Ой шаруашылығының технологиясы

Технология деген сөздің өзі грек тілінен шыққан: техно – өнер, шеберлік, іскерлік және логия – дайын өнім немесе шикізат алу үшін өндірісте пайдаланылатын өңдеу тәсілдерінің жиынтығы; шикізатқа өндіріс құралдары арқылы әсер ету тәсілдері туралы ғылым.

Мал шаруашылығының өнімдерін өндіруде мал еңбек құралы ретінде қызмет етеді. Ол сүт, жүн, төл т.б. өнімдер береді. Ал, сойылғаннан кейін ол еңбек затына ет, тері, май т.б. өнімдерге айналады.

Мал шаруашылығын үнемі дамытып, оның өнімдерінің сапасын жақсартып, санын көбейте беру үшін ауыл шаруашылығы малдарының өзін жетілдіріп, еңбек өнімділігін арттыратын жаңа технологиялар (олар малдың өзіне, оның ішкі құрылымына, тұқымдық-өнімдік қасиеттеріне де, еңбек ету мәдениетіне де байланысты) ұдайы іздестіре берілуі тиіс.

Мал ағзасында өтетін биохимиялық өзгерістердің нәтижесінде шөптен шыққан органикалық заттар малға тән органикалық заттарға айналып, малдың клеткалары менен ұлпаларын және мал өнімдерін құрайды. Мал өнімдерінің өсімдік өнімдеріне қарағанда биологиялық құндылығы артық, азық ретінде бағалы да сіңімді болады.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мына төмендегілерді ескеруі тиіс: 1) денесінде өз ретімен өтетін биохимиялық ағымның нәтижесінде жемшөп заттарының етке, сүтке басқа да азықтар мен шикізаттарға айналатын малдың ағзасының ерекшеліктері; 2) малдың биологиялық өсу, өну, өнім өндіру қасиеттерін интенсивтендіру мүмкіндігі мен тәсілдері; 3) малға берілген жемшөптің ерекшеліктері (ірілігі, құнарлылығы, жайылымда немесе қолдан берілетіні).

Басқа ауыл шаруашылығы малдарынан қой көп түрлі өнім беретіндігімен ерекшеленеді. Қойдан ет, сүт, жүн, тондық тері өндіріледі. Мұндай көп түрлі өнімді басқа түліктердің ешқайсысы бермейді. Сонымен бірге бір қой тұқымы бірнеше өнім бере алатынын еске сақтау керек. Будандастыру арқылы әр қой тұқымының өнімдік қасиеттерін де өзгертуге болатынын да іс жүзінде пайдаланып отыру абзал. Қорыта айтқанда, қой тез жетілгіш, көп түрлі өнім беретін, өсімтал, жемшөп көп таңдамайтын, қатаң табиғат жағдайында да өсе беретін көнбіс, нағыз жайылым малы.

Мал өнімдерін өндіру технологиясының міндетті түрде қатынасатын үш жағы бар, олар: мал, жемшөп және қоршаған өмір сүру ортасы. Бұл үшеуіне де белгілі зоотехникалық талаптар қойылады. Мал жемшөпті жоғары дәрежеде сіңіріп, қажетті өнімге айналдыруы тиіс. Сондықтан ол асыл тұқымды, жоғары өнімді, дені сау және өміршең болуы тиіс. Жемшөп – мал жеуге ыңғайлы, қажетті дәрежеде құнарлы және сіңімді болуы керек. Қоршаған орта (ауа райы, қора жай, механизмдер мен құралдар т.б.) малға жағымды, еңбекке жеңіл, үнемді және қолайлы болуы қажет. Технология осы айтылған үш жақтың бәрінің басын қосып келгенде өзара үйлесімді, техникалық орындалу жағынан оңтайлы, экономикалық нәтижесімен пайдалы, тиімді болуы тиіс.

Осы мақсаттарды көздей отырып, технология өндіріс үдерістерінің, операцияларының және олардың бөлім-элементтерінің техникалық және экономикалық негізделген орындалу кезегін белгілейді. Осыған сүйене отырып, мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің ең үнемді технологиясының жалпы схемасын таңдап, соған келісімді әр технологиялық үдерістер мен операцияларды атқаратын өнімді машиналар мен құрал-жабдықтар, типті құрылыстар мен мал орындары, механизмдер орналастырылады. Бұлардың барлығы өзара тығыз байланысты, үйлесімді, мал үшін жағымды, еңбек ұйымдастыруға қолайлы, өнімділігі жоғары, жұмыс нәтижесі тиімді болуы керек.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мына төмендегі биологиялық, техникалық, ұйымдастыру-экономикалық кешенді мәселелерді шешуге бағытталады:

- мал тұқымын асылдандыру жұмысын жүйелі жүргізу арқылы жоғары өнімді, дене бітімі мықты, өміршең мал өсіру;

- малды өз төлінен өсіру, табынның құрылымын жақсарту, қысыр аналық қалдырмау, бар малды интенсивті пайдалану;

- жемшөп базасының берік қорын құру, қолда бар жемшөпті, жерді, жайылымды тиімді пайдалану, малды толық қажетінше азықтандыру;

- төлді шығынсыз жылдам өсіру, табынды қажетінше толықтырып отыру, етке, сатуға арналған малды тиімді бордақылау;

- жыл маусымына, мал шаруашылығының бағытына қарай малды бағып-күту;

- мал дәрігерлік-санитарлық талаптарды қатаң орындау, зоогигиеналық талаптарға сай малды күтіп-бағу, азықтандыру;

- мал фермаларының көлемін, онда ұсталатын мал топтарын анықтау;

- қажетті машиналар мен құрал-жабдықтар жүйесін есептеп, таңдап алып орналастыру;

- еңбек ұйымдастыру және ақы төлеу жұмыстарының жүйесін таңдау, шаруашылық есеппен көтерме ақы төлеудің прогрессивті түрлерін пайдалану;

- өнімдерді алғашқы өңдеуден өткізу, оны сақтау мен тасымалдауын шешу, маркетинг жүргізу.

Сонымен мал өнімдерін өндіру технологиясы типті жүйе болып табылады. Жоғарыда көрсетілген биологиялық, техникалық, ұйымдастыру-экономикалық жұмыстардың барлығы өзара үйлесімді орындалғанда жоғары сапалы мол және арзан өнім шығарылады, еңбек өнімділігі де арта түседі.

Технология ең алдымен экономикалық мақсатты көздейді. Сондықтан ол қолда бар мал, жер басқа да материалдық-техникалық қор мен еңбекті пәрменді және үнемді пайдалануғабағытталады. Тиімді технология әрбір маман, әр гектар жерден, әр мал азығынан ең көп, ең арзан, ең сапалы өнім алуды көздейді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы қолданбалы ғылым ретінде ауыл шаруашылық жерін, малды, жемшөпті, басқа да өндіріске қатысты заттарды және адам еңбегін ең жоғарғы дәрежеде ұтымды пайдаланудың жолдарын іздестіреді, нәтижесінде тиімді технологияны өндіріске ұсынады. Технология ғылым мен техниканың дамуына сәйкес ұдайы өзгеріп, жақсарып, оңтайланып отырады.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясының негізгі бөлімдері болып: малды өсіру, бағып-күту, азықтандыру, жер-суды пайдалану, жемшөпті ұқсатып беру, еңбекті барынша жеңілдету, механикаландыру, еңбекті пайдалы ұйымдастыру мәселелері жатады. Олардың әрқайсысы әдейі кеңінен тоқтауды қажет етеді.

Наши рекомендации