Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің түсінігі
Адам құқықтары мен бостандықтарының құндылығы бүгінгі күні дәлелдеуді талап етпейтін мәселе. Бірақ жалпы алғанда осылай болса да, оған да күмән келтірушілер аз емес, соның ішінде оларды ғалымдар арасынан да табуға болады. Мысалы, қазақстандық ғалым С.Б. Булекбаев осыған қатысты қазақстандық қоғамның батыстық үлгідегі үлкен реформалаудан өтуін, сондай-ақ қазақстандық қоғамның санасына өркениеттің негізін нарықтық экономика, жеке меншік және демократия қалайды, ал батыстық өркениет - әлемдегі өркениет процесінің үлгісі (эталоны) болып табылады деген идея белсенді енгізілуде деп көрсетеді. Бұл болса, ғалымның айтуынша еуроцентризм (немесе еуропоцентризм) идеологиясын құрайды [9, 18 б.].
Адам құқықтары мен бостандықтары соңғы жылдары ерекше маңыздылыққа ие болып отыр. Мұның себебі – лаңкестікпен құқық арқылы күресу құралдарының көп жағдайларда адам құқықтары мен бостандықтары идеясына қайшы келіп жататыны. Мұны, мысалы, Халықаралық Хельсинкілік федерация деп аталатын халықаралық үкіметтік емес ұйымның 2003 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының әрекет ететін кеңістігіндегі адам құқықтары жағдайына байланысты есебінен байқауға болады. Бұл құжат «ЕҚЫҰ/ОБСЕ аймағындағы адам құқықтары: Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америка», - деп аталады [10]. Жалпы алғында құжатта кейбір жағымды өзгерістермен қатар негізгі адам құқықтары мен демократиялық жетістіктерді жүзеге асыру көрінісі көмескі болып көрсетілген. Бұрыңғы кеңестік республикалардың көбінде жағдайдың төмендеуімен қатар Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының бұзылуы туралы мәліметтер әсіресе алаңдатады, ал демократиясы бұрыннан орныққан мемлекеттердегі лаңкестікпен және ұйымдасқан қылмыспен күресу бойынша қабылданған шаралар адамның кейбір негізгі құқықтары мен бостандықтарына елеулі қатер төндіреді, - делінген бұл құжатта.
Сонымен бірге бұрыңғы социалистік елдердің, оның ішінде әсіресе бұрыңғы кеңестік республикалардың көпшілігінде экономикалық және әлеуметтік құқықтарға байланысты жағдайдың одан ары төмендеуіне назар аударылады. Көп елдерде басты мәселе кедейшілікке байланысты. Жұмыссыздық көбейіп, болашақ даму үшін маңызды салаларға, оның ішінде білім беру мен денсаулыққа бөлінген қаржылар одан ары қысқартылды.
ЕҚЫҰ/ОБСЕ елдерінің көпшілігінде сайлау мен референдум өткізудің халықаралық стандарттары бұзылып келді. Мұның мысалы ретінде Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей сияқты елдер келтірілген. Есеп бойынша дауыс беру кезіндегі көптеген құқық бұзушылықтармен қатар мүмкіндіктердің тең болмауы және мемлекеттік, сондай-ақ қоғамдық ресурстарды билік басындағы Президент пен басқарушы партия пайдасына теріс пайдалану аталған елдердің барлығына тән белгі болды. Мысалы, «Қырғызстандағы Парламенттен Президентке өкілеттіктер беруге бағытталған Конституцияны өзгерту бойынша референдум, өзгерістерді дайындаудың демократиялық стандарттарға сай келмейтінінен бастап қорытынды нәтижелерді есептеуге араласуға дейін, халықаралық стандарттар нормаларының барлығының бұзылуына алып келді», ал Шешенстандағы жаңа Конституция бойынша референдум, Президент пен Парламентті сайлау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының жеткіліксіздігі, ашық қоғамдық жарыссөздердің болмауы, сайлаушыларды қорқыту және оларға қысым көрсету, сайлаушылар тізімдеріндегі қателіктер және сайлау нәтижелерін бұрмалау фактілерінің кең таралғаны үшін құқық қорғау ұйымдарымен сынға алынды.
Көп елдерде соттардың атқарушы биліктен тәуелсіздігі әлі де толық қамтамасыз етілмеген. Сот төрелігін жүзеге асырудың басты кедергісі көбінесе судьялардың өте төмен жалақысына байланысты жемқорлық болып отыр.
Жалпы алғанда бұрынғы кеңестік республикалардағы адам құқықтарын қорғауға қатысты жағдай, бұл саладағы тәжірибе бір-біріне ұқсас болып келеді, тіпті бұл елдердің конституциялық заңнамалары да бір біріне өте ұқсас. Н.С. Михалева мұның басты себептерін ТМД-ға қатысушы елдердің ортақ тарихи мұрасының болуымен, таңдалған конституциялық құрылыс үлгісінің ұқсас болуымен, конституциялық реттеу объектісінің бір тектестігімен, мемлекеттік–саяси реформалардың динамикасымен, халықаралық құқықтың әсерімен, конституциялық заңнаманы қорғаудың ерекше механизмімен түсіндіреді [11, 73 б.].
Әрине, жаңа конституциялардың арқасында (бұл жерде КСРО ыдырағаннан кейін қабылданған конституциялар туралы айтылады) Қазақстан мен Орталық Азияның жаңа тәуелсіз мемлекеттері әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшелеріне айналуы тиіс болды [12, 29-30 б.], бірақ бұл конституциялар адам құқықтарының қорғалуын күшейте алмады.
Мұны 2006 жылғы әлемдегі адам құқықтары жөніндегі жағдай туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасы дәлелдейді [13]. Бұл баяндамада Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан туралы да нақты мәліметтер бар. Солардың тек кейбіреулерін ғана келтірейік. Сонымен, Қарулы күштердегі жағдайға байланысты ҚР Қорғаныс Министрлігінің мәліметтері бойынша әскери қызметкерлермен жасалатын қылмыстар саны бір жылдың ішінде 28% қысқарған, оның ішінде қызмет орнын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар саны 48% азайған және сарбаздардың әскерден қашу жағдайлары 61% кем тіркелген болып шығыпты. Мұның себебі үкімет келісім-шарт бойынша қызмет өтетін сержанттар санын ұлғайтып, адам құқықтары мен сержанттардың қосымша жауапкершілігі саласындағы жаңа оқу бағдарламасын қабылдап, барлық деңгейдегі әскери қызметкерлерді заңсыз әрекеттердің алдын алу бойынша арнайы дайындау бағдарламаларын жүзеге асырды. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында тәртіпті қатайтып, үнемі арнайы тексерулер жүргізіп, барлық жоғары лауазымдағы офицерлерден тиісті есеп алып отырды.
Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және халықаралық бақылаушылар Әділет министрлігінің басшылығымен жақсы қарым-қатынас құрылғанын және бұл министрліктің қамаудағы адамдардың жағдайын жақсартуға байланысты бірқатар белсенді шаралар қабылдағанын хабарлап отыр. Соның ішінде медициналық көмек көрсету деңгейі, әсіресе туберкулезке қатысты едәуір жақсарған. Бірақ, байқаушылардың айтуынша алдыңғы жылға қарағанда реформалардың қарқыны төмендеп қалған.
Қазақстандағы құқық қорғаушы ҮЕҰ арасынан ең белсенділері қатарына Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро, Алматы Хельсинкілік комитеті, Республикалық тәуелсіз байқаушылар торабы, ҮЕҰ-дар Конфедерациясы, пенитенциарлық жүйені реформалау мәселелері бойынша «Penal Reform International» халықаралық ұйымы және Әділ сөз ұйымы жатқызылды. Жалпы алғанда азаматтық бостандықтар, адам құқықтары және азшылықтарды қорғау мәселелерімен айналысатын қазақстандық ұйымдар барлық ҮЕҰ санының бар-жоғы 10% төмен болып шықты. Тап осы ҮЕҰ қатал мемлекеттік бақылауға алынған және тіркеу, офис жалдау және техникалық жабдықтар алу жағынан көптеген қиындықтардан өтуде, сондай-ақ салықтық, қаржылық және құқықтық тексерулерден жиі өткізілуде. Жергілікті ҮЕҰ мүшелері кейде билік органдары тарапынан қудаланып, қорқытылады.
Дегенменде АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында Қазақстанның ресми органдары кез келген құқық қорғаумен айналысатын ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардың жергілікті ҮЕҰ-мен және мемлекеттік лауазым иелерімен кездесу үшін елге келуге ешбір кедергі жасамайды делінген. ҚР Үкіметі бұл жағынан ЕҚЫҰ/ОБСЕ-мен және оның миссиясымен, сондай-ақ БҰҰ, Миграция бойынша халықаралық ұйым және Қызыл Кресттің Халықаралық қоғамымен бірігіп жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, Бас Прокуратура Конституция негізінде саяси партиялардың қызметін жетілдіру бойынша шетелдік ҮЕҰ қызметін тоқтатты. Саяси емес салада қызмет ететін ҮЕҰ-ға, мысалы, әйелдер мен балаларға қолдау көрсететін немесе қоршаған орта мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ-ға билік көзқарасы жақсы.
Қазақстанның дағдарыс орталықтары Одағының ақпараты бойынша елімізде әйелдерге көмек көрсететін 22 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Сонымен бірге, бірқатар шағын ҮЕҰ әйелдерге тиісті көмек көрсетеді. Осы орталықтардың төртеуінде зорлық-зомбылық құрбандарына баспана беріледі, ал екеуі үкімет есебінен қаржыландырылады.
Тағы бір үлкен мәселе – адам саудасы. Әділет министрлігінің ақпараты бойынша 2006 жылдың алғашқы 8 айы ішінде адам саудасына қатысты 18 қылмыстық іс қозғалып, 5 іс сотқа берілген. 2005 жылы болса адам саудасы бойынша 29 қылмыстық іс жүргізіліп, 13 адам сотталған екен. Бірақ адам саудасына кінәлі адамдар көбінесе шартты түрде ғана сотталып, түрмеге отырғызылмайды.
Біздің түсінігімізше, кез-келген мемлекеттегі адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдендірілу деңгейі демократия идеалдарына жақындығы жөніндегі ел басшыларының мәлімдемелеріне емес, тіпті конституция мен жалпы заңнамада бекітілген адам құқықтарының тізіміне де емес, ең алдымен адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кезінде қолданылатын құралдар мен өзге де шаралардың жетік болуына және тиісті механизмдерінің даму дәрежесіне байланысты болады.
Адам құқықтарын қорғау осы құқықтарды жүзеге асырудың ең маңызды элементтерінің бірі екендігіне ешбір күмән жоқ. Адам құқықтарын қорғау институты болса өзінің көлемділігіне байланысты құқықтық әдебиеттерде жан-жақты қарастырылуды талап ететіні де сөзсіз.
Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажеттілігі осы құқықтар мен бостандықтардың әрбір бұзылған жағдайында немесе оларды жүзеге асыру кезінде белгілі бір кедергілер не дау пайда болса туындайды. Біздің елімізде басқа да бұрынғы КСРО мемлекеттеріндегідей мұндай жағдайлар жиі пайда болып отырады, өйткені оның басты себептерінің бірі құқықтық нигилизмнің орынң алуы деп ойлаймыз.
Үлкен Кеңестік Энциклопедия құқықтық нигилизмді «құқықтың әлеуметтік құндылығын жоққа шығаратын және қоғамдық қатынастарды реттеудегі әдістердің арасында оны ең қолайсызы деп есептейтін қоғамдық-саяси ойдың бағыты» ретінде анықтайды [14].
Қазақстандық ғалымдар құқықтық нигилизм ретінде «құқық пен заңдылықтың девальвациясы, заңдарды менсінбеушілік немесе олардың реттеуші, әлеуметтік ролін төмен бағалау арқылы көрініс табатын» құқықтық мәдениеттің антиподын түсінеді [15, 91 б.]. Ал Е.В. Милованың түсінігі бойынша құқықтық нигилизм деп «құқыққа, оның әлеуметтік құндылығына және тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мүдделерін қамтамасыз етуіндегі оның роліне теріс көзқарасты білдіретін және индивидтер мен әлеуметтік топтардың құқықтық мәдениеттен, құқық пен құқықтық тәртіптен аластату нысаны ретінде көрініс табатын әлеуметтік нигилизмнің бір түрін» тану керек [16, 115 б.].
Тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың кез-келген сатысында олардың бұзылу мүмкіндігін ескерсек, оларды кез-келген сатыда қорғау да керек, - дейді кеңестік кезеңдегі әйгілі ғалым Н.В. Витрук [17, 100 б.].
Конституциядағы 13-ші баптың 2-ші тармағын ескерсек (ол жерде әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар делінген), жоғарыда көрсетілген 1-ші тармақта соттық қорғаумен қатар соттан тыс қорғау тәсілдері жөнінде де айтылғанын түсінуге болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігінде адам құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау туралы ештеңе айтылмағанымен, оның есесіне құқықтар мен бостандықтарды сот арқылы қорғау жөнінде түсінік берілген. Ол жерде «құқық пен бостандықты соттың қорғауы - өзінің құқығы мен бостандығын қорғау үшін сотқа жүгіну әрбір азаматтың құқығы. Қазақстан Республикасында заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдер арқылы өзінің құқығы мен бостандығын қорғауға әркім хақылы. Адамның қайсыбір құқық пен бостандықтарға не олардың бір бөлігіне ие болуы жөнінде дау туған сәтте сот құқық пен бостандықты қорғап, оны қалпына келтірудің барынша өтімді түрі болып табылады. Құқық пен бостандықтардың түріне байланысты оларды қорғау қылмыстық, азаматтық немесе Конституцияда белгіленген сот ісін жүргізудің басқа түрлері бойынша жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте, соттардың Конституцияда баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ (Конституцияның 78 бабы). Сот тәртібімен кез келген құқық пен бостандықты қорғауға болады», - делінген [18, 83-84 бб.].
Ал енді осы түсініктемеге талдау жасап көрейік:
біріншіден, құқықтар мен бостандықтар кез келген заңға қайшы келмейтін тәсілдер арқылы қорғала алады;
екіншіден, құқықтар мен бостандықтарды сот арқылы қорғау көптеген қорғау түрлерінің бірі;
үшіншіден, сот арқылы кез келген құқық пен бостандықты қорғауға болатын болса, осындай кез келген құқық пен бостандықты басқа заңға қайшы келмейтін тәсіл арқылы да қорғауға болады;
төртіншіден, соттарға Конституцияда белгіленген адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға тыйым салынса, бұл тыйым құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың басқа да тәсілдеріне қатысты міндетті болып табылады;
бесіншіден, құқықтары мен бостандықтарын қорғау құқығы кез келген адамға берілген (яғни оның азаматтығы бары-жоғына байланысты емес, тіпті шетелдік азаматтың да өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқығы бар).
Конституциялық құқықтар мен бостандықтар конституциялық құқықтық қатынастардың басты элементі болып табылады және бұл қатынастар адам (немесе азамат) мен мемлекет арасында пайда болады. Бұл қатынастарда мемлекет әрбір жекелеген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және сақтауға міндет қабылдайды. Субъект мемлекет тарапынан ажырамас және табиғи деп танылған құқықтарын қорғау талабын қоя алады, өйткені қоғам мемлекетті өз мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін құрып отыр. Адам құқықтары табиғи (жаратылыс) құқығынан пайда болса, азамат құқықтары – позитивтік құқықтан пайда болған, бірақ осы құқықтардың екеуі де ажыратылмау сипатына ие болады [19, 161-162 б.].
Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары ретінде осы субъектілердің Конституцияда бекітіліген құқықтары мен бостандықтары түсініледі. Кейде бұл құқықтарды тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары деп атайды. Осы мәселеге кеңірек көңіл бөліп көрейік.
Әдебиетте «қазіргі кезде адамның негізгі құқықтары ретінде …мемлекеттің конституциясы мен адам құқықтары жөнінде халықаралық құқықтық құжаттарда белгіленген құқықтарды түсіну керек…», - делінген ой бар [20, 133 б.].
Сонымен қатар «адамның кез келген негізгі құқығы конституциялық бекітілуіне қарамастан әрбір қатысушы мемлекет тарапынан танылуы қажет», - деген пікірді де айтып кетуіміз керек [20, 134 б.]. Осы көзқарас көптеген заңгер ғалымдармен құпталады. Мәселен, Л.Д. Воеводин адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жөнінде әңгіме көтерілгенде, ең алдымен Адам құқықтарының Жалпы бірдей Декларациясы мен Халықаралық пактілерде жарияланған, сондай-ақ ұлттық конституцияларда жазылған құқықтар туралы айтылады, және де осы құқықтар, бостандықтар мен міндеттер барлық жүйенің аз ғана бөлігін құрағанымен, оның символы болып табылады, - деп айтады. Бұл ғалым конституциялық құқықтар мен бостандықтар туралы айта келе, оларға бірқатар белгілер тән дейді. Атап айтсақ:
1) конституциялық құқықтар, бостандықтар және міндеттер негізгі болып табылады;
2) олар құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің барлық жүйесі үшін заңи негіз болып табылады;
3) олар ең жоғары заңдық күшке ие;
4) олар күшейтілген түрде қорғалуы тиіс;
5) бұл құқықтар мен міндеттердің конституцияда болу-болмауына қарамастан, қоғамдық сана сезімде олар дәстүр бойынша негізгілер қатарына жатқызылады [20, 147 б.].
Іргелі құқықтар ретінде конституциялық құқықтарды тану және соңғыларды негізгі құқықтар ретінде қарастыру әдетке айналды, - деген де пікір қалыптасқан [20, 134 б.].
Демек, әдебиеттерде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары негізгі және өзге, яғни негізгі емес, деген екі топқа бөлінеді. Бірақ бұл дегеніміз, негізгі емес құқықтарды екінші сұрыптағыларға жатқызу емес, негізгі құқықтар мен бостандықтардың тұлғаның құқықтық мәртебесінің ядросын құрайтынын және осылардан көптеген басқа да құқықтардың туындау мүмкіндігін көрсетеді [20, 136 б.].
Жоғарыдағылардың негізінде тағы бір қорытынды шығаруға болады – тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары екі топтан тұрады деген қорытынды. Олар:
1) конституциялық құқықтар мен бостандықтар (конституцияларда бекітілген құқықтар мен бостандықтар);
2) негізгі халықаралық құқықтық актілерде бекітілген тұлғаның құқықтары мен бостандықтары.
Демек, конституциялық құқықтар мен бостандықтар барлық жағдайларда негізгі құқықтар болып табылады. Ал тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары болса тек конституциялық құқықтар мен бостандықтардан ғана құралмайды, олардың құрамына халықаралық құқықтық актілерде бекітіліген құқықтар мен бостандықтар да кіреді.
Бұл қорытындымыз өте маңызды, өйткені халықаралық құжаттарда бекітіліген құқықтар мен бостандықтардың барлығы конституцияларда жазыла бермейді.
Сонымен қатар, халықаралық құқықтық актілерді өздері үшін міндетті деп тану әрбір мемлекеттің егеменді құқығы екендігін ұмытпауымыз керек. Яғни, негізгі халықаралық құқықтық актілерге кейбір мемлекеттер қатыспауы да мүмкін.
Ал, негізгі халықаралық құқықтық актілерге қандай құжаттарды жатқызуға болады? Олар: 1948 жылғы Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясы [21], 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пакті [22] мен оған екі қосымша хаттама, 1966 жылғы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пакті [23].
Аталған құжаттарды қосып, қысқаша түрде Адам құқықтарының Халықаралық Биллі деп атайды.
Бұл құжаттардың қатарына аймақтық сипаттағы халықаралық құқықтық актілер жатқызылмайды.
Жоғарыда аталған халықаралық актілерге кейбір мемлекеттердің қатыспауын мәселе ретінде айтып кету керек. Мысалы, Қазақстан осы күнге дейін адам құқықтары жөніндегі екі халықаралық пактіге қосылғанымен, олардың факультативтік Хаттамаларына қосылмай келеді. Республикамыз бұл құжаттарға ертелі-кеш бәрі бір қатысатыны күмән туғызбайды, бірақ бүгінгі күні осы Хаттамаларда бекітілген құқықтар мен бостандықтар біздің елімізде қаншалықты сақталып, оларға қаншалықты кепілдік берілетінін айту қиын.
Тағы бір мәселе – аталған халықаралық құжаттардағы адам құқықтарының тізімі бір-біріне сәйкес келмейді. Мысалы, 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пактіде бекітілгенімен, 1948 жылғы Декларацияда орын таппаған құқықтардың қатарына келесілерді жатқызуға болады:
1) қарыздың төленбеуі үшін қамауға алынудан бостандық;
2) бас бостандығынан айырылған барлық тұлғалардың адам баласына тән қадыр-қасиетін құрметтеу және оларға адамгершілік көзқараспен қарау құқығы;
3) әрбір баланың азаматтық алу құқығы және жасына қарай қорғау шараларына ие болуы.
Осы сияқты аталмыш Халықаралық Пактіде көрсетілмеген, бірақ 1948 жылғы Декларацияда белгіленген құқықтарға келсек, олар:
1) меншікті иелену құқығы;
2) саяси баспана сұрау және оған қол жеткізу құқығы;
3) азаматтыққа ие болу құқығы.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Пактінің мәтінінде де 1948 жылғы Декларацияға қарағанда адам құқықтарының тізімі әлдеқайда кеңірек [24, 52 б., 62 б.].
Осы ережелерден қандай қорытынды шығаруға болады?
Яғни, жоғарыда аталған халықаралық құжаттардың барлығына қосылмай, оларға ішінара қатысушы мемлекеттерде адам құқықтарының барлық кешені қамтамасыз етіле алмайды.
Сондықтан да, осындай мемлекеттер үшін (олардың ішінде Қазақстан да бар) адамның конституциялық құқықтары жөніндегі мәселе аса маңызды болып табылады. Мұндай мемлекеттердің адам құқықтары бойынша негізгі халықаралық актілерге қатыспауы жағдайында аталған кемшілік тұлғаның ең маңызды құқықтарының конституциялық құқықтар мен бостандықтар жүйесімен неғұрлым кең қамтылуы арқылы өтелуі тиіс.
Тағы бір тоқтала кететін мәселе – кейбір құқықтар мен бостандықтардың конституцияларда бекітіліп, ал тағы біреулерінің жәй заңдарда белгіленуінің себебі. Жалпы алғанда, адам мен азамат құқықтарының конституцияларда бекітілуінің әдебиетте мынадай себептері көрсетілген:
1) бұл құқықтар мен бостандықтардың адам мен қоғам үшін маңызды болуы;
2) адамға тән құқықтар мен бостандықтардың бастапқы, тумыс және ажырамас сипаты;
3) конституциялық құқықтар мен бостандықтардың жоғары болып, ал басқа (өзге) құқықтардың туынды сипатқа ие болуы;
4) негізгі құқықтар мен бостандықтардың әрбір адам мен азаматтың немесе әрбір азаматтың иелігінде болуы;
5) негізгі құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің жалпыға бірдей болуы, яғни олар әрбір тұлғаға тең және бірдей болып табылады;
6) негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер азаматтың еркі бойынша қолға түсіп ажыратылмайды;
7) олар мемлекеттің барлық аумағында әрекет етеді [25, 70-71 бб.].
Жоғарыда қарастырылған ережелердің негізінде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың анықтамасын беріп кету керек. Бұларды бір-бірінен айыру қиындыққа соғады, өйткені тұлғаның құқығы да оның бостандығы да құқық теориясы бойынша мүмкін болып табылатын жүріс-тұрыс (немесе іс-әрекет) ережесі ретінде анықталады.
Құқықтар мен бостандықтар бір-біріне өте ұқсас терминдер. Әдебиеттерде көп жағдайларда оларды айыратындай белгілер тіптен көрсетілмейді. Мысалы, оқулықтардың біреуінде субъективтік құқық туралы айтқан кезде осы құқыққа сәйкес келетін міндет жүктелетін нақты субъектінің болуы жорамалданады, ал бостандық туралы айтқан кезде саны жағынан нақтыланбаған субъектілер қатарына бағытталған осы бостандықты құрметтеуге міндеттің орындалуы белгіленеді, - делінген. Бірақ тап осы жерде құқық пен бостандықтың көрсетілген айырмашылығы барлық жағдайларға жарай бермейді деген де сөз бар [26, 108 б.].
Осы ережелерге сүйенсек конституциялық құқықтар мен конституциялық бостандықтардың бөлек анықтамасын берудің қажеті жоқ болып көрінеді.
Сонымен, тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандықтары – конституцияда бекітілген, мемлекет үшін ең маңызды болып табылатын және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидалары мен нормаларына сәйкес келетін, тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтарының бір бөлігі.
Конституциялардың жоғарғы күші тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын жәй заңдар мен өзге де құқықтық актілер қабылдау арқылы бұзылудан қорғауы тиіс [26, 45 б.]. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 4-ші бабында (2-ші тармақ) нақты баяндалған: «Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады».
Адам мен азаматтың құқықтарын соттық және соттық емес қорғау механизмдерін қолдану үшін маңызды болып табылатын мәселе – ол, осы субъектілердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сыныптау. Әдебиеттерде мұндай сыныптау үшін әртүрлі белгілер қолданылады, бірақ сыныптау шартты түрде жасалатынын ұмытпауымыз керек.
Мемлекеттердің конституцияларына көңіл бөлсек, олардың мәтіндерінде бекітілген конституциялық құқықтар мен бостандықтар, көп жағдайларда былайша сыныпталады:
1) адамның құқықтары мен бостандықтары және азаматтың құқықтары мен бостандықтары;
2) жеке (азаматтық), саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтар.
Сондай-ақ, заң ғылымында конституциялық құқықтар мен бостандықтар бірінші, екінші және үшінші буындағы құқықтар деп те бөлінеді.
Субъектілерге қарай құқықтар мен бостандықтарды сыныптау өте кең тараған, өйткені құқықтар мен бостандықтардың көлемі индивидтің адам не азамат ретінде қарастырылуына қарай әртүрлі болады. Белгілі қазақстандық ғалым Ғ.С. Сапарғалиев бұл жөнінде былай дейді: «азамат құқықтарының адам құқықтарына қарағанда айырмашылығы мемлекет өз азаматтарына көлемдірек құқықтар мен бостандықтар беруінен және кепілдендіруінен, сондай-ақ мемлекеттің өз азаматтарымен қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты айрықша міндеттер жүктеуінен көрініс табады» [27, 89 б.].
Ресей ғалымдары болса адам мен азаматты индивидтің екі қыры ретінде бөліп қарастырудың мәнін азаматтық қоғам мен мемлекетті бөлу арқылы көреді. Шынымен де, мұндай тәсіл адам құқықтарын тек мемлекетке қатысты қарастырудан сақтайды, өйткені адамның азаматтық қоғамдағы өміріне мемлекеттің араласпауы және қол сұғудан қорғауы тиіс. Сонымен қатар, азамат құқықтары индивидтің мемлекетпен қарым-қатынас саласын қамтиды және бұл салада ол (индивид) өз құқықтарына заңсыз қол сұғудан қорғану ғана емес, осы құқықтарды жүзеге асыруға байланысты мемлекеттің белсенді көмегін күтеді, себебі азамат мәртебесі мемлекетпен айрықша қарым-қатынастан, яғни азаматтық институтынан, туындайды [20, 97 б.].
Кейде адам мен азамат құқықтары арасында айырмашылық өткізу тіптен қиындыққа түседі. Мысалы, әдебиетте мынадай да пікір бар. Адам мен азамат құқықтарын бөлу философиялық, жалпы теориялық сипатқа ие, өйткені адам құқықтары азамат құқықтары сияқты конституцияларда бекітілген, кепілдендірілген және белгілі бір жағдайларда, мысалы төтенше жағдайларда, шектеледі және заң негізінде мемлекет тарапынан тартып алынуы мүмкін, мысалы, конституцияда өмір сүру құқығы белгіленгеннің өзінде адамды өлім жазасына кесу кезінде ол бұл құқығынан айырылады [28, 56 б.].
Әдебиеттерде тағы да бір жағдай көрсетілген. Адам құқықтары мен азамат құқықтары арасындағы арақатынас демократиялық елдердің өзінде әртүрлі болып табылады және белгілі бір конституцияны құрастырушылардың субъективтік таңдауына да байланысты болуы мүмкін [26, 106 б.].
Шынымен де, белгілі субъективтік құқық бір конституцияда адам құқығы ретінде, ал екіншісінде азамат құқығы ретінде бекітілген.
Сонымен бірге, индивидтің бірқатар құқықтары конституцияларда бірдей болып бекітілген, мысалы, өмір сүру құқығы барлық конституцияларда адам құқығы ретінде қарастырылады, яғни ешбір мемлекет өмір сүру құқығын тек осы елдің азаматтарына ғана тән деп шектемейді.
Демек, мемлекеттердің конституцияларында қолданылатын индивид құқықтарын адам және азамат құқықтары мен бостандықтары деп бөлудің өзі негізді және қажетті деуге болады. Бұл тәсіл Қазақстан Конституциясында да өз қолданысын тапқан.
Субъективтік құқықтардың кеңінен тараған сыныптауларының бірі – оларды қолдану аясына қарай бөлу. Бұл белгі бойынша, әдетте, жеке (азаматтық), саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды бөліп қарастырады.
Кейде бұл сыныптау шеңберінде адамның мәдени құқықтарын да бөліп шығарады, бірақ ғалымдардың көпшілігі оларды әлеуметтік-экономикалық құқықтар қатарына жатқызады.
Конституциялық құқықтар мен бостандықтарды сыныптаудың ең басты тәжірибелік маңызы – оларды соттық не соттық емес механизмдер арқылы қорғау кезінде тұлғаларға және тиісті органдарға жеңілдік жасау десек қателеспеспіз. Қалай болса да конституциялық құқықтар мен бостандықтар қай механизм арқылы қорғалса да (соттық не соттық емес механизм), әйтеуір қорғаусыз қалмауы тиіс.
Ескерілетін тағы бір жағдай – адам мен азамат құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің саяси жүйесінің бөлігі болып табылады, өйткені құқық жүйесінің өзі қоғамдағы саяси құрылыстың бөлігі. Бірақ, әдебиетте айтылған пікірлердің бірі бойынша құқық саяси құрылыстың айрықша бөлігі болып табылады, сондықтан да оның дербес ерекшеліктері болады.
Осыған сүйеніп азаматтың құқықтары мен бостандықтарының да ерекшеліктері бар және мемлекеттік құқық тұрғысынан олар мемлекеттік биліктің жүзеге асырылуына белгілі бір шек қояды, қоғам мүшелерінің қоғамдық әрекеттерінің белгілі бір еркіндігін кепілдендіреді, саяси құрылыстың маңызды бөлігі бола отырып қоғамдағы адамдардың еркін қарым-қатынастарына жағдай туғызады деуге болар еді. Жеке құқықтар мемлекет тарапынан қорғалатыны сөзсіз.
Сонымен, адам мен азамат құқықтары мен олардың қорғалуын белгілейтін нормалар тек конституцияда ғана емес, басқа да заңнамада орын алуы тиіс, тек осы жағдайда ғана бұл нормалардың орындалуына құқықтық кепілдік бар деген қорытынды жасауға болады.
Ал енді құқықтық қорғау объектісінің ұғымы мен сыныпталуын нақты ашып көрсеткеннен кейін құқықтық қорғау механизмі ұғымына өткеніміз дұрыс болады. Жалпы алғанда отандық әдебиеттерде бұл терминге қатысты нақты орныққан қазақ тіліндегі балама жоқ десек болады. Кейбір жағдайларда «механизм» терминін «тетік» деп аударып жатса, тағы бір жағдайларда оны аудармай, сол күйінде (яғни, механизм деп) қолдана береді. Біз осы екінші жолды дұрыс көрдік, өйткені, біздің ойымызша, халықаралық терминдердің қазақ тілінде аударылмай қолданылғаны жөн. Мұның себебі ғылыми техникалық өрлеудің көрінісі болып табылатын осы салаға қатысты тілімізге келген көптеген ғылыми-техникалық терминдерді дәлме-дәл аударудың өзі қиындыққа соғар еді. Мысалы, «компьютер», «принтер», «сканер» және т.с.с. терминдерді аударып көріңіз. Осы қатардағы терминдерге, біздің ойымызша, «механизм» ұғымын да жатқызуға болады.
Сонымен, механизм деген ұғым түсіндірме сөздіктерде ауыспалы мағынада «белгілі бір қызмет түрінің тәртібін айқындайтын жүйе» ретінде анықталады [29, 352-353 бб.]. Осы жалпы түрдегі анықтама құқықтану ғылымындағы «құқықтық механизм», «заң механизмі» деген терминдер арқылы кең таралған.
Құқық теориясында «құқықтық реттеу механизмі» деген категория құқықтық нысанның (форманың) қозғалу сәтін (динамикасын), әрекет етуін көрсету үшін енгізілген болатын [30, 438 б.]. Алайда, қазіргі кезде құқықтану ғылымында «механизм» деген ұғымның басқа да баламалары бар. Мысалы, «құқық шығару механизмі», «еңбекпен тәрбиелеу механизмі», «басқарудың құқықтық механизмі», «адам құқықтарын қорғау механизмі» және т.б. терминдердің мағынасында «механизм» ұғымының ерекшеліктері бар екендігі сөзсіз.
Дегенмен де, «механизм» терминінің ортақ мағынасы «әрекет ету тәсілі, ықпал ету құралдарының жүйесі» [31, 439 б.] деген баламаға алып келеді.