Шипалы балшықтар және түрлері. Қазақстанның балшық ресурстары

Балшық, қысқаша Саз.

Балшық — көбінесе сазды минералдардан тұратын және кышқылға төзімді материалдар, қыш, т.б өндіруде қолданылатын шәгіндітау жыныстары. Ақ балшық және пластикалық балшық болып бөлінеді.

Тарихы

Балшықтың тарихы өте қызық. Ол дүние жаратылысы туралы аңыздан басталатын шығар. Бірінші аңыз адамның пайда болуына қатысты, өйткені бірінші адам – Адам атаны Жаратушы балшықтан жасап, сосын барып оған жан кіргізді ғой.

Жұмсақ материал болғандықтан, балшық тіршіліктің барлық салаларында қолданылды. Тіпті бес мың жыл бұрын хат жазу ойлап табылған кезде бірінші «қағаздың» өзі жұқа балшық тақтайшалар болған, оған ұшы үшкір таяқшалармен жазған. Одан кейін сол тақтайшаларды күнге кептіріп сақтайтын болған.

Ежелгі дәуірде қолөнершілер балшықтан кеселер, құмыралар, пеш түбектерін жасап, сыртын түрлі-түсті балшықпен әшекейлеген. Бұл бояу қыш (керамика) бояуы деп аталған. Бірақ балшық бояу бұдан ертеде, алғашқы дәуір тайпаларында жасалған болатын. Олар дұшпандарын қорқыту үшін және кейбір ғұрыптарды атқару үшін денелерін түрлі-түсті балшықтармен бояп алатын болған. Осы күнге дейін балшық бояулардың негізі ретінде пайдаланылады және әзірге оны алмастыратын материал табылған жоқ.

Балшық емдік құрал ретінде де таптырмайтын материал болды. Сары балшықты уксуспен араластырып, бұлшық ет созылғанда ем үшін таңғыш ретінде пайдаланған. Бел және буындар ауырғанда ыстық суға керосин құйып, оны балшықпен араластырып, ауырған жерге таңып тастайтын болған. Жан-жануарлардың қасында көп жүретін адамдарда болатын теміреткіні біздің ата-бабаларымыз баланың жылы нәжісімен араластырылған балшықты жағып емдеген.

Балшық дұғалау, тіл-көзден емдеу, безгек ауруларын емдеуде де пайдаланылды. Саз балшықтан жасалған ыдыстарда дәрі-дәрмек жасап, өсімдік шикізаттарын сақтайтын болған, ал кішкене түбектерді қарапайым медициналық банкалар ретінде суық тигенде қолданған. Бірінші жылытқы (грелка) да балшықтан жасалған. Ол мойны тар құмыра болған, оған ыстық су құйған. Содан кейін аузын тығыздап жауып, жылытқыны ауырған жерге қойған.

Көптеген аталар мен әжелер әлі күнге дейін пеште қыздырылған қызыл кірпішпен бел құяңын емдейтінін естеріне алып отырады. Сондай кірпіштің үстіне жуаның қабығын салып, суық тигенде ингаляция жасау үшін пайдаланылған. Кірпіш бөлмені зарарсыздандыруға да көмектескен. Ол үшін жуаның қабығының орнына жусан мен аршаның бұтақтарын пайдаланған. Емшілер қандай кірпішті қолдануды, қандай дұға оқуды жақсы білген. Пеш балшығы бәрінен жоғары бағаланған.

Солтүстікте балшықты өздерінше пайдаланған. Чукчалар мен коряктар ақ балшықты тамаққа пайдаланған және оны жер май деп атаған. Бұл «майды» сорпаға қосып, «кәмпит» жасау үшін де қолданған. Сүт құйылған ыдысқа бір қасық балшықты салып қойса, сүт тіпті ыстық күнде де бірнеше күн ашымай тұратын болған.

Ал мысырлықтар балшықты мәйітті бальзамдау үшін пайдаланған. Олар сол кездің өзінде-ақ балшықтың күшті антибактериалық қасиеті бар екенін білген, өйткені балшықтың құрамында радий болады, ол біздің ағзамыздан барлық зиянды заттарды шығарады.

Орта ғасырларда балшықтың кішкене кесегін сусындарға тастап, оларды стерилдеу үшін қолданған. Індет ауру кезінде балшық бактерия жойғыш құрал ретінде жүрген. Түрмелерде, әскери бөлімдерде және басқа қоғамдық мекемелерде балшық ұнтағы үнемі болған, оны қандай да бір жұқпалы аурудың пайда болуы туралы ақпарат алғаннан кейін бірден қабылдай бастаған. Ал кемелерде балшықты ағзадағы жетіспейтін заттардың орынын толтыратын витамин ретінде қабылдаған.

БАЛШЫҚТЫҢ ҚҰРАМЫ МЕН ТҮРЛЕРІ

Біздің ғаламшарымызда балшықтар көптеп кездеседі. Олар өздерінің құрамы, қасиеттері және түсі жағынан бір-бірінен өзгешеленіп тұрады. Әдетте балшықтың түсі оның химиялық құрамына байланысты болады. Балшықтың 7 түсі бар: ақ, көк, жасыл, сары, қызыл, сұржәне қоңыр. Қара түстісі өте сирек кездеседі. Әдетте халық медицинасында аурудың тұрғылықты жерінде өндірілетін балшық қолданылады. Ғылыми медицинада ақ және көк балшықтарға басымдылық беріледі.

Ақ балшықты коалин деп атайды. Оның құрамында кремнезем, цинк және магний көп.

Жасыл балшықта – мыс, темір және кейбір микроэлементтер басым болады. Мыс шашты нығайтуға қатысып, ағзаның қартаюын анықтайды. Сондықтан егер қарттықты уақытынан бұрын сезінгіңіз келмесе, ағзаңызда оның жеткілікті болуын қадағалауыңыз керек.

Сары балшық – темір мен калийге, қызыл балшық темірдің қоспаларына бай. Әсіресе, темір маңызды болып табылады. Өйткені ол қанның құрамында болады. Ол жетіспеген жағдайда қан аздық, соның салдарынан әлсіздік, жігерсіздік, ұстамсыздық пайда болады. Оның қорын толықтыруға жасыл балшық көмектеседі. Оны тек су ерітіндісі ретінде ғана емес, бірінші және екінші тамаққа сеуіп пайдалануға болады. Осылайша сіз және сіздің жақындарыңыз оның ағзаңызға қалай түскенін де, қалай емдік әсерін беріп жатқанын да байқамай қаласыз.

Біздің ағзамызға керекті микроэлементтер мен минералдық тұздардың бәрін дерлік көк балшықтан табуға болады. Ол әмбебап болып есептеледі әрі барлық балшықтардан артық бағаланады. Патшалық заманда көк балшықты тіпті алтынға сатқан, басқа елдерге апарған. Дәрігерлер мен емшілер бұл балшықпен қандай ауру-сырқат болса да емдеуге болады деп сендірген. Қазіргі заманғы дәрігерлер де бұны мақұлдайды, олар көк балшықты зат алмасу процесін қалыпқа келтіретін және емдеудің фитотерапия, гомеопатия, медикаменттермен және хирургиялық емдеу түрлерінің әсерін күшейтуге көмектесетін тиімділігі жоғары табиғи құрал деп атайды.

Балшықтың қай-қайсысы да өзінше жақсы. Мысалы, ақ балшық ағзадан қалдықтарды жақсы шығарады, жақсы сорып, антисептикалық әсер береді. Көк түсті балшықтар қабынуға қарсы жақсы құрал. Ол ткандердері зат алмасу процестерін жақсартып, қан айналысының белсенділігін арттырады. Сары балшық та қабынуға қарсы және ауруды басатын жақсы құрал болып табылады. Ол ағзадан уытты заттарды шығарып, теріні оттегімен қоректендіреді.

Қызыл балшық – анемия, қаназдық және қан тамыры жүйесінің басқа ауруларында таптырмас құрал. Ол терінің қан айналысын жақсартып, иммунитетті нығайтады. Ал сұр балшық – теріні нәрлендіріп, ылғалдандырады. Бірақ бәрінен пайдалысы жасыл балшықболып табылады. Ол өте сирек кездеседі, бірақ балшықтың басқа түрлеріне қарағанда, әлдеқайда күшті болып саналады. Бұл балшық жүрек жұмысын тұрақтандырып, ағзаның сыртқы әсерлерге қарсылығын күшейтеді. Жасыл балшық ежелден бар ауруды емдеуші болып есептеледі. Бұл қазіргі кезге дейін расталып келеді.

Балшық қоюлығына қарай да әртүрлі, ол майлы (темірлі) және жұтаң (құмы көп) болуы мүмкін. Құрамындағы құмның мөлшері 5% балшық майлы, ал 30% құм бар балшық жұтаң болып саналады. Орташа майлы балшықтың құрамында 15% құм болады.

Балшықпен емдеу, пелоидотерапия (грекше plos — саз, балшық және therapeіa — емдеу), құрамында тұздар, өсімдік шірінділері, сондай-ақ, оларды қорек ететін ұсақ организмдері бар балшықты және балшық тектес (парафин, озокерит) заттарды емге пайдалану. Балшықпен емдеу Қазақстанда 13 ғасырдан белгілі. Мұндағы шипалы балшықтар туралы алғашқы деректер 18—19 ғасырларда Ресейде жарияланды. 20 ғасырдың ортасынан Қазақстанның шипалы балшықтары кешенді зерттеле бастады.Геология ғылымдары институты мен Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институты шипалы балшықтардың химиялық құрамын, емдік қасиеттерін анықтады және оларды қолдану әдістерін ұсынды. 1977 жылдан бұл мәселемен Кардиология ғылыми-зерттеу институтының курортология бөлімі шұғылданды. Шипалы балшықтар химиялық құрамы, шығу тегі және пайда болу жағдайларына байланысты әр түрлі болады. Олар кейбір физикалық және химиялық қасиеттеріне (тұтқырлығы, су сіңіргіштігі, жылу сыйымдылығы, жылу сақтағыштығы, т.б.) қарай топтарға жіктелінеді. Арнайы қыздырылған шипалы балшықтар өздерінің бойында қызуды ұзақ сақтаумен қатар, терідегі рецепторларға, дәнекер тіндерге, ішкі секреция бездеріне әсер етіп, организмдегі зат алмасу,регенерация процесінің жүруін реттейді, ауырсынуды басады. Балшықпен емдеу, негізінен, сүйек-буын, жүйке, ас қорыту, жыныс мүшелерінің ауруларына қолданылады.

Қазақстанның балшық ресурстары

Қазақстанда шипалы балшықты орындар көп. Олардың ірілері: Тұзкөл (Алматы облысы), Сегізқыз, Әлжан, Аралсор (Батыс Қазақстан облысы), Жасыбай, Аламерген(Павлодар облысы), Борсықты, Соркөл, Ақсуатсор, Ащыкөл (Қостанай облысы), Қарасор (Қарағанды облысы), Қарабұлақкөл (Шығыс Қазақстан облысы), т.б. Санаторийлерде Балшықпен емдеу кеңінен қолданылады. [1]

Наши рекомендации