Демократия теориясы: тарихы жӘне бҮгіні

1. Демократияның тарихи формалары

2. Қазақстандағы демократияландырудың негізгі кезеңдері және ерекшеліктері

Демократия ұғымын бірнеше мағынада қолдануға болады: 1) мемлекеттің типі мен жалпы саяси жүйесі; 2) мүшелерінің теңдігіне, басқару органдарының мерзімді сайлануы және көпшілік дауыспен шешімдер қабылдау принциптеріне негізделген кез келген ұйымның ұйымдастыру түрі; 3) қоғамдық құрылымның мұраты (идеалы) және соған сәйкес көзқарастар.

Демократияның классикалық теориясы антикалық дәуірден бастау алады. Бірақ өзіндік ерекшелігі ең алдымен барлық адамдар тең, бәрі де саяси шешімдерді қабылдауға қатысуы керек деген тезиске байланысты. Оны «Қоғамдық келісім» атты еңбегінде Ж.Ж. Руссо жан-жақты қарастырады. Оның ойынша, саяси процеске тартылған өз бетінше саналы іс-әрекет жасайтын, ақылды адамдар қосылғанда жаңа сапа пайда болады. Олар жабылып ортақ игілік теориясын ойлап табады. Бұл идея саясаттың басшы принципіне айналады және ортақ ерік, жігер, қайрат негізінде қалыптасады. Бәрі бас қосқан сайыстан кейін нашар жақтары алынып тасталып, жақсылыққа жету жолдары іздестіріледі. Сөйтіп, жалпы жұрттың ықтиярын, көзқарастарын жинап, топтастырып ортақ игілікке жетудің шешімін қабылдайды. Бұл тұжырымдама ХІХ ғасырға дейін басымдық етті.

Иозеф Шумпетер (1883-1950) австрия әлеуметтанушысы өзі аттас «шумпетерлік» теорияның негізін қалады. Оның ойынша, жалпы ықтиярлық, тілек барлық халықтың еркімен қалыптаспайды, оны жасайтын соған мүдделі кәсіби топтар. Демек, демократия ешқашан халықтың басқаруы болған емес. Халық тек белгілі бір арадағы институтты сайлайды. Ол өз кезегінде ұлттық атқарушы органды немесе үкіметті қалыптастырады. Бұдан кейін көпшілік іс жүзінде саясаттан шектейді. Сондықтан демократиялық тәсіл – Шумпетердің ойынша, жеке адамдардың халық дауысын алу үшін бәсекелік күрес нәтижесінде жететін институционалданған шаралар жүйесі. Қорыта келгенде, басқаратын халық емес, жеке адамдардың арасында бәсекелік күрес жүреді, ал халық бұл күресте солардың біріне дауыс береді.

Шумпетердің ойынша, демократияның ойдағыдай жұмыс істеуі үшін төрт жағдай керек:

1.Маңызды мемлекеттік қызметтерге сайлауға болатын айтарлықтай білікті, маман өкілдер тобы болуға тиіс.

2.Саяси органдар халық, негізінен, жақсы қабылдап, оларға өз көзқарастарын айта алатын шешімдер қабылдауы тиіс. Олай болмаса, шешімдердің легитимдігі жөнді болмайды.

3.Жауапкершілікті толық сезінетін, қызмет орнының абыройын жоғары бағалайтын дайындығы бар жақсы ұйымдасқан бюрократия болуы керек. Ол құрам орта тап өкілдерінен құралуы тиіс.

4.Саяси теорияның ғана емес, саяси мәдениеттің де элементі болып табылатын демократиялық өзін-өзі бақылау болғаны өте маңызды.Саяси процеске қатысушы әрбір адам өзін-өзі тежеп отырмаса, қандай демократия болуы мүмкін.

1. Плюралистік, элитарлық, экономикалық, «ақпараттық демократия» және маркстік теорияларының идеялары негізінде демократияның үш түрін атап көрсетуге болады: тура, плебисцитарлық, өкілдік. Тура демократияда халық маңызды саяси шешімдерді қабылдауда, билік жүргізуге тікелей араласады. Оның жақсы жақтары: халықты саясаттан шеттетпейді, саяси жүйенің тұрақтылығын және басқарудың ұтымдылығын арттырады; халықтың белсенділігін дамытып, тұлғаның өзін-өзі көрсетуіне, танытуына жол ашады; саяси институттар мен қызмет адамдарын бақылаудың ықпалдылығын қамтамасыз етеді, билікті теріс пайдаланудан сақтайды, басқарушы элитаның халықтан алшақтауына, шенеуліктердің бюрократталуына жол берілмейді.

Плебисцитарлық демократияда азаматтардың саяси ықпалы кемиді. Оларға сайлау арқылы заңның немесе басқа шешімнің жобасын қабылдау немесе қабылдамау құқығы беріледі. Оны әдетте президент, үкімет, партия немесе басқа бастамашы топ дайындайды. Мұнда халықтың жобаны дайындауға қатынасу мүмкіндігі аз. Оны біраз жағдайларды екіұшты сұрақтар қою және т.с.с. арқылы ұйымдастырушылар айласын асыру үшін де пайдаланады.

Өкілдік демократияда халықтың еркі депутаттарға және биліктің өкілетті органдарына беріледі. Азаматтар өздерінің көзқарастарының, мақсаттарының, бағдарламаларының жақындығына байланысты депутаттарды сайлайды, оларға өз мүдделерін қорғауды сеніп тапсырады. Оның жақсы жақтары – еңбектің айқын бөлінуі, шешім қабылдайтын адамдардың құзыреттілігі мен жауапкершілігі. Осал жағы – сайлау аралығында халықтың биліктің шеттетілуі, басқарудың бюрократиялануы, авторитарлық үрдістің өрістеуі және т.б.

Наши рекомендации