Адам ҚҰҚыҚтарын соттан тыс ҚорҒау механизмініҢ ҚазаҚстан республикасындаҒы сипаттамасы

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Магистрлік диссертация адам құқықтарын қорғаудың маңызды құралы болып табылатын соттан тыс қорғау механизмін зерттеуге арналған. Магистрлік зерттеуде осы механизмнің түсінігі мен элементтері, оның адам құқықтарын жалпы қорғау жүйесіндегі орны қарастырылады. Сонымен қатар, жұмыста соттан тыс қорғау механизмінің маңызды бөлігін құрайтын құқықтық қорғау нысандары, атап айтқанда, адам құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік органдардың қызметі, адамның өзін-өзі қорғау құқығы мен халықаралық құқық арқылы қорғау құралдары талданып, тиісті қорытындылар берілген.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында» 7 негізгі басымдық ішінен алтыншысын «Демократия және қоғамды саяси тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне» арнаған [1]. Біз еркін, ашық және демократиялық қоғам құрудамыз, демократиялық дәстүрлерді дамыта отырып, оларды жеткілікті деңгейде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз керек, - дейді Президент [2].

Адам құқықтары мен демократияның тығыз байланыста болуын ерекше атап өту керек, өйткені демократия – бұл тек елді басқару тәсілі ғана емес, ол адам құқықтарының жүйесі де, себебі адам құқықтары демократиялық саяси институттардың ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан да, адам құқықтарын сақтау демократиялық басқару процесін құрайтын маңызды материал болмақ [3, 14 б.]. Шынайы демократия азаматтардың мемлекетке әсер етуінің тиімді механизмдері бар мемлекет пен азаматтық қоғамның ажыратылуын талап етеді [4, 57 б.].

Адам құқықтары мен бостандықтарын құрмет тұтатын демократиялық қоғамды құқықтық мемлекетті орнықтырмай құру мүмкін емес. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев айтқандай «егер біз шынымен де құқықтық мемлекет болғымыз келсе, Конституцияны қатал сақтауымыз керек, өйткені бірде-бір жағдай заңнан жоғары бола алмайды. Өкінішке орай, біздің идеологиямыз мемлекеттің қоғам мен жеке адамға қатысты құқықтық жүгенсіздігін олардың өз мүдделерін қорғау қажеттілігімен тым ұзақ және жиі бүркемелеп келді». Президент өз ойын жалғастыра отырып орта ғасырлардың әйгілі заңгер-ғалымы Гуго Гроцийдің «Қажеттілік – адам әлсіздігінің ұлы баспанасы – кез-келген заңды жояды», - деген сөзін келтіреді [5]. Демек, құқықтық мемлекет құру жолында кез келген азамат, заңды тұлға және мемлекет заңды құрметтеуі тиіс, өйткені заңды құрметтеу адам құқықтары сақталуының басты кепілдігі.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылдың 16 мамыр күні Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамды жедел дамыту» тақырыбында сөйлеген сөзінде «Заңдылық пен конституциялық тәртіп сақталмайтын жерде, экономикалық және әлеуметтік берекесіздік орын алған жерде, адамның іргелі құқықтары, азаматтардың армандары мен үміттері қамтамасыз етілмейтін келешегі бұлдыр жерде демократия құру мүмкін емес екендігін бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», ‑ деген ой айтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ел Конституциясын өзгерту жөніндегі жеті нақты ұсыныстың ішінде жетінші ұсынысы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту болды. Оның айтуынша Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері ұлғайтылатын болады. Бізде Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің институты құрылған. Президент жанында Адам құқықтары жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Халықтың қоғамдық өміріндегі олардың рөлін көтеру керек. Бүгінде өлім жазасын адамдардың қырылуына әкеп соқтыратын тек лаңкестік қылмыстар үшін және соғыс кезінде жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолдану мүмкіндігі конституциялық деңгейде белгілене отырып, Қазақстан осы арқылы өлім жазасы іс жүзінде қолданылмайтын елге айналады [6].

Адам құқықтарын сот арқылы қорғау әдебиеттерде әмбебаптық құрал ретінде қарастырылады, бірақ оның бірқатар кемшіліктерінің бар екендігі, ал адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі соттық қорғау механизмін толықтырып отыруы тиіс екендігі ұмытылып жатады.

Адам құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс механизмдер арқылы қорғаудың халықаралық қырлары да бар екендігін айтып кетейік. Халықаралық деңгейде адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмін құрайтын органдардың басым көпшілігін адам құқықтарын қорғаумен және ынталандырумен айналысатын ұлттық мекемелер деп атайды.

«Адам құқықтары бойынша ұлттық мекемелерге деген күшейіп келе жатқан қызығушылықты соңғы кезде көп елдерде орын алып отырған демократизация мен реформалар процестері тұрғысынан қарастыру керек». Сонымен қатар, «...адам құқықтары саласындағы механизм мемлекеттер мен халықаралық қауымдастық тарапынан тиімді шешімін таба алмай отырған мәселелерді шеше қояды деп сеніп қалуға болмайды. Бұл механизм Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары бойынша органдары мен осы салада әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың орнын басу үшін құрылмайды. Оған қосымша ретінде рөл берілген және мұндай мекемелерді нығайту адам құқықтарын қорғау және ынталандыру бойынша ұлттық болсын, халықаралық болсын жүйелердің тиімділігін жоғарылата алады» [7, 11 б.].

Әрине құқықтарды сот арқылы қорғау механизмі әмбебаптық сипатқа ие, бірақ соттан тыс қорғау механизмін менсінбеушілікке жол берілмеуі тиіс, себебі қоғамдық санада соттық қорғаудың тиімділігі мен шапшаңдығына қатысты жағымды пікір әлі де қалыптаса қойған жоқ, азаматтардың жалпы мәдениеті мен құқықтық мәдениетінің төмен деңгейі соттық қорғау механизмін кеңінен қолдануға мүмкіндік бермей отыр, сондай­ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау атқарушы органдардың маңызды функцияларының бірі болып қала бермек. Сонымен қатар, соттық қорғауға қарағанда соттан тыс қорғау механизмінде шешім тездетіп шығарылады, азаматтарға қатал процедураларды сақтау талабы қойылмайды, қомақты қаржы шығыны талап етілмейді. Осындай артықшылықтарына қарамастан адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәжірибесінде соттан тыс қорғау механизмі соттық қорғаудан кейін екінші орынға ығыстырылып тасталғандықтан, Қазақстан заңнамасы да мұны жүйелі түрде реттей алмай келе жатыр. Осы сұрақтарды реттеу аясында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында мына мәселелер айқындалған [8]:

Құқықтық мәдениеттің жоғары болуы азаматтардың құқықтық бағдарлануын қамтамасыз етеді және кез келген заң бұзушылықтарға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына төзбеуін қалыптастырады.

Азаматтардың құқықтық санасының деңгейін арттыру үшін мемлекеттің негізгі күш-жігері құқықтық насихатты (қоғамдық заңдық білім беруді жандандыру) кеңейтуге және азаматтық қоғамның тиімді институттарын дамытуға бағытталады. Қазақстандық қоғамның жоғары құқықтық мәдениетін қалыптастыру шеңберінде адвокаттардың, сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік мәдениетінің деңгейін арттыруға, олардың сапалы кәсіптік даярлығына ерекше көңіл бөлінеді.

Азаматтардың құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің толығымен және жеткілікті болатындай деңгейде даму ала алмай келе жатқаны және бұл механизміні қолдану кезіндегі қиындықтардың болуы дауларды соттан тыс жолымен шешу процедураларының нақты реттелмегендігінен туындап отыр деген ойдамыз. Осыған орай аталған мәселелерді ең алдымен ғылыми тұрғыдан жан­жақты саралау керек. Бұл болса ұсынылып отырған диссертациялық еңбектің өзектілігін білдіреді.

Диссертациялық зерттеу тақырыбының зерттелу деңгейі. Қазақстанның құқық ғылымында адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне арналған зерттеулер көп болғандығымен, өткен он бес жыл ішінде құқықтарды соттан тыс қорғау механизміне қатысты бірде­бір арнайы зерттеу жүргізілмеген. Бұл мәселеге байланысты проблемалар адам құқықтарын қорғаудың жалпы мәселелері, сондай­ақ субъективтік құқықтарды қорғау нысандарын зерттеу барысында қозғалып келді. Мұның нақты дәлелі адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизміне арналған бірде­бір монографиялық зерттеудің осы күнге дейін шығарылмауы. Бірақ жалпы алғанда құқықтарды соттан тыс қорғау механизмінің әртүрлі бөліктеріне байланысты мәселелер қазақстандық құқықтанушы ғалымдардың еңбектерінде жанама түрде қозғалған. Осы орайда келесі ғалымдарды атап өту керек: С.З. Зиманов, С.С. Сартаев, Ғ.С. Сапарғалиев, С.Н. Сабикенов, Ө.Қ. Қопабаев, М.А. Сәрсембаев, Ж.Н. Баишев және т.с.с.

Бұлардың қатарына тәуелсіздік алғаннан кейін ғылымға жолдама алған қазіргі қазақстандық ғалымдарды да қосу керек, олар: С.Ж. Айдарбаев, А.А. Айкибаева, М.С. Башимов, М.С. Бейбитов, Т.К. Ерджанов, Б.А. Есентемирова, С.М. Жалыбин, С.К. Журсимбаев, А.В. Казакова, М.Б. Кудайбергенов, Б.С. Курмангалиев, Д.О. Кусаинов, Е.С. Мерзадинов, Б.Б. Мусина, Д.И. Нурумов, А.И. Пильников, Н.З. Сеитова, Р.Ж. Таужанова, С.К. Шокатаев, М.Б. Усенова, Б.А.Үдербаева және т.б.

Қазіргі ресейлік құқықтану ғылымында адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарына арналған ұқсас мәселелерді қарастырған бірқатар еңбектердің бар екендігін айтып, олардың авторларын атаған жөн, олар: К.А. Бекяшев, Т.Б. Бекназар­Юзбашев, Т.Д. Васильева, В.А. Карташкин, Ю.М. Колосов, Е.А. Лукашева, М.Н. Марченко, Е.Я. Мотовиловкер, О.И. Тиунов, В.Е. Чиркин, В.Н. Хропанюк және т.б.

Сөйтіп тәуелсіз Қазақстанның құқық ғылымында осы күнге дейін адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау механизмі жеке ғылыми зерттеудің объектісі болмағандықтан, магистрлік зерттеу тақырыбының зерттелу деңгейі жеткіліксіз болып отыр.

Зерттеудің объекті мен пәні.Магистрлік зерттеудіңобъектісі Қазақстан Республикасындағы адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласы және осы салада қалыптасқан қоғамдық қарым­қатынастар құрап отыр. Магистрлік зерттеудіңпәні ретінде Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі, оның ерекшеліктері белгіленіп отыр.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.Магистрлік зерттеудің мақсатыболып Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизмінің қызмет етуін, ерекшеліктері мен тиімділігін анықтап, соның негізінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасау табылады.

Магистрлік зерттеудіңміндеттерізерттеу мақсатына сәйкес анықталып, оған қол жеткізуді көздеп тұжырымдалды. Олар:

­ Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің түсінігін қалыптастыру;

­ соттан тыс қорғау механизмінің адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі орнын белгілеу;

­Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің элементтерін анықтау;

­адам құқықтарын қорғау бойынша атқарушы билік органдары қызметін құқықтық реттеу мәселесін қарастыру;

­ адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизміндегі халықаралық қорғаудың орнын айқындау;

­ Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмін жетілдіру жолдарын белгілеу және оның даму болашағына қатысты негізделген ұсыныстар дайындау.

Магистрлік зерттеу жұмысының әдістемелік негізін танымның жалпы философиялық диалектика әдісі, жүйелік және кешенді талдау мен синтез әдісі, сондай­ақ салыстырмалы және функционалды­құрылымдық тәсілдер құрады. Аталған әдістерді қолдану арқылы алға қойылған мақсатқа қол жеткізу және міндеттерді шешуге мүмкіндік алынды.

Магистрлік зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы зерттеу объектісі ретінде таңдалған проблеманы қою және саралауға алынған мәселелер тізімін белгілеу арқылы өз көрінісін табады. Адам құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау мәселелері қазақстандық құқық ғылымында терең зерттелмеген. Зерттеуде тұжырымдалған ойлар мен қорытындылар Қазақстанның құқық ғылымында алғаш рет ұсынылып отыр. Олардың қатарына адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс механизмінің анықтамасын, белгілерін, элементтері мен ерекшеліктерін, осы механизмінің қызмет етуіндегі кейбір проблемалар мен оларды шешу жолдарын, адам құқықтарын халықаралық қорғау механизмін жалпы соттан тыс қорғау механизмінің құрамына кіргізу қажеттілігін жатқызуға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

1. Конституциялық құқықтар мен бостандықтар барлық жағдайларда негізгі құқықтар болып табылады. Ал тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары болса тек конституциялық құқықтар мен бостандықтардан ғана құралмайды, олардың құрамына халықаралық құқықтық актілерде бекітіліген құқықтар мен бостандықтар да кіреді.

Халықаралық құжаттардың барлығына қосылмай, оларға ішінара қатысушы мемлекеттерде адам құқықтарының барлық кешені қамтамасыз етілмейді. Осындай мемлекеттер үшін (олардың ішінде Қазақстан да бар) адамның конституциялық құқықтары жөніндегі мәселе аса маңызды болып табылады. Мұндай мемлекеттердің адам құқықтары бойынша негізгі халықаралық актілерге қатыспауы жағдайында аталған кемшілік тұлғаның ең маңызды құқықтарының конституциялық құқықтар мен бостандықтар жүйесімен неғұрлым кең қамтылуы арқылы өтелуі тиіс.

2. Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі ретінде соттан басқа мемлекеттік органдарға жүгіну арқылы (немесе осы органдардың қызметі арқылы), сондай-ақ құқығы бұзылған субъектінің өз әрекеттері арқылы, бұзылған субъективтік құқықтарды қалпына келтіру тәртібін түсіну керек.

Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің екі түрлі түсінігі бар: кең және тар мағынадағы түсінігі. Кең мағынадағы түсінік бойынша бұл механизмге кез-келген құзыретті мемлекеттік органның және жеке адамның бұзылған құқықты қорғау бойынша әрекеттері жатқызылады. Тар мағынадағы түсінік бойынша адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі деп – тек әкімшілік (яғни, мемлекеттік) органдар арқылы жүзеге асырылатын тәртіпті тану керек.

3. Халықаралық құжаттарда аталатын және соттан тыс қорғау механизмінің маңызды бөлігін құрайтын «адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекеме» дегеніміз – Конституция не заң негізінде құрылатын, қызметі мемлекетке тәуелді емес, негізгі бағыттары адам құқықтарының бұзылу жағдайлары жөнінде уақтылы хабардар бола отырып, олар жөнінде толық мағлұматтарға қол жеткізіп, құқық бұзушылықтарды тоқтату мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап, ал қажетті шаралар қабылданбай жатса жұртшылық көмегіне сүйену арқылы жағдайды түзеуді көздейтін кеңесуші-ақылдасушы орган.

4. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі келесі элементтерден тұрады, олар:

­ қорғау объектісі (адам құқықтары мен бостандықтары);

­ қорғау субъектілері (мемлекеттік органдар; қоғамдық ұйымдар; адамның өзі);

­ қорғаудың құқықтық және фактілік негізі;

­ қорғаудың нысаны (формалары);

5. Қазіргі кезде Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі белгілі біртұтас жүйені құрай алмай отыр. Соттан тыс қорғау механизміне жататын нормалар әртүрлі құқық салаларында, түрлі мақсаттарды көздеп қабылданып жатады. Бұл нормалардың өзара үйлесімділігі әлі де жетіспейді. Сондықтан осыларды белгілі бір жүйеге келтіру үшін кодификация жұмысын жүргізіп, арнайы «Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау туралы» заң актісін қабылдау керек.

Магистрлік зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Жұмыстың теориялық маңызы ғылыми нәтижелердің, диссертациядағы басқа да ұсыныстардың адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесі бағытында келешекте жүргізілетін ғылыми еңбектерде пайдалануға болатындығанан көрініс табады. Сонымен қатар зерттеуде тұжырымдалған қорытындылар мен ережелерді жоғары оқу орындарында «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы», «Қазақстан Республикасында адам мен азамат құқықтарын қорғау» сияқты оқу пәндерін жүргізу барысында қолдану мүмкіндігінен де көрініс табады.

Адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизмін реттейтін құқықтық нормаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды әртүрлі мемлекеттік органдардың қызметінде қолдану мүмкіндігі диссертацияның тәжірибелік маңызын аңғартады.

Магистрлік диссертация нәтижелерінің сынақтан өтуі. Магистрлік зерттеудің нәтижелері 2 ғылыми мақала жариялау негізінде көпшілік мамандар арасында сынақтан өтті. Атап айтқанда:

1) Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің халықаралық құқықта көрініс табуы // Д.А.Қонаев атындағы көлік және құқық университетінің Хабаршысы. – 2015. - №2. - 94-101 бб.

2) Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің кейбір өзекті мәселелері // «Қазақстан Республикасының Конституциясы: болашағы, жүзеге асырылуы және әлеуметтік-құқықтық бағдарлары»: Студенттер мен магистранттардың халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. –Алматы, 2015, 79-83 бб.

Магистрлік диссертацияның құрылымы мен көлемізерттеу жүргізу қисынымен, автордың алдына қойылған мақсатқа жету және белгіленген міндеттерді шешу қажеттілігімен анықталады. Жұмыстың құрылымы қысқартулар мен белгілеулерден, кіріспеден, 2 бөлім мен 5 бөлімшеден, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, сондай-ақ үш қосымшадан тұрады.

Зерттеудің жалпы көлемі компьютерлік тәсілмен терілген 93 беттен тұрады.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН СОТТАН ТЫС ҚОРҒАУ МЕХАНИЗМІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СИПАТТАМАСЫ

Наши рекомендации