Прокурорлық қадағалаудың жекелеген бағыттарындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру
Леуметтік-экономикалық саладағы қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2014 жылғы 2 қыркүйектегі № 85 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 1 қазанда № 9773 тіркелді
Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мен мемлекет мүдделерінің сақталуын тиісті қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 4 тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
1.Қоса беріліп отырған Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2.Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы С. Есқараев атындағы заңдылық, құқық тәртібі мәселелерін зерттеу және прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының басшылары таныстырылып, көшірмесі облыстың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорларына орындау үшін жолдансын.
3.Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік етуші орынбасарына жүктелсін.
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2014 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 85 бұйрығымен
бекітілген
Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын,
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын
прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі
Нұсқаулық
Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңына және Қазақстан Республикасының басқа заң актілеріне сәйкес әзірленді және заңдардың қолдануын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды жүзеге асыруды нақтылайды.
2.Заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау саласындағы басымдықтар ретінде:
1)адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын;
2)ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған заңдардың нақты және бірыңғай қолданылуын;
3)мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің Конституцияға, заңдар мен Республика Президентінің жарлықтарына сәйкес келуін;
4)қоршаған ортаны қорғау және оның ресурстарын тиімді пайдалану туралы заңдардың қолданылуын;
5)кәсіпкерлікті қорғау және қолдауға бағытталған заңнаманың қолданылуын;
6)кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ету болып есептелсін.
Аймақтың ерекшеліктеріне, қадағалау аумағындағы заңдылықтың жағдайына байланысты прокурорлар, осы тармақтың 1) - 6) тармақшаларында аталғандардан басқа, жыл сайын қадағалау қызметінің қосымша басымдық бағыттарын белгілеуі мүмкін.
3.Прокуратураның құқық қорғау функциялары, оның ішінде денсаулығына немесе жасына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше талап етуге қабілетсіз азаматтар мен адамдардың едәуір бөлігінің құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қозғайтын жаппай сипаттағы заң бұзушылықтарды жою үшін сотқа талап-арыз беру арқылы орындалсын. Қалған жағдайда әр азаматқа өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы өз бетінше қорғау тәртібі түсіндірілсін.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің азаматтық-құқықтық дауларына прокуратура органдарының араласуына, сондай-ақ азаматтардың мүддесіне негізсіз талап қоюға жол берілмесін. Заңды тұлғалар мүддесіндегі талаптар сотқа Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі - Бас Прокурор) не оның орынбасарларының келісімімен ғана жолдансын.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексерулер жүргізу туралы бақылау және қадағалау органдарының атына негізсіз талаптар жолдау фактілері жойылсын.
4.Тексеру заңнама талаптарына сай, қадағалауындағы аумақта заңдылық жағдайын, аймақ ерекшеліктерін, тәуекелдерді басқару жүйесін бағалауды мұқият талдау негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі - Бас прокуратура) тапсырмалары бойынша жоспарланып, жүргізілсін.
Прокуратура органдары қызметінің басымдық бағыттары бойынша тексерулер бірінші кезектегі тәртіпте жүргізілсін.
Бұл мақсатта, прокурорларда, қадағалау ерекшелігін ескере отырып, қадағалауындағы аймақтың толық сипаттамасы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, демографиялық жағдайы, сондай-ақ халықтың қоғамдық, діни және саяси белсенділігі қамтылған үнемі жаңартылып отыратын паспорт болу керек.
Аймақтағы ахуалды талдау және заңдарды қолданудың аса проблемалы салаларын анықтау үшін сотта қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша қажетті мәліметтер жинақтасын.
5. Тексерулер қатаң түрде өз құзыреті шеңберінде және бір ай мерзімде жүргізілсін. Тексеруді тағайындаған прокурор жоғары тұрған прокурордың келісімімен оның мерзімін ұзарта алады. Тексеру жүргізу туралы тиісті қаулы шығарылған соң тексерулерге кіріссін.
Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына едәуір зиян келтіру қаупін тудыратын заң бұзушылықтарды жою не анықтау үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі тексерулер, егер оларды қабылдауды уәкілетті бақылаушы органдарға тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлардың немесе оған теңестірілген адамның келісімімен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының тапсырмалары негізінде ғана жүзеге асырылсын.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексерулер, тексеру мәселесі тікелей өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғаған жағдайда ғана, сондай-ақ осы тармақтың екінші бөлігіндегі шарттарды сақтай отырып жүргізілсін.
6.Тексеру жүргізу туралы қаулыны шығаруға: Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің бастықтары мен оларды алмастырушы тұлғалар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан және арнайы прокуратуралардың прокурорлары, олардың міндеттерін атқарушы тұлғалар құқылы.
7.Тексеріс тақырыбына қарамастан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қолданылуына және мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің заңдылығына баса назар аударылсын.
8.Тексеру нәтижелері бойынша дайындалған анықтаманың көшірмесі тексерілуші субъектінің басшысына танысу үшін беріледі.
9.Прокурорлық қадағалау актілерін сапалы дайындау қамтамасыз етілсін.
Прокурорлық қадағалау актілерінде заңнама нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, заң бұзушылықтың құқықтық мәні баяндалсын, заң бұзушылықтың келеңсіз салдары, оған ықпал еткен себептер мен жағдайлар көрсетілсін, оларды жою және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойылсын.
10.Прокурорлық қадағалау актісінің орындалуын және іс жүзінде заң бұзушылықтың жойылуын бақылау қамтамасыз етілсін.
Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволардың атына прокурорлық қадағалау актілері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен келісім бойынша жолдансын.
11.Ұйғарым прокурорлық қадағалау актісі ретінде тек «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен көзделген белгілердің жиынтығы негізінде енгізілсін, атап айтқанда, егер заңды бұзу:
1)ашық сипатта болса;
2)адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін болса;
3)дереу жоюды талап етсе.
Ұйғарымды нормативтік құқықтық актілерге енгізуге болмайды.
12.Мүлкінен мәжбүрлеп айырудан басқа жағдайларда, ұйғарым ерікті түрде орындалмаса, ол мәжбүрлеп орындатуға жолдансын.
13.Заңдылықты бұзу туралы ақпараттың түсу-түспеуіне қарамай және өз құзіреті шеңберінде мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің заңдылығына тексерулер тұрақты жүргізілсін, бұл ретте:
1)мемлекеттік органдардың жаңадан қабылдаған барлық нормативтік құқықтық актілерін прокуратураға жолдап тұруына қол жеткізілсін.
2)әрбір нормативтік құқықтық актілерді анықтамалар дайындау арқылы зерделеу қамтамасыз етілсін;
3)заңсыз құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің күшін жою немесе заңға сәйкестендіру шаралары қолданылсын.
14.Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіретін нормативтік құқықтық актілер анықталған жағдайда, наразылықта оларды тоқтата тұру туралы талап міндетті түрде көрсетілсін.
Мұндай наразылықты қанағаттандырудан негізсіз бас тартылған жағдайда, сотқа талап арыз жолдай отырып, ол қаралғанша тиісті қаулы қабылдау арқылы наразылық келтірілген актіні қолдану тоқтатылсын.
15.Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу туралы заңнама талаптарының орындалуына назар аударылсын.
16.Мемлекеттік тіркеуге жататын, бірақ тіркеуден өтпеген нормативтік құқықтық актілер анықталса, оларды қолдану міндетті түрде тоқтатылсын.
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің заңнамамен белгіленген ережелерді бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуға шаралар қолданылсын.
17.Прокурордың наразылық келтіруге құзыреті жоқ заңсыз нормативтік құқықтық акт анықталған жағдайда, материалдар қадағалау бағыныстылығына сай жолдансын.
18.Нормативтік құқықтық актілерді қолдануды тоқтататын прокурорлық қадағалау актілері жариялануы тиіс.
19.Заңнама нормаларының кемістіктері немесе қайшылықтары, сондай-ақ қабылдануы заңдарда көзделген нормативтік құқықтық актілердің жоқтығы анықталса, ол туралы Бас прокуратураға хабарлансын.
20.Прокурорлық қадағалау актілерінің заңдылығын тексеру нәтижесі бойынша жоғары тұрған прокурор:
1)заңдылығы мен негізділігі күмән туғызса, прокурорлық қадағалау актілерінің қолданылуы, түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тоқтатсын;
2)заңда және осы бұйрықта белгіленген құзыретті бұзған жағдайда прокурорлық қадағалау актілерін қайтарып алсын;
3)прокурорлық қадағалау актілері Конституцияға, заңнама актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына, Бас Прокурордың бұйрықтары мен нұсқауларына қайшы келсе, олардың күші жойылсын.
21.Мемлекеттік органдар қабылдаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың заңдылығына тиісті қадағалау қамтамасыз етілсін. Тексерулер жүргізу барысында тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды салу мен алып тастаудың заңдылығына назар аударылсын.
22.Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары тағайындаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою немесе алып тастау туралы қаулы осы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан заңдылықтың айқын және өрескел бұзылуы анықталған жағдайда шығарылсын. Мұндай қаулыларды Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан, арнайы прокуратуралардың прокурорлары мен олардың міндеттерін атқарушылар шығаруға құқылы.
23.Прокурорлық тексеру барысында тексеруді іске асыру үшін айтарлықтай маңызы бар жасырын заң бұзушылықты анықтау үшін өзге мүмкіндіктер болмаған жағдайда, құзыретті органдар тарапынан жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы мәселе шешілсін.
Жедел-іздестіру іс шараларын жүргізуге Бас Прокурордың және оның орынбасарларының, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қаулылары негіз болып табылады.
Прокурор қаулысында жедел-іздестіру іс-шараларының негізі, тексерілетін субъектілердің ауқымы, өткізу мерзімі және алынған нәтижелерді ұсыну нысаны көрсетілуі тиіс.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы қаулының жобасы жедел-іздестіру шараларының заңдылығын қадағалау жөніндегі құрылымдық бөлімінің басшысымен міндетті түрде келісілсін.
24.Қажет болған жағдайда тексеруге мамандар тартылсын.
Сараптама арнайы ғылыми білім қажеттігі туындағанда және оны тағайындаусыз прокурорлық тексеруді жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда ғана тағайындалсын.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыны Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерінің, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың міндеттерін атқарушылар, сондай-ақ қалалар мен аудандар прокурорлары облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың немесе олардың міндеттерін атқарушылармен келісу бойынша шығарады. Келісу 3 тәулік ішінде, ал кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Ақысыз жүргізілетін сараптамалар келісуді талап етпейді.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда:
сараптаманы тағайындау негізі;
сараптаманы тағайындау уақыты, орыны;
сараптауға жолданатын объектілер;
сарапшының қарауына берілетін өзге құжаттар;
сарапшының тұжырымына негіз бола алатын тексеру материалдарындағы мәліметтер;
сарапшының алдына қойылған мәселелер;
сот сараптама органының атауы немесе сараптама жүктелген маманның аты-жөні көрсетілуі тиіс.
25.Заңдылық жағдайына талдау жүргізілсін және прокурорлық қадағалау практикасы жинақтап қорытылсын және осы Нұсқаулықта көзделген жағдайларда оларды нәтижелері Бас прокуратураға ұсынылсын.
Бас прокуратураға жолданатын ақпаратта (жүргізілген талдаулар туралы) мыналар қамтылуы тиіс:
1)статистикалық талдау (өткен жылмен салыстыра отырып);
2)анықталған бұзушылықтар (бұзушылықтар түрлері мен санын көрсете отырып) негізінде заңдылық жағдайын, оның ішінде бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын бағалау. Заң бұзушылықтарды жою тәсілдері мен нәтижелері;
3)нормативтік құқықтық актілерде олқылықтардың орын алуы, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру.
26.Қандай да бір өкілетті органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың бастапқы өтініштері «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптарына сәйкес ведомстволық бағыныстылығы бойынша тиісті мемлекеттік органға жолдансын және арызданушыға құзыретті орган қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда прокуратураға қайта шағымдану мүмкіндігі туралы хабарлансын.
27.Прокурордың заңды қызметіне кедергі жасалса, оның ұйғарымдары және басқа да заңды талаптары орындалмаса, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген әкімшілік жауапкершілікке тартылсын.
28.Прокурорлық қадағалау актілерінің орындалмауы, сондай-ақ прокурордың қызметіне кедергі келтіру салдарынан азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық іс-жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапкершілікке тартылсын.
Прокурорлық қадағалаудың жекелеген бағыттарындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру