Кәсіпкерлік қызметті тоқтату және кәсіпкерлік ұйымдардың таратылуы.

Кәсіпкерлік заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет заңды тұлға құрмастан (дара кәсіпкерлік) және заңды тұлға құру (түрлі ұйымдық-құқықтық нысандардағы кәсіпорындар құру) арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты олардың кәсіпкерлік қызметін тоқтатуы мен таратылуы бойынша өзіндік ерекшеліктері бар.

Дара кәсіпкерлік үшін де заңды тұлғалар үшін де кәсіпкерлік қызметті тоқтату 2 түрде: ерікті және мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады (41-бап. ҚР Кәсіпкерлік кодексі).

Дара кәсiпкердiң қызметi өзiндiк кәсiпкерлiк кезiнде, дара кәсiпкер өз бетiмен, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - барлық қатысушылар бiрлесiп қабылдаған шешiм негiзiнде кез келген уақытта ерiктi түрде тоқтатылады.

Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін салық органына кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.

Бiрлескен кәсiпкерлiктi тоқтату туралы шешiм, егер ол үшiн оған қатысушылардың кемінде жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.

Жеке кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда:

1) ол банкрот деп танылған;

2) тiркеу кезiнде жiберiлген Қазақстан Республикасының заңнамасын жойылмайтын сипаттағы құқықбұзушылықтарға байланысты дара кәсiпкердi тiркеу жарамсыз деп танылған;

3) қызметiн күнтiзбелiк жыл iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

4) ол қайтыс болды деп жарияланған;

5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.

4. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.

Кәсіпорынды тарату ерікті түрде жүргізілсе және активтері міндеттемелерін жабуға жеткілікті болса, меншік иелері кредиторлар мен соттың қатысуынсыз азаматтық заңнаманың жалпы ережелері бойынша дербес ұйымдастырады.

Ал соттың шешімі бойынша (мәжбүрлі түрде) кәсіпорындар мынадай жағдайларда таратылады:

-банкрот болған кезде;

-кәсіпорынды құру кезінде заңдардың түзетуге келмейтін сипатта бұзылуына жол берілуіне байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайда;

-кәсіпорынның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметтерді жүйелі түрле жүзеге асырған жағдайда;

-заңнамалық актілерде қарастырылған басқа да жағдайларда.

Кәсіпорынды тарату келесі кезеңдерден тұрады:

1) Меншік иесінің, уәкілетті органның немесе соттың шешімі бойынша кәсіпорынды тарату туралы шешім қабылдау және тарату комиссиясын тағдайындау. Тарату тәртібі мен мерзімін белглеу.

2) Басқару бойынша өкілеттіліктің тарату комиссиясына немесе конкурстық басқарушыға өтуі. Тарату жоспарын жасау.

3) Кәсіпорынның таратылуына байланысты алдағы уақытта жұмыстан босатылатындығы жөнінде барлық жұсыкерлерді жазбаша ескерту;

4) Жұмыстан босатылатын жұмыскерлер туралы толық мәліметтерді аумақтық жұмыспен қамту орталығына жіберу;

5) Дебиторлық берешектерді айқындау және оларды алуға қатысты іс-шаралар қабылдау;

6) Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлікті акционерлер немесе қатысушылар арасында бөлу;

7) Салық комитетінен есептен шығару;

8) Таратылатын кәсіпорынның банктегі банктік шотын жабу;

9) Тіркеу органына таратудың аяқталғандығы туралы құжаттар топтамасын ұсыну;

10) Тіркеу органынан кәсіпорынның таратылғандығы туралы бұйрықты алу.

Таратуды тіркеу үшін ұсынылатын құжаттар тізімі.

Кәсіпорынды тарату әділет органында тіркегеннен кейін ғана ол таратылды деп есептеледі. Келесі құжаттар ұсынылады:

1) белгіленген нысан бойынша таратуды тіркеу туралы өтініш;

2) меншік иесінің немесе уәкілетті органның мөрмен бекітілген шешімі;

3) құрылтай құжаттары, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;

4) кәсіпорынды тарату туралы шеші қабылдаған органмен немесе кәсіпорынның меншік иесімен бекітілген тарату балансы;

5) кәсіпорын мөрін жойғандығы туралы құжат;

6) салық бойынша қарызы жоқ екендігі жөніндегі анықтама;

7) аяқталмаған сыртқы сауда мәмілесі кедендік төлемдер бойынша қарызы жоқ екендігі туралы кеден органының анықтамасы;

8) уәкілетті органның шығарылған акцияларды жойғандығы туралы хабарламасы;

9) таратылатын кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерін есептен шығарғандығын растайтын құжат;

10) таратуды мемлекеттік тіркегені үшін алым төлегендігін растайтын құжат.

Наши рекомендации