүргізіледі.
«Электрондық үкімет» порталы арқылы ауыл шаруашылығы саласында екі электрондық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жалпы, осы салада жыл сайын шамамен 700 рұқсат беру құжаты беріледі, 2011 жылы берілген құжаттар саны 6 миллионнан асты.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығында мониторингтеу және сәйкестендірудің бірыңғай жүйелері дамымаған. Кеңістіктік ақпаратқа (карта, жоспарлар, сызбалар) байланысты мемлекеттік қызметтердің көбі автоматтандырылмаған. Кеңістіктік ақпараттар бір аумаққа әртүрлі нақтылықпен, түрлі әдістермен, әртүрлі байланыстыру арқылы және әрқилы деректемелермен бірнеше мәрте жасалады. Кеңістіктік тіркеуді республикалық және жергілікті деңгейдегі түрлі мекемелер жүргізеді. Деректердің бір ғана түрі бойынша тіркеу жұмыстарын түрлі органдар жүргізеді, бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімі мен сапасына кері әсерін тигізеді.
Міндеті: агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қазіргі заманға сай, біріктірілген және тиімділігі жоғары ақпаратты ортаны ұйымдастыру.
Нысаналы индикаторлар:
1) интернет желісіне қолжетімділігі бар АӨК кәсіпорындарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %;
2) АӨК қызметкерлердің компьютерлік сауаттылық деңгейі 2017 жылда - 70 %, 2020 жылда - 100 %.
Қол жеткізу жолдары
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қазіргі заманға сай, біріктірілген, тиімділігі жоғары ақпаратты ортаны ұйымдастыру мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылады:
1) прецизионды (нақты) егін шаруашылығын мониторингтеу және дамыту үшін әртүрлі мемлекеттік органдар пайдаланатын жер қоры туралы ақпаратты бір ізге салу мәселесін шешу бойынша ұсыныстарды қарастыру;
2) ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастыру.
АӨК саласында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін электрондық-ақпараттық ресурстардың, жүйелердің және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердің бірыңғай ақпараттық кеңістігін (АӨК-тұғырнама) құру жобасын іске асыру жалғастырылуда, сонымен қатар:
1) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның аумақтық комитеттері пайдаланушыларының барлық нысаналы топтарының ақпараттық ресурстарын ақпаратты алудың және пайдаланудың бірыңғай ұжымдық жүйесі ретінде біріктіру - 100 % қамту;
2) корпоративтік енгізудің барлық зияткерлік жүйелері шоғырландырылған супер-офис сыныбындағы автоматтандырылған жүйе құру - жүйелерді 100 % ықпалдастыру;
3) барлық деректерді тиісті басқаруды қамтамасыз ету және апатты жағдайлар мен жұмыстағы басқа да ақаулар (көшу, жөндеу жұмыстары және т.б.) жағдайында операцияның жалғастырылуына кепілдік беру;
4) ақпараттық деректердің барлық үлгілерін жіберудің бірыңғай кәбілді жүйесімен 99,9 % қамту.
Иллюстрациялық материал:слайд