Факторинг шарты(ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты).

Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.

Шарт екі жақты және ақылы болып табылады.

Ақшалай талапты беру клиенттің қаржы агенті алдындағы қандай да бір міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілі болып табылуы мүмкін. Осы жағдайда міндеттемені клиент орындамағанда ғана ақшалай талап қаржы агентіне ауысады.

Шарт нысаны: жай жазбаша немесе білікті жазбаша( нотариалды және мемлекеттік тіркеу қажет болса, оны да қамтитын) нысанда жасалуға тиіс.

Шарт нысанасы ретінде:

- төлем мерзімі келген ақшалай талап

- болашақта туындайтын ақша алу талабы

- бірнеше ақшалай талап

Тараптардың құқықтары мен міндеттері:

Төлемі күман келтіретін ақшалай талаптардан қаржы агенті бас тартуға құқылы.

Сома мөлшері, төлем мерзімі, басқа да белгілері көрсетілген нақты ақшалай талап берілуі мүмкін.

Борышқор клиенттен немесе қаржы агентінен ақшалай талапты беру туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда ғана қаржы агентіне төлем жасауға міндетті.

Қаржы агентінен жазбаша хабарлама алған кезде талапты беруді растайтын дәлелдерді талап етуге, егер ақылға сыйымды мерзім ішінде дәлелдерді ала алмаса – төлемді клиентке жасауға құқылы.

Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды,

егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса,

қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.

Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.

Банктік қызмет көрсету шарттары.

Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.

Банктiк қызмет көрсету шарты:

1) банктiк шот шарты;

2) ақша аудару шарты;

3) банк салымы шарты;

4) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.

Тұлғалардың банктердегі ақшаcына тек қана соттар, тергеу және анықтау органдары мен атқарушылық іс жүргізу органдары өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық және азаматтық істер бойынша заңдарда белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша тыйым салуы мүмкін.

Клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн оның банктегі ақшасы жеткiлiктi болған жағдайда, клиенттен келіп түсетін өкімдерге сай талаптар қанағаттандырылады.

Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектiлiк бойынша алуды жүргiзедi:

1) адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;

2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөніндегі мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алып қоюды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алып қою жүргiзiледi;

3) клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;

4) басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;

5) клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектiлiк тәртiбiмен ақша алу жүргiзiледi.

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiнде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.

Наши рекомендации