Тақырыбы: Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, түргештер.

Түрік қағанаты

Батыс Түрік қағанаты

Түргештер

1. VI-Х ғасырларда Қазақстан жеріндегі алғашқы феодалдық мемлекеттер Көне және Батыс түрік қағанаттары еді. Біздің заманымыздың 1 мың жылдығындағы Орталық Азия жерін мекендеген тайпалар одақтарының тарихы бұлармен өзара тығыз байланыста болды. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Орта Азиядағы Әмудария өзенінің бойына дейін созылған кең байтақ жердің бәрін тирек (телэ) деген жалпы атпен бірнеше тайпалар мекен еткен. Солардың бірі -турік тайпасы. Түрік деген ат алғаш рет 542-ші жылы аталады. Қытайдың солтүстік батысында орналасқан Вэй князьдігіне түріктер (туцюе) жыл сайын шабуыл жасап, ойрандап отырғандығы жөнінде айтылады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған.

546-шы жылы тирек (телэ) тайпалары Монголияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Тумынның (Бумын деп те атаған) басқаруымен тирек (телэ) әскерлеріне шабуыл жасап, бытшытын шығарып жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді аварларға (жуань-жуань) (қарсы шығып, авар қағаны үйінін ханшасын Тумынге әйелдікке беруді талап етеді. Авардың қағаны өзіне бұрын тәуелді болып келген түріктердің елшісін үйінен қуып шығады. 552-ші жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Тумын түрік билеп-төстеушілердің қағаны деген атағын алады. Тумын 553-ші жылы қайтыс болады.

Тумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Онын. ел билеген кезі 553-572 жылдар. Мұканның тұсында аз уақыт ішінде (553-554 жж.) түріктер шығыста қайлар (татабтар), кидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенеттерді өздеріне қаратты. 563-567 жж. Эфталит патшалығын басып алды. Міне, осыдан- кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатты.

Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естемі Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576-шы жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірак Естемі өлгеннен кейін, 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады.

Түрік кағанатындағы өзара қырқыс 603 жылы оның екі дербес Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады. Батыс қағанатының орталығы — Жетісу жеріндегі Суяб қаласы (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде).

2. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатты. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы — "он тайпа" (он-ақ будунның (мекендеген жері де осы ара болған. Сонымен қатар ол Шығыс түрік кағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Сармаканд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.

Қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қаласына жақын) деген жерде болған. 610-618 жж. Жегуй қаған мен оның інісі Түнжабғы қаған /618-630 жж./ билеген кезде қағанаттың күш қуаты таси түседі. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік батысына дейін жылжытып кеңейтеді.

Түрік қағанаты мал және егіншілік шаруашылығымен шұғылданды, мал шаруашылығына байланысты көшіп қонып жүрген. Егістік жерлерде түріктер отырықшылық шаруашылықпен айналысты. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен әлеуметтік-саяси ағзаның бір-біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектері еді. Елдің халқы - түріктері де, соғдылары да - бәрі бірдей сауда-саттықпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысқан. Нәтижесінде түріктердің қалалары өркендей бастады. Қалаларда сауда-саттық кеңінен жүргізілді. Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласына Орта Азия және Қытай жерінен неше түрлі заттар әкеп сататын болды. Түріктер Персия арқылы Византияға жібек және басқа заттар өткізуге рұқсат сұрап, 568 жылы Соғды көпесі Маниахтың басқаруымен елшілік жібереді. Бірақ бұл жолғы сапар сәтсіздікпен аяқталған. Одан кейін VI ғ. 70 жылдары осы елші Кавказ жері арқылы Константинопльге келіп, екі елдің арасында жібекпен тікелей сауда жүргізу туралы және олардың бірігіп, сасанидтер Иранына қарсы қимыл жасау жөнінде келіссөз жүргізеді.

Сыртқы сауда айырбасы да, ішкі сауда айырбасы да ақша айналасын шығарды, сөйтіп Батыс түрік қағанатының қарамағындағы шет аймақтарының да, орталығының да халқы осы айналысқа көшті. Түрік халқы қолөнерімен де шұғылданып, өмірге қажетті, әсіресе, үй тұрмысына керекті заттарды және қаружарақтарды жасап пайдалана білді. Түрік қағанаты әлеуметтік тұрғыдан алғанда бір жағынан, ақсүйек тайпалар, екінші жағынан, оларға бағынышты, тәуелді тайпалар болып екіге бөлінді. Бағынышты тайпалар алым-салық төлеп тұрған. Қағанаттың басында жоғары билеуші, әскер басшысы, барлық жердің иесі қаған болған. Елдегі барлық билік оның туыстары арқылы жүргізілді. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар - жабғы, ұлық, шад және елтебер-қаған әулетіне ғана тән атақ-тұғын. Сот қызметін бұйрық берушілер, тархандар жүргізді. Қағанаттың негізгі халқы малшы қауым мүшелері, оларды "қара буын" ("қара халық, "тобыр") деп атаған.

Түріктердің ежелгі жазуы болған, оны Жетісу жеріндегі ескерткіштерден көреміз. Шығыс пен Батыста, Оңтүстікте ұшы-қиыры жоқ жері бар біртұтас орасан зор мемлекет құрған түрік батырлары "басы барды идірдік, тізесі барды бүктірдік" деген сөздерді тасқа қашап жаздырып қалдырған. "Күлтегін" жыры да осы тас жазуы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы жырдағы Білге қағанның "Ілгері — күн шығысында, оң жақта - күн ортасында, кейін - күн батысында, сол жақта түн ортасында - осының ішіндегі халыктың бәрі маған қарайды" деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болған. Жергілікті халықтар түріктердің мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына көшіп, тілін қабылдаған.

Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құлалығына, үстемдік ету мен бағыну формаларының алуан түрлілігіне қарамастан таптардың қалыптасуы мен ертедегі феодалдық қатынастардың өрбуі біршама тез іске асты.

Қағанат ішіндегі өзара тартыс, билеушілердің жиі- жиі ауысуы оның ыдыраушылығын күшейтті. Он алты жылға 640-657/ созылған тайпалар арасындағы соғыс пен ішкі қырқыстар Жетісуға қытайдың Тан империясы әскерінің баса-көктеп кіруіне әкеліп соқты. Алайда, түріктердің Тан басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 жылы Жетісуда олардың саяси жетекші күш болып шығуына себепші болды.

3. Түргеш қағанаты 704-756 жылда аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі - 699-706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның, басты саяси орталығы - Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы - Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа /бөлікке/ бөліп, олардың әр қайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.

705 жылы арабтар шабуыл жасап, Әмударияның шығысындағы Мәуеренахрды жаулап алуға кірісті. Хорасанды билеуші Күтеиб-ибн-Мүсілім Балхы жерін басып алып, Бұхараға аттанады. Осындай қиын кезенде түргештер Согді /Согдиана/ еліне көмекке келеді, Күтеибке тойтарыс береді. 709 жылы Күтеиб Мәуеренахрға қайтадан жорық ұйымдастырады. Ол Согдиана патшасы Тархунды алдап, оны түріктердің көмегінен бастартуға мәжбүр етеді, сөйтіп Бұхараны басып алады.

Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билеуші оның баласы Сақал-Қаған болды. Оның ел билеген кезі 706-711 жылдар. Бұл кезде елдің ішкі және сыртқы жағдайы өте күрделі еді, бірлік болмады. Батыста түргештер согділермен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. Оңтүстіктен оған Қытайдың Тан империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төнгізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңгария жерінде /Бөлісу жанында/ түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. Бұл кезде арабтарға қарсы самархандыктар мен Орталық Азия түріктері көтерілді. 712-713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, согділер /согдицы/, Шаш /Ташкент/ қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Исфиджабқа шабуыл ұйымдастырды.

Көптеген қиындықтардан кейін Түргеш қағанаты Сүлік қағанның /715-738 жж./ тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларынын қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сүлік екі майданда: батысты арабтарға қарсы, шығыста батыс түрік қағандары мирасқорларын (Шығыс Түркістанда орныккан) қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Дегенмен арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сүлік арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді. Сүлік қаза болғаннан кейін билік үшін "сары" және "қара" түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, оның осы жағдайын Тан /Қытай/ империясы ұтымды пайдаланды. Оның Шығыс Түркістан жеріндегі билеушісі 748 жылы түргештердің басты қаласы Суябқа әскер жіберіп, оны басып алды, Шаш қаласының билеушісі өлтірілді. Оның баласы арабтардан көмек сұрады. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Олар Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, арабтар да Талас жерін калдырып, Шаш қаласына шегінді. Бірақ, өз ішінен әлсіреген Түргеш мемлекеті де 756 жылы құлады.

Сөйтіп, көшппелі түрік тайпалары құрған Батыс түрік қағанатының орнына төрт күшті мемлекет құрылды. Олар: Төменгі Поволжье мен СолтүстІк Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал даласында орналасқан Оғыз мемлекеті, СолтүстІк Шығыс және Орталық, Қазақстанда Кимек қағанаты, ал Батыс түрік қағанатының негізгі орталығы болған Жетісу жерінде қарлұқтардың мемлекеті орнады.

Наши рекомендации