Тақырып. Халықаралық теңіз және өзен құқығы
Қарастырылатын сұрақтар:
- Халықаралық теңіз құқығының түсінігі
- Халықаралық теңіз құқығының қайнар көздері мен қағидалары
- Теңіз кеңістіктерінің құқықтық режимі
- Теңіз кеңістігінің түрлері.
- Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі
Халықаралық теңіз құқығының түсінігі. Халықаралық теңіз құқығын кодификациялау. 1958 жылығы теңіз құқығы туралы Жненва конвенциясы. БҰҰ-ның теңіз құқығына қатысты үшінші конвенциясы.
Әртүрлі нысандағы теңіз қызметтерінің пайда болуы мен дамуы халықаралық құқықтың жаңа бір тармағы, яғни халықаралық теңіз құқығының пайда болуына әкеп соқты. Халықаралық теңіз құқығы дегеніміз - Әлемдік мұхитты пайдаланумен байланысты қызметтерді жүзеге асыратын халықаралық құқық субъектілерінің қарым-қатынасын реттейтін халықаралық-құқықтық қағидалар мен нормалардың жиынтығы.
Халықаралық қатынастардың бастапқы кезеңдерінде көптеген уақыт бойы халықаралық теңіз құқығының бірден-бір қайнар көзі - әдет-ғұрыптар болып келді. Тек XVIII ғасырда теңіз соғысы мен теңіз жағалауында орналасқан мемлекеттердің өздеріне тиесілі аумақтарда мемлекеттік билікті жүзеге асыру мәселелерін көздеген арнайы шарттар пайда болды. Әйтсе де Әлемдік мұхитты пайдалануға байланысты туындаған халықаралық қатынастарды түбегейлі құқықтық реттеу, XX ғасырларда бекітілген біршама көпжақты шарттарының негізінде ғана мүмкіндік тұғызды.
1958-ші жылы БҰҰ-ның Женевадағы конференциясында аталмыш ұйымның Халықаралық құқық комиссиясымен әзірленген мақалалардың негізінде келесідей төрт бірдей конвенция қабылданды:
- Аймақтық теңіз және іргелес аймақ жөніндегі конвенция;
- Ашық теңіз жөніндегі конвенция;
- Балық аулау және ашық теңіздің тірі ресурстарын қорғау жөніндегі конвенция;
- Континенттік қайраң жөніндегі конвенция.
Аталмыш конвенциялар күшіне еніп, қолданысқа алынғаны мен олар нәтижелі жұмыс атқара алмады. Отарлық жүйенің күйреуі негізінде жаңадан пайда болып, дамып жатқан мемлекеттердің ұйғаруы бойынша бұл конвенциялар олардың мүдесін жеткілікті түрде қамти алмады. Осы жағдай, және де ғылыми-техникалық прогресстердің дамуы нәтижесінде Әлемдік мұхитқа қатысты пайда болып жатқан теңіз қызметтерінің жаңа бір түрлерінің құқықтық реттелу қажеттілігі 1973-ші жылы БҰҰ теңіз құқығы жөніндегі III Конференциясының өткізілуіне себеп болды. Нәтижесінде 1982-ші жылы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясы қабылданып, ол 1994 жылы 16 қарашада күшіне енді.
Аталған конвенциялардан басқа, теңіз құқығының қайнар көздері ретінде келесідей халықаралық шарттарды атап өтуге болады: Кит аулау өндірісін реттеу жөніндегі 1946 жылғы конвенция; Теңіздегі кемелердің қақтығысын ескертудің халықаралық ережелері туралы 1972 жылғы конвенция; Теңіздегі адамдардың өмірін қорғау жөніндегі 1974 жылғы конвенция; Қалдықтардың әсерінен болуы мүмкін теңіздердің ластануының алдын алу туралы 1972 жылғы конвенция ж.т.б.
Халықаралық теңіз құқығы жалпы халықаралық құқықтық жүйенің құрамдас бөлімі болғандықтан, жалпы халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын басшылыққа алады. Мысалы: өзара күш қолданбау, қорқытпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекеттердің қызметтестігі, барлық халықтар теңдей өз тағдырларын өздері анықтау тәріздес қағидалар. Бұнымен қатар халықаралық теңіз қатынастарын реттеуде халықаралық теңіз құқығының келісідей салалық қағидалары да қолданылады:
Ø Ашық теңіз бостандығы қағидасы, бұл қағидаға сәйкес аумақтық теңіздің сыртқы шекарасындағы теңіз кеңістіктері ашық және қандайда бір мемлекеттердің егемендігіне жатпайды. Теңізде жүзу еркіндігі, ашық теңіздің әуе кеңістігіндегі ұшу еркіндігі, су асты кабельдері мен құбырлар салу еркіндігі, жасанды аралдар тұрғызу еркіндігі, балық аулау еркіндігі, ғылыми зерттеулер жүргізу еркіндігі осы бір қағидамен кепілдендірілген.
Ø Теңіз кеңістігін қорғау қағидасы.
Ø Теңіздің ірі ресурстарын сақтау және орынды пайдалану қағидасы.
Ø Дүниежүзілік мұхитты бейбіт мақсатта пайдалану қағидасы.
Халықаралық құқықта жер шарының барлық кеңістіктері, оның ішінде әуе және ғарыш кеңістіктері өзіндік құқықтық мәртебесі бойынша ең басты екі аймаққа бөлінеді:
- құқықтық мәртебесі ішкі мемлекеттік заң нормаларымен белгіленетін кеңістік;
- құқықтық мәртебесі халықаралық нормалармен белгіленетін кеңістік.
Сәйкесінше Дүниежүзілік мұхит кеңістіктері де жағадағы мемлекеттің мемлекеттік аймағын құрайтын теңіз кеңістіктерінен және құқықтық мәртебесі халықаралық құқық нормаларымен белгіленетін теңіз кеңістіктерінен тұрады. Сондай-ақ теңіз кеңістіктері құқықтық режимі бойынша келесідей сараланады:
- құқықтық мәртебесі негізінен ұлттық құқық нормалары құрайтын мемлекеттік аймақтар. Бұған жататындар ішкі теңіз сулары және аймақтық теңіз.
- мемлекеттік аймақтар құрамына кірмейтін, алайда жағадағы мемлекеттер мұндай кеңістіктерде Ұлттық заң және халықаралық шарттармен бекітілген белгілі егеменді құқықтарға ие болатын аралас режимді аумақтар. Атап айтсақ құрлықтық қайраң мен экономикалық аймақтар.
- халықаралық шарттармен бекітілген барлық мемлекеттерге ерекше құқықтық режимді аймақтар. Бұған жататындар: аймақтық сулардың сыртқы шегінен басталатын ашық теңіз, теңіз түбіндегі халықаралық аудан, кейбір халықаралық бұғаздар, каналдар, Антарктида, ғарыш кеңістіктері және аспан денелері.
Теңіз кеңістігінің осы түрлерінің әрқайсысы өзіндік айырмашылық режимдер мен ерекшеліктерге ие, енді солардың әрқайсысына жекелеп тоқталайық.
Ішкі теңіз сулары – теңіз жағалауы бар кез келген мемлекет аймағының құрамдас бөлігі болып табылады. Халықаралық құқыққа сәйкес, ішкі теңіз сулары ұғымына аймақтық теңіздің енін есептеуге алынған, мемлекеттер жағасында және түзу негізгі сызықтармен орналасқан сулар жатады. Ішкі теңіз суларының құқықтық мәртебесі олардың үстінен толық егемендікті жүзеге асыратын жағадағы мемлекеттің заңымен бекітіледі. Мұндай суларда арнайы рұхсатсыз кәсіптің кез келген түрімен айналысуға тиым салынады.
Аймақтық теңіз– бұл жағалаудағы мемлекеттің ішкі теңіз суларына немесе аймақтық құрлығына жанасатын ені 12 теңіз миліне дейінгі теңіз белдеуі. Өзінің құқықтық мәртебесі бойынша аймақтық теңіз жағалауындағы мемлекет аймағының бөлігі ретінде танылады, ол өзінің егемендігін аймақтық теңіз суларына ғана емес, сонымен бірге оның түбіне, әуе кеңістігіне, аймақтық теңіз түбі мен қойнауына да жүргізе алады.
Ашық теңіз– аймақ суының сыртқы шекарасында орналасқан теңіз және мұхит кеңістігі, дәлірек айтсақ аймақ суымен кез келген мемлекеттің ішкі суларына енбейтін теңіздің барлық бөлігі. Ашық теңіз барлық ұлттар үшін ашық және ешқандай мемлекет оның кез келген бөлігін өз егемендігіне бағындыруға хақысы жоқ.
Іргелес аймақ– аймақ суына жанасып жатқан аудан. Іргелес аймақтың ені, аймақ суының ені өлшенетін бастапқы сызықтан бастап 24 теңіз миль шегінен аспауы керек. Іргелес аймақты жағалау мемлекеті өз ішкі теңіз суларында және аймақ суларында шетел кемелерінің кедендік, фискалдық, имиграциялық және санитарлық ережелердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін құрады.
Континенттік қайраң(ағылшын тілінен аударғанда сөре, шығыңқы жер, саяз жер) дегеніміз – теңіз түбі тігінің кенеттен ұлғаюы белгіленетін, жағалау сызығынан тереңдігіне дейін жайылып жататын материктер айналасындағы су асты жазығы.
Айырықша экономикалық аймақдегеніміз– аумақ суы және аумақ суының енінен өлшенетін бастапқы сызықтан бастап ені 200 теңіз милін қосып есептегендегі аудан. Жағалаудағы мемлекетке айырықша экономикалық аймақта барлық табиғи ресурстарды барлау, өңдеу және аяқтау мақсатында егеменді құқықтар беріледі. Мұндай табиғи ресурстарға судағы тірі және тірі емес, теңіз түбінде тұнып жатқан ресурстар және теңіз түбінің қойнауы жатады.
Теңіз түбінің халықаралық ауданы– БҰҰ Халықаралық теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясының 136-бабына сәйкес, континенттік қайраңнан тыс Аудан деп аталатын теңіз түбі адамзаттың жалпы мұрасы болып табылады.Аудан ресурстарына деген барлық құқықтар жалпы адамзатқа тиесілі.
Халықаралық бұғаздар.Бұғаздар – қандайда бір құрлық учаскілерін бөліп тұратын және көршілес су бассейіндерін немесе оның бөлігін қосып тұратын біршама тар су кеңістігі. Көптеген бұғаздар халықаралық кеме қатынасы үшін негізгі теңіз жолы қызметін атқарады. Жер бетінде жалпы 300-ге жуық бұғаз бар. Негізгі халықаралық бұғаздар қатарына Малакка, Гибралтар, Сингапур, Магеллан, Қара теңіз, Балтық бұғаздары жатады.
Архипелагтік суларархипелаг мемлекеттердің төңірегін теңіздік басқа бөлімдерінен түзу негізгі сызықтармен шекараланатын, архипелагтің теңіздегі ең алыстатылған аралдары нүктесімен кебул теңіз жартастары құрамына кіретін аралдар арасында орналасқан сулардан тұрады. Бүгінгі күні архипелаг мемлекеттерге Жасыл мүйіс аралдарын, Фиджи, Багам аралдарын, Индонезия, Филиппинаны жатқызуға болады.
Теңіз каналдарыдегеніміз –теңіз жолдарының ұзындығын қысқарту үшін теңіз кеңістігін қосатын жасанды су жолдары.Суэц, Панама, Киль каналдары халықаралық маңызы бар негізгі каналдарға жатады. Суэц каналы Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді қосып жатса, Панама каналы Атлант және Тынық мұхиттарын қосып жатыр.