Тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру

(факторинг)

729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты

1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.

Борышқорға ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында да беруi мүмкiн.

2. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты бойынша қаржы агентінің мiндеттемелерi клиент үшiн бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және берудiң нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкiн.

3. Осы Кодекспен белгiленген (осы Кодекстiң 339-347-баптары) талаптарды беру туралы жалпы ережелер, егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, ақшалай талапты берiп қаржыландыруға қолданылады.

730-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру туралы шарттың нысаны

Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты осы Кодекстiң 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып жазбаша түрде жасалуға тиiс.

731-бап. Қаржыландыруды алу мақсатындағы берiлген ақшалай талап

1. Төлем мерзiмi келген ақшалай талап (қойылып келген талап) та, болашақта туындайтын ақша алу (келешектегi талап) құқығы да қаржы беру нысанасы болуы мүмкiн.

Беру нысанасы болып табылатын ақша талабы клиенттiң қаржы агентiмен жасасқан шартында қолданылып келген ақшалай талапты шарт жасалған кезде, ал келешектегi талапты - ол туындаған кезден кешiктiрмей бiрыңғайландыруға мүмкiндiк беретiндей болып белгiленуге тиiс.

2. Қолданылып келген ақшалай талап шарт жасалған кезден бастап, егер онда өзгеше көзделмесе, қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.

Келешектегi ақшалай талапты беру кезiнде шартта көзделген талапты берудiң нысанасы болып табылатын ақшаны борышкерден алу құқығының өзi пайда болғаннан кейiн қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.

Егер ақшалай талапты беру белгiлi бiр оқиғамен байланысты болса, ол осы оқиға басталғаннан кейiн күшiне енедi. Мұндай жағдайда ақшалай талапты берудi қосымша ресiмдеу талап етiлмейдi.

732-бап. Клиенттiң қаржы агентiнiң алдындағы жауапкершiлiгi

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талаптың жарамсыздығы үшiн қаржы агентiнiң алдында клиент жауапты болады.

2. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.

3. Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.

733-бап. Талапты беруге тыйым салудың жарамсыздығы

Қаржы агентiне ақшалай талапты беру, тiптi клиент пен оның борышқоры арасында оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы келiсiм болғанда да жарамды болып табылады.

734-бап. Ақшалай талапты кейiн беру

Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентiнiң ақшалай талапты кейiн беруiне жол берiлмейдi.

Шартта ақшалай талапты кейiн беруге жол берiлген жағдайларда оған тиiсiнше осы тараудың ережелерi қолданылады.

735-бап. Борышқордың қаржы агентiне ақшалай талапты орындауы

1. Борышқор қаржы агентiне ол клиенттен немесе қаржы агентiнен ақшалай талаптың аталған қаржы агентiне берiлгендiгi туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда төлем жүргiзуге мiндеттi.

Хабарламада орындалуға жататын ақшалай талап нақты белгiленуге және төлем жүргiзiлуi тиiс қаржы агентi көрсетiлуi керек.

2. Борышқордың өтiнiшi бойынша қаржы агентi қисынды мерзiмде борышқорға ақшалай талаптың қаржы агентiне шындығында берiлгенiне дәлелдеме ұсынуға мiндеттi. Егер қаржы агентi бұл мiндеттi орындамаса, борышқор клиенттiң алдындағы өзінің міндеттемелерiн орындау үшiн оған аталған талап бойынша төлем жүргiзуге құқылы.

3. Борышқордың қаржы агентi алдында ақшалай талапты орындауы осы баптың ережелерiне сәйкес борышқорды клиенттiң алдындағы тиiстi мiндеттемелерiнен босатады.

736-бап. Қаржы агентiнiң борышқордан алынған сомаларға құқықтары

1. Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша клиенттi қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентiнiң сатып алуы жолымен жүзеге асырылса, соңғысы борышқордан талапты орындау үшiн алатын барлық сомаға құқықты иемденедi, ал клиент өзi алған сома қаржы агентi клиентке төлеген сомадан аз болғаны үшiн қаржы агентi алдында жауап бермейдi.

2. Егер қаржы агентiне ақшалай талапты беру клиенттiң агент алдындағы өзiнiң мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету әдiсi ретiнде жүзеге асырылса және талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентi клиентке есеп табыс етуге және оған талапты берiп қамтамасыз етілген клиент мiндеттемелерi сомасынан асатын соманы беруге мiндеттi. Егер қаржы агентi борышқордан алған ақша клиенттiң қаржы агентiне талапты берумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерi сомасынан аз болып шықса, клиент мiндеттемелердiң қалған бөлiктерi бойынша жауапты болады.

737-бап. Борышқордың қарсы талаптары

Қаржы агентi борышқорға төлем жүргiзудi талап еткен жағдайда, борышқор осы Кодекстiң 370-бабына сәйкес талаптың қаржы агентiне берiлгенi туралы жазбаша хабарламаны өзi алған уақытта борышқорда болған, клиентпен арадағы шартқа негiзделген өзінің ақшалай талаптарын есепке алуға ұсынуға құқылы.

Егер клиент борышқор алдында мiндеттемелерi бар екенi туралы оған хабарламаса, қаржы агентi есепке алудан бас тартуға құқылы.

738-бап. Қаржы агентi алған сомаларды борышқорға қайтару

1. Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды, егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса, қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ.

2. Талапты берудiң нәтижесiнде қаржы агентiне төленген соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы бар борышқордың қаржы агентiнен бұл сомаларды қайтаруды, егер соңғысының клиент алдындағы талаптың берiлуi бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы мiндеттерiн орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берiлуiне байланысты қаржыландыруға жататын мiндеттеменi клиенттiң орындамағанын бiле тұра қаржыландыруды жүргiзгенi дәлелденсе, дегенмен де талап етуге құқылы.

2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен 738-1-баппен толықтырылды

738-1-бап. Секьюритилендіру кезінде ақшалай талаптарды

басқаға беру

Секьюритилендіру кезінде ақшалай талаптарды басқаға беруді қаржыландыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамалық актісінде белгіленеді. Осы тараудың ережелері, егер Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамалық актісінде өзгеше белгіленбесе, секьюритилендіру мәмілелеріне қолданылады.

Наши рекомендации